HALYQLINE.KZ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жағдайы ауыр коронавирус науқастарын аман алып қалуға көмектеседі деген дәріні нұсқаулығына қосатынын айтты.
Дәрінің тиімділігі клиникалық сынақтан сәтті өткені 16 маусым күні жарияланған. Ұлыбританиядағы Оксфорд университеті ғалымдары жетекшілік еткен зерттеу дексаметазон дейтін дәрінің коронавирустан қайтыс болу деңгейін үштен бірге азайтатынын көрсетті.
“Бұл – оттегімен немесе вентиляциямен сүйемелдеуді қажет ететін COVID-19 науқастарының өлімін азайтатын алғашқы ем” деді ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус 16 маусымдағы мәлімдемесінде.
“ДДСҰ осы емдеу туралы түсінікті кеңейтуге бағытталған мета-анализді үйлестіреді. ДДСҰ клиникалық нұсқаулығы жаңартылып, дәрінің COVID-19 науқастарына қалай және қашан берілетіні нақтыланады” дейді ұйымдағылар.
Дексаметазон тек вентилятор көмегімен ғана тыныс алып жатқан науқастардың өлімін 35 пайызға, оттегімен емдеуді қажет ететін науқастардың өлімін 20 пайызға азайтқан.
Зерттеу нәтиже қайта тексеруді қажет еткенімен, ғалымдар дәрінің ауыр жағдай үшін қазірден қолданыла бастағаны дұрыс дейді.
Дәрінің тиімділігі тек ауыр жағдайдағы науқастарда байқалған. Оның COVID-19 симптомы әлсіз адамдарға әсері анықталмады.
Дексаметазон коронавирус пандемиясынан зардап шегіп жатқан кенже дамыған елдерге көмек болмақ. Себебі бұл – арзан дәрі. I-teka.kz дәрі порталының мәліметінше, Нұр-Cұлтан қаласында дексаметазонның инъекцияға арналған 4 миллиграмдық ерітіндісінің құны 350 теңгеден басталады.
Бұл зерттеу Ұлыбритания үкіметінің, сондай-ақ Билл және Мелинда Гейтс қоры секілді жеке демеушілердің есебінен қаржыланды.
Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова дексаметазонның ел астанасында пайдаланыла бастағанын растады.
“Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия коронавирус инфекциясынан емдеудің хаттамасын үнемі жаңартып отыр. Дексаметазон дейтін қабынуға қарсы дәріге келсек, иә, ондай дәрі бар. Біздің әріптестеріміз ол дәріні консилиум шешімі бойынша инфекцияның асқынуы жағдайында қолданады”, – деді ол баспасөз брифингінде.
Дексаметазон – жаңа дәрі емес. Оны артрит секілді ауруларда қабынуға қарсы 1960 жылдардан бері пайдаланып келеді.
azattyq.org
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!