Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сабақ уақыты 40 минут, жұмыс уақыты 7 сағат болуы керек

20.11.2025, 11:20 491

Болат  НҰРҚОЖАЕВ:

Ғылым  ойлаған  озады, той  тойлаған  тозады. Ең қымбат, қайтарылмас  байлық, ол – уақыт. Мұны Қолданбалы  хронобиология  маманы  Болат  Нұрқожаев айтып отыр. Сарапшы әлеуметтік желідегі  парақшасында аталған  мәселені  күнделікті көтеріп отырады. Шама-шарқынша  ғылыми  негіздемесін  көрсетіп,  барынша дәлелдеуге тырысады. Шыны керек, соңғы жылдары ауру-сырқау көбейіп кетті. «Ауру – астан» деп отыра беруге тағы  болмайды. Айналамызда  болып  жатқан әр  құбылысқа  мейлінше  сақтықпен  қараған  жөн. Ең бастысы, адамның  өмірі, денсаулығы  болуы шарт. Қазіргі уақытта  барлық  дамыған  ел  адамдардың  денсаулығы, жеке  өмірі  қорғалуы  үшін  жұмыс  уақытын қысқартып  жатыр.  Тіпті, кей мемлекеттің 4 күндік жұмыс  аптасына  көшкенін  жақсы  білеміз.

– Бір жағынан қазіргі глобалдық қауіптердің артуы заманында адамдардың өз денсаулығына, отбасына, бала, ұрпақ тәрбие­сіне мән беруге, тиісінше мемлекеттің әлеуметтік шығындары төмендеуіне  жол  ашуы  тиіс.

Біздегі статистика орташадан сәл төмендеу көрінгенімен, басшы түн ортасына дейін жұмыстан қайтпаса, қалғандары да отыратын,  сенбілікпен  адамдардың  жеке  уақытын жою сияқ­тыларды  қоссақ, аурушаңдық деңгейі артып, отбасы, бала тәрбиесі  неге  төмендеп  бара  жатқанын  түсінуге  болатын  шығар…

Оның  үстіне 100 жыл  Сталиннің декреттік уақытын қолдану салдары адамдарды жұмысын кеш бастап, кеш аяқтайтын, сосын  түн  ортасына  дейін  ұйықтамай  жүретін  хронотиптер санын  көбейтті, — деп  сөз  бастады  Болат  Нұрқожаев.

Оның айтуынша, хронотиптердің аурушаңдыққа бейім, өмірі қысқа болатыны медицинамен дәлелденген. Ол биологиялық ырғақтардың бұзылуымен де байланысты. Кеш жатып, кеш тұрған немесе белгіленген уақытта таңертең жұмысқа, оқуға ерте оянғанынан қажетті ұйқысы қысқарғанының (әлеу­меттік  сағаттық  белдеулердің  ауысып  кетуі – социальная  смена  часовых  поясов – social jetlag, SJL) салдары.

SJL терминін алғаш рет 2006 жылдары хронобиолог Т.Роеннеберг енгізген, ол жұмыс пен демалыс күнгі ұйқыдан ояну уақыты  айырмасымен  өлшенеді.

– Бұған салсақ, Қазақстан халқы, әсіресе балалардың SJL деңгейі ең кемі 1-2 сағаттан, жасөспірімдерде одан да жоғары және 100% шалдыққан деуге бола­тын  шығар…

Сондықтан, егер біз қоғамдық денсаулық, отбасы, бала тәрбиесі, ұрпақ, ұлт саулығына алаңдайтын болсақ, онда Қазақстан ғылыми негізге жүгінген батыл шешімдер қабылдауы тиіс, — деп есептейді Қолданбалы хронобиология  маманы.

Соның бірі – жұмыс уақытын 7 сағат ету. Екіншісі, балалардың сабағын 40 минутқа сыйдырып, сабақты, әсіресе 67,5 меридиа­нынан батысқа қарай сағат 8:30-дан кейін бастау керек. Ең шығыс облыстар үшін балалар сабақ бастайтын, қазіргі жұмысшылар  да  ауысқан 8:00 дұрыс, ол  – бұрынғы  уақытпен  9:00.

Сонымен қатар, Болат Нұр­қожаев бірнеше бағытта терең зерттеулер жасалуы керек деп ойлайды.

Олар:

– медицинада ем қолдануда және ауруханаларда ем, жарық­тану тәсілдерінде хронобиология, хрономедицина, хронофармакология ұсыныстарын ескеру;

– қалалар мен ауылдарда, әсіресе жол жиегінде, тұрғын үйлер­ді жарықтандыруда жарық­пен ластану факторын ескеру, халықты жарық спектрін мақсатына сай қолдануға ақпараттандыру;

– түнгі ауысымдық жұмыс­тарда (медицинада, ауысымдық жұмыстарда, жолсеріктерде т.с.с.) хронотип, ағзаның толық  қалпына келу факторларын ескеру;

– балалар мен жасөспірімдер арасындағы SJL деңгейі, т.с.с. бағытында зерттеулер жасалып, нақты шешімдер қабылданбаса, аурушаңдық бізде төмендемейді, мемлекеттің де, халықтың да денсаулық қорғау шығындары азаймайды, қазіргі бір нан дүке­нінің қасында екі дәріханадан тұратын жағдай жойылмайды. Тойлардың да басталуы, әсіресе аяқталу уақытына шек қою қажет.

– Бұл  факторларды жою обыр, диабет, семіздік, аутизм, суицид, альцгеймер, белсіздік, бедеулік, шала туу, іштен аурумен  туу  сияқты  аурулардың  алдын  алу, профилактикасына жол ашады.

Бұл ауруларға қатысы, өршітетін жағдайлар екеніне әрқайсысына ғылыми дәлелдерін мен әлеуметтік желідегі парақшаларымда  күнде  жариялап отырмын, — деп қорытындылады сөзін сарапшы.

Қалай  десек те, Қолданбалы хронобиология  маманының сөзінде жан бар. Қауіп-қатердің қалай және қайдан келгенін білмей қалуымыз һәм білмей қалған болуымыз мүмкін. Сол себепті, сарапшының «ащы дауысына»  құлақ  түру – өте  маңызды.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: