Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ең көне бес кітап

16.10.2025, 9:40 182

Кітап ескірмейтін құнды мұраларымыздың біріне жатады. Ол уақыт көші өткен сайын құндылығы артып, мән-маңызы жоғарылап, тарихы насихаттала бермек. Біз күнделікті кітапханада жаңа кітаптардың барын жақсы білеміз. Ал, тарихы терең ең ескі кітаптар барын көпшілік біле бермесі анық. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ең ескі кітаптар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұр. Ұлттық құндылықтар қатарындағы мұралар тізбегі – тәуелсіз еліміздің ажырамас құттыханасы.

Сирек кітаптар топтамасы кітап­хана қорының ерекше құндылығы санал­ады. Қорда 1007 дана сирек және құнды басылым бар. Кітаптар коллекциясында шығыс қолжаз­ба­лары, парсы, араб, ескі славян тіліндегі алғашқы басылымдар және европалық әдебиеттер, автордың қолтаңбасы бар кітаптар, көлемі өте кішкене кітаптар бар. Сонымен қатар, мұнда Қызылорда қаласы алғашқы астана болған кездегі шық­қан  әдебиеттер  де  жинақталған.

Қолжазба кітаптарының ішінде басым бөлігі – өлең, діни мағлұматтық кітаптар. Көркем қолжазбалар ереже бойынша бай және атақты адамдардың сұрауымен орындалған. Бұл жұмыста үш маман-шеберінің еңбегі: каллиграф, суретші-миниатюрист, түптеу  шебері  пайдаланылған.

Қағаздың ойлап шығарылуынан бұрын, қолжазбаларға пернамент, аңдардың арнайы өңделген терісін қолданған. Қолжазба кітабын шығару үшін бір қора қой және бір топ қаздың қауырсыны қажет болған. Теріні жақсылап өңдеп сия жасаған. Бізге жеткен ортаазиялық және арабографялық қолжазбалар қағазға жазыл­ған. Орта Азияда VIII ғ. бастап, қағаздың өндіріс орны Самарқанд қаласы болғаны тарихтан белгілі. Осы қалада қағаздың бірнеше сор­ты өндірілген. Қағаз тұт ағашының тамы­рынан, мақтадан, мақта және жібек өндіру қалдықтарынан, соны­мен қатар құрт талшығын, жас тутов­ник тамырын және басқа ингрдиент­тер пайдаланған деген дерек айтылады. Жақсы әшекейлеу үшін «қағаз сүтіне» жүгері сабағын, жүн, жібек жіптерін, гүл жапырақтарын қосқан. Бір қағаз шығару процесі, басынан бастап дайын өнімге дейін бір  сағаттай  уақыт  алатын  болған.

Қалам – қамысты қаламұш – жазу еңбегінің  қаруы болған. Оны даярлау  белгілі дағды мен тәжі­ри­бені талап етері хақ. Әдетте, оған қамыс­ты қолданған. Қолжазбадан жеңіл, жағымды, ұнамды иіс шығу үшін  хош иісті заттар қосып отыр­ған. Соны­мен қатар жұмыртқа ағына желім, алтын, күміс қосылған және бояуды  да  қолданған.

Бүгінгі мақаламызға шығу тегі мен жазылу уақытына қарай ең ескі болып есептелетін бес кітапты біріктіруге тырыстық.

ҚҰНДЫ  МҰРАЛАР  ЖИНАҒЫ

Сыр өңіріндегі ең ескі кітаптың бірі – 1293 һижра жылы араб тілінде жазылған «Құран-Кәрім» кітабы. Мысыр қаласының «Фарухи» баспасында Осман сұлтан басқарған кезде  жазылған. Кітап қазіргі жыл санауымыз бойынша 1876 жылғы. Кітаптың сырты терімен қапталып, аяттары шөп бояумен боялған. Қорда сақталған ең көне кітаптардың екіншісі – Қожа Ахмет Иассауидің түрік тіліндегі 70 беттен тұратын араб тіліндегі «Диуани хикмет» қолжазбасы (шыққан жылы белгісіз). Келесісі – Ибрахим Халябидің 1787 жылы Мысырдың «Османия» баспаханасында араб тілінде 270 бет болып жарық көрген «Дін ережелері» кітабы. Сондай-ақ, 1904 жылы Ташкент қаласының «О.А.Порцев баспахана­сында» парсы тілінде жарық көрген «Жүсіп Зылиха» жыры, Лұқпан Хакімнің 300 беттік парсы тіліндегі аңыздарының түркі тіліндегі аудармасы да құнды мұралар қатарында тұр. Бұл кітаптың шыққан жылы белгісіз.

Кітап – ұлттық мұраларымызды ұрпақ санасында ұлықтаудың негізгі тетігі. Бүгінгідей алмағайып заманда қызылды-жасыл көз арбап, санамызды улап жатқаны соншалық, өткенімізге зер салуға құлық танытпаймыз. Алайда, мемлекеттің басты байлығы адам деп қарасақ, адамның тұлға болып қалыптасуына құнды көне қолжазбалар мен жәдігерлер оң әсер етері хақ. Тарихын танып өскен елден ұлтын сүйетін ұлағатты  ұрпақ тарайтыны белгілі.  Жазу мен сызу мәдениеті тым тереңде. Ол заман ағымына сай түрленіп, жаңарып отырады. Ғасырлар тарихынан сыр шертер ең ескі кітаптардың тарихы осылайша тым тереңде жатыр. Оларды жылдар өткен сайын жаңғыртып, ұрпақ санасында ұлықтаудың орны ерекше.

ҚЫЗЫЛОРДА  АСТАНА  БОЛҒАН  ЖЫЛДАРЫ  ЖАРЫҚ  КӨРГЕН  КІТАПТАР

Қызылорда топырағы – талай ұлт зиялысының шабытының шарықтау шегіне куә болған мекен. Ел астанасын Орынбордан қазақылықтың қаймағы  бұзылмаған Сырдың бойы­на  ауыстырудың  да түп негізінде үлкен мүдделер жатты. Әр түкпірден келіп, астана төрінде бас біріктірген Алаш арыстарының бар ісі қазақтың тұғырлы тарихына тіреу болды. Қызыл­орда  қаласында Сәкен Сейфуллин төрағалық ететін Қазақстан жазушыларының қауымдастығы да құрылғаны белгілі. Демек, Сыр елі сол уақытта әдебиеттің де рухани астанасы  саналды.

Қызылорда астана болған (1925-1929) жылдар аралығында  Ж.Аймауытұлы «Психология», А.Байтұрсын­ұлы «Әліп-би»,  Т.Рысқұлов «Қазақстан», Ә.Тәжібаев «Некоторые страны света», А.Тоқмағамбетов «Тазалық тәрбиесі», І.Жансүгіров «Шәркей», С.Сейфуллин «Экспресс», «Союз и труддоговор защита батраков», «Ұлт театры туралы», «Қазақстанда халық ағарту мәселелері»,  оклад Садвакасова «О состоя­нии и перспективах дела народного образования в Казахстане» (1-й Всеказахский учительский съезд), «Тұрмыс толқынында», «Жер қазғандар» кітаптарын осы Қызылордада жазды.

Олар – араб қарпінде жазылған қазақша кітаптар. Алматы қаласынан 1958 жылы жарық көрген екі томдық сары түсті кітап аса қастерлі саналады. Естуімізше,  ғалымдар жиі сұратып, ішінен маңызды мағлұматтар алады екен.

Мұның өзі – ұлы тарих. Уақыт жүгін көтерген бұл кітаптардың ерекшелігі – араб алфавитіндегі төте жазумен жазылғандығында. Кітап­ханада осындай кітаптың 33 дана көшірмесі сақталған. Түпнұсқала­ры ҚР Ұлттық кітапханасында тұр. Қазіргі уақытта осы кітаптарды қазақшаға аудартып, факсимеле көшірмесін кітап қып жасап шығару ісі қолға алынуда.

Сонымен қатар, мұнда шағатай тіліндегі «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығын қамтитын көшірме нұсқасы сақтаулы. Ұлы ойшылымыз хакім Абайдың 11 дана кітабын да осыдан табасыз. 600 дана көне кітап мұрасы қорғалған. Жалпы кітап­ханада  400 мың кітап қоры бар.

КІТАП  –  ҒАСЫР  МҰРАСЫ

– Кітап қоры түрлі тілде басыл­ған. Қолжазбаларды әлі де толық­тырудамыз. Қолжазба кітаптардың басым бөлігі – өлең, діни және тарихи кітаптар.  Кітап – мәде­ниет жау­һары, дәуір діңгегі. Адамзат ғұмы­рының мәнді бөлшегіне айналған кітап ешқашан ескірмек емес. Ең ұлы өсиеттердің өзі көктен кітап болып түскен емес пе?! Соған қарағанда қасиет­ті қағазда хикмет бар. Қазақ қашаннан асыл дүниесін кітапқа басып қалдырған. Абайдың «Артық білім – кітапта» дегені тектен-тек емес. Сондықтан аяулы дүние­міздің бағасын білуіміз қажет деп санаймын. Кітап құнын құлдыратып алмауы­мыз керек деп ойлаймын. Бола­шағымыз байыпты, бағдарлы болу үшін алдымен әдебиетімізді әспеттеу маңызды. Парасатты ұлт болудың ізгі жолы – әдеби көркем шығармаларда. Сирек кездесетін кітаптар арасында кішкентай кітаптар коллекциясы оқырмандарға аса қызықты. Соңғы уақытта авторлардың қолтаңбасы бар кітаптары мен сыйға тартылған кітаптарын да жинақ­таудамыз. Бұл – басты байлы­ғымыз, — дейді  Ә.Тәжібаев  атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова.

ТІЛШІ  ТҮЙІНІ

Иә, ең  алғашқы  кітап  қашан, қайда басылғаны  белгісіз. Дегенмен, бір  анығы әр  кітаптың  өзіндік тарихы, ұрпаққа ұлағаты бар. Біз насихаттаған бүгінгі ең көне кітаптар – оқырман олжасы. Ол уақыт  атты ұлы  көштің  қазынасы  болып  қала  бермек.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: