Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырбойылықтардың 15 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

25.04.2024, 10:40 143

Бұл аз ба, көп пе, белгісіз? Былтыр аймақта  55 кардиохирургиялық, 40-қа жуық нейрохирургиялық ота жасалған. Мамандар статистикалық көрсеткіш бойынша сақтандырылмаған адамдар саны айтарлықтай азайып келе жатқанын айтады. Қазіргі күні Қызылорда облысында МӘМС жүйесіне 695 мыңнан аса тұрғын енгізілген. Бұл жалпы халықтың 85 пайызын құрап отыр.

«Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының дирек­торы Бақыт Исмаханбетов өткен жылы облыста көптеген ота жасал­ғанын  жеткізді.

– Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда МӘМС жүйесіне азаматтарды сақтандыру шаралары қарқынды жүріп жатыр. Жыл сайын медициналық сақтандыру қаражаты есебінен тұрғындарға кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология және хирургия бойынша оталар тегін жасалады. Мәселен, былтыр біздің аймақта 55 кардио­хирургиялық,  36  нейрохирургиялық, 18 урологиялық және 6 травмото­логиялық  ота  жасалды, – дейді  ол.

Шыны керек, ел тұрғындары тара­пынан аталған жүйеге қатысты шағым көп. Мұны жаңадан тағайындалған ҚР Денсаулық сақтау минис­трі Ақмарал Әлназарова да растап, «МӘМС нақты нәтиже көрсетіп отырған жоқ»  деген  еді.

Қала тұрғыны, журналист Ғазиза Әбілда МӘМС-ке қатысты бірнеше мәселе бар екенін айтып отыр. Сондай-ақ, ол «МӘМС қорындағы миллиард­таған қаражат шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға, жүкті әйелдерге неге жұмсалмайды?» деп сауал қояды.

– Жақында бір әріптесіміздің баласы ауырып, күрделі ота жасатты. Өзі – мекемеде қызмет атқаратын жігіт. МРТ-ға түсу үшін қолма-қол ақша төлепті. Сонда оның жыл бойы төлеп отырған ақшасы қайда? Жүкті келіншек тіркеуге барса, «МӘМС-ке ақша түспеген» деп тіркемей, қолма­-қол  ақша  салдырыпты.

Тағы да қараңыз, егер бір адам 2-3 жерде жұмыс істесе, сол жұмыс істеген жерінің бәрінен МӘМС-ке төлеуі тиіс. Тіпті жұмыс істемейтін (тіркелген) ИП үшін де төлеуі керек екен. Бұл адамды қанау емес пе? Өйткені оның есебінен отбасының бір мүшесі, жұмыссыз бауыры, баласы немесе жүкті келіні медқызмет ала алмайды. Сонда ол адам не үшін 2-3 жерден МӘМС  төлеуі  керек?

Мынадай да мәселе туындап отыр: еңбек демалысына шыққан адамға бір ай МӘМС-ке төленбей қалса, ол адамға ешқандай медициналық қызмет көрсетілмейді. Сонда оның қалған 11 айдағы, тіпті  жылдар  бойы  төлеп тұрған  қаражаты  қайда?

Айтпағымыз МӘМС қорында жалпы айналымда тұрған миллиард­таған қаражат шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға, жүкті әйелдерге неге жұмсалмайды? Тіпті, кәмелет жасына толмаған балалар мен жүкті әйел­дерге неге тегін қызмет көрсе­тілмейді? Егер олай болмаса, бұл мемлекеттік төлемде әлеуметтік деген сөз  не үшін  тұр? Сәндік үшін бе?

Шындап келсе, жұмыссыздарға да мемлекет қарайласуы керек. Өйткені олар – осы мемлекеттің азаматы. Статистикадағы 20 миллион адамның  бірі! – дейді  ол.

«Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» КЕАҚ Қызыл­орда облысы бойынша филиалының дирек­торы Бақыт Исмаханбетов «сақ­тандырылған» тұрғындардың тісін емдетуге жолдамасыз жүгіне алатынын ерекше атап өтті. Өйткені, бұған дейін келісім тек емхана арқылы  жүзеге  асатын.

– МӘМС жүйесіндегі басым бағыт­тың бірі – оңалту қызметтері. Жыл сайын аталған жеңілдікті алу мүм­кіндігі жақсарып, медициналық құрылғылардың да, емдеу әдістерінің де саны артып келеді. Оңалту қызмет­терін  көрсету  үшін былтыр 40 медициналық ұйыммен  келісімшарт  жасалды.

Сонымен қатар, стоматология­лық көмек көрсету қызметтері де сәтті жүзеге асырылуда. Былтырдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін арнайы клиника­лармен тікелей келісімшарттар жасай бастады. Бұрын бұл келісімдер емханалар арқылы жасалған еді. Соның арқасында биыл 61 медициналық ұйым стоматологиялық қызмет көрсетеді. Оның 10-ы – мемлекеттік, 51-і – жеке­меншік медициналық ұйым. Осылайша емделушілер тікелей стоматологиялық клиникаларға жолдамасыз жүгіне алады, тек әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарты болуын нақтылау қажет, – деп сөзін жалғастырды  ол.

2024 жылы Қызылорда облысын­да жоғары технологиялық медици­налық көмек көрсету бойынша жоспар құрылған. Яғни, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 668 миллион теңге бөлініп, 98 ота жасау  жоспарланып  отыр.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Тақырыпқа тұздық

Азаматтардың МӘМС-тегі мәртебесі бойынша ТОП-5 сұрақ

Пайдаланбаған ақшаны қайтаруға бола ма, неге МӘМС жүйесі жинақтаушы емес, жеке клиникада МӘМС есебінен қалай емделуге болады? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтардың жиі қоятын сұрақтарына жауап берді.

1. Мен «жұмыс істемейтін жүкті әйелдер» жеңілдік санатына кіремін, бірақ тіркелген жеке кәсібім бар. Жеңілдік санатына кіретіндер жарна төлеуден босатылады деп естідім. Жеке кәсібім үшін жүргізілген төлемдерді қайтарып ала аламын ба?

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, жұмыс істемейтін тұлғалар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Егер жүкті әйел еш жерде жұмыс істемесе, алайда ЖК ретінде тіркелген болса (оның қызметі ресми тоқтатылмаған болса), барлық тиісті төлемдерді (зейнетақы, әлеуметтік, кіріс салығы) жүргізіп отырғандықтан, жұмыс істейтіндер қатарына кіреді. Яғни, жеңілдік санатынан шығып қалады. Сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін жеке кәсібі үшін МӘМС жарналарын төлеу қажет.

2. Егер МӘМС есебінен медициналық қызметтерді алмасам, пайдаланбаған ақшаны қайтарып ала аламын ба?

МӘМС-ке енгізген төлемдерді қайтаруға немесе оларды басқа адамға беруге болмайды, себебі жүйе қаражатты дербес бөлуді қарастырмайды. Барлық жарна мен аударым Ұлттық банктегі шотта жинақталады және ол жерден барлық сақтандырылған тұтынушылардың медициналық қызметтерін төлеуге бағытталады.

3. Мен жұмыс істемейтін болсам, мәртебені қалай аламын?

Сізде екі таңдау бар. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде жарна төлеуіңізге болады. Екіншісі – жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркеле аласыз. Бұл жағдайда сіз жеңілдік санатына кіресіз және сіз үшін жарналарды мемлекет төлейді.

4. Жеке клиникада МӘМС бойынша тексерілуден өтуге бола ма?

Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда Қормен шартқа отырған жеке клиникаларда консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға болады. Ол үшін өз емханаңыздан жолдама қажет. Медициналық қызмет көрсетушілердің тізімімен Қор сайтына кіріп, «МӘМС-гид», ары қарай «Пациенттер үшін», содан кейін «Клиниканы таңдау» батырмасын басу арқылы танысуға болады.

5. МӘМС үшін қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады?

Қате рәсімделген (мысалы, басқа кезең көрсетілген) төлемдерді қайтару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ-та белгіленген нысан бойынша өтініш жазу және төлемді растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет (нысан fms.kz сайтында «ОСМС-гид» бөлімінде жарияланған). Өтінішті eotinish.kz электронды платформасы арқылы беруге болады.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: