Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақ әкелші бізге, бақшы!

01.08.2024, 10:00 222

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым тап шыным! – дейді Абай өзінің  атақты  «Сегізаяғында».

Моласындай  бақсының  тұрған  оқшау,

Бара алмаймын бас қосқан болса жиын,– деп жырлайды Абайдан жетпіс бес жыл бұрын туған Жанақ ақын. Демек, осы қос ақын өмір сүрген ғасырларда бақсының моласындай жалғыз қалу түсінігі нық орнығып болған. Сол себепті де олар осы ұғымды өлеңге қосқан. Егер Жанақ (1770 жыл) пен одан көп ке­йін туған Абайдың (1845 жыл) заманында осы ұғым нық орныққан болса, оның орнықпаған немесе енді орныға бастаған кезі де болған ғой. Ол қай кез? Нендей оқиғаларға байланысты?

Оны айтпас бұрын бақсының болмыс-­бітімімен, жан дүниесімен таныс болған жөн. Алайда қарапайым көпшіліктің санасына оның жағымсыз бейнесі көбірек орныққан. Нағыз бақсы туралы түсінік тым таяз тәрізді. Расында, оның шынайы бейнесін тану үшін ежелгі дәуірдегі, ең беріден көз тіккенде, ислам келмей  тұрған  кездегі деректерді қарастыру керек. Оны  оңай ұғынудың жалғыз жолы – ежелгі баба­лар дүниетанымына, наным-сеніміне деген ұлы сағыныштың болмағы. Бақсыны түсіну үшін, оны жақсы көрмек лазым. Өйткені ол – біздің ежелгі төл тарихымыз. Санамыздың  өтешағы.

Шоқан Уәлихановтың жазуынша, «Ұлы бақсылар барлық ауруларды да жаза алады, қарынды тіліп операция жасайды, әйелдердің аман-есен босануына болысып, албастыларды рухымен сескендіреді, қуалайды, керемет ойын­дарымен өзінің рухын шақырып, бал ашады. Үлкен бақсылардың белгілері мынадай істерімен көрінеді: ойыны кезінде қылышты қарнына салып қояды, қылышты сабына де­й­ін жұтады, қып-қызыл қыздырылған темірді жалайды, балтамен кеудесін шапқылайды. Осының бәрі ертедегі Қорқыт әулиеден мұра болып қалған сарын мен қобыз күйінің сүйе­мелдеуімен өтеді» (Ш.Уәлиханов, «Тәңірі (Құдай)» мақаласы, аударған Самат Өтениязов, «Зерттеулер, ғылыми жазбалар, хаттар» кітап,  А., «Рауан» баспасы, 2014 жыл, 99-бет).

«Шамандар аспан Тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушы адамдары есебінде саналады. Шаман… басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын, да, күйші де, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Қазақтар шаманды бақсы дейді… Шамандық дегеніміз – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын қастерлеу, аруа­ғын ардақтау» деп жазады Шоқан Уәлиханов «Қазақ­тардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегінде (Ш.Уәлиханов, аударған Самат Өтениязов, аталған кітап, 114-бет және 109-бет).

Ал рунатанушы ғалым Аманқос Мектептегі шаман сөзінің мәнін «аШаМАН Тәңірі мен адамдар арасындағы құпияны ашып /ашушы, ашатын адам, кілт авт/, қауымды ізгілік жолы­на салуға бағыт-бағдар беруші. …ата+ман мен аша+ман архетипінің сөзжасам қалыбы бір. Атаман, яғни ата мен [боламын]…» деп түсіндіреді (А.Мектептегі, «Руна жұмбағы», 378-бет, А.,«Қазақ  университеті», 2022 жыл).

Әлкей Марғұлан «Қазақтың халық музыкасындағы Қорқыт дәстүрі» атты мақаласында: «Бақсы жыраулар жаугершілік кезде қолбасының қасында болып, қобызға қосылып, азынатып жаугершілік дәстүрді жырлайтын болған. Әскер жауға аттанарда оларға рух беріп, қобыз­бен күй тартады. Соғыс үстінде жай (жада) тасы­мен күн жайлатып, ашық күнде «қар жауды­рып, боран соқтыратын» болған. Бақсының  кереметі  деп  осыларды айтады» (Ә.Марғұлан, «Ежелгі  жыр  аңыздар», А., «Жазушы», 1985 жыл,  214-бет).

Әлкей Марғұлан бұндай дерек қытай, арап, иран әдебиетінде өте көп екенін айта келе, «Арабтар Орта Азияны жаулап алуға келгенде Оғыздардың атақты бақсысы майданға шығып, жада (жай) таспен араб әскеріне қарсы «Күн жайлатып», боран соқтырып, қар жаудырып, олардың үрейін ұшырады» деп, 9-10-ғасырларда өмір сүрген арап географы Ибн әл-Факих, Әбу Бакр Амед ибн әл-Хамауани жазған еңбектерден мысал келтіреді (Ә.Марғұланның аталған кітабы, 215-бет). Шыңғыс ханның жанында да Мұңлық пен оның ұлы Көкше бақсылар болғанын айтып, жазба дерек көрсетеді.

Ал түрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаев бақсы туралы: «Енді бір аңызда… бақсылар, жыраулар қобызбен сарнағанда, дауыл тұрып, алты қанат үй шайқалыпты. Осындай жыр, күй аруағы бар адамдарға қонады дейтін әңгімелер ел аузында көп. Ондай аңыздар әрбір күйші, жырау, ақын жөнінде айтылады. Ертеде музы­ка, поэзия культі діннен күшті болған» дейді (Ә.Қоңыратбаев, көп томдық шығ. жинағы, 1-т, А.;«МерСал» баспа үйі, 2004 жыл, 447-бет).

Мұндай мысалдарды ежелгі ауыз әдебиетін зерттеген ғалым Едіге Тұрсыновтың еңбек­терінен, Батыс, Шығыс ғалымдарының  жазбаларынан көптеп келтіре беруге болады. Бірақ оларды  түгел  термелеу  мақсат  емес.

Осынау арғы-бергі ғалымдардың зерттеулерін көп оқыған, өзіне де бақсылықтың бірнеше қасиеті қонған эпик жыршы, әнші, күйші, этномузыкатанушы, фольклорист ғалым Берік Жүсіповке айтқызсақ, бақсы дегеніміз «…адамдар әлемі мен аруақтар дүниесінің арасындағы дәнекер. Адамзат баласының басындағы барша мәселені шешуші, өмір сүріп отырған ортасындағы қоғамдық, әлеуметтік ой-пікірлерді реттеуші. …табиғат-ана сырларының алдында өзін дәрменсіз-әлсіз сезінген адам-пенденің басындағы барша шытырман мәселелердің бітімшісі» (Б.Жүсіпов, «Ойтұмар», А.,«Арна» баспасы, 2009 жыл, 37-бет).

Шоқан Уәлихановтан Берік Мырзалы­ұлына дейінгі 135 жыл аралығында шынайы ғалымдар жазған пікірлер легінен бақсы туралы теріс пікір айтқаны кемде-кем. Тіпті жоқ деу­ге де болады. Расында да нағыз ғалымдар не нәрсеге де біржақты қарай алмайды. Дәлелмен сөйлейді. Ал «ауыз не демейдінің…» керін келтіретін­дер  толып  жатыр.

Бақсы неге бұлай жоғары бағаланды деген сауалдың  жауабын  Әлкей  Марғұлан: «…бақсылар Тәңірінің елшісі деп саналғандықтан» (Ә.Марғұланның аталған кітабы, 148-бет) деп дұрыс пайымдайды. Өйткені ежелгі ата-бабаларымыздың Тәңірілік салт-санасы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі жарық дүниеден өткен ата-бабаларды құрметтеуден өрбіп, сол арқылы өздері өмір сүріп, тіршілік етіп отыр­ған жаратылысты, яғни шартты түрде айтқанда, жер-су-аспанды аздырмау, тоздырмау деген құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа ұластыруға бағытталған. Жаратылыстың бірі – кісінің өзі, ендеше адамның ішкі-сыртқы болмысының кіршіксіз болуы – құндылықтың ең бастысы. Бақсы – осы Тәңірлік құндылықты адам баласы­ның санасына орнықтырушы. Тәңірілік сенімнің  ұстыны.

Ендеше бір басына толайым тылсым қонған, қарапайым жандардан тым жоғары тұратын, сөзін жұрты құрмет тұтып, соңына еретін, көмегіне елі мұқтаж, біз білмейтін өте маңызды басқа да қызметтері болуы мүмкін ерекше тұлғаны қауымнан (қорымнан) алас­таудың  сыры  неде?

Өлген соң елден оқшаудап тастау бақсыға деген құрмет емес. Бұлай ету – оны керек етпеу. Қасақана қорлау. Жанақ пен Абай өлеңдерінің астарынан осыны ұғамыз. Бұл жерде олар бақсының бөлек жерленетіні жайында құрғақ  ақпарат  қана  беріп  тұрған  жоқ.

Түзетпек  едім  заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып, – деген Абай: «енді өзім де заманында қадірі артқан бақсының өлгенде оқшауланған моласындай жалғыз қалдым» деп зар шегіп тұр. «Көп наданнан түңілдім», «сөзімді ұғар елім жоқ» деуінен-ақ қатты қапа болғанын түсінеміз. Бақсыны өлген  соң  бұлай оқшаулау әділетсіздік екенін сол  сөзімен  сездіреді.

Философ ғалым Ғарифолла Есім: «Түркілердің адамзат өркениетіне қосқан ең үлкен үлесі – Тәңір идеясы. Тәңір идеясын моно­теистік сипаттағы мәдени танымның негізі деу­ге болады» (Ғ.Есім, «Қазақ философиясының тарихы», А.,«Қазақ университеті», 2006 жыл, 78-бет) дейді де, «Бақсы дегеніміз – гипнозбен айналысатын адам» (Ғ.Есімнің аталған кітабы, 84-бет) деп Әлкей Марғұланның «…бақсылар Тәңірінің елшісі…» деген сөзіне қайшы кеп қалады. Одан әрі: «Қазақ үшін бақсы ұнамсыз адам. Бұл туралы Абай: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» дейді. Қазақ екі адамды өлгенде ортақ зиратқа жерлемейді. Бірі – бақсы, екіншісі өзіне-өзі қол жұмсаған адам. Соңғысын аластау себебі – жан ислам қағидасы бойынша, Алланың аманаты, өзі берген жанын өзі ғана алуға хұқылы» (Ғ.Есімнің аталған кітабы, 84-бет) дейді.

Ғарифолла Есімнің «қазақ үшін бақсы ұнамсыз адам»  деген сөзіне Абай өлеңінің осы екі  жолы  дәлел  бола алмайды. Оның «ортақ зират» деуі де дәл айтқандық емес. Бұл жерде ортақ зиратқа дегеннен гөрі, мұсылман зиратына деген дұрыс. Зираттың қай сенімді ұстанатын қауымдікі екенін ашып айтудың мәні зор. Ол бақсының қазақ үшін неге ұнамсыз екеніне, өлгенде мұсылман зиратына жұртпен бірге неге жерлемейтініне дәлел ұсынбайды. Философ ретінде түсіндірмейді. Өзіне қол салып өлген адамды зираттан бөлектеу себебін айтса да, бақсыға келгенде жұмған аузын ашпайды. Әлде исламдық иланымға қарсы келіп  қалатын  болғасын  аша  алмай  ма?

Өзіне қол салған күнәһар адаммен бақсыны тең қоюы, тіпті ғалым айтатын сөз емес.

Бақсының  емшілігі  оның  басты  қасиеті  деу­ге келмейді. Бұл – оның жанама қызметі. Оның  жаратылыстан  жегілген  жұмысы – Әлкей  Марғұлан  айтқандай, Тәңіріне  елші  болу. Ол – табиғатта, яғни аспан-жер-суда не дыбыс болса, соның бәрін қобызбен айнытпай сала алатын кісі. Демек бақсы Тәңірінің дабысын (дыбыс емес) ұғып, оған қобыз арқылы жа­уап беруші неме­се оны адам санасына қобыз арқылы құюшы деуге болады. Бақсылар кейде елден оқшау­ланып, жалғыз өзі тау-тас, орман-тоғай кезіп кетсе, демек оның Тәңірімен тілдесіп  жүргені. Қобыз сарыны барлық діндегі дұға оқу мақамының  бастау  үлгісі  десек  те  қате   емес.

Оның биі жауынгердің рухын көтеретін, денесін шынықтыратын, ептілікке баулитын әскери жаттығу десе болғандай. Сондықтан бақсының биін кейінгі жапсырылған жаман аттан адалап, шынайы мазмұнын тауып, өнер ретінде  қайта  тудырған  жөн.

Ал философ Ғарифолла Есім айтқандай, бақсы қалай ұнамсыз адам болды? Мұсылман қорымына  жолатпайтындай  ол  не  жазып қалды?

Жазушы Шыңғыс Айтматов «Құз басындағы аңшының зары» атты Мұхтар Шаханов екеуі  бірігіп  жазған кітабында  былай депті: «…Тарихшы Наршаһи (Наршаһи Әбу Бәкір Мүхам­мед ибн Жафар әл-Наршаһи (899-959) – авт.) «Бұқара тарихы» атты кітабында: «…Құтайба мешіттер орнатып, отқа табынушылық рухтағы шығармаларды жойды» деп жазды. Әмудария өзенін өрлей салынған үш жүзден астам қала мен елді мекенді арабтардың жермен-жексен еткенін, жергілікті халықтың тілі мен дінін, жазуын, әдет-ғұрпын түбегейлі жойып жіберуге күш салғанын Бируни ызаға булығып отырып еске алады… …Сөйтіп ғұн, түрік, хорезм жазуын түп орнымен жойған араб басқыншылары келесі кезекте халықтың рухани мәдениетін, яғни салт-дәстүрін алмас­тыру, жер атауларын өзгерту, кісі есімдерін арабшалап қойғызу, Наурыз мерекесінің орнына құрбан айтты кіргізуге айрықша күш салған…» десе, Мұхтар Шаханов: «Араптар елді рухани құлдыққа салудың төте жолы алдымен байырғы дінін ауыстыру, сосын жазуын құрту деп білген. Олар ғылыми трактаттарды, астрономия мен философияның негізін зерттеген кітаптарды, тарихи жазбаларды отқа жаққан. Зират басындағы жазуларды, ескерткіштің бетіндегі таңбаларды өшірген» деп толық­тыра түседі (Ш.Айтматов, М.Шаханов, «Құз басын­дағы аңшының зары», А., «Рауан» баспасы, 265-266-беттер).

Бұл туралы Абай Құнанбайұлы Шыңғыс Айтма­тов пен Мұхтар Шахановтан да бұрын айтып кеткен. Ол былай дейді: «Біздің қазақ­тың ықыласы атасын ғарабтан шықты дегенді …ұнатқандай. Онысы ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен… Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң енді бір Бұхардан басқа шәһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты» («Біраз сөз қазақ­тың түбі  қайдан  шыққандығы  туралы»  жазбасы).

Арап жорықшыларының өздері исламға мойынсұндыруға келген елдегі ұлттық құнды­лықтарға деген көзқарасы осындай қирату­шылық пиғылда болғанда, мақсаттарына жетер жолында зор кедергі боп кезіккен бақсыға қалай қарайтыны өзінен-өзі түсінікті. Демек, бақсыны шеттетіп, елге жеккөрінішті қылған ислам дінін таратуға аттандап жеткен жорық­шылар мен олардан дін үйренген өзіміздің әсіре  діншілер  деуге  болады.

Өздерін қасиетті соғыс – ғазауатшылармыз деп сендірген жорықшылар жергілікті жұрттың өзге құндылықтарын тып-типыл етіп жоюмен бірге, бақсыларды да қудалап, бастарына әңгір таяқ ойнатқан. Расында құранның өзінде бұған дәлел болатын соғыс туралы аяттар жеткілікті. Бақсы өзге дінді таратушылар үшін алынбас қамал  тәрізді. Сол қамалды құлатпаса, бақсының көзін құртпаса, халықты бақсыдан ажыратпаса, ислам дінін жаппай енгізіп, санаға үстемдік ету мүмкін емесін жақсы түсінген. Сондықтан да екі араға мықтап сына қағып, бақсыларды неғұрлым жағымсыз, күнәһар етуге тырысқан. Тірісінде күн бермеген. Өлген соң да аруағын қорлап, қорымға жолатпай, діні бөлек деген желеумен денесін аулаққа оқшау жерлеген. Жерлеу деген – құрметтеп жерге бөлеу деген сөз. Бақсыларды жерлеп емес, шұқырға иттің өлексесі сияқты көміп тастаған да болуы мүмкін. Бұл – исламды қабылдамаған адамның бәрі осылай өлгенде құрметтелмей жалғыз қалады дегенге ишара. Өйткені бұрын бақсының сөзіне иланып, соның соңына ерген халықты одан бездірмесе, дінін ендіру қиын болатынын олар білмеді емес. Мұны олар жақсы білген, себебі дін жаюда олардың тәжірибесі  аса  мол  екені  тарихтан  белгілі.

Бақсы жайында теория мен тәжірибені тоғыстырған Берік Жүсіпов: «Бұрын бақсылардың міндетіне өлгендердің жанын бақи дүние­ге шығарып салу да кірді» (Б.Жүсіпов­тың аталған кітабы, 38-бет) деп тамаша дерек жаза­ды. Олай болса, мұндай адам ислам насихатш­ысына зор кедергі болатыны, оның сол себепті ұнамайтыны өзінен-өзі түсінікті.

Тәңірілік сенімнің ұстыны болған бақсылардың геноцидке, яғни жаппай қырып-жою­ға ұшырауы Алтын Орданың сегізінші ханы Тоқтайдан кейін таққа отырған тоғызыншы хан Өзбекке тікелей байланысты. Тоқтай хан өлген соң тақ таласы басталып, Алтын Орданың беклербегі Құтлық Темір бастаған исламшыл топтың қуатты қолдауымен Өзбек Тоғырылжыұлы хан тағына көтеріледі. Осы Өзбектің исламшыл болу себебін тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев былай түсіндіреді: «Араб тарихшысы Ибндукмактың (1308-1388) мәліметі бойынша, әмір Құтлық Темір Өзбекті таққа отырғызбай тұрып, одан болашақта исламды қолдайтындығы туралы уәдесін алады» (Б.Кәрібаев, «Алтын Орда тарихының беймәлім беттері», «Егемен Қазақстан» газеті, №182, 24.09.2020 жыл). Ол таққа отырғасын уәдесіне тұрып, исламды Алтын Орданың негізгі және басты діні етіп жариялайды. Сөйтіп исламды қабылдамағандарды, оның ішінде әуелі бақсыларды қуғынға ұшыратып, топ-тобымен ашық әрі аяусыз қырып-­жояды. Мұсылмандықты қабылдамаған өз туысқандарын да аямайды. Олардың бірқатары Алтын Орда бағынысындағы Мәскеуге қашып, сонда біржола сіңіп кетеді. Тарихи жазбаларда бұлардың бәрі хатталған. Бұған дейін жалғыз Көк Тәңіріне табынап, дүниені тулақша сілкіген өзара тату түркілерді араларына келіп кірген ислам идеясы күн жеген дәкедей ыдыратады. Дін өз идеяластарын жақындастырғанымен, жалпы адамзат баласын бір-біріне қарсы қоятынын, бауыр адамдарды да ажыратып, бір-біріне жау ететінін осы мысалдан-ақ көруге болады. Ұлы астроном, математик Мырза Ұлықбекті исламшылдардың үгіттеуімен өзінің діншіл бала­сы Әбдел-Латиф жендеттеріне өлтіртуі соның мысалы. Құранда ислам үшін әке-шешеге бағынбауға шақырған да аят бар («Ғанкәбүт» сүресі, 8-аят). 

Әлкей Марғұлан Өзбек ханның бақсыларға деген көзқарасы туралы былай дейді: «…бақсылардың Дешті-Қыпшақ ішіндегі халыққа беделі өте зор, ықпалы сондай жойқын күшті еді, олар Өзбек ханның исламды қабыл еткеніне бағына қоймады. Өзбек хан үкім шығарып, оларды өлтіруге бұйырды» (Ә.Марғұланның аталған  кітабы, 166-бет).

Өзбек хан ондай үкім шығарғанда құранға сүйенгені анық. Тәубе сүресіндегі: «Исламды дін деп мойындамағандарменен сүмірейіп, өз қолдарынан салық бергенге дейін соғысыңдар» деген 29-аят оған дем берген болар.

Өзбек хан ислам ықпалына түскені сондай, енді ол билік (сот) ісін Шыңғыс хан қалып­тастырған «Яса» (жаса/жасақ – авт.) заңымен емес, шариғат заңымен жүргізуге пәрмен бере­ді. Хан сайлауы, ұлы жорықтар, ел мәселелерін талқылап шешетін Шыңғыс хан тұсынан бері келе жатқан ұлыстық құрылтайды да мойын­дамайтын өзімбілемдік басқару жүйесін қалыптас­тарады.

Өздеріне мықты тірек тапқан діншілдердің осыдан соң күшіне мініп, бақсыларды елден ғана емес, зираттан да жаппай қуған кезі, сірә, осы тұс. Бұл қуғын Алтын Орданы билеген Өзбек хан өлгенге дейінгі (1312-1342 жж) отыз жылда толас таппаған. Шанышқыдан жырылып, қаһарлы ханның қылышынан аман қалғандары, енді исламды қабылдауға мәжбүр болып, баяғы аруақ шақыратын құдіретін көрсете алмай, тек құран сүрелерін айтатын емші, балгер деңгейіне құлдырап кетеді. «Дін Өзбектен  қалған»  деген  сөздің  өтешағы  осындай.

Этнограф ғалым Тәттігүл Картаевадан: «Ғылыми экспедиция барысында бақсының қорымнан оқшау, жалғыз тұрған моласын көрдің бе?» – деп сұрағанымда ол, жолбасшы кісінің солтүстік Үстірттегі «Жылыбұлақ» қоры­мы маңайынан сондай бір бейітті көрсет­кенін айтты. Бұдан басқа жерден де шүңкиген бірер мола көрген екен, бірақ жергілікті ел онда жатқан бақсының жөн-жосығын айта алмапты. Басына ескерткіш тас та қоймаған. Соған қарағанда, бақсының аты-жөнін мәңгіге өшіруді  діттеген  тәрізді.

Әйтеуір жападан-жалғыз тұрған бақсы мола­сы туралы дерек қазір жоқтың қасы. Олай болатыны, шын бақсының (қазіргі бақсымын деп жүргендердің емес) әлдеқашан жойылып біткенінен деуге болады. Зираттардың етек-жеңі кеңейіп, бақсының жалғыз моласы көп бейіттің арасында қолып қоюы да мүмкін. Тіпті нағыз бақсылар Өзбек ханның қылышынан қаймықпай, сол қасқайып қарсы тұрған күйі ажал құшқан десе де қисынға келеді. Аман қалғандары, жаңа айтқандай, мұсылмандық жолға түсуге мәжбүр болған. Мұсылмандық жолға түскендері мұсылман зиратына жерле­нетіні де белгілі. Оның үстіне, коммунис­тер билеген бергі жетпіс жылда исламның жағдайы мүшкілденіп, бақсымен күреспек түгілі өз бастарымен қайғы болып кетті. Бұл кезде расында нағыз бақсыдан жұрнақ та қалмаған-тұғын. Қазір жеке жерленген бақсы молас­ын  таба  алмайтынымыз  сондықтан.

Бақсының жағымсыз образын жасап, оны ел ішінен аластаумен бірге, халықтың рухани дүниесіне дендеп еніп алған жаңа дін түркілік наным-сенім мен салт-сананы көмескілендіріп жіберген. Оны бұған дейін де талай ғалым жазды, әлі де жазып келеді. Тіпті қазақ эпос­тарына дейін жаулап, Тәңірілік түсініктерді ислами сөздермен бүркемелеп баққан. «Оның (Шоқанның – авт.) пайымдауынша, – дейді Әуел­бек Қоңыратбаев, – ислам діні қазақ фольклорының тілі мен мазмұнын шұбар­лаған» (Ә.Қоңыратбаевтың аталған кітабы, 441-бет). Оқиғасы исламнан бұрынғы, ежелгі қазақ эпостарының көпшілігі «Кешегі өткен заман­да, дін мұсылман аманда» деп бас­талуының  себебі сонда. Әлі де ықпалынан айырылған жоқ. Оның ықпалы күні кеше ғана таспаланып, көрермен назарына ұсынылған «Қорқыт» телехикаясына да тиді ме деп қауіптенем. Мені бұл жерде фильмнің көркемдік сапасы не мазмұны емес, бала Қорқыттың бақсы болмаймын деп безектеп қашатын жері ойлантады. «Бақсының моласындай болып, соқа басым состиып (сопиып дегі­сі келген шығар – авт) жалғыз қалудан қорықтым» дейді бала Қорқыт монологында. Тағы бір жерде: «Бақсының қу моласындай  соқа басым состиып жалғыз қалар жайым  жоқ»  дейтіні  де  бар.

Бала Қорқыттың бұлай деуіне менің көңілім илана алмайды. Әкесі болса анау-­мынау емес, Қара (ұлы) бақсы. Оның үстіне Қорқыт заманында бақсыны қорым­нан оқшаулап, бөлек жерлеу деген түсінік те болмаған. Оған дәлел Қорқыттың өзінің күмбезі. «Қорқыттың күмбезі тұрған жер ерте заманнан келе жатқан үлкен қорым (пантеон), халық аузында әулие бабалардың қорымы деп аталады. Бұл қорым қазіргі теміржол бойындағы Қорқыт станциясынан оңтүстікке қарай бес шақырым жерде, Сыр суының жағасында. Қорқыт пен оның замандастарының қабірі ту баста жарға таяу орналасып, кейінгі заманда жасалған қорым солтүстік беттегі белеске қарай жалғасқан» дейді Әлкей Марғұлан (Ә.Марғұланның аталған кітабы, 192-бет). Оны Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның тапсыруы бойынша жасалған Түркістан альбомындағы фотосынан-ақ көруге бола­ды. Ол фото 1862 жылы түсірілген. Сол төңіректегі ел де осыны айтады. Осы өлкеде туып-өскендіктен, бұл жағдай өзіме де  жақсы  мәлім.

Арап, парсы  мәнерінен   мүлдем  ада  кесене  қабырғасының  қалыңдығы  бір  жарым, екі метрдей дейді Әлкей Мар­ғұлан. Демек, бұл да оғыздың он екі эпосын жырлаған ұлы ұзаны, түркі эпосының атасы, бақсы атаулының табынатын бабасы, ұлы  бақсы Қорқытқа  деген  құрмет.

Олай болса «Қорқыт» телехикаясына Қорқыт өмірден өткеннен кейін қалып­тасқан түсініктің еніп кеткені өкінішті-ақ. Әлде осылай етуге біреу мәжбүрледі ме? Біреу мәжбүрлесе де таңғалмаймын. Ол әбден мүмкін нәрсе. Ғалымдардың пайымдауынша, Қорқыт – исламға қарсы тұлға. Бұндай пікірді Әуелбек Қоңыратбаев та, Әлкей Марғұлан да жазған. Тіпті исламға қарсылықты Қорқыттың өзі жыр­лаған он екі эпостың оқиғаларынан да табуға болады. Ал ХV ғасырда хатқа түскен ол жырларда ислами ұғымдардың қолдан қосылғаны бадырайып-бады­райып, айқын байқалады. Тіпті Қорқыттың әкесін Қарақожа атандырып жіберетін жері де бар. «Өлімнен қашудың өзі, Алланың жазмышынан бас тарту…» дейді Шоқан (Ш.Уәлиханов, аталған кітап, 134-бет. Аударған  Самат  Өтениязов).

Әлде Қорқытты ұлы ұзан, ұлы күйші, хан жанындағы ойшыл би етіп көрсетуді мұрат тұтып, бақсы деген аттан (Қорқыттан кейін қалыптасқан жағымсыз аттан) біржола арашалап алуға деген әрекет пе? Не болса да «Бақсының қу моласындай…» деген түсініктің бала Қорқыттың аузымен айтылуы – фильмнің  кемшілігі.

Ислам орныға келе, бойында тылсым құдіреті бар бақсылар да, амалы құрып, мұсылмандана бастаған дедік қой. Бұл бақсының әбден азып-тозып, алқындысы, жұқанасы ғана қалған кезі. Бақсы атау­лыны бықпырт тигендей бездіру ғасыр­дан-ғасырға ұласады. Сөйтіп жаңа дінді уағыздаушылардың жанын сала жаман­дап, талмай қаралауының кесірінен бақсының о бастағы киелі қасиеті туралы түсінік өзгеріске ұшырап, халық санасына ұнамсыз бейнесі тоқылған. Ел жадына көзін алартқан, жын иектеген, қалшылдап-дірілдеген, әлденеден үрейленген, егер хан қаласа шімірікпей басын шауып тастай салуға болатын сұраусыз біреу болып орныққан. Солай насихаттау әлі күнге жалғасып келеді. Тіпті оқулыққа да еніп кеткен. Кинодан да көретініміз – сол жағымсыз образ. Мәселені парықтама­ған кейбір ақын-жазушылар мен ақпаратшы журналистердің де қаламына солай ілігетіні бар. Бұл – нағыз бақсының байыр­ғы болмысын танымағандық. Исла­ми ақпараттық соғыстың нәтижесі. Соның әсерінен тарихтағы нағыз бақсының шынайы бейнесі тұтас ұлт жадынан өшіп қалған. Өшірген. Оның бір мысалы, бақсының жынмен қосақталып айтылатыны. «Жындарын шақырды», «Жынынан айырылған бақсыдай» және т.б. «Жын» – арап  сөзі. Сондықтан ол сөз бақсыға ислам дәуірінде телінген. Сол баяғы бақсы­екеңді жексұрын қылудың айласы. Бақсы жынын емес, аруағын шақырса, арқасы қозса, жөні сол. Бақсы деген – ханның өзі қаймығып  тұратын  тылсым  жаратылыс.

Мұқағали ақын күнделігіне былай деп жазыпты. «Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секілді (аруағын шақырғанын­дай немесе арқасы қозғанындай деу керек еді – авт) адуынды дүлей күшті көрем. Бұл – қазақтың  рух  күші!»

Арқалы ақынға осылай деп айтқызған қандай  құдірет  десеңші!

Жазушы Айгүл Кемелбаеваның Ақсақ Темірден қашып, арып-ашқан, өліп-талған бақсысы: «Бұрын тоғай кезген бұлан, тақырда ойнақ салған құлан, суда ойнаған алабұға, қайың жапырақтан су ішерде сайраған бұлбұл құс мен едім ғой» деп, бір мезгілде жетпіс бақсының басы шабылғанын есіне алып, көз жасы бір тыйылмайды (Айгүл Кемелбаева, «Таңдамалы», Фолиант», 2021 ж.188-б. «Ақсақ құлан» әңгімесі). Бұны сезімтал жазушының  түпсанасынан шыққан тылсым хабар деуге  болады.

Кейбіреу айтып жүргендей, исламға дейінгі түркі жұртын өмір сүру әдебінен мақұрым, жабайы, кісілік бағытынан адасқан бақытсыз біреу деуге, сірә да ауыз бармайды. Әркімнің өтешағы өзіне дәрі.

Менің бұл мақаламды дінге қарсылық емес, ежелгі бақсылардың қасіретті тағдыры туралы толғаныс деп қабылдаған жөн. Бақсылардың тарих қойнауынан тұншыға естілген зары деп ұққан дұрыс. Әңгіме қазіргі бақсылар туралы емес. Қазіргі бақсы­мын деп  жүргендерден ежелгі нағыз  бақсының  кейпін  тану  қиын-ау.

Дегенмен, бақсының ата-бабалар аруа­ғын қадірлеп сыйынуы, қажет болса жәрдемге шақыруы сияқты асыл идея­сынан бас тарту қазаққа жат. Сидней олимпиа­дасында небір мықтыны қирата соққан боксшы Ермахан Ибраимовтың рингке «Аруа-а-қ!» деп ақырып шыққанына дүние­жүзі куә болды. Түркі жұрты бір арқаланып қалды. Өйткені «аруақ желеп-жебесін», «аруақ қолдасын», «аруақ атсын», «…аруақ атқан оңалмас» деген ұғымдар қазақтың санасына мықтап шегеленген. «Аруақ» деген араптың сөзі деп жүр. Бірақ ол да күмәнді. Аруақ деген – әрбірімізді жарық дүниеге әкеліп, тышқанның баласы секілді қызылшақа дәрменсіз кезімізден бағып-қаққан, таудай азамат қылып өсірген әкеміз бен шешеміз. Атамыз бен әжеміз. Сол себепті қазақтар жеті ата ұғымын жадынан өшіре алмайды. Жеті ата – жеті аруақ! «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген тамырын тереңнен тартқан сөз бар қазақта. Осы жалғыз ауыз сөздің тарихын қазбаласақ, пәлсапасына көз жүгіртсек, көп жайттың сыры ашылады. Соның бірі – жеті атаға толмай қыз алмау. Аруақты сыйлаған себеп­ті, ұялған себепті, тіпті аруақтан қорық­қан себепті солай еткен. Өзбек ханға ілескен өзбек туысқандар исламға берілгені сонша, түпсанасынан аруақ ұғымының жойылып бара жатқанын енді-енді ұғына бастаған сыңайлы. Арап сияқты жақын адамдарына үйленуге еттері өліп кеткен еді. Араптан жұққан осындай жаман әдет Кавказ мұсылмандарында да кездеседі екен. Ондайға  қазақтың сірә да беті шыдамас.

Қазақ дүниетанымында аруаққа көп нәрсе қатысты. Соның бірі – шаңырақ. Шаңырақ деген – өзімізді адам қылып, өздері аруақ болған әке-шешеміздің тірісінде құрған отаны. Ал отан – отқа байланысты ұғым. Сол шаңыраққа түскен келін тағы да сол аруақты сыйлағандықтан, құрметтегендіктен, керек болса қорыққандықтан, отбасын бұзып, үйден кетіп қалу деген кесапат ойдан аулақ болған. Киелі шаңырақтың тыныштығын ойлаған. Ер-азамат та шаңырақты шайқалтпауға барын салған. Ал қазіргі қазақ­тың санасында аруақты сыйлау, аруақ­тан қорқу түсінігі қаншалықты қалды? Әкім Тарази, Тұңғышбай әл-Тарази ағаларымыз кісінің аты-жөнін жазудағы араптық дәстүрге еліктеймін деп өз атасының атын елеусіз қалдырып, аруақтарды өкпелетіп алмады ма екен?

Бұрынғы бабаларымыздың аруаққа қатысты айтқан сөздері бізге асыл сөз боп жеткен. Оның бір мысалы «Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас». Алайда қазақтың кейбір әдебиетшілері осынау нақыл сөздердің тарихын зерделеудің орны­на, оларға ислами дүниетанымға кера­ғар деген үкім шығарып қойған.

Әңгіме бақсыдан, бақсылар сыйын­ған аруақтан шығып тұр. «Бақсы» сөзін моңғол сөзі, парсы сөзі деп жан-жаққа тартатындар бар. Тіпті санскрит (көне үнді) сөзі, арап сөзі деп, үйде жоғалтқан инесін тыс­тан іздейтіндер де табылады. Орта ғасырларда бақсыны «қам» деген. Қазіргі тыба, алтай, хакас тілдерінде әлі күнге дейін «қам», «қамшы». Бұл енді қисыны бар сөз. Қорқыттың он екі жырындағы батыр Бәмсі Байрақтың  әкесінің  аты  Қам  Бура.

Мейлі кім не десе де, маған «бақсы» сөзінің бастапқы мағынасы «бақшы», яғни елге бақ әкелетін, адамға бақ сыйлайтын жан сияқтанады да тұрады. Қырғыз бауырлар да дәл осылай, «бақшы» деп жазып, солай айтады. «Қам» сөзіне «-шы» жалғанып «қамшы» сөзі жасалғанындай, «бақшы» да «бақ» түбіріне зат есімнен зат есім тудыратын «-шы» жұрнағы жалғануы арқылы жасалған. Осы «-шы, -ші» жұрнағы – ежелгі заманда адам мағынасын берген толық сөздің соңғы буыны. Күлтегін ескерткішінде «кіші оғлы» деген тіркес бар. Бұл тіркес қазіргі қазаққа аудармасыз-ақ түсінікті. Құлмат Өмірәлиев ол тіркесті «кісі оғлы», Ғұбайдолла Айдаров, Сәрсен Аманжолов, Мырзатай Жолдасбеков үшеуі «адам баласы» деп қазақшалаған. Демек, бақшы сөзіндегі -шы жұрнағы – осы «кіші» сөзінің соңғы буыны. «Адам» – арап сөзі.

Ежелгі түркілер де бақ әкеледі, бақытты етеді деп түсінген осынау жұмбақ жан сырттан өңмеңдеп келген жат наным-сенімнің сіңуіне зор кедергі, мықты тосқауыл болғаны айдан анық.

Бақсының  бір басына қонған сан ал­уан қасиеті сол күйі жоқ болып кетпеген. Ол қазіргі біздің әрқайсысымызда жүр. Жыраулық, күйшілік, бишілік, ақындық, би-шешендік, әншілік, әртістік, шежірешілік, есепшілік, сынықшылық, емшілік, балгерлік, тамыршылық, құмалақшылық және тағы басқа болып. Қанға біткен қасиет қанша қуғын көрсе де қын түбінде  қалмайтыны  ып-рас  екен-ау!

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ,

жазушы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: