Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңіріне депортацияланған поляктар

26.05.2025, 11:45 323

1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Бұл күн — өткен ғасырдың зұлмат жылдарында жапа шеккен миллиондаған жазықсыз жандардың рухына тағзым етудің және тоталитарлық жүйенің құрбандарын еске алудың тарихи сәті. 1920-1950 жылдардағы жүргізілген репрессиялық науқандар, әсіресе ұлт зиялыларын, қарапайым шаруалар мен жұмысшыларды, түрлі этносты басып-жаншып, мыңдаған отбасын атамекенінен айырып, күштеп жер аударуда аяусыз болды. Солардың ішінде Сыр өңіріне күштеп қоныстандырылған поляктардың тағдыры арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл мақалада осы тарихи әділетсіздіктің себептері мен салдары, сондай-ақ Қазақстандағы, оның ішінде Сыр өңіріндегі поляк диаспорасының депортациялануы мен кейінгі тағдыры баяндалады.

Поляктар өз халқының 20%-дан астамы өз елінен тыс жерде тұратын халықтар тобына жатады (бұл тізімде олардан алда тек ирландтар, еврейлер, армяндар, албандар және португалдар бар). Польшадан тыс жерде тұратын поляктардың саны бейресми деректер бойынша шамамен 20 миллион адамды құрайды (ресми қабылдаушы елдердің статистикасы бойынша бұл көрсеткіш 12 миллион адамға дейін азаяды) [Diaspora polska w procesach globalizacji. Stan i perspektywy badań. Kraków, 2006. S. 7]

Қазақстанға қоныс аударған поляктарға тоқталатын болсақ, қазақ жеріне алғаш қоныс аударған ұлттардың қатарына поляктар жатады.

Бұрынғы КСРО-ның басшылары неліктен поляк ұлтын құғын-сүргінге ұшыратты деген сұрақ туындауы мүмкін. «Бұл неліктен осылай болды?» деген сауалға жауап беру үшін өткен тарих беттеріне үңілгенде, мынадай мәліметтер аламыз. ХVІІ ғасырда Польщаны Еуропаның империялары өзара бөліскенде оның шығыс жағы Ресейге қосылған еді де, тұрғындары патшаның қол астына кірді. 1918 жылы Польша тәуелсіздігін жариялаған
соң, Рига бейбіт келісімі (1921ж) бойынша поляк-кеңес соғысын аяқтай отырып, бұрынғы Речиносполия жерлерін бөлді. Львов, Станислав, Тернополь және Луцка маңдары Польшада қалды, бұрынғы Волын, Подольск,
Киев губерниялары (тұрғындары 800 мың поляк) Кеңес Одағының бөлігі болып табылды. Украинадағы поляк социалистік Қоғамдастығының автономия (1925-1935ж.ж.) құруға талпынғаны сәтсіздікпен аяқталып, соңы
КСРО-дағы бірінші «жазаланған халық» болуына әкелді де, Сталин еріксіз Қазақстанның адам жоқ даласына көшіртті. [Гавенцки М. В, Степи далекой. Казахстан-Польша. Алматы-Познань, 1997. 47 б]

1936 жылдың 28 сәуірінде құпия қаулымен №776-120 «Қазақ КСР-на Украинадан саяси сенімсіз поляктарды көшіру туралы» құпия қаулысына қол қойды.  Бұл сол кезеңде кеңестік биліктің этникалық топтарды қудалау саясатының бір көрінісі болды деп айтуа болады. Поляктар Кеңес үкіметіне сенімсіз элемент ретінде қарастырылып, олардың шекаралық аймақтарда тұруы қауіпті деп есептелді, әсіресе Батыс Украинада. Саяси дағдарыстың нәтижесінде мыңдаған поляк отбасылары Қазақстанға жер аударылды, сондай-ақ келген поляктар ауыр жағдайларда өмір сүруге мәжбүр болды. Бұл шара Кеңес Одағындағы жаппай депортациялау саясаттарының алғашқы толқындарының бірі еді.
         «Сенімсіз элемент» ретінде шекара аймағынан 35820 поляк кетті, оның
ішінде Қазақ КСР-на 35739 адам, қалған кіші топтар Ресей облыстарына көшірілді [Аманжолов К. Қазақстан тарихы, 2-бөлім – Алматы, 2004. 314 б].

Кеңестік билік 1930-жылдары поляк ұлтына күдікпен қарап, оларды шетелдік барлау ұйымдарымен байланысы бар деген айыптармен қуғынға ұшыратты. Бұл үрдіс әсіресе 1937–1938 жылдары жаппай сипат алып, поляктарға бағытталған арнайы «Польская операция» аясында мыңдаған адам тұтқындалып, ату жазасына кесілді немесе айдалды. Поляктардың КСРО-ға ерікті немесе мәжбүрлі қоныс аударуы, олардың партия мүшесі не ғалым болуы да қуғын-сүргіннен құтқара алмады.

Мысал ретінде, 1937 жылғы 14 қаңтарда тергелген поляк ұлтының өкілі, Кеңестік азамат, Белоруссия Ғылым академиясының академигі Домбаля Томаш Францевичке «Польша барлау ұйымымен байланыс орнатып, тыңшылық және террористік әрекет ұйымдастырды» деген ауыр айып тағылған. Ол өзіне жасалған қысым әсерінен шетелдік консулмен байланыс орнатып, ақпарат жеткіздім деп мойындаған. (АП РФ. Ф. 3 Оп. 58. Д. 250. л. 17-20, 43-47). Мұндай істердің көпшілігі шын мәнінде қолдан ұйымдастырылған, дәлелсіз «мойындатуларға» сүйенген. Алайда бұл саяси науқан КСРО-дағы барлық поляктың сенімсіз, қауіпті элемент ретінде қаралуына әкеп соқты. Нәтижесінде, олардың бір бөлігі Қазақстанға, соның ішінде Сыр өңіріне де жер аударылды.

Кеңестік тоталитарлық жүйе ұлттық және әлеуметтік белгілері бойынша халықтарды жаппай қудалап, арнайы қоныстандыру арқылы жазалауды жүйелі түрде жүзеге асырды. 1930–1930 жылдардың ортасында «кулак» және кеңеске қарсы деп танылған элементтер шекаралық аймақтардан күштеп көшіріліп, арнайы еңбек поселкелеріне орналастырылды. Мысалы, төмендегі 1935 жылғы құжаттарда Ленинград облысы мен Карелиядан 23 000-нан астам адамның еңбек поселкелеріне күштеп қоныс аударылғаны көрсетіледі.

№1
КСРО Ішкі істер халық комиссары Г.Г.Ягоданың атына ГУЛАГ бастығының орынбасары Я.Д.Рапопорттың
Ленинград облысы мен Карелияның шекаралық аймағынан қуылған кулак және кеңеске қарсы элементтерді
еңбек поселкелеріне қабылдаудың аяқталғаны туралы баяндамасы

11 маусым 1935 жыл
Қатаң құпия

Хабарлаймын: Ленинград облысы мен Карелияның шекаралық аймағынан қуылған кулак және кеңеске қарсы элементтерді еңбек поселкелеріне қабылдау аяқталды. Барлығы 5059 отбасы – 23 217 адам қабылданды, оның ішінде еңбек поселкелеріне:

Батыс-Сібір аймағы296 отбасы1556 адам
Свердловской обл.1692 отбасы7354 адам
Кырғыз АКСР425 отбасы1988 адам
Тәжік АКСР941 отбасы3886 адам
Солтүстік Қазақстан468 отбасы2122 адам
Оңтүстік Қазақстана1237 отбасы6301 адам

Қабылдау барысында ешқандай оқыс оқиғалар болған жоқ.
ГУЛАГ НКВД бастығының орынбасары.
Рапопорт [Из истории депортаций. Казахстан. 1935–1939 гг. Сборник документов. Т. 2. – Алматы: LEM, 2014. 740 с]

Бұл көшіру сол кезеңдерде Кеңес үкіметінің күштеп депортациялау тәжірибесінің бір бөлігі ғана болды. Поляктар келгеннен соң негізінен тың жерлерге, көбіне өндіріс орындарына және ауыр еңбекке қарай бағытталды. Көшіп келгендердің көп бөлігі тұрмыс жағдайында біраз қиыншылыққа тап болды, оның үстіне жергілікті жағдайға бейімделу олар үшін қиынға соқты, сондай-ақ медициналық көмек пен тұрғын үй тапшылығы оларды қатты қиындатты. Бұл поляктардың Қазақстан жеріне күштеп орналастырылуы кейінгі жылдардағы басқа да этникалық топтардың депортациясына ұқсас репрессивті саясаттың бастамасы ретінде қарастырылады.

6 кесте. Ұлы Отан соғысы алдында Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар.

ҰлтыСаныКөшірілген жылы
1Финдер84231935
2Немістер28 5801936
3Поляктар35 7351936
  60 6671940
4Кәрістер98 4541937
5Гректер2001937
6Армяндар мен күрдтер1121 отбасы1937
7Ирандықтар2010 отбасы1937
 Барлығы247 718 

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының IV сессиясында жасаған баяндамасында Қазақстанға  жер аударылғандардың санының 1 миллион 200 мың екендігі туралы дерек келтірді. [https://e-history.kz/kz/history-of-kazakhstan/show/8799]

Қазақстанға 30-жылдары келген поляктардың жай-күйін сол уақытта Қостанай облысына жер аударылған Озерный мекенінің тұрғыны, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің сөзінен анық байқауға болады: «…Ең қиыны не деп ойлайсыз? Ең өкініштісі, Польша бізден безіп кетті. Біз Андерстың әскеріне кіре алмадық, өйткені ол уақытта біз поляк емес едік. Ал Костюшакидің дивизиясын жасақтағанда біз поляк болып шықтық. Куәлігімде ұлтым поляк деп жазылғанмен, өзімнің де кім
екенімді білмеймін…» [Машимбаев С, Исова Л. Проблема истории польских переселенцев в Казахстане (1936-1946 гг.) – Алматы, 2000. – 6-7б]

Біз бұл деректі оқи отырып, сол кездердегі күштеп жер аударылған поляктардың ұлттық  дағдарысқа түскендігін көре аламыз. Кеңес үкіметінің солақай саясаты олардың тек өз тарихи отандарынан қоныс аударылуына ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлігінің бұрмалануына да алып келді. Поляктар өз елінен қол үзіп қана қоймай, сонымен қатар Кеңес Одағы ішінде де оларды толыққанды азамат ретінде қабылдамады.

Ардагердің айтқан «Польша бізден безіп кетті» деген сөзі олардың тағдыр тәлкегіне ұшырағанын, және де бізге туған отанынан алыста қалудың қандай ауыр екенін айқын жеткізеді. Кеңес үкіметі оларды өз қажеттеріне қарай «сенімсіз элемент» ретінде пайдаланса, соғыс кезінде «өз халқы» ретінде де пайдаланғанын біле аламыз. Кейбір жағдайда олар поляктар ретінде танылмай, Андерс армиясына қосыла алмай қалса, екінші бір жағдайда – Костюшко дивизиясы құрылған кезде, қайтадан поляк ретінде есептеліп кетті.

Бұл тарихи жағдайдан біз Кеңес үкіметінің саяси ұстанымдарының өте тұрақсыз болғанын, халықтардың құқықтары мен мәртебесінің биліктің мүддесіне қарай өзгеріп отыратынын көреміз.

НКВД мәліметтері бойынша 1941 жылдың басында КСРО-ның жиырма облысы мен аймақтарында 131938 қуғындалған, «орманшылар», «қоныс аударушылар» тұрып жатты, оның ішінде поляктар 109223 адам, сонымен
бірге Қазақстандағы лагерьде 46547 адам мекендеді. [Белан Г. депортация, Коллаборационизм и характер войны 1941-1945 гг. //Наука
Казахстана – 1996. – 1-15 фев
]

Қазақ КСР-де 1942 жылғы 28 қаңтардағы есеп бойынша тіркелген поляк
ұлты өкілдерінің саны төмендегі кестеде келтірілген.

ОблыстарАдам саны
1Оңтүстік Қазақстан25998
2Жамбыл22051
3Солтүстік Қазақстан12362
4Павлодар9233
5Семей9000
6Ақмола7793
7Ақтөбе5646
8Қостанай5317
9Қызылорда1000
10Шығыс Қазақстан454
11Қарағанды373
12Гурьев187
13Алматы184
14Батыс Қазақсан159
15Барлығы99 757

Сонымен кестеден барлығы 99 757 поляк азаматы 1942 жылғы есеп бойынша тіркелгенін көреміз. Сонымен қатар Ақмола-Қарталы теміржолында жұмыс істейтін 4000 поляк болған. Солардың барлығын қосып есептегенде барлығы 103 757 поляк болған. [Из истории поляков в Казахстане (1936-1956 гг.) Алматы, 2000 141-б]

Теміржол құрылысына жұмыс күші ретінде бөлінген 4000 поляктың болуы – Кеңес Одағының депортацияланған халықтарды экономикалық мақсатта, жұмыс күші ретінде пайдаланғанын дәлелдейді. Ақмола-Қарталы теміржолы стратегиялық нысан болғандықтан, мұнда ауыр еңбекке мәжбүрлі түрде тартылған депортацияланған халықтар саны көп болды. Солардың арасында 4000 поляк азаматы да болғанын көре аламыз.

Жалпы алғанда, 103 757 поляктың Қазақстанда болуы олардың күштеп қоныс аударылуының ауқымын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар Кеңес билігінің ұлттық саясатында поляктаржы еңбек күшінің маңызды бөлігі ретінде санағанын көрсетеді.

Депортацияға ұшыраған поляктар арнайы ұйымдастырылған еңбек поселкелерінде орналастырылды. Барлық еңбек поселкелерінде қатаң ішкі тәртіп орнатылып, оның орындалуын село коменданты бақылап отырды.Зорлап депортацияланған поляктардың жағдайы өте ауыр болды. Оларға киім-кешек, тамақ жетіспеді. Қиын жағдайды бұрын беймәлім болған ауыр климат онан сайын асқындырды. «Халық жауы» деп саналған поляктарға төлқұжат та берілмеді. Осындай қиындықтарға қарамастан жергілікті қазақ
халқы зорлап қоныс аударылған поляктарға өз көмектерін аяған жоқ. Осы
туралы Қазақстандағы поляк мәдени орталығы «Везньдың» төрағасы Альберт Левковскийдің сөздерін келтіруге болады. Ол «1936 жылы көктемде КСРО дағы ұжымдастырудың жеңісі тойланып жатқан кезде, бірінші болып поляктарды зорлап қоныс аударды. Бұл күндері КСРО-ның жаңа Конституциясы дайындалып жатқан болатын. Дәл осы уақытта мамырдың аяғында Украинадан «бас имейтін» поляктарды эщалондармен Қазақстанға жіберді. Бізді тауар жеткізітін вагондармен Көкшетау облысына әкелді. Егер бізге жақын орналасқан ауылдың тұрғындары көмектеспегенде біздің тірі қалуымыз екіталай еді. Кішкентайынан даланың қонақжайлық дәстүрін өз бойына сіңірген қазақтар еріксіз келген қонақтармен соңғы нанын бөлісті» — деп еске алады. [Пиримкулов Ш. Польские население в СССР 1941-1946 Диссертация на соискание научного звания доктора исторических наук- М., 1990.-18 б]

Бұл деректен поляктардың тұрмыстық жағдайлары да өте ауыр болғанын көре аламыз. Яғни оларға тамақ, жылы киім жетіспегендігі, сонымен қатар Қазақстанның қатал климаты олардың жағдайын одан әрі қиындата берді. Десе де, осындай қиын кезеңде қазақ халқының зорлықпен көшірілген поляктарға барынша қолдау көрсетіп, оларға соңғы нанын бөліп беріп, қамқорлық жасағанын ерекше атап өтуіміз керек. Қазақтардың поляктарға бұл көмегі депортацияланған халық үшін аман қалудың бірден-бір жолы бола алды.

Альберт Левковскийдің естелігіне келетін болсақ, бұл тарихи шындықтың айқын дәлелі болып саналады. Себебі поляктар да сол уақыттарда КСРО-дағы саяси науқандардың құрбанына айналды. 1936 жылы Кеңес билігі ұжымдастырудың жетістіктерін атап өтіп жатқанымен де, осы кезеңде поляктарды Украинадан күштеп қоныс аудару науқаны қарқынды түрде жүріп жатты. Оларды Қазақстанға қарай мал таситын вагондармен жеткізіп, өздері білмейтін, бұрын-соңды естімеген далада ауыр еңбекке мәжбүрледі. Бірақ  деректерден қазақ халқының қонақжайлығы мен адамгершілігінің арқасында көптеген поляк отбасылары аман қалып, жаңа ортаға бейімделді.

Ал сол уақыттарда Қызылорда облысы бойынша  поляк азаматтары өмір сүрді. Тоталитаризм қылмысы балаларды да айналып өтпеді. Көбі мектепке барудан қалды, панасыз балалар қатары күрт өсті. Көпбалалы отбасылар әдетте мемлекеттік жәрдемақыдан қағылды. Мектепке дейінгі мекемелер бейшара күй кешті. Мысалы, 1944 жылғы күзде Қызылорда облатқару комитеті 60 поляк баласына балабақша ашуға шешім қабылдаған екен. Ай сайын әр балаға 750 гр. ет, 30 гр. өсімдік майын, 12 жұмыртқа, 3 гр. шай, 6 кг картоп, 750 гр. бидай ұнын, 300 гр. кондитерлік өнім бөлу қарастырылыпты. Әрине, ашқұрсақ балалық шақты бақытты деуге ешкімнің аузы бара қоймас.[23 б] Сол уақыттары қуғын-сүргін ықпалы поляктарға да әсер етті. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1930-1950 жылдар аралығында «Халық жауы» бабымен 43 польшалық тұтқындалған. Олардың алғашқы легі 1938 жылы тұтқындалып басталса, соңғы лектері 50-жылдардан кейін де болған. Яғни соғыс аяқталғаннан кейінге уақытта олар 2-3 баптан, атап айтқанда 58-6, 58-10, 58-11-баптармен айыпталып, ең ауыр жаза – өлім жазасына ұшыраған.

Қызылорда облысына еріксіз түрде жер аударылған поляк ұлты өкілдерінің арасында тек күнкөріс қамымен жүргендер ғана емес, сонымен бірге өңірдің дамуына тікелей үлес қосқан білікті мамандар да көп болды. 1930–1940 жылдары «халық жауы» ретінде айыпталып, 58-баппен сотталғандардың ішінде теміржолшылар, машинистер, киномузыканттар, дәрігерлер, инженерлер, педагогтар, тіпті пединституттың тракторисі де болған.

Қызылордадағы теміржол саласы мен инфрақұрылымының дамуына үлес қосқан машинист поляктар, халыққа медициналық қызмет көрсеткен дәрігерлер, қалада алғашқы мәдени оркестрлердің жұмысын жандандырған музыканттар – барлығы да өз істеріне адал мамандар еді. Мысалы, Древецкий Иосиф Антонович деген Казкино оркестрінің жетекшісі киномузыкант оркестін құрып, қалада мәдени іс-шаралардың дамуына үлес қосқан адамдардың бірі болды. Ол 1938 жылы «күдікті», «тыңшы» деп тұтқындалып, Гулагқа 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда оны кейін босатқаны туралы мәлімет кездеспейді. 

Алайда тоталитарлық жүйе үшін бұл адамдардың кәсіби қызметі маңызды болмады. Ұлты мен әлеуметтік тегіне бола олар «сенімсіз» саналып, қуғын-сүргінге ұшырады. Бүгінде біз олардың есімдерін қайта жаңғыртып, тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Себебі олар Қызылорданың еңбекпен өркендеген жылдарындағы шынайы батырлар еді.

1970 жылғы санақ нәтижесі бойынша Қызылорда облысында 240 поляк азаматы тіркелген. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы поляк қауымының сол кездегі саны туралы нақты дерек береді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1991 жылдан соң, Қазақстандағы көптеген этнос сияқты поляктар да тарихи отандарына – Польшаға оралуға мүмкіндік алды. Сол кезеңде олардың басым бөлігі туған жерлеріне қайтып кетті. Яғни 1999 жылғы санақ бойынша Қызылорда облысында тек шамамен 80 поляк қалды, яғни бұрынғыдан әлдеқайда аз. Қазіргі күні 2021 жылғы соңғы дерек бойынша Қызылорда облысында бар болғаны 11 поляк ұлтының өкілі қалғаны анықталған. Оның ішінде 2 ер адам, 9 әйел адам. Бұл бір кездері осы өлкеде маңызды рөл атқарған поляк диаспорасының санының күрт азайғанын аңғартады. Тоталитарлық жүйе кезінде Қазақстанға жер аударылған поляктар алғашқы теміржол, медицина, мәдениет салаларын дамытуға үлкен үлес қосты. Алайда тәуелсіздік алғаннан кейін олардың көпшілігі тарихи Отаны — Польшаға қоныс аударды. Бүгінде Қызылордадағы поляктардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Бұл — Қазақстанның этникалық тарихындағы күрделі үдерістердің және көші-қон қозғалысының айғағы. Бұл тарихи миграция мен этностардың өзгеріп отырған демографиялық құрылымының нақты көрінісі саналады. Сонымен қатар, бұл дерек Қазақстандағы ұлтаралық қатынастардың, халықтардың тарихи тағдырларының күрделілігін көрсетеді.

Бұл мысалдар — Қызылорда өңіріндегі еңбек пен шығармашылыққа адалдықтың, сондай-ақ тоталитарлық режимнің әділетсіздігінің нақты көрінісі. Тарихтың осы күрделі кезеңінде кәсіби шеберлік пен қоғамға қызмет ету ешқандай қорғаныш бола алмады. Ұлты мен әлеуметтік тегіне байланысты көптеген дарынды адамдар қуғын-сүргінге ұшырап, әділетсіз жазаға тартылды. Бүгінгі таңда олардың есімдерін қайта жаңғыртып, тарихи әділдікті қалпына келтіру – бізге артылған ұлы міндет. Бұл – өткеннің қателіктерінен сабақ алып, болашақ ұрпаққа шынайы тарихты жеткізу жолындағы маңызды қадам. Сонымен бірге, олардың еңбегі мен батырлығын есте сақтау арқылы біз Қызылорда өңірінің әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан үлесін құрметтейміз. Бұл тарихи әділдіктің, қоғамның рухани тұтастығы мен адамгершіліктің маңызды кепілі саналады.

БЕКТҰРҒАН Нұрбол Ертуғанұлы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистранты

Пікірлер:
  • Өте күрделі тақырып! Үлкен еңбекпен зерттелген дүние екен. Қаншама құнды деректер келтірілген.Нұрбол,жарайсың! Еңбегің жана берсін!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: