Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сан түлекті самғатқан алтын ұя

29.11.2024, 10:25 42

HALYQLINE.KZ

Кеше Арал ауданы қасиетті Ақирек тауының баурайында орналасқан Ақбай ауылындағы №63 орта мектебінің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл мерейтой – ел болашағы үшін білім мен тәрбие беруде талмай еңбек етіп келе жатқан алтын ұяның жарқын жетістіктерін атап өтетін ерекше күн.

Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев, білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова, ардагер ұстаздар, мектеп түлектері мен ата-аналар, ауыл тұрғындары мен білім беру саласының өкілдері қатысты.

Іс-шара аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Омарұлының жылы лебізімен ашылды.

«Талай түлекті қанаттандырып, елдің мақтанышына айналған Ақбай мектебінің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл білім ордасы – ауылдың абыройы, ел болашағы үшін еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың ордасы. Мектептің тарихы тереңде, тағылымы мол. Осы орданың қабырғасынан түлеп ұшқан мыңдаған түлек елге елеулі, жерге қалаулы азаматтар атанып, туған жердің даңқын асқақтатуда. Мектеп ұжымына алдағы уақытта да білім көшін өрге сүйреп, ел игілігі үшін аянбай еңбек ете беруіне тілектеспін!», – деді.

Мұнан соң, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова мен мектеп түлектері де жүрекжарды тілектерін білдіріп, ұстаздардың еңбегіне ерекше тоқталды.

Мерейтой аясында арнайы шығарылған 90 жылдық тарихтың куәсі «Сан түлекті самғатқан алтын ұя» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта мектептің қалыптасу тарихы, танымал түлектері мен ұстаздарының жетістіктері баяндалған. Кітап тұсаукесеріне ауылдың абыз ақсақалдары мен ардагер ұстаздар қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Салтанатты кеште білім мен тәрбие беру саласында еңбегімен еленген бірқатар ұстаздар қауымы облыстық білім басқарамасының және аудандық білім бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Мерекелік кеш барысында мектеп оқушылары мен түлектері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Ақындар жыры мен күмбірлеген күй кештің көркін аша түсті.

Атап өтейік, бүгінгі күні мектептің 43 педагогі жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. 90 жылдық тарихы бар бұл білім ордасы ауылдың ғана емес, ауданның мақтанышына айналып отыр.

Киелі оқу ордасының мерейтойында шағын футболдан ауданға қарасты елді мекендер командалар арасында жарыс өткізілді. Сондай-ақ, жиналған көпшілік гір тасын көтеру, арқан тарту сынды спорттық ойындардан сайысқа түсті.

Алтын ұя мектептің 90 жылдығы аудан және ауыл өнерпаздарының қатысуымен өтетін мерекелік гала-концертпен жалғасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: