Белгілі журналист-публицист, медиа зерттеуші, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Кітапхана» подкаст-студиясына берген сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ӘДЕБИЕТКЕ КӨШЕДЕН КЕЛГЕН ЖОҚПЫН!
— Төлен Зәрубайұлы, бүгін біздің «Кітапхана» подкастымызға сұхбат беруге уақыт бөліп келгеніңіз үшін рақмет айтамыз. Әңгімемізді бірден көркем шығармалар жинағыңыз туралы сұрақтан бастайық. «Түлкілітаудың аспаны» қазақ оқырманына не береді? Бұл еңбекті жазуға Сізге не түрткі болды?
— Оқырман қауымның, соның ішінде балалардың қазір кітап оқуға деген ықыласы ерекше. Бұл шығарманың арқауы – ауыл өмірі. Ауылдағы балалардың өмірін арқау ете отырып барлық балаға ой салғым келді. Қазіргі кезде балаларға арналған кітаптар жоқ емес, шығып жатыр, бірақ саны аз. Көптеген кітап қайта басылып шығып жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз. Кітаптың айтар ойы – ізгілік, мейірім, отбасындағы қарым-қатынас, отбасы құндылығы. Шын мәнісіндегі қазақы болмыс, өзіміздің қазақтығымыз – осының бәрі кітапта бар. Оны әр бөлімнен, әр оқиғадан көруге болады. Әрбір көркем шығарма оқырманға рухани азық береді. Бұл, әсіресе, кішкентай балаларға ой салатын, рухани жағынан кемелдендіретін, дұрыс жолға бағыттайтын шығарма деп ойлаймын. Әр адам оқыған кезде өзі түйсінеді. Кітапханадағы таныстырылымда бір оқырман кітапты қолына алып, 50 шақты бетін оқып үлгергенін айтты. Қызығушылық болған жерде адамдар кітап оқиды. Әртүрлі ой-пікірлердің айтылып жатқаны – кітаптың оқылып жатқанының дәлелі. Бұл – кітап авторы үшін зор бақыт.
— Бұл повесіңізге ауыл баласының арман-қиялы, мұрат-мақсаты, өмірлік құндылықтары арқау болғанын айттыңыз. Бәріміздің түп-тамырымыз ауылда ғой. Жастайымыздан бұзау қуалап, сүт қайнатып, құрт жасап ауылда өстік. Сіздің кітабыңызды оқыған адам өзінің балалық шағына бір саяхат жасағандай болады. Бала күніндегі қылықтарын есіне түсіріп, керемет бір сезімге бөленеді. Дегенмен де, қазақ балалар әдебиеті десек, біздің есімізге тек Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» шығармалары ғана түседі. Мүмкін жарыққа шықса да біз әлі оқымаған, таныспаған еңбек көп шығар. Десек те, бүкіл қазақ оқырманы ең алдымен осы еңбектерді есіне түсіреді. Осыған орай мынадай сұрақ туады: неге қазақ балалар әдебиетіне арналған еңбектерді бірнеше мыңдаған, миллиондаған таралыммен жарыққа шығармаймыз? Неге қазақ балалар әдебиетін дамытуға дұрыс көңіл бөлінбейді? Осыған қатысты Сіздің ойыңызды білгім келеді?
— Жақсы сұрақ қойып отырсыз. Қазақ балалар әдебиетінің елеусіз қалғаны рас. Қазір балалар әдебиеті бар ма десек, бар дейміз. Балалар бар, кітаптар шығып жатыр. Бірақ аздаған данамен шығатын кітаптар барлық балаға жетпейді. Қазір елімізде 20 миллионнан асатын халық тұрады, соның ішінде 7 миллионға жуығы – 18 жасқа дейінгі балалар. Өзіңіз ойлаңызшы, 7 млн балаға 1 мың дана кітап деген жете ме? Мысалы, өркениетті елдерде қаражатты ең алдымен балалардың білім алуына, рухани жағынан өсуіне, балалар әдебиетіне салады. Әдебиетке әркім әртүрлі жолмен келеді. Мен де көшеде жүріп, әдебиетке бара салған жоқпын. Алғашында «осы қадамым қалай болар екен» деген ойларым да болды. Бала күнімде «өскенде балалар туралы, ауыл туралы шығарма жазамын» деп армандадым. Егер сол арманыңды өмірлік мұратыңа айналдырып, әр күн сайын қадам жасайтын болсаң, қол жеткізесің. Аллаға шүкір, міне, алғашқы прозалық шығармамды, соның ішінде ауыл туралы, ондағы адамдар туралы кітабымды шығардым. Біздегі балалар әдебиетінің елеусіз, немқұрайды қалған сала екеніне бір мысал келтірейін. Авторды қолдау дегенді біз жасанды байқау өткізу деп түсінеміз. Құзырлы министрлік балалар шығармаларына арналған байқау өткізіп, жеңімпаздарды марапаттайды, олардың шығармалары бір-екі газет-журналға шығады. Сонымен іс бітті. Ал бұл үрдіс тоқтамау керек. Қаншама автор бар, байқауға қатыса алмаған. Олардың кітаптарын кім шығарады? Дүкендерге кім апарады? Насихат жұмысы қалай жүргізіледі? Маркетинг жоқ жерде, авторды қолдау деген сөз де жай ғана қанатбелгі үшін жасалған іс. Мысалы, әр өңірден балалар тақырыбына жазатын авторларды жинап алып, соларға тапсырыс беру керек. Прозалық, поэзиялық шығармалар жазсын. Өйткені, балаларға қазір бәрі керек. Сондықтан алдағы уақытта балалар әдебиетін шынайы қолдайтын бағдарлама жасасақ. Авторларды ынталандыру деген мәселе бар. Жас жазушыларға шабыт, ынта, ықылас беретін қолайлы жағдай туғызсақ, құба-құп. Қазір балалар тақырыбына жазып жүрген ақындар да, жазушылар да бар. Сол таланттардың шығармашылық жағынан дамып-жетілуіне дұрыстап көңіл бөлсек, әңгіме басқа. Шынайы көңіл, жанашырлық болған кезде балалар әдебиеті дамиды. Мысалы, 1 мың данамен шыққан кітап бір ғана облысқа таралып кетеді. Сол 1 мың кітаптың өзін сату, тарату оңай емес. Өйткені, балаларға арналған қазақша шығармаларды тарату жүйесі жоқ. Көбінесе орыс, өзге тілдерден аударылған, мазмұны жас балаға түсініксіз кітаптар нарықты жаулап жатыр. Бір жағынан бизнес қой. Бірақ отандық өнім дегенге ең алдымен көңіл бөлінсе…
МЕНІ ОҚЫРМАННЫҢ ЫҚЫЛАСЫ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ
— Кітапты жазу бар, баспадан шығару бар, тарату бар. Бұл мәселелер өз алдына күрделі, Сіз бұл орайда қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? Қазіргі кезде «әдеби агент» деген сөз тіркесін көп естиміз. Ақын-жазушылар әдеби агенттердің көмегіне жүгінетін кездері көп. Сізде осындай әдеби агент бар ма, әлде, жоқ па? Жалпы, кітабыңызды қоғамға, оқырманға таратуды қалай насихаттайсыз? Кітабыңызды тегін таратасыз ба, әлде, нарыққа сатуға шығарып, табыс тапқанды жөн көресіз бе?
— Иә, кітапты жазу барысында қиындықтар болды. Ұзақ жылдар жазылып, бірнеше рет өңделді. Баспаға дайын болғанда «алғысөзін жазу керек пе, керек емес пе» деген сұрақ тұрды алдымда. Танымал жазушыларға қолжазбамды көрсетіп, жаздырмақ болдым. Бірақ ол ойымнан айныдым. Себебі, алғысөз жазу деген үрдіс қазір қалып бара жатқан сияқты. Жаңадан шыққан жас ақындарға үлкен жазушылар алғысөз жазып жатады. Ал менің тұңғыш прозалық шығармам 50 жасымда жарыққа шықты. Бір жағынан, оқырманға есеп бергім келді. Бұған дейінгі азды-көпті жазған еңбектерімді оқырман қауым жақсы біледі. Ал, бұл кітапты демеушінің қаражатымен шығардым. Шығармашылық қабілетімді, жазушылық талантымды қолдап жүрген ағаларым, жанашырларым бар. Алдыңғы 3 кітабым да демеушілердің көмегімен шыққан. Осы жолы сыйлас, рухтас ағам, мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев көмек қолын созды.
Дұрыс айттыңыз, жаңадан шыққан кітапты тарату, сату, насихаттау жағы қиын. Менің ешқандай әдеби агентім жоқ. Бұл қызметті өзім атқарамын: жаздым, баспадан шығардым, насихаттаушы мен таратушы да – өзім. Кітабымды тегін таратпай, сатуға шығардым. Өйткені, тегін нәрсенің құны, қадірі болмайды. Ал интеллектуалдық еңбегіңді, өзіңнің шығарған өніміңді сату – ұят емес. Ақшаға сатып алған кітапты үйіне барған соң, ашып оқиды. Қажетіне жаратады. Кітапты таныстыруға апарған жерлердің бәрінде дос-жарандарым, құрдастарым, туған-туыстарым, ұстаз-шәкірттерім, әріптес-ниеттестерім сатып алуда.
— Төлен аға, Сізді біз кәсіби журналист, медиа зерттеуші маман ретінде білеміз. Бұған дейін үш кітабыңыз шықты. Қазір де елордада шығатын 35 жылдық тарихы бар «Астана ақшамы» газетінде шеф-редактор қызметін атқарып жүрсіз. Соңғы жылдары журналистен жазушылыққа қадам жасадыңыз. Мұндай шешімге қалай келдіңіз? Осы екі бөлек саланы қатар алып жүру қиынға соқпай ма?
— Осы сұрақ маған жиі қойылып келеді. «Шалқар» радиосында сұхбат бергенімде әріптесім Гүлнұр Омарханқызы: «Жорналшыдан әдебиетке неге бардыңыз?» деген сұрақты төтесінен қойды. Сүйіп таңдаған мамандағым – журналистика. Бұл сала жазушылыққа алыс, бөтен сала емес. Біздің Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсыновала және т.б. жазушы аға-апаларымыз әдебиетке журналистикадан келген. Менің де журналистикадан жазушылыққа қадам жасауымның бір себебі, бала күнімнен жүрегімде қалған әдебиетке деген сүйіспеншілік. Осы «Түлкілітаудың аспаны» повесімнің алғашқы бөлімдерін студент шағымда жазып, газет-журналдарға шығарып жүрдім. Кейінгі жылдары шағын повесть етіп шығаруды ұйғардым. Бұл – қиын, азапты еңбек. Жазудың азабы, рақаты бар. Бірақ сол рақатты сезінуің үшін, оқырман жазған дүниеңді қызығып оқып, өзінің ой-пікірімен бөліссе құба-құп. Мені қанаттандыратын осы. Ал болдым-толдым десем, сол жерде тоқтаймын. Аллаға шүкір, патша көңілді оқырманның шынайы пейілімен қанаттанып, алдағы уақытта басқа да тұшымды шығармалар жазармын деп ойлаймын.
Екі саланы қалай алып жүресіз деген сауал қойылды. Мен журналистиканы жақсы көремін, әдебиетті сүйемін! Күндіз жұмысымды істеп, мақаламды жазамын. Ал кешке я болмаса түнде әдеби кітап оқимын. Жадыра Шамұратова, Есболат Айдабосын, Олжас Қасым, Зәуре Төрехан сияқты жас жазушылармен ой-пікір бөлісіп, әдебиет туралы әңгімелесемін. Айтпақшы, «Түлкілітаудың аспанын» алғаш оқыған оқырманым, әріптесім – жазушы Жадыра Шамұратова «Төлен аға, ауыл баласы туралы жаздыңыз, енді қала баласы туралы шығарма жазыңыз» дейді. Ал қала баласы туралы жазу үшін, әуелі оның болмыс-бітімін, мінез-құлығын зерттеу керек. Мысалы, бүгінгі таныстырылымда қаланың балалары повестің мазмұны, кейіпкерлері жөнінде сөйледі. Өздері қалай қабылдады, сонысын боямасыз жеткізді. Демек, қазақша кітапқа деген қызығушылық бар. Кітапқа деген сүйіспеншілікті ояту – біздің қолымызда. Қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдік ағамызбен бір сұхбаттасқанымда: «Біз оқылатын кітап жазсақ, оның оқырманы көп болады» деген пікірін айтты. Алдағы уақытта жазамын деген тақырыптарым, ойларым бар. Аман жүрсек, жаңа дүниелер жазылар. Ал журналистика – менің өмірім, тағдырым, бақытым, бағдарым, таңдауым! Осы салада еңбек етіп жүргеніме 26 жыл болды. Әрі қарай да басқа салаға кетемін деген ойым жоқ. Ғылым саласына да түрен салып, зерттеулер жүргізіп, кітап шығардым. Сол бағытта да індете ізденіп, одан әрі білім алып, шәкірт тәрбиелеуге ден қоямын деген жоспарларым да бар. Алла жазса, алдағы уақыт көрсетер.
КӨРКЕМ ШЫҒАРМАҒА ЖАСТАРДЫ ҚАЛАЙ ҚЫЗЫҚТЫРАМЫЗ?
— Кітапты тарату дегенге қайтып оралсақ. Бұл кітабыңыз 1 мың данамен басылып шыққанын айттыңыз. Ал оны Қарағандыдан басқа Жамбыл, Шымкент, Алматы, Қызылорда, Жетісу және т.б. өңірлердің оқырмандары оқи ала ма? Алдағы уақытта таралымын көбейтіп, қайта бастырып шығару ойыңызда бар ма?
— Иә, бар. Бірақ бәрі мүмкіндікке қарай іске асырылады. Осы кітапты оқып, жылы лебізін әлеуметтік желілерге жазып жатқан адамдардың көпшілігі – өзге облыстардың тұрғындары. Алматыдан Фатима әпке, Ақтөбеден Шара апай, Жезқазғаннан Ғабит аға кітапты іздеп, өздері хабарласты. Ал, негізінен Астана мен Қарағанды қаласының мектеп, кітапхана, жоғары оқу орындарына таралды. Өйткені, өзім арнайы таныстыру өткізіп, насихаттап жүргізіп, оқырмандармен жиі-жиі жүздесуге барамын. Алдағы уақытта басқа облыс, қалаларға, тым болмаса 5-6 өңірге тарату ойымда бар.
— Қазір цифрлық заман, соңыңыздан еріп келе жатқан буын көбінесе электрондық форматпен кітап оқуды қалайды. Гаджеттердің көмегіне жүгініп, өзіне қажетті ақпаратты бір ғана батырманы басып, тауып алады. Кітап оқу кейінгі орынға сырғыды. Жастарды кітапқа, көркем әдебиетті оқуға қызықтыру үшін не істеуіміз керек?
— Кітаптардың электрондық нұсқасын жасауға мүмкіндік мол. Қазір электронды оқулықтар, аудио кітаптар көптеп шығуда. Бір жаңалығыммен бөлісейін, алдағы уақытта осы повесімнің аудио нұсқасын жасауға өтініш айтқан адамдар бар. Интернеттен де қолжетімді болуы жағын ойластырамын. Осы кітапқа пікір жазған оқырмандардың ішінен 5 адам «мына повесің – кино түсіруге дайын сценарий. Кино етіп шығаруға қалай қарайсың?» деген ойын айтты. Егер кино түсірейік, сценарий жазайық деген ұсыныс болса, оған ешқандай қарсылығым жоқ. Бір қуанарлығы, қазір қазақша балаларға арналған кинолар көп шығуда.
— Енді подкастымыздың дәстүрлі сұрағына көшейік. Өміріңізді өзгерткен кітап деп қандай автордың шығармасын айтасыз, оны неге ерекше бағалайсыз?
— Өзім шығармаларын сүйіп оқитын екі жазушым бар, бірі – Сайын Мұратбеков, екіншісі – Оралхан Бөкей. Орекеңнің «Біздің жақта қыс ұзақ» деген кішкентай кітабы қолыма түскенде оқушы едім. Сол кітапты оқыған кезде өмірім өзгеріп кеткенін сезіндім. Жазушының табиғатты, адамдардың мінез-құлығын шеберлікпен суреттегеніне таң қалдым. Кейіпкерлерінің табиғатпен арадағы қарым-қатынасы, оқиғалардың шиеленісуі жан-жүрегіме бұрын-соңды болмаған әсер сыйлады. Әдебиеттің адам жанына нұр құятын ғаламатын сезіндім. Сол сәтте «өскенде О.Бөкей, С.Мұратбеков сияқты жазушы боламын» деп өзіме серт қойдым. Бір ғана Сайын Мұратбеков қазақ оқырманына қаншама керемет әңгімелерін қалдырды. Олардың бәрі – тұнып тұрған теңіз, ой теңізі, тағылым теңізі. Бұл шығармаларды кім оқыса да жалықпайды. Өйткені, жазушы оған жанын, жүрегін салып, асқан сүйіспеншілкпен жазған. Шеберліктің шыңына шыққаны соншалық, арада қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де, шығармалары оқыла береді. Менің де арманым – сондай шығармалар жазу.
— Төлен аға, салиқалы да салмақты сұхбатыңыз үшін алғыс айтамын! Шығармашылық табыстарыңыз көп болсын!
Сұхбаттасқан Ақтолқын МАЙДАНБЕКОВА.
Суреттер Төлен Тілеубайдың жеке архивінен алынды.






Өте құнды сұрақ — жауап болған екен. Еңбегің еленіп,абройың арта берсін Төленжан!