Бүгінгі қоғамда адамдардың жұмысшы мамандығына деген көзқарасы өзгеріп келеді. Оған себеп — бұл мамандыққа деген сұраныстың көптігі. 21-ғасыр технологияның дамыған заманында сөздің емес, іске айқын басымдылық берілуде. Жұмысшы мамандығы қоғамға орасан зор өзіндік пайдасын тигізеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жұмысшы мамандықтарының сұранысқа ие екендігін айтып, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауында үлкен мән бар. Жұмыстың қиындығы мен ауырлығына қарамастан қара жұмыс істеп жүрген жандар аз емес. Десек те, напақасын адал жолмен тауып, ел экономикасының дамуына үлес қосуда. Осы орайда бұл мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, білім алуға жағдай жасау керек. Құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қала тазалығы секілді кез келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көңіл бөлініп, мәртебесі артпақ. Жұмысшылар өндіріс процесінде шешуші рөл атқарады. Олар өнімдерді жасап шығару, қызмет көрсету, құрылыс жүргізу салаларында еңбек етеді, бұл экономиканың тұрақтылығы мен дамуына ықпал жасайды.
Жұмысшы мамандықтары әртүрлі дағдылар мен білімді талап етеді. Құрылысшы, электрик, механик, дәнекерлеуші сияқты мамандықтар үшін арнайы білім мен тәжірибе қажет. Жұмысшылар қоғамның әлеуметтік құрылымында маңызды рөл атқарып келеді. Олар өздерінің еңбегімен қоғамға пайда келтіреді, отбасыларын асырап, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосуда. Мемлекеттен қолдау көрсетіліп, жоғары оқу орындарында, колледждерде техникалық мамандықтарға гранттар бөлініп, тегін білім алуға ықпал ету маңызды. Себебі, ел ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Электрші, дәнекерлеуші, механик, жүргізуші, аспаз, наубайшы – бәрі де қоғамға ауадай қажет. Оған мысал, электрші болмаса жарықсыз отырамыз. Әр маман иесі өзінің мамандығын біліктілікпен, шынайы ықыласымен жасауы тиіс. Колледж бітіріп, кәсіптік дипломмен жұмысшы мамандығын алып, зауытта еңбек ететіндердің асығы алшысынан түсіп тұр қазір…
Қоғам пікірі қай кезде де екіге бөлінетіні белгілі. Кейбір адамдардың жұмысшы мамандығына менсінбей қарайтынын байқап жатамыз, бірақ бұл — қате пікір. Адал еңбекпен, маңдай термен тапқан нан қадірлі, тәтті болады. Жастар арасында бұл мамандықтарды насихаттап, беделін арттыру керек. Өмірде екі таңдаудан қателеспеу керек, соның бірі мамандық таңдау. Он қолынан өнер тамған тігінші қала тұрғыны Айгүл Бердібекқызы «мамандығымды адаспай тапқаныма қуанамын» дейді. Жұмысының қызығы мен қиындығы туралы пікір алмастық.
– Мен тігіншілікпен 25 жылдан бері айналысамын. Бұл өнер — мен үшін жай ғана жұмыс емес, жүрек қалауым. Менің анам да тігінші болған, кішкентай кезімнен оның қасынан шықпайтын едім. Ол маған әртүрлі тігін техникаларын үйретті, мені осы кәсіпке қызықтырып, шабыттандырды. Ең үлкен қиындық – клиенттердің талаптарын орындау. Кейде олар нақты не қалайтынын білмейді, сондықтан мен оларға идеялар ұсынып, бірге жұмыс істеймін. Менің сүйікті жобам – той көйлектерін тігу. Олардың әрқайсысы ерекше және әр клиенттің арманындағы киімді тігуге тырысамын. Тігіншілік – бұл өнер. Оны жүрекпен жасау керек. Армандарыңыз бен идеяларыңызды жүзеге асырудан қорықпаңыз! — дейді ол.
Осылайша, жұмысшы мамандығы – тек кәсіп емес, бұл қоғамның дамуы мен өркендеуінің басты факторы. Әрбір жұмысшы өз ісіне деген махаббат пен жауапкершілікпен қарағанда ғана, біз табысқа жете аламыз.
Назерке БАҚЫТБЕК,
Қорқыт ата атындағы
ҚУ-дың 1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!