Білім саласы қоғамның «күйіп» тұрған тұсы. Жақсы жетістіктері де жетерлік, кемшін тұстары да кездеседі. «Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген Мағжан Жұмабаев айтқан сөздің астарында аласармас ақиқат жатыр.
Алайда, Алаш арысы ардақтаған ұлағатты ұстазды бүгінгі қоғам неге өгейсітеді? Мәселен, мектеп оқушысы ұсақ құқықбұзушылық жасаса да, алдымен неге кінәні мұғалімнен іздейміз? Жасыратыны жоқ, мектеп жасындағы қыздардың аяғы ауырлап қалып жатқаны да арагідік болсын кездесіп жатқан қоғамның қотыр тұсы болып тұр. Жоғары сынып оқушылары төмен сыныптың балаларына неге әлімжеттік жасауы тыйылмай тұр? Айта берсең, жағың талып, санамаласаң, саусағың жаңылады. Мектеп мәселесі мемлекеттік деңгейден мезгіл мәселесіне айналғаны қашан?! Сауал көп, жауап жоқ.
Бүгінгі біздің қаузамақ тақырып жекеменшік мектептер жайында болмақ…
Иә, қазіргі уақытта аядай шағын ауданның өзінде кем дегенде екі жекеменшік мектеп, екі-үш жекеменшік балабақша бой көтерген. Бұл кәсіптің жаңа, жеңіл түрі ме әлде расымен білім саласына деген оң тенденция қалыптасқан ба?
ОБЛЫСТА ҚАНША ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП БАР?
Елдегі өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Қазіргі білім ордаларында оқушы саны межелі міндеттен аспаса, кем түспейді. Осыны ескерген ел Үкіметі мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім ошақтарын да қолдауға көңіл бөлген болатын. Алайда, мұндай қадам білім бәсекесін артыра ала ма? Мәселенің тіні осында болып отыр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысында жалпы жеке мектептер саны 40-қа жуықтайды. Онда білім алатын оқушылар саны 13 579 бала болса, білім беретін мұғалімдер саны – 1219 адам. Яғни, жалпы 800 000 тұрғыны бар біздің аймақ үшін бұл көрсеткіш төмен деуге келмейді. Облыс орталығына қарасты жеті аудан, бір қаланы есептеп қарасаңыз, 40 жеке мектептің болуы – едәуір үлкен қарқын.
Ел арасында бұл тақырып туралы түрлі пікір айтылуда. Бірі жақтайды, енді бірі даттайды. Бұлай болуы да заңдылық секілді. Өйткені, адам болған жерде пікірлер қайшылығы болуы заңдылық.
Дегенмен, көпшілік адамдар «Жекеменшік мектептердің болғаны әбден дұрыс, білім саласында бәсекелестік туғызады. Ал, бәсеке болған жерде даму болады. Бұл орын тапшылығының азаюына ықпал етеді. Нарықта жаңа білім бағдарламасына сәйкес, оқушылардың заманауи технологияны меңгеріп, білім көрсеткіші арта түседі» деген пікірді қолдайды.
Ал, енді бірі озық мектептер үлгісі негізінде мемлекеттік білім ордаларының көптеп салынғаны ләзім деген ойда. Мемлекеттік мектептердің материалдық базасын нығайтумен қатар білікті мамандар даярлауға басымдық беру жағын дұрыс санайды. Жекеменшік мектептерде жалақы жағы тұрақсыз деген де пікірлер айтылады.
«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дейді халық даналығы. Жекеменшік мектеп, аты айтып тұрғандай, тәуелділік деңгейі басым. Бір ғана мәселе заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған жоғары санатты ұстаздармен қамтылған болса құба-құп. Алайда, бес саусақ бірдей еместігі тағы бар.
«БІР ЖАҒЫНАН ҚУАНЫП, БІР ЖАҒЫНАН РЕНЖИСІҢ…»
Осы орайда, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлымен жолығып, аз-кем әңгімелескен болатынбыз. Кейіпкеріміз – білім саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек еткен белгілі қоғам қайраткері.
Оның айтуынша, әр адам жекеменшік мектеп ашпас бұрын алдымен оқушы жағдайын ойлауы қажет. Сонда ғана тәуелсіз еліміздің ертеңгі жарқын болашақ жолында еңбек ететін тұлға тәрбиелей аламыз.
– Елімізде соңғы 2025 жылғы санақ бойынша орта мектептерде 4 миллионның үстінде оқушы оқиды. Өсім жалпы жаман емес. Кезінде 2016-жылдары пилоттық жоба бойынша мектептерді жан басына қаржыландыру туралы идея болған. Сол уақытта парламентте жүрген кезімде министрлікке кіріп, жан басына қаржыландыруды жекеменшік мектептердің ашылуына көңіл бөлуді айтқан болатынмын. Көп шет мемлекетте болғанымда Еуропа елдерінде байқағаным, барлығы – жекеменшік мектептер. Еуропада мектепті мемлекет емес, кәсіпкерлер салады. Бірақ жасап берген стратегиялық жоспар бойынша жұмыс жүргізеді. Мемлекет мектеп салып үлгере алмайды. Мәселен, бір Астана қаласының өзіне жыл сайын 28-30 мың оқушы қосылып отырады. Ал, ол үшін кемінде жылына 12-13 мектеп салынып отыруы тиіс. Алматы қаласында да солай халық көп қоныстанады. Мұны енді тек мықты кәсіпкерлер арқылы ғана азайтуға болады.
2016-2017 жылы республикада жан басына қаржыландыру пилоттық жобасы бастау алды. Мысалы, мен ата-анамын, балам қай мектепке барады, ақша соның артынан еріп отырады. Ы.Алтынсарин мектебіне бара ма, Ш.Уәлиханов мектебіне бара ма, қаржы соған барып құйылады. Бұл – жалпы әділетті нәрсе. Мемлекет жағдай жасағаннан кейін 2018 жылдан бастап, әсіресе соңғы 2-3 жылдың көлемінде республика бойынша жекеменшік мектеп салу көбейді. Бұған бір жағынан қуануға, бір жағынан ренжуге болады. Қуанатын жағы – талапқа сай келетіні. Талап деген – эпидемиологиялық заң талабына сай орын алуы. Ол бір оқушыға қанша шаршы метр болу керек, мектептің салынатын жер көлемі сәйкес болу керек. Сонымен қатар, спорт залы, асхана, тағы басқа да қажетті салынуы тиіс дүниелер болуы керек. Өкініштісі сол, кейбір кәсіпкер азаматтар пысықайлық танытып, ескі қойма, жабылған тойхананы мектеп қылып ашып қойған. Болмаса, біреудің басқа мақсатта салып қойған кеңселерін жалға алып ашып отыр. Мұны ақша қуалау деп атайды. Оның мектеп талабына сәйкес келетін ойын алаңы түгіл терезесі яки спорт залы жоқ. Бұл – енді өте өкінішті жағдай. Жекеменшік мектеп болғанмен ата-аналардан қаржы алмай тегін оқытатын мектептер де бар. Мәселен, осы «Оrda sсhool» мектебін ашқан кезде таңдауды ата-аналардың өзіне салдым. Ақша төлеп оқығысы келетіндер оқиды. Айына 40 мың төлейді. Оның тең жартысы, яғни 20 мыңы тамаққа кетеді. Қосымша тағы сабақтарға қатысады. Соның барлығы осы ақшаның ішіне кіреді. Бала сабағын мектепте жүріп толық оқып, алған білімін бойына сіңіріп, үйіне демалуға бір-ақ қайтады. Бұл жағдайы келген ата-аналарға. Ал, жағдайы келмеген ата-аналар үшін тегін оқу қарастырылған. Түске дейін оқиды. Бірақ оларды да тиісті тамақ пен үйірмелермен қамтамасыз етеміз, — дейді «Оrda sсhool» жеке мектебінің құрылтайшысы Мұрат Бақтиярұлы бізбен әңгімесінде.
Дала академиясын бітіріп, ауыл тәрбиесінен тәлім алған талай бала интернатта жатып оқып-ақ өз заманының алды болып өсті емес пе?! Қазір заман өзгерді ме әлде адам санасы өзгеріске ұшырады ма, әйтеуір мектеп ашудың да түрлі сатысы болуда. Бұған қоса мектептердегі білім сапасын, мұғалімдер біліктілігін арттыру курсына даярлауға кешенді сараптама жасау ісі жайлы да әртүрлі көзқарас бар.
Бүгінде мектеп сабағынан бөлек қосымша ақы төлеп оқу ісі де қазіргі қоғамда үзіксіз белең алуда. Ашығын айту керек, студент қыздар сабақтан тыс уақытта төмен сынып оқушыларын көркем жазу, жүргізіп оқу бойынша үйден бала оқытып жүргендері жетіп артылады. Ол бала шынымен үздік атанып, әрі қарай мектеп бағдарламасына ілесіп кете ала ма? Сұрақ осында. Ал, жекеменшік мектептерге барған балаларда мұндай мәселе туындамасына кім кепіл? Хош. Оған уақыт деген ұлы төреші жауапты.
Мектеп, білім, мұғалім. Ошақтың үш тағаны секілді бірін-бірі толықтырып тұрады. Білім сапасының нәтижесі сәулетімен көз тартар ғимараттармен емес, білікті басшы, білімді мұғалім, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген мектеппен тығыз байланысты. Жалпы, жекеменшік мектеп қала немесе аудан орталықтарында ғана салынып пайдалануға берілуде. Ал, ауылдық елді мекендер ше? Сол жергілікті жердің кәсіпкерлері арнайы жекеменшік мектеп аша алмасы түсінікті. Алайда, бала қабілетін арттыратын арнайы оқу орталықтарын неге ашпасқа? Бұл да жекеменшік мектеп секілді ел болашағы жолындағы қадамға жатады.
«ОЙ ДА КӨП, УАЙЫМ ДА КӨП…»
Жекеменшік мектеп бұған дейін де талай адамның қаламына арқау болды десек, артық айтқандық емес. Соның бірі – қоғам белсендісі, ұстаз, Шымкент қаласының тұрғыны Өмір Шыныбекұлы.
– «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең. Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең» деген Мұхтар Әуезов. Жекеменшік балабақшалар мен мектептердің артықшылығын бірнеше жыл дәріптеді. Сөйтіп, мемлекет өзі шеше алмаған проблеманы кәсіпкерлердің мойнына арта салды. «Адам сапасы» деген ұғымды еске түсірсек, мектеп ашып жатқан кәсіпкерлердің барлығының көксегені халыққа білім беру дегенге өз басым әу баста сене қоймаған едім. Алдымен Ресей империясына отар боп, одан 70 жыл кеңестің құлдық қамытын киген елдерде қоғамдық сана қатты уланғаны есепке алынбады. Иә, өз қаржысына ауылдарында балабақша, мектеп, спорт кешендерін салып жатқан азаматтар баршылық. Дегенмен, меценаттық деген ұғым бізде әзірге тек декларациялық сипатта қалып отыр. Біздің кәсіпкерлердің денінің бар ойы тиыннан тиын құрау екені ешкімге құпия болмаса керек. Оның үстіне, баяғы Карл Маркс айтып кеткен «Алғашқы капиталдың жасақталу» жолын еске түсірсек, жемқорлық жайлаған елде адал жолмен баю мүмкін бе деген сұрақ туады. Олай болса, «ұсталмаған ұры емес» десек те күмәнді ақшаны балаға салу қалай болар екен? Қалай болғанда да, жекеменшік балабақша, жекеменшік мектеп дегендердің көпшілігі кейбір пысықайлар үшін ақша табу құралына айналып кетті.. Өзгесін айтпай-ақ қояйық, робототехника дегеніңіз кәдімгі Лего ойыншығы боп шықса таңғалмаңыз. Арты не болар екен? Қысқасы сұрақ көп…
Мемлекеттік білім беру мекемелері білікті мамандарға зәру боп отырғанда, жекеменшік білім ошақтары маманды қайдан алып жатыр? Жекеменшік білім ошақтары шағын бизнес нысаны болғандықтан, оларды тексеруге мораторий жарияланған. Қақпасынан аттасаң, үстіңнен шағым жазып, өз басыңмен әлек қып жібереді. Білім және тәрбие ошақтарын «бизнес нысаны» деп кірпіш, жиһаз немесе құбыр жасайтын кәсіпкерлікпен теңестірудің салдары қандай боларын өздеріңіз шамалай беріңіздер… Осы орайда еске түсіп отыр. 1980 жылдардың екінші жартысында ҚазХТИ-дың кешкі бөлімі деканының орынбасары Бейсембаев деген ағайымыз болды. Сол кісі «Сызба геометрия» пәнінен беретін әйелі екеуі КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы Громыкоға «ҚазХТИ жоғары оқу орны емес, ағаш өңдейтін кәсіпорынға (деревообрабатывающее предприятие) айналды» деп хат жазғанын сол кезде орталық газеттер жариялаған. Ол кезде қазіргідей диплом сатылмайтын. Құжатты қолдан жасаған адамдарды КГБ ұстап, бірден итжеккенге айдайтын. Бүгінде бір портал бізде ₸ 95 мыңға диплом сатып алуға болатынын жариялады. Бейсенбаев ағайым айтқандай, біз кімді дайындап жатырмыз? «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең».
Иә, мен жекеменшік мекемелерге мемлекеттің қаржы бөлуіне қарсымын. Кез келген кәсіпкер кәсіпті пайда табу үшін ашады. Түскен пайданы өз отбасының игілігі үшін жұмсайды. Сондықтан кәсіп ашқан азамат барлық рискілерді де өз мойнына алу керек. Сол себепті де кәсіпкерлердің «Ах, ұлтым үшін жасап жатырмын» деген пафосын қабылдай да, түсіне де алмаймын, — дейді қоғам белсендісі өз сөзінде.
СӨЗ СОҢЫ
«Елден асқан сыншы жоқ» деген халық нақылы бар. Ел арасында кейінгі кездері жекеменшік мектептерде қызметкерлеріне уақытылы жалақы берілмей отырғаны да айтылып жүр. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» секілді осындай мәселелер төңірегінде талай түйткілді жағдайлар ушығып жатқаны да жасырын емес.
Шынтуайтында, мемлекеттен берілетін қаржы көлемі азайса, кәсіпкерлер жекеменшік мектеп салмақ түгілі жеке басын қайттап кетер ме еді? Кім білсін?
Түптеп келгенде білім алушы балалар мен білім беруші мұғалім ұстанымы берік болғаны абзал. Сонда ғана ұлт пен ұрпақ алдында арымыз таза болмақ. Әйтпесе, әркім өз қайығының ескегін есетінін естен шығармаған жөн. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!