Қазіргі таңда аймақта эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Яғни, індеттің көп жағдайда белгісі жоқ. Өңірімізде маусым айының басынан бері тіркелген науқастың 73,5 пайызында ауру белгілері жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммнуикациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
«Қазіргі таңда ауру белгісін тек қана ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тестпен дәлелденген жағдайында ғана індетті ауыздықтау мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне адамдар тынысы тарылғанда ғана науқастығын мойындауда. Сондай-ақ, сәуір, мамыр айында бірнеше адам ғана реанимацияда болса, қазір күнделікті 5-6 адамға дейін ем алуда. Науқастардың көбісі індетті мойындағысы келмей, сақтық шараларына селқос қарағандарын мойындап отыр»,-деді Наурызбай Сейтқалиұлы.
Ал бүгін брифинг берген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтың айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясымен тіркелген симптомды науқастар саны 500 адам болса, симптомсызы – 121 азамат. Сауығып шыққанда 391 адамға жетті.
«Соңғы тәулікте 28 дерек тіркелді. Симптомды жаңа жағдайдың 6-ауы емхананың скринингінен, 1-еуі індет жұқтырған азаматпен байланыста болса, ал 21-і симптомсыз, оның 17-сі қарым-қатынас арқылы, 3-еуі скринингтен, 1-еуі өз еркімен ақылы тест сынамасын тапсырғаннан анықталды» ,- дейді облыстың бас дәрігері.
Сондай-ақ, вирус жұқтырғандармен байланыста болған 5785 азамат анықталған. Оның ішінде, 3487-і тікелей қарым-қатынаста, 2298-і жанама байланыста болған.
Құрметті облыс тұрғындары, статистикаға қарағанда вирустың жұғу мүмкіндігі қарым-қатынас арқылы болып отыр. Вирус ауа тамшылары арқылы жұғатын болғандықтан, ол көбіне сулы ауада көп сақталады. Сондықтан да сақтық шараларын қатаң сақтап және бетперде киюді жалғастыра беруге шақырамыз.
Құрметті облыс тұрғындары, дәлелденбеген ақпараттарға еріп, байбалам салушылықты қойып, тек ресми ақпараттарға сенейік.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!