Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түбі – бір, үні – ұқсас: Шетелдік және қазақ қаламгерлер арасындағы параллель

22.05.2025, 7:20 160

«Өнерде шекара жоқ» – бұл сөз, әсіресе, әдебиетке тән секілді. Ұлт бөлек, география басқа болғанмен, жанның тылсым иірімдерін ақ қағазға түсіруде түрлі ел қаламгерлерінің үндері үндесіп жататыны бар. Бұл мақалада біз қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларын әлем әдебиетінің беделді өкілдерімен салыстыра отырып, шығармашылық параллель  жүргізіп  көреміз.

Абай мен Тагор: Тәні өзге, рухы егіз

Абай Құнанбайұлы мен үнді ақыны Рабиндранат Тагор — екі түрлі құрлықта өмір сүрсе де, ойлау кеңістігі, адам болмысына үңілуі, өнер мен өмір жайлы философиясы жағынан бір-біріне тым жақын. Екеуі де ұлттық поэзияны жаңа арнаға бұрды. Абай қазақтың ділін философиямен ұштастырып, адамшылықтың биік бейнесін сомдаса, Тагор үнді мистикасын Батыс рационымен тоғыстырды. Екеуі де аудармашы, сазгер, реформатор, ұстаз ретінде артында мәңгілік із қалдырды.

Шәкәрім мен Толстой: Ізгілікке бет бұрған қос дана

Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Лев Толстой – екеуі бір дәуірде өмір сүріп, хат алмасып, рухани байланыста болғанын білеміз. Бұл параллель – нақты тарихи фактке негізделген. Екеуін де өмірінің соңғы кезеңінде дін мен мораль, жан мен ақиқат мәселесі толғандырды. Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегі мен Толстойдың кешкі философиялық жазбалары арасынан рухани үндестік анық байқалады. Бұл – тек әдеби емес, рухани туыстық.

Мағжан мен Есенин: Романтика мен нала

Мағжан Жұмабаев пен Сергей Есенин – ішкі дүниесі нәзік, табиғатты тіршілік иесі ретінде бейнелейтін, сезім мен сағыныштан жыр өрген ақындар. Екеуінің де тағдыры аянышты, өлімі жұмбаққа толы. Мағжанның «Сен сұлу» өлеңі мен Есениннің «Письмо к женщине» туындысы – бір-біріне поэтикалық жауап секілді. Мағжан – шығыстық сыршылдықтың, Есенин – орыстың деревнялық лиризмінің көркем өкілі. Бірақ екеуінің де жүрек тілінде сағыныш пен өмірдің  өтпелілігі  жатыр.

Оралхан мен Хемингуэй: Тағдырлы еркектер прозасы

Оралхан   Бөкей   мен   Эрнест          Хемингуэй – нағыз «еркектік прозаның» өкілдері.  Екеуі  де  табиғатты  эпикалық күшке  теңеп,  адамның  жан  азабын, жалғыздығын   суреттеуде  өзгеше  стиль қалыптастырған.   Хемингуэйдің   «Шал мен  теңізі»  мен   Оралханның   «Атау  кере»  повесі – оқырманын  терең  рефлексияға жетелейтін  шығармалар. Ауыл мен табиғат, адам  мен  тағдыр  арақатынасы  арқылы  үлкен  философияға жол  салады.

Қадыр мен Бродский: Тіл шеберлігі мен лирикалық ирония

Қадыр Мырза Әлі мен Иосиф Бродский – поэзияны тұнып тұрған интеллектуализммен, ирониямен, күрделі сөз ойнатумен ұштастырған ақындар. Қадыр қазақ ұлтының қалжыңын, трагикомизмін жырға айналдырса, Бродский совет жүйесінен шеттетілген, бірақ сөздің семантикалық шекарасын үздіксіз кеңейткен ақын ретінде есте қалды. Екеуінің де өлеңі жеңіл емес, бірақ әр оқыған сайын жаңа мағына аша түсесің.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: