Бізге директор құтаймайтын дертке ұшырадық. Міне, бас-аяғы үш жылда маңдайлары жарқырап бес директор бірі кер тұлпардай алшаңдай, бірі кәрі қарғадай кердеңдей, бірі ата қаздай қойқалақтай басып келіп жұмсақ креслоға тәп-тәуір жайғасқанымен, бәрі де бес-алты айдан соң, бастарына бұлт үйіріліп, ішкендері ірің, жегендері желім болды. Таяқ жеген тоқал сиырдай бастары кекжеңдеп, өзгелерді басқармақ түгілі, өзі әлек болып кетеді.
Құдайшылығын айтайық, апырып-жапырып ішіп-жеп қойған дәнеңелері де жоқ сияқты. Тіпті кейбіреулерімен кісі құсап дұрыстап жөн сұрасып, жоба білісіп те үлгере алмадық. Құйрығына шала байланып, баяғы күндеріне зар болып бара жатқан дөкейіміздің соңында аңтарылып қала береміз.
— Әй, директорсыз да өлмеспіз. Тауықсыз да таң атқан. Орны үңірейіп тұрар дәнеңесі жоқ. Нешеуі кетті, сонда да мектептің бір қабырғасы құлап қалмады. Тіпті, осының өзі жақсы, — деп тоңмойын Тоқаш құсап қолды бір сілтеп қойып жүргенімізбен де, мешкей деген жақсы ат па, өзге мектептердің ширек ғасырдан бері тас құдайдай тапжылмай, жамбасы тесілгенше отырған бастықтарына таңдайымызды тақылдата қағамыз.
Бастықтардың жиі алмасуы да оңай емес екен. Мәні жоқ, мәниғасы жоқ жиналыстардың астында қалдық. Аузы ауырмағандар сөйлеп жатады. Әрі-беріден соң, байғұс құлағыңды аяйсың.
Тірлігіміз ыбыр-жыбыр, сөздеріміз күбір-сыбыр.
— Ана бір жылдары айдарымыздан жел есіп, осы ауданның алдын бермейтін едік. Басқалар біздің қолымызға су құюға жарамайтын. Сыртымыздан тамсанып, көздерін сатып жүретін. Құдай біледі, бізге мықтап сұқ көз тиген. Тұз айналдыру керек, — деп отырады ортамыздағы ақ селеу шашты апайымыз Оймақгүл жағы тынбай жарияға жар салып, өзінше бал ашып. Бірақ әлгі сөзді күніне он мәрте айтып, қарадай қақсап отырғанымен, бәтшағар үйінен бір уыс тұз әкеліп, бәле-жаланы қуып-аластап жатқанын жан баласы көрген емес. Сірә, дөкейлердің жыл құрғатпай ауыс-түйісі қабырғасын қайыстырып, жанына онша батып ауыртпайды-ау деймін.
Бастапқы директорлардың қалай пұшайман болғанын білмеймін. Дәл үшіншісінің келген жағына тез кетуіне аузым аңқиып жүріп менің себеп болғаным рас-ау.
Ауылдағы мектептен осында ауысып келгенмін. Үлкен ұжымға сіңісе қоймай саяқсып жүрген кезім. Кеңседегі көне диванның үстінде ін аузындағы ор қояндай состиып жалғыз отырғанмын.
Іші-бауыры қатқан, ағаш аттай серейген Айғанша апай тарамыс беті тырысып, жұқа ерні жыбырлап:
— Жас күнімізде танауымыз желбіреп үлкендерге жұғысып барып тұратынбыз. Қазіргілер таңертеңгі берген бір ауыз сәлемін бұлдағандай күні бойы томсырайып, көрінгеннен тығылып, бастықтардан бұғынып жүреді, — деп мен жаққа бағдарлай бір қарап алды да: — Бермен жақында, бала, — деді.
Ұшып тұрып жанына бардым. Көзім де, құлағым да – маған түйіле қарап, түйдектеп сөйлеген апайда.
— Қазір ауылдағылар шіріген бай. Қоралары толы мал. Солар озды ғой. Әй, өзің неше түйе, неше сиырмен келдің? — деді қатпыш апай кісі баққыш көзімен түйірелей қарап.
— Аузыңыздан түйе-сиыр шыққанына мың рақмет, — дедім мен қолымды жүрек тұсыма қойып, шындығымды айтып. – Төрт ешкі, бес қой, оның да екеуі тоқты…
Әрине, апайдың мені малды жанға санағанына татымай қалдым-ау деп, көңілім қоңылтақсып дауысым бәсеңдеу шықты.
Айғанша бетіме күдіктене көз тастады, басын шайқады.
— Ішің кепсін, қу бала! Менен қашып құтыла алмайсың. Сенен зорлардың да ішек-қарнын ақтарғанмын. Түбі білем… Әй, жасамай жатып тілі мен жағына сүйенген сен осы түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын кең кеңірдек Ноқановтың сүйек тістескен құда-жекжаты емеспісің?! Осында біреуді тықпалап жүр деп еді. Сыбырлағанды Құдай естімей ме?!
Ноқанов деп отырғаны – аудандағы нән кеуде мықтылардың біреуі. Атын құлағым шалғаны болмаса, ұшыраспаған кісім.
— Өңім түгіл түсімде көрсем, тілім танауыма жетсін.
Оның тұла-бойымды инедей шаншып, дір еткізетін мысқылды күлкісі менің де маңдай терісімді тарылта бастаған. Апам бетін тыржитып, миығын тартты.
— Ә-ә, көмекейі бүлкілдеген директорға бір жылқы беріп тұрған болдың ғой?
— Жо-о-ға!
— Ендеше, сабаудай он тоғыз сағатты саған келмей жатып қалай салп еткізді? Алмақтың да салмағы бар. Береген қолым алаған. Осында отыз жыл істеп көн тулақ боп жүргендердің өзі толық жүктемеге әупіріммен, директорды «апа», забышты «жезде» деп әзер-мәзер қол жеткізіп жүр… Сен олардың қасында кімсің?
Ол көгерген көнектей ернін шығарды. Ширығып бара жатқан тіміскі әңгімеден қашқым кеп:
— Бірінші санатым бар… Облыстық сайыста жүлдегер атанғанмын… Жалынып сұрағаным жоқ, бергенін алдым, қалтама салдым, — дедім де кетуге ыңғайландым.
Айғанша басын тағы шайқады. Сенбеген түрі бар. Жылтыраған сұрғылт көзіне қарасам, сенбек түгілі күдігі өршіп, өрекпіп кеткен сыңайлы.
— Қарға тамырлымыз… Соқырымызды жетектеп, ақсақ-тоқсағымызды сүйрелеп жүрмесек, ішкен асымыз бойымызға тарамайды. Аузыңды қу шөппен сүртпе! Әйтеуір директорға бір жағынан ілік-шатысың бар екендігі белгілі ғой… Руыңды айтқың келмейтін шығар? — деп, көзі қылиған Айғанша қазбалауын үдетіп барады.
— Айтпайтын несі бар. Өткір тілді Өткелекпін, оның ішінде Тоқал Бозымбай…
Осы кезде барып апамның боп-боз бетіне сызаттап қан жүгірді.
— Ә-ә, Өткелек болсаң, директордың түп нағашысының қайын жұрты екенсің. Айттым ғой, бір бәлең бар. Мені әлі сәуегей дерсіңдер… — деп жан-жағындағыларға бірдеңені көзімен ұғындырғандай қарап алған Айғанша көзі жайнаңдап, қалтасынан шеттері мүжілген қара блоконот алып, жосылтып жаза бастады. Мойын созып үңіле қарап ем, қытайша ма, кәрісше ме, әйтеуір мен оқи алмайтындай әріптерімен сүйдектетіп барады. Босадым-ау деп мен жөніме кеттім.
Біршама күннен кейін директордың үстінен жоғарыдағы үш жерге арыз барған екен, енді тықыр таянды деген сыбысты құлақ шалды. Әншейінде дарылдақ бастығымыз тіл-құлақтан айырылып, көзі алақандай болып, анда-мында жалпылдап жүгіріп жүрді. Сосын қыста апанына кірген аюдай кабинетінен шықпайтын болды.
Әлгі сыбыс ұзамай шынға айналды. «Ет жақындарын, сүйек шатыстарын топылтып айналасына жинаған, сыбайласқан» делініп, су жаңа папкесін шеті мүжілместен қолына ұстатып қоя берді.
Келесі директор келіп, әлі суып үлгермеген креслоға құйрық басты.
Баяғы бір қардай жауған көп сұрақ пен қара блоконот есіме түсіп, әлгі «туған-туыстардың» ішінде байпағымнан басқа сүйенерім жоқ болса да, мен де бармын-ау деп секем алып қалғанмын.
«Көп жорытқан жылан аяғын көрсетеді» дегендей, соңғы кезде директорлардың қаздай тізілісіп, тым-тым жиі «топалаңға» ұшырауы бәленің отын өргізіп отырған Айғаншаның тіміскілегіштігінен екенін ептеп ішім сезе бастады. Ол тұрған жерде көп тұрмай ығысып жүретін болдым.
Әлгі қара блоконоттың ішіндегілерді көзі шалып қалған Тоқаштың айтуынша, паңқыма директор мен забыштың жүрген-тұрған, ішкен-жеген, барған-келгендері бақайшағына дейін шағылып, хатталып-ақ тұр. Оның бір бұрышта бүкшірейіп, мұқияттап, құнттап бірдеңе түртіп жазып отыратындығына да көз үйрене бастады.
— Апай, өлең шығарып отырсыз ба? — дедім бірде жанына жақындап әзілдей.
— Өлең менің не теңім, құр делбеңдеп етегім, — деп аузы майысқан Айғанша бір сәт әуендете көңілдене жауап қатты да, іле тырысқақ, бір елі қабағын түйе қойды. – Керек болады, бала, керек болады… Факты есть факты… Дымың ішіңде болсын. Мен көмекейдегі көмескіні көремін. Әлі талайын сүмең қақтырамын. Ол әлдекімге кіжінгендей тісін шықыр-шықыр еткізді.
Соңғы кезде жоғарыдағы бастықтар:
— Мұғалімдіктің май-палауын көп таттың. Енді бір сілкініп, забыштыққа, екі сілкініп директорлыққа бел сыбансаң қайтеді? — деп құлаққа жағымды ұсыныс жасап еміндіре бастаған. Соған делебем қозады. Қиялға берілем. Кейде директордың жұмсақ креслосында маңқиып отырған өзімді елестетемін. Алайда күнде мұғалімдер бөлмесінің төрінде Айғанша апайдың қара блокнотына көзім түскен сайын, мысқалдай күнәм болмаса да, жүрегім қараптан-қарап зырқ ете қалып, ішім мұздап қоя береді…
Ерғали АБДУЛЛА.
Арал қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!