Ұлық Тәңірі біздің кіндік қанымызды «Бозарық» бойына тамызыпты. Бұл кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Сірә, заңдылық болар. Сол заңдылық, міне, Гауһардың жыр жинағына алғысөз жаздырып отыр.
Ол жарық дүниеге менен тұп-тура жеті ай бұрын келіпті. Сол себепті мектепке де менен бұрын барды. Білімге сусындап, түлеп ұшқан ұямыз – №117 «Мақпалкөл» орта мектебі. Гауһар оқушы кезінен көркем жырға әуес болып, жанынан өлең шығаратын. Оны қай кезде білгенім есімде емес, бірақ мектепте бізден бір сынып жоғары оқитын қараторы қыздың өлең жазатыны маған кәдімгідей әсер еткені рас.
Дүниені танысам деген талабы таудай бала көңіл-ай десейші, кейін білдім, Мақпалкөл маңын мекен еткен біздің ауылда ақындық дертіне шалдыққан Гауһар екеуміз ғана емес екенбіз. Бізден де бұрын ірі ақындар шығыпты. Әбдікәрім Оңалбаевты көзіміз көрген жоқ, ал Қомшабай Сүйеніш ағамыз Қызылорда пединститутының «Филология» факультетінде оқып жүрген біз сияқты тірсегі дірілдеген талапкерлерге ақжол тілеп, балауса жырымызды тыңдаған абыз ақынымыз еді.
Гауһар пединститутта оқып жүргенде ақындық атағы ерте естіліп, жұлдыздай жарқырап көрінді. Әрине, мен де қалыс қалмадым. Институтта өтетін іс-шараларда отша лапылдап, жастық жырларымды шабыттана жырладым. «Шын тұлпар дүбір шықса шыдамайды…» деп Ақан сері айтқандай, Гауһар мені дүр сілкіндірген дүбірдің бірі болды. «Тұлпар топтан шығады» деген сөз бекер емес.
Алайда біздің өндіріп жазып, жарқылдап көрінер шағымыз өтпелі кезеңге тап келді. Біраз жыл нарық заманының иіріміне шым батып, тірлік тауқыметін жұртпен бірге біз де тарттық. Назарбаев кезеңі орта тапты кеудесінен итеріп, шығармашылық адамдарын шетқақпай қылды. Кітап шығару, қаламақы төлеу мүлдем ұмытылғаны да рас.
«Тіл өнері дертпен тең» деген екен ақын Абай, Ұлық Тәңірі дарытқан осы дерт алайда дегенін істемей қоймапты. Еңбек жолын орта мектепте оқытушы болып бастаса да, кейін біржола шығармашылыққа ауысты. Журналист болып, газетке қызметке тұрды. Жыр жазуды ұмытқан жоқ, «алмас кездік қын түбінде жатпас» дегендей, кейін жүрекжарды жырлары көріне бастады. Жырлайтыны – көбінесе көңіл күй лирикасы. Өлеңнің де төресі сол ғой. Ақын жырлаған көңіл күй лирикасынан оқырман өзін табады, ішкі әлемінде арпалысқан ахуалды ұққандай болады.
О, Таңсәрі,
Кетті өмірдің бар сәні.
Ғазиз жүрек өртеніп,
Еркіндікті аңсады! — дейді пандемия кезінде жазған өлеңінде. Бұл ақынның жалғыз өзінің ғана емес, бүкіл ел-жұрттың аңсауы еді. Сол себепті оқырманның жадына тез жазылды. Жатталып қалды.
Шыда жүрек қажыма,
Ырғақпен соқ тағы да,
Сен соқпасаң дүрсілдеп,
Өмірде жоқ мағына, — деп, өзін де, оқырманын да шыдамдылыққа шақырады. Ел қиындыққа тап болып, жол таба алмай дағдарған тұста жұрттың жігерін жанып, намысын қайрайтын ақын болуы тиіс. Сол себепті сіз бен біз сүріп отырған өмірді әлдекімдер сияқты сұм, опасыз деуге оның аузы бармайды. Сарыуайымға салынудан аулақ. Тәңірі кісі баласына (кіші оғлына) өмір беріп қана қоймай, ақыл-ес дарытып, басқа жанды тіршіліктен артық етіп жаратқан. Біздің өміріміз – жай өмір емес, саналы өмір. Сондықтан ақын осы саналы өмірді жарқын істерге жұмсауға үндейді.

Жайнап кетер кезің бұл,
Бағаласаң сезім нұр.
Жүрегіңді кірлетпе,
Бір жарқ етер өмір бұл! — деп жырлайды.
Қай ақынның да жырлайтыны – өмірдің мәнісі, сол өмірге өзінің қатысы. Әрбір жанның ішкі дүниесі – өзінше әлем, ақын да – жеке тұлға. Оның сезіп, біліп жырлағаны көпті толғандырады. «Тәңірі ісі» өлеңінде:
«Мінезді мен жанкешті қалап алдым», –
Демесем де сан құлап, жараландым.
Ет кессе де етімнен қансыратып,
Серік қылдым шыдамын қара нардың, — дей келе:
Тәуекелдің кемесін мекен еттім,
Өз мұңымды арқалап жеке кеттім, — деп, Мұқағалидың «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деген әйгілі өлеңін тірілте, жандандыра түседі. Оның жалғыздығы тура мағынасындағы жалғыздық емес, ақынның жалғыздығы – басқа жалғыздық. «Жүрегімнің дәптері айғыз-айғыз» деп өзі жырлағанындай, ішкі әлемі арпалысқа толы жалғыздық.
Адамға керегі – туған жердің тыныштығы, ағайынның амандығы. Гауһар да бұл тақырыптан шет қала алмайды. Оның туған жерге деген сағынышы сұмдық. Кісі баласының туған жерді сонша сағынуында не сыр бар? Сөйтсек адам ең әуелі сол аядай ауылда өткен балалық шағын, бірте-бірте алыстап бара жатқан қамсыз күндерін аңсайды екен ғой. Осы сезімді бір кезде мен былайша жырлаған едім.
Содан кейін сан қиырға тарадық,
Бірте-бірте ұзай берді аралық.
Шиқылдаған шымшық торғай секілді,
Туған жерде қалып қойды балалық.
Гауһардың да жүрегі туған жер десе жырлап ала жөнеледі. Бұл сағыныш та ақынның өзіне тән, оның бейнелеуінде – «Қаламымның ұшындағы сағыныш» болып төгіледі.
Нөсеріңе жуындым,
Соқпағыңмен жүгірдім.
Мақпалкөлім – мақтаным,
Өзіңнің мен туындың.
Шеңгеліңнің гүлін-ай,
Аунап өскен құмың-ай.
Самалымен желпіген,
Ауаң сенің шырын-ай.
Неге десең осы ауылда балалық шағымен берге ең бір қымбат жандары – ардақты әке-шешесі қалды. Туған жер дегенде осы кісілердің аяулы жүздері елестейді. Асқар ағайды көзім көрді, арқалы ақын еді. Соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз болатын. Ағайдың «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым…» деп басталатын өлеңін ауыл ақсақалдары егіле тыңдайтын. Сөйткен ағай өмірінің ақырында «Жолымды саған бергелі тұрмын, балам!» деп, ақын қызына ақ батасын арнапты. Ақындық өзге балаларына қонбай Гауһарға қонуының да себебі содан шығар. «Әке – балаға сыншы» деген сөз бар, қанмен берілген сөз өнеріне осы қызы адал болатынына сенгені анық. Ақын әкенің сол сенімі, міне, бүгін ақталып тұр.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.
Фото: Н.Нұржаубай.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!