Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екіжүзді меже: Қызды армен, келінді жармен өлшеу

22.05.2025, 8:00 1086

Қазақ қоғамы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен рухани құндылықтары арқылы отбасылық тәрбиеге ерекше мән беріп келген. Әсіресе, қыз бала мен келіннің рөлі, олардың қоғамдағы орны, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы әрдайым жіті назарда болды. Қыз – елдің көркі, ұлттың айнасы, келін – шаңырақтың шырақшысы, үйдің берекесі деген көзқарас әлі күнге дейін өз күшін жойған жоқ. Бірақ уақыт өзгерді. Қоғам жаңарды. Әйел мен еркектің қоғамдағы міндеттері мен мүмкіндіктері қайта қаралып, теңдік туралы мәселе күн тәртібіне шықты. Осы өзгерістерге қарамастан, біз әлі де қыз бен келінге қатысты екіұшты, кейде тіпті әділетсіз талаптар қоямыз. Бұл – тек тілде айтылатын қанатты сөз емес. Бұл – қоғамның әйелге деген көзқарасын, оның еркіндігі мен мәртебесін қалай бағалайтынын көрсететін айна. Бір қарағанда, тәрбиелік мәні зор, ұлттық сипатқа бай осы тіркестердің түпкі мәніне үңілсек, одан ескі сана мен гендерлік теңсіздіктің ізі байқалады. Мәселе – сөзде емес,  көзқараста. Ал көзқарас өзгермей, сана өзгермейді.

Қазақ қоғамында қалыптасқан кейбір ұстаным – уақыт сынағынан өткен өнегенің көрінісі болса, кейбірі әлі де жаңаруды, терең талдауды қажет ететін даулы ұғымдар. Соның бірі – қыз бала мен келінге қойылатын талап пен өлшемнің аражігі. «Қызды армен өлше, келінді жармен өлше» деген нақыл сөз осы тақырыптың тамырын дөп басып тұр. Бірақ біз бұл сөздің мәнін әділет пен парасат тұрғысынан ұғынуға дайынбыз ба? Бүгінгі мақаламызда біз осы «екіжүзді меженің» түп тамырына үңіліп, оның қазақ әйелінің тағдыры мен тұлғалық қалыптасуына қалай әсер ететінін саралап көрмекпіз.

ҚЫЗҒА  ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН  ТЫЙЫМ ЕСКІ  МЕ,  ЕСТІ  МЕ?

Қазақ қоғамында қыз бала тәрбиесіне ежелден ерекше көңіл бөлінген. «Қыз – жат жұрттық» деген ұғым оның болашақтағы орнына дайындық ретінде түсіндіріліп, оған қамқорлықпен қарау, ар-намысын сақтау, инабатты болуға баулу секілді міндеттермен қатар келеді. Бұл – бір жағынан, ұлттық тәрбие жүйесінің бір тармағы, екінші жағынан, қыз баланың болашағына қоғамның ортақ жауапкершілікпен қарауының белгісі ретінде қарастырылады.

Дегенмен, уақыт өте келе осы түсініктер кей жағдайда қыз баланың еркіндігін шектеуге ұласуы да мүмкін. Қоғамда «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз тіркесі көбіне тыйым салу, бақылау, шектеу арқылы тәрбиелеумен байланыстырылады. Қыздың жүріс-тұрысы, киімі, қоғамдық ортадағы әрекеті немесе пікір айтуы – барлығы «ұят болады» деген шеңбермен өлшеніп жататыны байқалады. Бұл шектеулер кейде қыз баланың жеке тұлға ретінде дамуына, өз көзқарасын қалыптастыруына кедергі келтіріп жататыны да жоқ емес.

Сонымен қатар, ар-ұят секілді ұғымдардың тәрбиелік мәнін де жоққа шығару қиын. Қызды армен өлшеу – егер бұл ұғым ішкі мәдениет пен моральдық жауапкершілікпен байланысты болса, ол – терең әрі құнды тәрбиелік қағида. Алайда ардың өлшемін тек сыртқы келбетке немесе қоғамдық белсенділікке қарап айқындау – бұл ұғымды тар шеңберге сыйғызу болар еді. Әлеуметтік желідегі белсенділік немесе заманауи өмір салтын ұстану автоматты түрде адамгершілік  қағидаларынан  алшақтады дегенді білдірмейді. Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесінің өзегі екені дау тудырмайды. Бұл тәрбие үнемі заман талабына сай жаңғырып, баланың тұлғалық еркіндігін де, рухани құндылықтарын да тең ұстауға негізделуі қажет. Себебі қазіргі заманның қызы – тек ертеңгі ана ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі, азамат ретінде ой еркіндігіне де, таңдау құқығына да ие тұлға. Тәрбиенің мақсаты – шектеу емес, бағыттау, ал бағыт әркімнің адами қадір-қасиетін  ескере  отырып  қалыптасуы  тиіс.

КЕЛІННІҢ  КЕЛБЕТІ  КІМНІҢ  КӨЗІМЕН  ӨЛШЕНЕДІ?

Қазақ қоғамында келін – ерекше орны бар ұғым. Ол – бір әулеттің жаңа мүшесі ғана емес, үйдің берекесін кіргізуші, ұрпақтың жалғасын қамтамасыз етуші ретінде бағаланады. Дәстүрлі таным бойынша, келін тек отбасының емес, бүкіл ауыл-аймақтың назарында жүреді. Оның жүріс-тұрысы, сөйлеуі, киімі, тіпті көңіл күйі де сырт көздің сыны мен бағасына ілінеді. Осы тұрғыдан алғанда, келін мәртебесі құрметпен қатар, белгілі бір қоғамдық талаптар мен моральдық шеңберлерді де қоса алып жүреді.

Алайда бұл талаптар әрдайым әділетті ме, әлде біржақты баға берудің көрінісі ме – бұл сұраққа жауап беру үшін келіннің қазіргі қоғамдағы орнына тереңірек үңілу қажет. Көп жағдайда келінге қойылатын өлшемдер оның ішкі болмысын емес, сыртқы үлгіге сайлығын басшылыққа алады. «Жақсы келін» ерте тұратын, үй шаруасын мінсіз атқаратын, ешкімге қарсы келмейтін, енесіне сөз қайтармайтын әйел бейнесімен теңестіріледі. Бұл сипаттама кей отбасы үшін маңызды құндылық болса, енді бірі үшін тым шектеулі түсінік болып көрінуі мүмкін.

Мәселен, келіннің кәсіби дамуға деген ұмтылысы, шығармашылық қабілеті, жеке пікірі мен армандары жиі назардан тыс қалып жатады. Оның орнына тыныштық сақтау, бейімделу, көну секілді міндеттер алдыңғы орынға шығады. «Келін – үйдің кілті» деген қанатты сөз кейде дәл осы талаптарды заңдастырып жіберетіндей көрінеді. Бірақ бұл кілт – әйелдің еркіндігі есігінің сыртынан ілінбеуі керек емес пе?

Жалпы   алғанда,   келіннің  келбеті  кімнің  көзімен         өлшенетіні – үлкен  мәселе. Отбасының ішкі талаптары, ауылдас ағайынның пікірі, тіпті әлеуметтік желідегі қоғамдық қысым – бәрі осы өлшемге әсер етеді. Бұл жағдайда келіннің өзін қалай сезінетіні, өз рөліне қаншалықты дайын екені, жеке пікірінің естілуі екінші қатарға  ысырылады.

Дегенмен, қазіргі қоғамда бұл көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Жастар арасындағы отбасылық қарым-қатынастарда теңдік пен өзара түсіністік жиі кездеседі. Келін де  тек күйеуінің жары ғана емес, өз алдына жеке адам, кәсіби тұлға, азамат ретінде таныла бастады. Бұл өзгеріс, әрине, біркелкі емес және қоғамның әр қабатында әртүрлі қабылдануы мүмкін. Бірақ соған қарамастан, келіннің келбеті бір ғана ененің немесе ауылдастың емес, ең алдымен өзінің көзімен өлшенетін күнге қарай жақындап келе жатқандай.

ГЕНДЕРЛІК ТӘРБИЕНІҢ ҚАҚПАСЫНДАҒЫ ҚЫЗ бен КЕЛІНГЕ АРНАЛҒАН МОРАЛЬДЫҚ КОД

Феминист зерттеуші Айгерім Құсайынқызының көзқарасы бойынша, қазақы тәрбиеде қыз бен келінге жүктелетін моральдық кодтар бұл патриархаттық құрылымдардың әйелдерді бақылауда ұстау механизмі саналады. 

– Мұндай кодекстер көбіне қосарланған моральдық стандарттарға сүйенеді, яғни қыз балаға және келінге әртүрлі, бірақ бірдей шектеуші талаптар қойылады. Қыздан «ұяңдық», «инабаттылық», келіннен «төзімділік» пен «көнбістік» талап ету әйелдің тұлғалық дамуын тежеп, оның жеке еркіндігін шектейтін әлеуметтік нормалар қатарына жатады. Бұл моральдық кодтар әйелді қоғамның күткен рөліне, яғни «жақсы жар» немесе «табанды келін» болуға мәжбүрлейді, оның жеке қалауы мен шығармашылық потенциалын ескермеу арқылы гендерлік теңсіздікті нығайтады. Феминист зерттеушілердің пікірі  бойынша  мұндай  тәрбиелік  үлгілер  патриархалдық  биліктің  құрылымдарын  сақтап  қалуға қызмет етеді  және әйелдің автономиясын  шектейді.  Қазіргі  кезеңде  бұл  кодтарды  қайта қарап, әйелдің адам құқықтары мен тұлғалық еркіндігіне негізделген жаңа тәрбиелік нормаларды қалыптастыру аса маңызды. Ұлттық дәстүр мен мәдениетті құрметтей отырып, әйелдердің толыққанды азамат ретінде өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау – әділетті және тең қоғамның басты шарты. Әйелге деген шынайы құрмет – оны ғана емес, бүкіл қоғамды дамытатын күш ретінде қабылдауда, — дейді  фембике.

ӘЛЕУМЕТТІК  ҚҰРАЛ  МА, МӘДЕНИЕТ  ЭЛЕМЕНТІ  МЕ?

Мақала барысында көтерілген мәселелерге тереңірек үңілу үшін, біз бұл тақырыпқа кәсіби көзқарас ұсынатын маман пікірін де назарға алдық. Қыз бен келінге арналған моральдық талаптардың қазіргі қоғамдағы орны мен оның әлеуметтік салдары жөнінде әлеуметтанушы не дейді?

Әлеуметтанушы Ләйла Жанқұлова дәстүрлі тәрбиеде қалыптасқан қыз бен келінге қатысты моральдық талаптар тек мәдениет элементі ғана емес, қоғамдағы гендерлік иерархияны сақтап тұратын әлеуметтік құрал екенін алға тартады.

– Қыз балаға қатысты «қырық үйден тыйым», «ұят болады» сияқты ұғымдар оның қоғамдық кеңістіктегі мінез-құлқын шектеу арқылы бақылау механизміне айналады. Ал келін образы қызмет көрсетуге, бейімделуге және үнсіз мойынсұнуға құрылған. Бұл екеуі де – әйелді жеке тұлға ретінде емес, рөлдік функциямен қабылдаудың көрінісі. Мұндай тәрбие жүйесі әйелдің, қыздың толыққанды азаматтық болмысына емес, оның «ыңғайлы» болуына негізделеді. Ал қазіргі қоғамда бұл моральдық кодтар жастардың санасында ішкі конфликт тудырып отыр: бір жағынан – заманауи еркіндік пен білім, екінші жағынан – әлі де белсенді жұмыс істеп тұрған дәстүрлі міндеттер. Бұл қайшылық нәзік жандылардың өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына кедергі келтіреді. Гендерлік тәрбие қайта қарауды қажет етеді. Бұл – дәстүрден бас тарту емес, оны заман талабына сай, адам құқықтарын ескере отырып жаңғырту. Әйел отбасындағы немесе қоғамдағы «рөл» ғана емес, ең алдымен тұлға екенін түсінуіміз керек, — дейді  әлеуметтанушы  Ләйла  Жанқұлова.

ПСИХОЛОГТЫҢ  ПАЙЫМДАУЫНША…

Қыз бен келінге қатысты дәстүрлі моральдық талаптардың психологиялық әсері қандай? Психолог маман Кәмшат Советқызы осы тақырып төңірегінде терминдік тіркестермен толықтыра түсіндіріп өтті..

– Қоғам тарапынан қыз бен келінге бағытталған гендерлік рөлдер мен моральдық шектеулер әйелдің өзіндік бағалау жүйесіне теріс ықпал етеді. Бұл шектеулер ішкі диалог деңгейінде өзін-өзі сынға алу мен «психологиялық диссонанс» тудырады, яғни жеке тұлғаның ішкі қажеттіліктері мен қоғам күтетіні арасында қайшылық пайда болады.

Ұзақмерзімді «стрессор» ретінде әрекет еткен бұл әлеуметтік қысым «анксиеталық бұзылуларға және «депрессияға» әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, «аутентичностьтың» бұзылуы  – адамның өз шынайы «менін» көрсетуіне кедергі келтіруі – тұлғаның эмоционалдық тұрақтылығын төмендетеді. Психологиялық даму тұрғысынан, мұндай шектеулер «өзін-өзі жүзеге асыру» процесін тежейді, бұл жеке тұлғаның толық потенциалын ашуына кедергі жасайды. Сондықтан гендерлік тәрбиені жаңғыртып, әйелдің «эмоционалдық интеллектін» дамытуға және оның психологиялық құзыреттілігін арттыруға жағдай жасау қажет, — дейді  маман.

Қорыта келе, әйелге арналған моральдық кодтар  тек қағаз бетінде жазылған қағидалар ғана емес, олар әрбір қыз бен келіннің өмірін, таңдауын, армандарын шектейтін шындыққа айналуда. Қоғамның бізге таңып қойған бұл жүктемеден әйел қалай шыға алады? Еркіндік пен теңдік жолындағы күрес әр үйден басталса, өзгеріс те сонда басталар еді. Бізге керек нәрсе – әйелді рөлдер мен талаптардың тұтқынынан босатып, оның адам ретінде қадірін көтеру. Себебі шынайы  өзгеріс  іштен, жүректен  басталады. Сіз қалай  ойлайсыз, бұл  өзгеріске дайынбыз  ба?

 Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: