Қазақ ақын-жазушыларының ішіндегі көрнекті өкілінің бірі – Мұхтар Әуезов. Оның көптеген шығармасы заман биігімен үндесіп, оқырман жүрегінен орын алып келеді.
Әуезов шығармашылық өмірінің алғашқы кезеңінен бастап көркем шығармалар жазумен қатар әдеби сын, зерттеу еңбектер жазуды қолға алды. Оның ең алғаш баспа бетінде жарияланған туындылары әдеби-публицистикалық сын мақалалар болды. Жазушы 1928 жылы «Өз жайымнан мағлұмат» атты өмірбаянында «Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде емес, жалпы газет-журнал мақалаларынан басталды» деп жазған болатын. Қаламгердің ерекше қыры ол әдебиеттану ғылымында алғашқылардың бірі болып, әдебиет тарихына байланысты зерттеу мақалалар мен оқулық еңбектер жазып, тыңнан жол салды. Сол арқылы артына мол мұра қалдырған еді.
Мұхтар Омарханұлының 1927 жылы Қызылорда ел астанасы болған жылдары жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты шығармасы әдебиеттану ғылымына қосылған тың туынды болды. Өкініштісі сол, жазушының бұл шығармасы сол кезеңдері айналымнан алынып тасталды. Тіпті идеялық жағынан зиянды кітаптардың қатарына қосылды. Бұл кітап еліміз тәуелсіздік алғасын барып ақталып, 1991 жылы қайтадан толық күйінде басылып шықты. Сөйтіп рухани байлығымыздың алтын қорын толықтыра түсті.
«ЕҢЛІК-КЕБЕК» ПЬЕСАСЫ – ТҰҢҒЫШ ТУЫНДЫСЫ
1925-1929 жылдары Мұхтар Әуезов Қызылордада болғанда тұңғыш туындысы «Еңлік-Кебекті» жазып бітірді. Бұл пьеса сонда алғаш рет театр сахнасында қойылды. Театр да осы жылдары алғаш рет Қызылордада құрылғанын айта кету керек. Бүгінде бұл қойылым көптеген театрда сахналанып келеді.
1929 жылы Мұхтар Әуезов латын әліпбиін енгізу жұмысына белсене қатысып, латын жазуының ұтымды жақтары жөнінде салмақты ойлар білдіргенін айтпай кетуге болмайды. «Қазақ жаңа емлесі туралы» қаулы қабылданарда үкіметтік қаулыға Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде өзі қол қойды. 1929 жылдың 25 шілдесінде қабылданған осы құжатта: «…Октябрь төңкерісінен соң ұлы мәдениет-шаруашылық жұмысын өз қолымен істей бастаған қалың қазақ еңбекшілерінің мүддесі, жұрнақшыл-үндесшіл қазақ тілінің дыбыс заңдары, жаңа әліппенің айрықша қасиеттері – бәрі қосылып емлені өзгертуді амалсыз керек қылады» делінген. Бұл Қызылорданың астана болып тұрған кезеңіндегі жүйелі жұмыстар еді.
Мұхтар Әуезовтің аты көпшілікке танылған тұсы «Абай» журналы еді. Бас редакторы Жүсіпбек Аймауытов болды. Ал Әуезов көбінесе журналист, публицист философ ретінде танылып, көптеген мақаласы жарық көріп отырды. Оның Сыр өңірімен тығыз байланысты болатын бір тұсын ел астанасы Ақмешіт болып тұрған кезеңде Қызылордада жарық көріп тұрған «Еңбекші қазақ» басылымында жұмыс істегенін айтуға болады. Сол кездері мерзімді баспасөз бетінде туындылары шығып тұрды.
– Қаламгердің қазақ тұрмысын осыншалық дәл көрсеткен әрі Абайдай ұлт мақтанышын идеалдық тұлғаға айналдырып, дүниежүзіне танытқан «Абай жолы» романын айтпай кетуге болмайды. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын жазарда көп еңбек сіңірді. Талай мұрағат ақтарып, қаншама адаммен әңгіме құрылды. Роман жарық көргеннен кейін де қайта-қайта қудаланып, естімеген сөзі қалмады. Бірақ Әуезов мойымады. Оны мойытпаған Абай әлеміне деген махаббаты еді. Бұған, бір жағынан, Абай топырағында туылғаны да оң әсерін тигізді. Оның көзін ашқаннан естігені – Абай әні, тыңдағаны Абай сөзі болды. Мұның бәрі Мұхтардың «Абай жолын» жазуға ықпал етті. Абай дүниеден өткенде Мұхтар 7 жаста болған екен. Алайда сол жеті жасқа дейін ұлы ақынды бірнеше рет көрсе керек. Өйткені жазылған естеліктер соған меңзейді, — дейді жазушы Әбіш Кекілбаев.
ӨЗ ЕСТЕЛІГІ…
Ал ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов: «Көргенім бар… Төрттемін ғой деймін. Бөріліде отыратынбыз. Анам мені алып Жидебайға барды. Сыйласатын шаңырақтардың бір-біріне сыбаға апаратыны бар еді. Біз де сөйттік. Бөтен ауылды жатырқадым білем, үйге қайтқым келді. Анама қайта-қайта қыңқылдай бердім. Сонда құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі нұрлы, тақиялы кісі маған бұрылып: «Ауылыңа барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме» деді. Сөйтсем, әлгі кісі Абай екен. Бұл дауыстар әлі күнге жадымда жаңғырып тұр» дейді өз естелігінде.
Мұхтар Омарханұлы 20 жасынан ақын мұрасын зерттеуге ден қойып, 1924-1925 жылдар аралығында Абай мұрасы төңірегінде Семей оқу орындарында дәріс оқып, «Таң» журналына ақынның өмірбаяны мен шығармаларын жариялады. Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазуға 30 жыл уақытын арнады.
1941 жылы Бейсембай Кенжебаев Алматыға Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы болып келеді. Роман соның қолына тиеді. Бірақ Орталық комитет Кенжебаевқа: «Абай жолы» – ескілікті көксейтін роман, авторы да сенімсіз. Мұндай романды жарияламау керек. Бірақ Әуезовке басқадай сылтау айтып, кітабын қайтарып жібер» деп тапсырма береді. Б.Кенжебаев роман латын әліпбиімен жазылғанын сылтауратып, «Кириллицамен жаздырып әкеліңіз» деп, «Абай жолын» Әуезовке қайтарып береді. Жазушы дереу қолға алып, романды жаңа әліпбимен жазып әкеледі. Дәл осы уақытта соғыс басталып, әскер, майдан туралы туындылар бірінші кезекке қойылып, «Абай жолы» тағы кейінге шегеріледі.
Ақыры не керек, 1942 жылы баспа директоры Бейсембай Кенжебаев тәуекелге бел буып, басын қатерге тігіп, ешкімге айтпай «Абай жолы» романын баспаханаға теруге жібереді. Кітаптың сүйінші данасы шыққан күні «Социалистік Қазақстан» газетіне рецензия жазады. Романның шыққанын жұрт сол күні бір-ақ біледі. Тіпті «Абайының» халыққа жетуін көптен күтіп жүрген Әуезовтің өзі сол күні естиді. Романға редактор болған Қуандық Шаңғытбаевтың жазуынша, жазушыға сүйінші хабарды Бейсембай Кенжебаев көзіне жас алып тұрып жеткізген.
Әуезов 1949 жылы «Абай жолы» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алады. Бұл Әуезовті қазақ елінің ғана емес, бүкіл Кеңес үкіметінің бағалауы еді. Кітап алдымен орысшаға, кейін әлемнің көптеген тіліне аударыла бастады. «Абай жолы» – күні бүгінге дейін қазақ тарихындағы теңдессіз көркем туынды.
«Абай жолы» арқылы Мұхтар қара сөздің қайнар бұлағына айналды. Жазу стилі өзгеше қалыптасты. Қазақ мәдениетінің ірі қайраткері Ілияс Омаровтың «Мұхаңды ең алғаш сөзінен танығанмын, ал сөзді ең алғаш Мұхаңнан танығам» деуі ұлы суреткердің ана тілін өте жетік меңгергенін және ана тілі мен оның тілдік қорын байытуға орасан зор үлес қосқанын айғақтаса керек. Қаламгер жазу өнерінде өзіне үлкен эстетикалық талғам мен қатаң да жоғары талап қойғанын оның қаламынан туған сырлы сөздерді сөйлетуінен, сөз құдіретін танытуынан білуге болады. Мұны автор ғылыми-зерттеу, публицистикалық мақалалары мен көркем шығармаларындағы кейіпкерлер сөзінде, сондай-ақ авторлық баяндауларда да жарқырата көрсетеді. Оған қоса, бұдан кемеңгер қаламгердің жазу стиліндегі биік этикалық-эстетикалық парасат-пайымдары мен терең философиялық ой-толғауларының өзара тығыз байланысын аңғарамыз. Айталық, жазушы 1948 жылы жазған «Біздің елдің салт-сауығы» атты мақаласында: «…Гүлденіп тарих, көркейіп өмір, дәурен жаңғырған заманда саналуан салт та жаңғырады. Өнер, білім тауып өскен елдің салтына да өнер, білім үлгісі, өрнегі кіреді. Бұл жөнінде бұрынғы ауыл салтын санап, бүгінгі ауылымыздың жаңалықтарын жалғастырып айтсақ, көп сөз болар еді. Жалпы салт дегеннің өзін де сансыз көп салаларға бөліп, таратып айтса, сөз ұзақ болады… Салтты біз екі жақтан сөз етпекпіз. Оның бірі – тұрмыс салты, екіншісі – сауық салты. Осы екі жай біздің бүгінгі өнерлі қаламыз бен өскелең колхоздарымызда қалай қалыптанып келеді, соны айтайық», деп кеңестік кезеңдегі «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деп дәріптелген салттарымыздың әрқайсысына жеке-жеке тоқталады.
Жазушы «…Шынында да туғанынан бастап өліміне шейін өтетін күйін алсақ, қазақтың өмірінде әннің ілесіп жүрмеген ешбір үлкен кезеңі жоқ деуге болады. Оның өмірінде не ғұрыптан туған ән, не үй іші тұрмыс-салтынан туған ән, не болмаса өз өнері арқылы өз жанынан шыққан әндер ылғи егіз болып ілесіп отырады. Ән ғасырлар түкпірінен қайғылы хал баянын бізге жеткізеді», деп ойын түйіндейді.
Міне, автордың кез келген шығармасы, шағын әңгіме-хикаяттары болсын, көлемді эпикалық, драмалық шығармалары әлде публицистикалық және ғылыми-зерттеу еңбектері болсын – бәрінде де қазақтың ұлттық рухани құндылықтары өте ұқыптылықпен, асқан ізденімпаздықпен, үлкен шеберлікпен пайдаланылады.
Қазақ әдебиетінде Тұрар бейнесін жасау жолында алғаш қалам тартқан да – осы Мұхтар Әуезов. Тұрар Рысқұловтың көзі тірісінде-ақ жазылған «Қараш-қараш оқиғасы» повесі жұртшылықтан жоғары баға алған болатын. Оны оқыған Тұрар Рысқұловтың ағыл-тегіл егіліп жылағанын жазушы Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» еңбегінде жан-жақты шебер суреттейді. Бұл туралы «Аbai kz» сайтында жарияланған жазбада жан-жақты жазылған.
Жазушының тағы бір үлкен туындысы «Көксерек» әңгімесі аңыз сияқты басталады да реалистік баяндау түрінде аяқталады. Ол өзінің «Көксерек» әңгімесінде түрік аңыздарының ежелгі тақырыбын қозғайды. «Көксерек» повесі 1929 жылы жазылып, 1974 жылы бейнефилмі жарыққа шығады.
«Көксерек» повесі – өзінің өзектілігі жағынан, тақырыптық ерекшелігі жағынан бітімі бөлек шығарма. Әңгіме сол дәуірде үлкен бағыт алған адам-табиғат тақырыбына құрылады. Дж. Лондонның «Ақ азу» романындағы көптеген детальдың «Көксеректе» де кездесуі кездейсоқтық емес. Қасқырдың «өзінше ойлауы, өзіндік менінің» болуы да дәл сол «Ақ азудан» алынған бөліктер еді. Шығармада тек табиғат-адам қатынасын ғана емес, сонымен бірге әке мен баланың арасындағы текетірес те, қас пен дұшпан арасындағы араздық та көрсетілген. Сондай-ақ шығармада Шыңғыстаудың табиғаты жақсы суреттелген. Жазушының «Көксерек» шығармасы іргелі, классикалық туынды ретінде тарих беттерінде сақталып қалды.
Ол Орынборда әртүрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсат нысанасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазды.
СЫР ӨҢІРІМЕН ӨНЕГЕЛІ ТҰСЫ
Саяси қызметтен бас тартып, бірыңғай зерттеуге ойысқан кезде, ол әдебиетшіге де сол саясаттың шырмауынан шығу қиын екенін ұға білді. Ондаған жыл бойы оған ұлтшылдық, байшылдық идеяларды жақтаушы деген кінә тағылып келді. Қудалау көріп, 1930-1932 жылдары қамауда болды, тұтқыннан құтылу мақсатымен ашық хат жазды. Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр.
Ол 20-жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Отызыншы жылдары бір топ әңгіме «Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші», сондай-ақ «Айман–Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын» пьесаларын жазады.
Әуезов қандай шығарма жазса да, өте жоғары деңгейде бағаланды. Бұл жазушы биігінің үстемдігін аңғартады. Ал оның Сыр өңірімен байланысы да оның ғибратты ғұмырнамасының өнегелі тұстары еді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!