Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шат күлкіңе шыт түспесін, бүлдірген!

12.09.2024, 10:30 85

Қазір басылым беттерінде де, ақпараттық порталдарда да, әлеуметтік желілерде де отбасы мәселесі әрдайым қозғалып жүр. Отбасын құрайтын негізгі фактор ер мен әйел ғана емес. Үшіншісі – бала. Бүгінде сол баланың құқықтарының қорғалуы мен қауіпсіздігінің деңгейі көңіл қуантпай тұр. Әсіресе, балаларға жасалған зорлық-зомбылық пен құқының тапталуы ел болып еңсеретін қиындық қатарында. Жұртшылықты жұтататын жағдайлардан сақ болуы үшін бала қауіпсіздігі қағидасын санадан сарқымауымыз тиіс.

Зорлық-зомбылыққа ұшырау қаупі балалардың денсаулығына ғана емес, олардың психологиялық дамуына да кері әсерін тигізеді. Соңғы зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, бұл тақырыпқа қатысты мәселенің ауқымы мен қоғамның көзқарасы ерекше назар аударуды талап етіп отыр. Жуырда қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтанушылары бала құқықтарына байланысты талдау жүргізіп, сауалнамалар нәтижесінде бүлдіргендердің зорлық-зомбылыққа ұшырау статитискасы өсіп кеткенін анықтады.

Зерттеу нәтижелері бойынша, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 67,2%-ы отбасылардағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі бар екенін атап өткен. Бұл көрсеткіш қоғамдағы зорлық-зомбылықтың кеңінен таралғанын және бұл құбылыстың тек кейбір отбасыларда ғана емес, қоғамның барлық деңгейінде кездесетінін көрсетеді. Балаларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың бірнеше түрі бар. Олар – физикалық зорлық-зомбылық, психологиялық қысым, және балалардың құқығының бұзылуы. Әсіресе, экономикалық қиыншылықтар әсерінен туындайтын тұрмыстық зорлық-зомбылық балаларға қауіп төндіретін негізгі факторлардың біріне айналып отыр.

Алдымен физикалық зорлық-зомбылыққа тоқталайық. Ол – балаға дене жарақатын салу арқылы жасалатын қатыгездік. Бұл түрдегі зорлықтың салдары тек дене жарақатымен шектелмей, балалардың психикасына да әсер етуі мүмкін. Психологиялық тұрғыдан бала өзін қорғаусыз және әлсіз сезінеді, бұл оның болашақтағы дамуында маңызды рөл атқарады. Әсіресе, отбасылық жағдайлары төмен отбасыларда балалардың мұндай жағдайға жиі тап болатыны анықталды.

Психологиялық қысым да жасөспірімнің моральдық тұрғыдан шөгуіне алып келетін зорлық түріне жатады. Бұл жағдайда бала өзіне сенімсіз болып, өзін басқалардан төмен сезінеді. Мұндай жағдайдағы балалардың эмоционалдық дамуы тежеледі, олардың тұлға ретінде қалыптасу процесі де қиындықтарға тап болады. Психологиялық қысымның салдары балалардың болашақ өмірінде өзін қорғай алмау, ішкі әлемінің бұзылуы, тіпті өзіне-өзі қол жұмсау қаупін арттырады.

800-ге жуық респонденттің арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 72 пайыз қазақстандық балалардың зорлық-зомбылыққа көп ұшырайтынын айтқан. Ал қалған 28 пайызы бұл жағдай сирек болатын құбылыс екенін алға тартыпты. Зерттеудің нәтижелері көрсеткендей, балаларға қатысты зорлық-зомбылық қоғамның барлық әлеуметтік топтарында кездеседі. Бұл мәселе әсіресе, ауылдық жерлерде жиі кездеседі, онда отбасының табысы төмен, ата-аналар өздерін қаржылық қиындықтардан қорғау үшін балаларға қысым көрсетуге бейім. Мұндай жағдайларда балалар тек физикалық емес, психологиялық қысымға да ұшырайды.

Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі балаларға қатысты қауіпсіздік іс-шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл мәліметтер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан қатаң шаралар қабылдау керек екенін көрсетеді. Атап айтқанда, балалардың құқықтарын қорғауға арналған заңнамалық шаралар мен балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге қолданылатын қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселелері өзекті.

Мұнан өзге 200-ге тарта респондент арасында жасалған сауалнамаға қатысушылардың 74,6%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді қолдайды, ал 26,4%-ы педофилия мен балаларды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды қолдайтындарын айтты. Бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың балалардың құқықтарын қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген белсенді қолдауын көрсетеді. Қоғамдағы қылмыстарға қатаң жаза қолдану мәселесі бойынша пікірталастардың жиі өтуі, бұл тақырыптың өзекті екенін алға тартып отыр.

Психологтардың айтуынша, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың болашақ өміріне кері әсері айтарлықтай көп. Психологиялық жағынан тұрақсыз болып қалыптасқан бала, есейе келе, агрессияға бейім, қоғамға жат әрекеттерге баруы мүмкін. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғауға қатысты қатаң заңдар қабылдау қажеттігі байқалады. Қазақстан үкіметі балаларды қорғауға арналған арнайы бағдарламалар қабылдап, балалардың құқықтарын қорғау саласында алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған бастамалар көтеруде. Бұл ретте ата-аналарға да балалар тәрбиесі және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы оқыту мен психологиялық кеңес беру маңызды рөл атқарады. Мемлекет балалардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді жұмыстар атқарып жатса да, қоғамның қолдауы да маңызды. Әсіресе, педагогтар, психологтар, құқық қорғау органдары және ата-аналар бірігіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейтуіміз тиіс.

Жасөспірімдер арасында суицидтің де белең алғанын айтып өтпеске болмас. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2023 жылдың он айында 169 кәмелетке толмаған азамат қайтыс болды, оның 27,8%-ы – 2-14 жас аралығындағы балалар, 72,2%-ы – 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Дәл осы жас санатында болған суицидтер санының белсенді өсуі тіркелді, ол 2022 жылдың осындай уақыты аралығында 45,2%-ға жеткен. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері жасөспірімдердің суициді мен осыған әрекеттерінің белгілі трендінің жоқтығын көрсетеді. Мұндай жазатайым оқиғалардың динамикасы біркелкі емес, әртүрлі көрсеткішке ие (секіру тәріздес) деп атауға болады. Мысалы, пандемияның бірінші жылындағы екіжылдық өсу кезеңінен кейін суицид бірден 20,6%-ға қысқарды, ал келесі жылы локдаун аяқталғаннан кейін көрсеткіштер бұрынғы деңгейге қайта оралды. 2022 жылы осы Комитет сарапшылары көрсеткіштердің аздап төмендегенін хабарлады (11,4%-ға кеміді).

Бұл оқиғалар балалар арасында агрессияның артуынан туындап отыр. Жасөспірімдер арасындағы агрессивті мінез-құлық мәселесін бағамдау үшін өткізілген сауалнамаға 100-ге тарта адам қатысты. Оларға бірнеше нұсқада сауал ұсынып, нәтижесін білдік. Әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, агрессияға көптеген сыртқы және ішкі фактор әсер етеді. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (39,5%) агрессивті мінез-құлықтың ең басты себебі ретінде виртуалды ойындарды (компьютерде немесе телефонда) атап өтті. Бүгінгі таңда жасөспірімдердің көп уақыты интернетте немесе электрондық ойындарда өтіп, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететіні жиі айтылуда.

Агрессияның екінші маңызды себебі ретінде отбасындағы агрессивті мінез-құлықтың үлгілері көрсетілген. Бұл факторды сауалнамаға қатысушылардың 35,3%-ы растады. Отбасында көрген агрессия балалардың өзін-өзі ұстау тәсілдеріне ықпал етеді, ал ата-аналардың эмоционалдық қолдау мен жылулық көрсетпеуі де балалардың дұрыс емес мінез-құлық үлгілерін қабылдауына әкелуде. Мысалы, сауалнамаға қатысушылардың 30,1%-ы ата-аналардың балаларға деген назар мен жылулығының жоқтығы жасөспірімдердің агрессивті мінез-құлқына әсер ететінін айтқан.

Әйелдер көбіне агрессияның негізгі себептері ретінде отбасындағы агрессивті мінез-құлық (39,1%) пен ата-аналардың назарының жоқтығын (31,6%) айтады. Ал ерлер агрессияны негізінен виртуалды ойындармен (40,3%) және отбасындағы шектеулердің болмауымен (16,0%) байланыстырады. Ерлер мен әйелдердің пікірлеріндегі бұл айырмашылық агрессияның көзін әртүрлі жағынан көруімен түсіндіріледі.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың арасында өтпелі жастың да агрессияға әсер ететін маңызды фактор екенін атап өткендер бар. Әйелдердің 20,5%-ы өтпелі жас кезеңі балалардың мінез-құлқына тікелей әсер ететінін айтқан. Бұл кезеңде жасөспірімдердің өзін-өзі табу және әлеуметтену процестері қарқынды жүреді, бұл олардың мінез-құлқында тұрақсыздықтың пайда болуына ықпал етеді.

Жалпы, зерттеу нәтижелері агрессивті мінез-құлыққа көптеген фактор әсер ететінін көрсетеді. Әсіресе, виртуалды әлемде көп уақыт өткізу, отбасындағы қарым-қатынастың нашарлығы және ата-аналардың балаға назар аудармауы жасөспірімдер арасындағы агрессияның басты себептері ретінде анықталды. Бұл жағдайларды ескеріп, ата-аналар, педагогтар және қоғам жасөспірімдердің дамуында оң өзгерістерге ықпал ететін кешенді шаралар қабылдауы қажет.

Нәтижелерден байқағаныңыздай, мәселе – өзекті. Зорлық-зомбылық тек жеке отбасыларда ғана емес, жалпы қоғам деңгейінде болып жатқаны ақиқат. Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі мемлекет тарапынан қатаң бақылауды қажет ететінін жасыра алмаймыз. Ауру іріңге айналмау үшін дер кезінде дертті тап басып емдеу керек. Жағдайды асқындырып алу елдің кешелегі күңгірт болуына әкеп соқпасына кепіл жоқ. Өйткенде, қыруар қаражат та ештеңеге көмектесе алмайды. Тәрбие тал бесіктен басталып, жер бесікке дейін жалғасатынын ұмытпайық.

Кемел ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: