Бұл да – тарих!
Мен төрт-бестер шамасындамын-ау деймін!… Шешем дүкенші болған соң, үйге үлкендер арақ-шарап ішуге үнемі келіп-кетіп тұрады. Арақ ішіп отырып әртүрлі әңгіме айтып отыратын. Бұлардың дені соғысқа қатысқан әкемнің құрдастары болатын. Еміс-еміс есімде, бәрі де әңгімешіл әрі шетінен әзілқойшыл еді. Мен бала кезімнен әр әңгімеге аса ден қоямын-ау! Осы мінезімді қызық көре ме, әйтеуір, үйге келгендер мені көп әурелейді.
Бір күні бір топ әкемнің құрдастары үйге келіп, арақ ішті. Әкем Олжай соғыста ауыр жараланып, денсаулығына байланысты мүлде арақ ішпейтін. Содан әртүрлі әңгіме басталды. Олар ішіп қызса, әкем ішпей қыза бастады. Мен монтиып тыңдап отырғанмын. Сонымды қызық көрді ме, әлде басқадай себеп болды ма, әйтеуір бір кезде бәрі мені қолқалай бастады. Есімде қалғаны, толық келген Ният дейтін бухгалтердің (Қамбаш жұмысшылар кооперациясында бухгалтер болып істейді екен. Кейін білдім ғой!) белсенділігі ерекше болды. Сондағы әрекеттері – «менің дамбалымды қалайда шештіріп, «әшәуімнан» бір иіскесе!». Ал, оған ес біліп қалған бала көне қоя ма?!… Содан мені алдау-арбау, шекер беру, болмаған соң, контордың құжаттарын қыстырып қоятын темірін (скрипка) алдыма үйіп қойды. Шынын айтсам, үлкендердің қысымынан құтылу үшін дамбалды дереу шешіп, қайта киіп алдым. Мұны көрген, үлкендер қыран-топан!… Мен ашуланып сыртқа қарай қашып бара жатып, шешелерінен жібергенім есімде.
Кейін балалық шағым туралы шешем Зибадан сұраймын ғой. Сондағы шешемнің айтқаны: «Сен өте кішкентай болдың. Соған қарамастан, сегіз айлығыңда жүріп кеттің. Өте сүйкімді едің. Сол кейпіңе қарап, жеңгелерің «Шүрмиген» деп атайтын. Жүсіп баласы Бақытжан атаң бес уақыт намазын тастамаған тақуа, молда адам болатын. Осы тақуалықтың кесірінен он төрт рет намаз оқып отырған жерінен ұсталып, ит жеккенге айдалып, он төрт рет қашып келген. Сол атаң қыздың қызыл көйлегін кигізіп, төбеңе айдар қоятын. Сондағы айтқаны: «Мына балаға қыздың көйлегін кигізіп, төбесіне айдар қойғаным, бұл балаға көз тигіш болады. Сосын ылғи қыздармен ойнатыңдар!» деп үнемі ескертіп отыратынын білемін» дейтін.
Мен де мұндайда шешемді сұрақтың астына алатынмын. «Сондағы бірге ойнаған қыздар қазір бар ма? Болса, қайда олар?» деп сұрайтынмын. Сонда шешем: «Ол қыздар бар. Соның біреуі Бөжен ағайыңның қызы Алуаш! Қалғандары есімде қалмапты» дейтін.
Алуаш Бөженқызы Бисенәлиева – менің сыныптасым, әрі менен бір жасқа үлкен, рулас апам. Шешем тағы күлетін: «Сенің үстіңде қыздың қызыл көйлегі, басыңда айдарың болғаныменен, аузыңда жерден тауып алған темекінің тұқылы, үнемі қыздардың шешесінен «жіберіп» жүретінсің! Оған қыздар: «Ойбай! Мына қызды қара!… Қыз болып алып, бізді боқтайды!» деп қатты таңырқайтын. «Қайдан білсін, қыздың қызыл көйлегінің ішінде «әшәудің» шүртиіп шығып тұрғанын!» деп мәз болатын.
Кейін Алуаштан бұл туралы сұрасам, есіне түсіре алмады. Қыз пысық болады дейді, әрі менен бір жасқа үлкен қыз есіне түсіре алмағанда, мен есіме қайдан түсірейін?!…
Осылайша, күндер зулап өтіп жатты. Мектепке барар уақыт та таяды. Әлі есімде, менен бір жасқа үлкен ағам Әбдібай мектепке барды. Бұл мен үшін үлкен төңқеріс болды. Мен де мектепке барамын деп жылап жатып алдым. Ол кезде мен бар болғаны бес жаста екенмін. Ал, ағам алты жаста ғана! «Алты жаста ғана!» дейтінім. Ол уақытта балаларды мектепке жеті жастан қабылдайды екен. Әкем директорға өтініш айтқан-ау! Сөйтіп, біздер алты жастан мектеп табалдырығын аттадық.
Мектепке барамын деп айқай шығарып, жылап жүргенімде, ауыл балаларының арасында кикілжің, ерегіс, айқай-шу, төбелес жиі-жиі болатынын аңғардым. Ауылды ересек белсенді балалар өзара бірнеше бөлікке бөліп алған.
«Көше» ауылдың орталығын қамтиды. «Мастер» ауылдың солтүстік бөлігін алып жатты. Тұрғындары негізінен теміржолда істейді. Сол себепті «Мастер» атанған. Кейін айқай-шуы көп болған соң, Бодықов Дәкібай әкеміз «Жынды төбе» атандырып жіберді. Негізінен осы екі бөліктің балалары арасында ықпал үшін талас-тартыс аса шиеленіскен жағдайда өтеді.
Бұлардың бір-біріне өшіккені сонша, басқа жұмыстарды жиып қойып, күндіз-түні өз шекарасынан өтіп кеткен балаларды аяусыз жазалайтын. Ауылдың үлкендері үйіндегі балаларын балалар белгілеген шекарадан асырып жұмсай алмайтын. Кешкісін екі жақ келісіп, кездесетін жерін белгілеп, «соғысты» бастайтын.
Бұл «жауынгер» балалардың жазылмаған заңы – «жау» қолына түсіп қалсаң, қинап, қанша жерден ұрып-соқса да, шындықты айтпау; көзіңе жас алып жыламау. Осы қағида санамызға сіңгені сонша, бұл қағиданы бұзу біз үшін өліммен тең еді.
Бір күні, төрт-бестер шамасындамын, шешем дүкенші болғандықтан, «Мастер» жаққа, неге жұмсағанын білмеймін, әйтеуір, бірдеңеге жұмсады. Барып қайтып жайбарақат келе жатсам, көшенің балалары ұстап алды. Содан қолымды байлап, «штабқа» алып барды. «Штаб» Тәшебай ақсақалдың үйі екен. Жанында Алтынбай ағайындардың мешіті бар. (Мешіт қазір бұзылып кеткен. Амантай Алмашевтың үйінің тұсында) Штаб иелері Ақберді мен Әбдіғани бізден біраз жас үлкендігі бар ересек балалар екені есімде қалыпты. Тәшебайдың ауласында бір зәңгі сүйеулі тұр еді. Мені сол зәңгіге алып барып белімнен байлап, төменге салбыратып қойды. Мен ештеңе түсінер емеспін. Бірақ, бала көңіліммен ештеңе айтпауым керек екенін іштей сеземін. Шешемнің жұмсағанын да айтқым келмеді. Осылай қанша салбырап тұрғаным есімде жоқ. Әйтеуір, арқаннан босатқаннан кейін, өзімді батыр сезінгенім есімде.
Кейін сәл есейе келе кұмға (ауыл сыртындағы Күнсүгір ахунның мешіті орналасқан маңайға) баратын болдым. Өйткені, балалар арасындағы бар мәселе тап осы жерде шешілетін. Жаппай төбелес дейсің бе, жекпе-жек дейсің бе, бәрі-бәрі осы жерде анықталатын. Кесектесіп шайқасу бәрінен де ең ауыры, әрі қаталы болатын. Балалар бірін-бірі қолына не түссе, сонымен ұратын. Әйтеуір, бірін-бірі аяу жоқ!
«Көшенің» басшысы Қамбаш жұмысшылар тұтыну одағының (рабкооптың) бухгалтері Ният ағаның (кішкентай кезімде дамбалымды шештіруге ықпал жасаған кісі) баласы Бақыт Сапар болса, «Мастердің» басшысы Шүкірбай Әзілханов болды.
Бірде кездесуге (кесектесіп төбелесуге) жиналған сәтімізде көшбасшымыз Бақыт шабуылға шығар алдында мынадай өлең шумақтарын үйретіп қойды.
Салтанат, шай қайнат!
Әзілханды ойбайлат!…
Үлкені бар, кішісі бар елу шақты бала хормен бір сәтте айқайлағанда, дауысымыз өте қаһарлы шығады екен. Нағыз жауға шабар алдындағы ұран іспеттес! Тіпті, ата-бабадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан «Аруақ!» ұранының баламасы сынды.
Көп күттірмей, күн ұясына батар тұста «Мастердің» де балаларының қарасы көріне бастады. Қолын оңды-солды сілтеп, топты бастап келе жатқан Шүкірбай да көрінді. Осы сәтте біз де қамдана бастадық. Бақыт бәрімізге ортақ, алдын ала үйіп қойған тастарды үлестіре бастады. Қанша балаға тас жетпеуге айналды. Тас болса, аса қат! Бір кезде Бақыт менімен жасты үш баланы бөліп алды да, бөлек тастарды үлестірді. Менің үлесімнің ішінде иттің әбден күнге күйіп ағарып қатып қалған боғы да бар екен. Лақтыруға ыңғайлы болғанмен, иттің боғының аты иттің боғы ғой! Қатты ашуландым. Лақтырып тастауға болмайды. Өйткені, құмның арасында қайдағы тас?! Амал жоқ, оны да алып, жаныма қойдым. Бізді, үш баланы бір бұтаның түбіне жасырып қойды. Сөйтті де, Бақыт бізге түсіндіре бастады.
-Қазір қарсы жақ шабуылға шығады. Сендер бұғып жата беріңдер. Тақалып жақындап келген сәтте, бұтаның тасасынан шыға келіп тасты жаудырасыңдар! Сол кезде біз де шабуылға шығамыз. Ес жидырмастан қуа жөнелеміз. Бір қашқан жауды қуу жеңіл болады, — деді.
Біз түсіндік. Нұсқаған бұтаның түбіне тас, кесектерімізді көтеріп алып бардық. Менің қасымдағы балаларға қарағанда қару-жарақтан біраз артықшылығым бар. Менде тастай боп күнге күйген иттің боғы бар! Осыны ойлап, енді ашулана берген кезімде «Мастер» жақтан «уралаған!» дауыстар естіле бастады. Сол-сол-ақ, біздің жақтан да «әскери шеру» басталды. Ұрандаған дауыстар естілді. Әсіресе, қарсы жақтың «қолбасшысына» арналған хордың дауысы ерекше рух береді.
Салтанат, шай қайнат!
Әзілханды ойбайлат!…
Бұл біз үшін рух берер ұран болса, қарсы жақтың жынына тиер ұран болды. Өйткені, қарсы жақтың «көшбасшысының» атасы Әзілхан да, әжесі Салтанат еді. Сондықтан, бұл ұран олар үшін аса жағымсыз еді.
Осыны ойлаймын дегенше, «жау» да ұрандап жақындап қалыпты. Тосқауылға қалдырып кеткен біздер тырп етпестен жатырмыз. Күн әлдеқашан ұясына батып кеткен. Адамдардың сұлбасы әрең-әрең көрінеді. Өздерін жыға танымасақ та, сөздерін анық естіп тұрмыз. Кенет «жаулар» тым жақын қалғанда, кесек жетеді-ау деген жерге келгенде, «оқты» қарша бораттық. Әрекеттің тосын болғаны сонша, ұрандап келе жатқан «жау» қапелімде сасқалақтап қалды. Біздің де «оғымыз» таусылуға айналды. Дереу қашпаса болмайды. Балалар қаша бастағанда байқадым, соңғы «оғым» қалыпты. Қарасам, ұстауға ыңғайлы, күнге әбден күйіп ағарып кеткен баяғы иттің боғы! Жалма-жан алдым да, қашқан «жаудың» артынан бар пәрменіммен періп кеп жібердім. Қашып бара жатқан «жаудың» көшбасшы-ау деймін, артына бұрыла қарай бергенінде, тура аузына тақ ете қалды да, жан-жаққа шашырап кетті. Сол кезде әлгі «көшбасшы» (дегенмен ересек бала ғой) айқайлап жіберді.
— Тфу-у, шешеңді…! Иттің боғы-ау, деймін!… — деді. (Сірә, иттің боғынан дәм татып жүргендей-ақ!) «Иттің боғы дәрі болса, дарияға тышады!» деген ұлағат осындайдан шығады-ау деймін.
Біз зыта жөнелдік. Осы сәтте біздің жақтан да ұрандаған дауыстар естілді де, «жауды» қуа жөнелді. Сөйтіп, бұл жолы да біз жеңіске жеттік.
«Бұл жолы да» дейтінім, төбелеске де ақыл керек қой! Біздер Бақыт бастаған төбелесте ылғи осылайша жеңіске жетіп отыратынбыз. Қазір Бақыт Сапар – облыстық статистика бастығы боп ұзақ жылдар қызмет атқарып, аброймен зейнеткерлікке шыққан бұрынғы «қолбасшымыз»!
Осылайша, «соғыста» шыңдалған біздер балалық шақты аяқтай бере, аса күрделі де, қиын жасөспірім, жастық шаққа аяқ бастық. «Қиын» дейтінім, осы өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында ауылымызға шет ауылдардан «дардан қашқандар» немесе балықшыларша айтқанда, «шанышқыдан жырылғандар», яғни, жер аударылып келген арызқойлар, бәлеқорлар көбейіп, баяғы рухты балаларды жігіт шағында үй бірінші соттатып, жуасытып тастады. Рухынан айырылған ауыл тұрғындарын кім-көрінген басынатын халге жеткізді.
Сонау 19-ғасырдың басында Хиуа хандығы мен кейінірек орыс империясының басқыншылығына қарсы күрескен Жанқожа батыр сарбаздарына қару-жарақ дайындаған ұсталар мекенінің тұрғындарының рухын түсіру үшін «орыс әлемінің» идеологтары мен жергілікті ұлт сатқындары бірігіп, бұл қазаққа не істемеді десеңізші?!…
«Менің балалық шағымдағы балалар неге тентек, рухты боп келеді?» дейтін сұраққа жауап іздейтінмін. Оған жауапты жаңа ғасырдың басында таптым. Ол туралы «Қос моланың құпиясы» атты мақаламда жан-жақты талдағанмын.
Онда: «Американы отарлаған еуропалықтар колониялық саясат ұстанды. Ол – колонияларларды жергілікті халықтың арасына орналастырып, біртіндеп ығыстыру немесе жұтып қою саясаты. Осы саясатты «орыс әлемі» теміржол колониясын құру арқылы іске асырмақ болды. Ресейден орыстың сотталғандарын, жезөкше қатындарын, оларға татар, башқұрт секілді езілген аз халықтарды араластырып, қазаққа қарсы айдап салуды көздеген. Нәтижесінде, 1954 жылы қазақтар мен колониялықтар арасында үлкен төбелес боп, екі татар азаматы қайтыс болады. Міне, осы оқиғаның да әсері болғаны анық. Өйткені, бұл оқиғаға балалардың өте белсенді қатысқаны белгілі боп отыр» деп жазғанмын.
Айтып, айтпай не керек, Әлихан Бөкейханұлы атамыз айтқандай, «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлағатқа сүйене отырып, мына алмағайып заманда ұлтымызды, ұрпағымызды мінезді етіп тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз!» десек, алдағы істе, Отанымыз Қазақ елінде ұрпағымызды тәрбиелеуде енді қайтіп ешқандай қателікке бой ұрмай, тек мінезді, отансүйгіш, ауызбірлікті балалар мен жастарды тәрбиелеуіміз керек!
Нұрбай ЖҮСІП,
Арал ауданы
Қамбаш ауылы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!