Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенатор Рүстемов: Аралас тіл, жаргон және орынсыз сөз тіркестері – қазақ киносындағы күрделі мәселе

19.12.2024, 16:25 79

HALYQLINE.KZ

Қазақ киносы қазақ тілінің тазалығына қауіп төндіретін лингвистикалық мәселелерге тап болып отыр. Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында осы мәселені көтерді.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары қазақ тілінде түсірілген фильмдер саны артқанымен, алаңдатарлық үрдіске тап болдық. Қазіргі кездегі фильмдерде әдеби және бейнелі тілдің орнына жаргон, сленг, кейде тіпті дөрекі сөздер қолданылуда.

«Қазіргі қазақ киноларындағы қазақ және орыс тілдерінің аралас қолданылуын, жаргондар мен сленгтердің жиі кездесуін көрермендердің бір тобы реалистік көрініс ретінде қабылдаса, енді бір тобына қазақ тілінің тазалығын бұзатындай әсер қалдырады. Мұндағы соңғы топтың алаңдауы мен жанайқайы өте орынды. Өйткені көптеген кино және телебағдарламалардағы жаргон, сленг және аралас тіл қолданыстары қазақ тілінің тазалығын сақтауға зиян тигізуде. Мұндай жағымсыз жағдай қазақ тілін үйренуге талаптанған тұлғалардың да тілдік дағдыларына теріс ықпал етеді», – деді сенатор Рүстемов.

Сенатор сондай-ақ қазақстандық фильмдер мен телехабарларда аралас тіркестің жиі қолданылуы қазақ тілі үшін проблема екенін атап өтті. Ол мұндай тәсілдің әлеуметтік-мәдени себептеріне қарамастан, тілдің дамуына кері әсер ететінін жеткізді. Сенатор осы мәселелерді шешу үшін отандық фильмдердің идеологиялық және әдеби сапасына ерекше назар аудару қажет екеніне тоқталды.

«Қазақ киносы тілінде қалыптасқан әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсынысты қолдауыңызды сұраймыз. Отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату мақсатында кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялауды енгізу; кино мен телеиндустриядағы тілдік мәдениет мәселелерін реттеу мақсатында кино және сахна тілін қадағалау функциясының енгізілуін, қазақ киносының тілін көркем әдеби стильге негіздеп, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуын заңнамалық қамтамасыз ету; қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тілдік курстар өткізу; кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару; шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсауды, мемлекеттік тапсырыс аясындағы киноның барлығын тек мемлекеттік тілде түсіруді заңнамалық қамтамасыз ету. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңестің қызметін заңнамалық тұрғыда қайта өзектендіру», – деді сенатор Руслан Рүстемов.

https://cloud.mail.ru/public/MLn7/asBKaJc2J

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: