Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алимент әкеден алшақтата ма, отбасыны біріктіре ме?

12.12.2024, 9:20 42

Алимент – бұл тек қаржылық төлем емес, тереңінде ата-аналық жауапкершілік пен отбасы арасындағы байланысты көрсететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Ол кейде ажырасқан ата-ананың бірін бала өмірінен алыс­татып, тек міндетін орындауға мәжбүрлейтін құрал ретінде қабылданады. Ал кейде алимент отбасы мүшелерін жақындастырып, баланың болашағына бірге атсалысуға мүмкіндік бере­ді. Бұл мәселені тек заң тұрғысынан емес, эмоциялық, философиялық, тіпті моральдық тұрғыдан  қарастыру  керек.

Қоғамда алимент көбіне айыптаудың құралына айналды деген түсінік бар. «Алимент төлеу – өз баласына қамқорлық көрсетуге мәжбүрлеудің бірден-бір жолы» деп жиі айтылады. Осы ойдың түбінде мынандай мәселелер жатыр: алимент төлеуші ата-ана көп жағдайда қаржылық міндеттерін орындаса да, баланың өміріне толыққанды қатыса алмай қалады. Бұл тек заңды талапты орындаумен шектелетін салқын қарым-қаты­насқа әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайларда бала әкесімен (немесе төлеуші анамен) сирек байланыста болып, оны тек ақша беретін адам ретінде  қабылдай  бастайды.

Баланың екінші ата-анасымен қарым-қаты­насының үзілуі баланың өзін-өзі бағалауына, психологиялық дамуына кері әсер етеді. Қоғамда бұл жағдайдың терең зардабы байқалады. Балалар әкесіз өскенде, оларда әкелік рөл туралы бұрыс түсінік қалыптасуы мүмкін. Мұндай отбасыларда балалар ата-ана­лық жауапкершілікті терең түсінбей өсуі мүмкін  деген пікірді психологтар жиі айтады.

Дегенмен, алимент төлеудің позитивті жағы да бар. Егер ата-аналар алиментті тек төлем ретінде емес, баланың болашағына бірге жауапкершілік алу құралы ретінде қабыл­даса, бұл отбасы мүшелерін біріктіретін тетікке айнала алады. Алимент төлеуші ата-ана тек қаржылық көмек берумен шектелмей, баланың білім алуына, қызығушылығына, денсаулығына бірге атсалысса, бұл баланың өміріндегі екі ата-ананың да рөлін сақтауға көмектеседі.

Белгілі психолог Михаил Лабковский бір сөзінде  былай  дейді: «Балаға ең үлкен көмек – оның ата-аналарының қарым-қатынасы дұрыс болуында. Егер ата-ана бір-бірін кемсітпей, баланың мүддесін бірінші орынға қойса, ажырасудың салдары жеңіл болады». Бұл пікір алимент мәселесін шешудің кілті болуы мүмкін. Алимент төлеуші мен алушының бір-біріне деген өкпе-реніші балаға әсер етпеуі керек. Баланың ең басты құқығы – ата-анасының екеуімен де толыққанды байланыста  болу.

Қоғамда алиментті «жазалау құралы» ретінде қабылдау мәдениеті өзгеруі керек. Бұл – баланың болашағына деген инвестиция. Егер ата-аналар алиментті тек қаржылық міндет деп емес, бірлескен жауапкершілік деп түсінсе, бұл отбасындағы қарым-қатынас­тарды сақтауға ықпал етеді. Алимент төлеу  ата-ананың баламен байланысын үзіп тастайтын құрал емес, керісінше, оны нығайтудың бір  жолы  болуы тиіс.

Алиментті отбасының тұтастығына қыз­мет ететін механизмге айналдыру үшін қо­ғамның да, мемлекеттің де үлесі маңызды. Ол тек ақшамен өлшенбейді. Ол ата-ананың балаға деген қамқорлығы мен жауапкершілігінің символы болуы тиіс. Егер ата-аналар алимент арқылы баланың болашағына бірге жауапкершілік алса, бұл тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін үлкен маңызға ие болмақ. Баланың құқығы, оның бақытты бала­лық  шағы – барлық ата-ананың  ортақ  мақсаты. Алимент  соған  жетудің  бір  жолы  ғана.

Ернияз МҰХАМБЕТҰЛЫ,

Қызылорда облысы жеке сот орындаушылар

өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: