Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖОҚ ҚОҒАМДЫ ШОУ ҚҰТҚАРА МА немесе мәдениет мазаққа айналып жатқан секілді?..

04.09.2025, 12:20 722

Қоғамның даму деңгейін айқындайтын басты өлшемдердің бірі – мәдениет. Өкініштісі сол, соңғы жылдары «мәдениет» ұғымы өзінің түпкі мәнінен алыстап, «шоу» мен «шулы сахнаның» синониміне айналып бара жатқандай. Жарқ-жұрқ еткен сахналық қойылымдар, жарнамасы аспандаған концерттер, жасанды даңқ пен біркүндік атақ шынайы өнерді ығыстырып барады. Енді мәдениет дегенде халықтың ойына ең алдымен ұлттық құндылық, рухани байлық емес, түрлі телешоу, жеңіл әндер, той бизнес келеді.

Бүгінде сахнада дауыстан гөрі даңғаза, терең ойдан гөрі жеңіл күлкі, рухани тәрбие беруден гөрі уақытша әсер сыйлауға бейімделген туындылар басым. Теледидарды қоссақ та, әлеуметтік желіні ашсақ та, бірінен соң бірі қаптаған «жұлдыздардың» жеке өмірі, жасанды хайптары, сахнадан тыс шулы оқиғалары алдымыздан шығады.

Ал, шын мәнінде, мәдениет халықтың тарихы мен дүниетанымын сақтайтын, ұрпаққа бағыт беретін құндылық қой. Әдебиет, театр, классикалық музыка, бейнелеу өнері сияқты рухани салалар шетке ығысып, олардың орнын коммерцияландырылған жеңіл дүниелер басып алғаны жасырын емес. Бүгінгі мақаламыз да осы мәселеге мәнделмек.

ТАЛҒАМЫ ТАЯЗДАНҒАН ТҰТЫНУШЫҒА  АЙНАЛДЫҚ ПА?

Қазір сахнаға шыққан әнші бір күнде миллиондаған қаралым жинай­ды. Бірақ ол әннің сазында да, сөзінде де мән жоқ. Әлеуметтік желідегі «тренд» үшін түсірілген бейнебаяндар мәдениеттің деңгейін көтеріп тұрған жоқ, қайта арзандатып барады. Өнерпаздар арасындағы бәсеке – талантта емес, шоу жасау­да. «Кімнің бейнебаяны қымбат көлікпен түсірілді?», «Кімнің тойы қанша тұрды?», «Кімнің сахнадағы көйлегі қанша мың доллар?» – бүгінгі  сұрақ  осы.

Осы тұста бір шындық ашылады, біз мәдениеттен рухани азық емес, уақытша әсер іздейтін тұтынушыға айналдық. Халықтың талғамы таяз­даған сайын, сахнаға ұсынылатын дүние  де  соған  сай  болып  барады.

Бұрын көрермен театрға барса, сахнадан өз өмірін көретін. Әде­биет оқыса, тағдырмен тілдескендей болатын. Ал қазір ең көп сатылатын кітап –жеңіл махаббат романдары немесе арзан күлкіге құрылған «мемуар­лар». Театрға барушылардың саны да азайған, өйткені халықтың өзі жеңіл-желпі дүниеге бейімделіп алды. Көрермен сұранысы төмендеген жерде сапалы өнердің өмір сүруі қиын. Қазір талантты ақын, композитор, суретшілер бар, бірақ оларды танитын да, қолдайтын да аз. Өйткені қоғамның назары басқа жақта, яғни «жұлдыздардың» жасанды даңқында. Өкініштісі сол, ұлттық рухани иммунитеттің әлсірегенінің  айғағы –  осы.

Қырғыз мемлекеттік Б.Бейшеналиев атындағы мәдениет және өнер университетінің түлегі, жас режиссер Азамат Жақыпбекұлы бүгінгі өнердің  ең  үлкен  түйткілін былайша тарқатады.

– Мәселе тек сахнадағы актердің ойнағаны немесе әншінің таңдаған репертуарында емес. Мәселе – қоғамның талғамында. Өнер – айна десек, көрер­мен – сол айнаға үңілуші. Егер халық жеңіл дүниені көруге құмар болса, өнер иелері амалсыз соған бейім­деледі. Бірақ, бұл – өнердің табиғатына қарсы құбылыс. Өйткені, өнер халыққа бейімделу үшін емес, халық­ты биіктету үшін өмірге келген. Сахна­дағы әр сөз, әр қимыл, әр әуен адамды ойландыруы, толғандыруы тиіс. Біз көрер­менді тәрбиелеудің орны­на, көрерменге жалтақтай бастадық. Сол жалтақ­таудан өнер әлсіреп, өз мис­сиясынан  айырылып  барады, — дейді  ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда өнердің тұтқасын ұстап жүргендердің алдында екі жол тұр: бірі – шоу­ға ілесіп кету, екіншісі – уақытша қиындықтарға қарамай рухани құндылықты дәріптеу. Біріншісінің табысы мол, бірақ ғұмыры қысқа. Екінішісі  қиын,  бірақ  мәңгілік.

Шын мәнінде, өнердің болашағы осы таңдауға тікелей байланысты. Егер, біз сахнаны тойдың жалғасына айналдырсақ, ұлттың рухани кеңіс­тігі жұтаңдайды. Ал егер, өнерді ұлттың ар-ожданы, жүрек үні ретінде сақтай алсақ, онда болашақ ұрпақ рухани  мұрасынан  айырылмайды.

«ӨНЕР ҰЛТТЫҢ АЙНАСЫ БОЛСА, ҚАЗІРГІ БІЗДІҢ АЙНАМЫЗДЫ  ШАҢ БАСҚАН СЕКІЛДІ»

Қоғамның айнасы – өнер десек, ұлттың рухани биігін де, құлдыраған тұсын да ең әуелі осы мәдениеттен көруге болады. Бірақ соңғы жылдары біз сол айнаға үңілуден гөрі, оның жарқыраған жылтырын ғана тамашалауға әуестеніп барамыз. Бүгінгі өнер сахнасы халықты ойландырып, жан дүниесін тербетудің орнына, көңіл көтерудің құралына айналып бара  жатқаны  жасырын  емес.

Қазақ өнерінің кешегісі мен бүгі­нін салыстырып қарасаңыз, айыр­машылық жер мен көктей. Кеше ғана сахнадан Шәмшінің сырлы әуені естіліп, Әуезовтің терең фило­софиясы айтылып, Асанәлі секілді саңлақтар халықты ойландырса, бүгін­де жеңіл әуен, өтпелі әңгіме көбейіп кеткендей. Тіпті кейбір теле­бағдарламада рухани азық емес, уақыт өткізетін арзан шоу басым. Әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинайтын бейнелердің өзі өнердің емес, ойынның үлгісін көрсетіп  тұр.

Мәселен, жастардың талғамына ықпал ететін ән сахнасын ала­йық. Бір кездері әнші деген ат халық алдын­да ерекше құрметке ие болса, бүгінде сахнаға шығып жүрген әр екінші адамның өнеріне емес, сырт­қы келбетіне көбірек мән берілетін болды. Сондай-ақ, «Өнер – тәрбие­нің қайнар көзі» деген қағиданың орнын «Өнер – табыстың көзі» деген түсінік басып алды. Осы ойды өнерде жүрген жандар да жиі айтады. Өйткені сахна сыртындағы шынайы ахуалды  ең алдымен солар сезінеді…

Ал, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр өнері» мамандығының магистранты, М.Әуе­зов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының артисі Жарқынай Сәдуа­қас: «Өнер ұлттың айнасы болса, қазіргі біздің айнамызды шаң басқан секілді»  дейді.

– «Өнер – ұлттың айнасы» деп жатамыз. Өнердің деңгейіне қарап, халықтың рухани болмысын өлшеуге болады. Өкініштісі сол, бүгінгі күні біздің айнамызды шаң басып қойған сияқты. Бұрын театрға келген көрер­меннің жүзі ойға шомып, көзі жасқа толып шығатын еді. Өйткені сахнадан айтылған сөз  жүректің сөзі болатын. Қазір ше? Театрдың орнын шоу басты, тереңдіктің орнын жеңіл күлкі басты. Әнші мен әртіс халықтың арзан сұранысын қанағаттандыруға көшті.

Мен мұны өнердің жеңілісі деп білемін. Өйткені өнер халықты соңынан ертпесе, керісінше, халыққа жаға беруді ғана ойласа, онда ол өнер емес, жай ғана кәсіп болып қалады. Қазір көп өнерпаз сахнаға халықты тәрбиелеу үшін емес, танылу үшін, ақша табу үшін шығады. «Тойдан тап­қан ақша театрдан да артық» деген түсінік қалыптасты. Ал өнердің ең үлкен миссиясы – рухани тәрбие беру. Ол болмаса, ұлт азады. Біз мәдение­тімізді шоуға айналдырған са­йын ұлттық болмысымыздан алыстай береміз. Сондықтан өнердің шынайы мақсатын қайта тірілту – бүгінгі буынның, яғни  біз  бен  сіздің  ең үлкен міндетіміз, — дейді  Жарқынай  Сәдуақас.

МӘДЕНИЕТТЕГІ  МӘСЕЛЕЛЕР МЫНАДАЙ…

Осылайша, өнерді мәдениеттің бір бөлігі, мәдениет өнермен өріл­мек деп қарастырсақ, нағыз мәдениет халықтың қазіргі мәселесіне айналғанын аңғарамыз. Оған дәлел, қоғамдағы мәдениет ұғымының соңғы жылдары ерекше өзгерістер­ге ұшырауы. Кезінде мәдениет халық­тың рухани тірегі, ойлау жүйесінің, құндылықтар әлемінің көрсеткіші болса, бүгінде ол көбіне «көңіл көтеру индустриясының» құралына айналып барады. Сырттай қарағанда концерттер, фестивальдер, түрлі мереке­лік іс-шаралар жиілеп, мәде­ни өмір қайнап жатқандай әсер қалдырады. Бірақ осының ішкі маз­мұнына үңілсек, нағыз мәдениеттен гөрі шоуға, уақытша әсерге құрылған жасанды қойылымдар басым екенін көреміз.

Театр сахнасы терең философия­лық туындылардың орнына жеңіл әзіл мен күнделікті тұрмыстық қалжыңға толы қойылымдармен толтырылып жатыр. Музейлер тарихи жады мен мұрағаттық маңызын алдыңғы қатарға шығара алмай, керісінше көрерменді тарту үшін уақытша эффектілерге жүгінуде. Кітапхана мәдениеті де оқырманды рухани байыту емес, «жобалық есеп» үшін өткізілетін формальді іс-шаралар  деңгейінде  қалып  отыр.

Тағы бір сорақысы – той мәдениеті. Бүгінде ол әулеттің рухани мерекесі емес, әлеуметтік бәсекенің алаңына айналды. Әнші-шоумендерге тәуелді, жалған сән-салтанатқа негізделген тойлар халықтың болмысына емес, «қалай да ерек­шелену» психологиясына қызмет етіп отыр. Мұндай үрдіс ұлттық дәстүрді байыту орнына оның мәнін көмескілеп, жасанды  образ  қалыптас­тыруда.

Осы жағдайдың бәрі бір сұрақты алға тартады: «Біз мәдениетті сақтап, дамытып жүрміз бе, әлде оны коммерциялық шоуға құрбан етіп жатырмыз ба?». Осы және өзге де сауалдарға  Қорқыт ата атында­ғы Қызылорда  университетінің аға оқытушысы, мәдениеттанушы Аманкелді Жанбатырдан пікір алмас­қан  болатынбыз.

– Бүгінгі күні біз мәдениетке тек эстетикалық құндылықтар жиынтығы ретінде емес, әлеуметтік тіннің ажырамас бөлігі ретінде қарауымыз керек. Мәдениет – ұлттың символдық капиталы, ал ол құндылықтық вакуумға түскен сәтте қоғамда рухани  эрозия  басталады.

Өкініштісі сол, қазіргі қазақстандық мәдени кеңістікте «шоу мәдение­ті», яғни «spectacle culture» басымдыққа ие болып отыр. Бұл құбылысты француз ойшылы Ги Дебор «көріністер қоғамы» деп сипаттаған еді. Яғни, мәннен гөрі формаға, идеядан гөрі эффект­ке негізделген мәдени өнімдер кең тарауда. Бізде де осы тенденция айқын.

Тағы бір өзекті мәселе – мәдени индустрияның шамадан тыс коммер­циялануы. Театр мен киноның репертуары эстетикалық талғам қалыптастыру емес, ең алдымен кассалық табыс табу қағидатына тәуелді болып барады. Бұл құбылыс өнердің миссиясын әлсіретіп, оны «өнім өндіруші фабрикаға» айналдыруда. Нәтижесінде қоғамда мәдени гедонизм үстемдік етіп, сыншыл ойлау қабілеті әлсірейді. Сонымен қатар терең сезімдер мен ұлттық сана қалыптастыру әлеуеті де әлсіреп, рухани кеңістік жұтаңдайды. Ал, қазақы той феноменін мәдени антропология тұрғысынан зерделесек, ол бүгінде «әлеуметтік ритуалдан» «статус­тық жарысқа» ауысқан құбылысқа айналды. Той этникалық сәйкестікті бекіту механизмі болудан қалып, әлеу­меттік демонстрация алаңына айналып барады. Бұл құбылыс дәстүрдің ішкі мәнін шайып, «ритуал­дың девальвациясына» алып келеді. Сондай-ақ, мұндай үдеріс қоғамда құндылықтар иерархиясының дағдарысына дәйек болмақ. Сондықтан бізге мәдениетті тек «мәдени мұра» деңгейін­де емес, ең алдымен «мәдени саясат» деңгейінде қарастыру қажет. Қазіргі жағдайда инфрақұрылымдық қолдау жеткіліксіз, ең бастысы – құндылықтық саясат. Яғни мәдениет­ті ұлттың рухани иммунитетін нығайтатын стратегиялық ресурс ретінде қабылдауымыз қажет. Сондай-ақ, мәде­ниет саясаты ұлттық даму стратегиясының өзегіне айнал­ғанда ғана қоғам мәдениет пен шоу, құндылық пен тұтынушылықтың аражігін ажырата алады, — дейді мәдение­ттанушы  А.Жанбатыр.

Қорыта  келе,  мәдениеттегі маңызды деген мәселелерді майшаммен қарадық десек те, бұл аздық ететіні анық. Сонау қазақ болып қалыптасқан кезеңнен бері, күні бүгінге дейінгі мәдениетіміз өзгеге емес, өзімізге аян. Рухани не қоғамдық құндылық деп қарсы айырылсақ та, мәдениетті қалыптастырып, мерейін үстем, мәнін аяқасты ететін де – мына сіз бен біз. Сол үшін де бүгінгі буынға бұл тұрғыда біршама салмақ, ендігі сенім артылып тұрғаны жасырын емес. Мәдениетті өнерден, ұлттық құндылықтан іздеп әлекпіз, ал шын мәнінде, мәдениет әрбіріміздің кеудеміздегі  көкжиегіміздің көрінісімен  саяды.

Сол үшін де қуыскеуденің күнін кешпей, мәнді, мағыналы мәдениетті қалыптастыруда күн  кешейік.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: