Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мейірімі мол мейірбике

19.06.2025, 7:40 319

Мейірбике – науқастың саулығына дәрігерден кейін үлкен жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашыры. Иә, сан мамандықтың  ішінде  ең  мейірімді  әрі мәртебелісі – мейірбике қызметі. Себебі мейірбикенің атқарар қызметі адам өміріне байланысты, әр минуты мен секунды халыққа пайда тигізумен өтетіндіктен аялы алақан иесінің басты қасиеті – оның мейірімге толы жүрегінде. Осы тұрғыда, адам өміріне араша түсіп, күні-түні науқасты күтіп, жанына дауа іздеген әрбір жанға сүйіспеншілікпен қарайтын ардақты мейірбикелерді  ұлықтауға  арналған  айтулы  күн  де  келіп  жетті.

Иә, маусым айының үшінші жексенбісі – медицина   қызметкерлері күні. Бұл мереке ақ халатты абзал жандардың, мейірімді мейіргерлердің де ерен еңбегін бағалап, қасиетін мадақтау үшін арналған. Осындай үлкен жауапкершілікпен өз ісіне адалдық танытып жүрген медбикелердің қатарында жоғары санатты, білікті маман, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы аудит-мейірбике Салтанат Әскербекқызының  қызметін  ерекше  айтып өткеніміз  жөн.

Саналы ғұмырының 20 жылдан астам уақытын осы салаға арнаған Салтанат Әскербек «медицина саласына келгендегі басты арманым ақ халат киіп, адамдарға көмек көрсету еді» дейді. Иә, ол осы арманының арқауымен 2002-2005 жылдары «Өркениет» медициналық колледжіне оқуға түсіп, «Мейірбике ісі» мамандығын үздік дипломға бітірген. 2004 жылдан бастап күні бүгінге дейін мейір­бике қызметінің мақтанышына айналып үлгерген. Ол әр күн сайын қиындығы мен қызығы қатар жүретін абыройлы міндетті атқаруға асыға, білек сыбана кірісіп, қарбаласқа толы күні аяқталғанда науқастардан алғыс алып, еңбегінің еш  кетпейтініне  қуанады.

— Ақ халаттың өзі ерекше жауапкершілік пен ізгіліктің символы секілді. Алғашқы жұмыс күнім әлі есімде. Жүрегім дүрсілдеп, алаңдаушылық пен қуаныш сезімі араласқан сәт болатын. Бірінші науқасым – құрысу белгілерімен ауруханаға жеткізілген кішкентай бала. Тәжірибем аз болғандықтан ба, әлде күнделікті көрініске үйренбегендіктен бе, білмеймін, бойымды үрей биледі. Теория жүзінде барлық қажет­ті білімім болғанымен, тәжірибе сәтінде өзіңді жоғалтып алуың мүмкін екен. Бірақ медицинада сасқалақтауға жол жоқ. Себебі әр сәт қымбат. Бала толықтай жазылып, анасының көзі қуанышқа толғанын, еңбектің ақталғанын көргенде бойымдағы бар қорқынышты жеңген болатынмын. Бұл – дәрігердің ең үлкен марапаты, ең асыл мақсаты. Адам өміріне араша түсіп, үміт отын жаға білу – медицинадағы ең қымбат бақыт. Жұмыстағы әрбір кішкентай жеңіс, нау­қастың амандығы – мейірім мен махаббаттан жаралған мамандықтың  ең басты жеңісі, — дейді Салтанат  Әскербек.

Иә, бала күнінен жаны жабырқағанға қол ұшын беріп, қамқор болуды санасына тоқып өскен Салтанат мамандық таңдағанда қателеспегеніне дән риза. Себебі, ол адам жанын емдеп жазатын әулеттен шығып, аға-әпкелерім секілді болсам деп мамандық таңдауда жаңылыспайтынын сезген. Өзінен кейінгі буынға да, балаларына да меди­цина мамандығына түсуге бағыт-бағдар беріп келеді. Дегенмен, оларға дәрігер болу – жай ғана кәсіп емес, жан мен жүректің ісі, ол төзімділік пен жанашырлықты, үлкен жауап­кершілік пен мықты рухты талап ететінін жиі ескертіп отырамын дейді. Әрине, мейіргер жұмысы – төзімділік танытып, барынша мейірім мен жылы лебіз білдіріп, дерттен айығуға басты себепкер болуға тырысу. Десе де, әр сәт сайын ауыр дертпен күрес кезінде жанын шүберекке түйіп отыратын ата-аналардың, туысқандардың өтінішін, үмітін ақтай алмай қалатын тұстар да кездеседі. Бұндай жағдайда мейірбикелердің ішкі сезімі, жан дүниесі қандай болатыны айтпасақ та түсінуге болады. Сондықтан, мейірбике мамандығының қызығынан бұрын  қиындығын ойлап, оны жеңе білу керек секілді. Жалпы, бұл салада жұмыс істеп кетудің өзі үлкен батырлықты талап етеді емес пе?

— Жұмысымның қызығы мен шыжығы өте көп. Жұқпалы аурулар ауруханасына көбіне балалар жиі ауырып түседі. Аналардың баласы ауырғанда қорқынышын басу, кіп-кішкентай балақайлардың сауығып кетуіне ықпал жасап, көмек көрсету – біз үшін қуаныш. 2021-2023 жылдар аралығында ковидпен жұмыс істеген уақытымыз осы саладағы ең қиын кезіміз десем артық болмас. Қарусыз майданда ажалмен күресіп, отбасымыздан жырақта жұмыс істедік. Келген ем алушылар мен өз қызметкерлеріміздің амандығы мен қауіпсіздігі үшін жұмыстар жүргіздік. Жағдай қаншалықты қиын болса да, жүзімізде күлкі, сөзімізде сенім болуға тиіс. Бұл – біздің қызметіміздің  жазыл­маған  заңы, — дейді  ол.

Иә, бұл адал еңбектің нәтижесін Салтанат Әскербекқызының алған үлкен марапаттарынан байқауға болады. Ол бірнеше мәрте облыс әкімінің, денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатымен марапатталып, республикалық «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының «Еңбек даңқы» медалінің иегері атанған. Бұл оның медицина саласында таңбай, талмай атқарған еңбегінің, маңдай терімен қосқан үлесінің жемісі  екені  белгілі.

Қорыта келе, медицина – үміт пен күреске толы жол. Бұл жолда бәрі сәтті бола бермейді. Ал, бұндай сәт дәрігер үшін ауыр сынақ. Ақ халатты абзал жандардың әр күні үлкен кедергілерге тосқауыл болумен, науқастарға қолдау білдірумен өтіп жатады. Сондықтан, медицина саласындағы әрбір абзал жанға көрсетілер құрметіміз шексіз,  лайықты  болуы  керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: