Санаулы күндерден кейін барлық білім беру ұйымы оқу жылын қорытындылайды. Биылғы оқу жылында облыс бойынша 330 мектептегі 181 мыңнан астам оқушы бітіреді. Оның ішінде 11-сыныпты 8 240 түлек аяқтап, үлкен өмірге қадам баспақ. Ал «Алтын белгіге» үміткерлер саны 589-ды құрайды. Бітіруші түлектер үшін маңызды сәттердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу бүгіннен басталды. Тестілеу мерзімі 5 шілдеге дейін жалғасатын болады. ҰБТ-ға мектеп бітуші түлектердің 89,7 пайызы қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов хабарлады.
– Осы жылдың 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең маңызды үшінші кезеңіне өтініштер қабылданды. Мектеп бітушілер осы тестілеудің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грантқа қатысуына мүмкіндік беріледі. Тестілеу пункттері Қызылорда қаласы, Арал қаласы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті және Жаңақорған кентінде орналасқан. Тағы бір айта кететіні, «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың жазбаша емтихандары облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексеретін болады. Бұл «Алтын белгіні» тек лайықтылар алады деген сөз. Яғни, комиссия жұмысында ашықтық пен әділдік қатаң сақталады. Сонымен қатар, биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі, 27-31 мамыр аралығында 5-8-сынып оқушылары және 10-сынып білім алушылары бірінші рет «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен емтихан тапсыратын болады. Мектеп бітіруші түлектер үшін тағы бір маңызды мәселе – мерекелік іс-шаралар өткізу тәртібі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің арнайы тұжырымдамасы бекітілді. Осыған сәйкес, 24 мамыр күні 1-10-сынып аралығында «Білімім – Отаныма» атты тәрбие сағаты өтеді. Дәл сол күні 9-11-сынып оқушылары «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында эссе жазады. Ал, 25 мамыр күні «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында мектеп түлектеріне арналған іс-шара өтеді. Іс-шараға мектеп түлектері міндетті түрде мектеп формасымен қатысуы қатаң бақыланады. Бұдан бөлек, мектеп бітіру кештерін өткізуге, қала сыртында экскурсиялар жасауға, мерекелік дастарқан ұйымдастыруға қатаң түрде тыйым салынады. Аттестат тапсыру салтанатты іс-шарасы 14 маусым күні «Жолың болсын, Жас түлек!» тақырыбында мектептердің мәжіліс немесе спорт залдарында өтеді, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!