Саяси жүйе мен демократиялық қоғамда «адам құқығы» мәселесі әруақытта өзекті болып тұрады. Қоғамдағы адам құқығын қорғау жүйесінің мақсаты – қоғамның әділеттілік принциптеріне сүйенген экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекет билігі «адамгершілікті» болып қалыптасуы керек. «Адамгершілік сипат» деуіміздің мағынасы – ел басқару тәсілінің тоталитаризм, не болмаса, оның жұмсақ түрі авторитаризмге қарай бұрылып кетуден қорғау. Мұндай жол шын мәніндегі құқықтық қоғамның позитивті мүмкіндігін ашады, оған жол салады. Қоғам осы қалыпқа түскенде ғана тұрақты даму мүмкіндігіне ие болады.
Жалпы, «адам құқығы» ұғымы тек қана заңдық нормалардың жиынтығы ғана болып қалмайды. Ол, сонымен бірге, өте жоғарғы деңгейдегі парасаттылықты білдіретін этикалық категория. Құқықтың қорғалуы, ең алдымен «адамның өзін-өзі құрметтеуінен» басталады. Иә, адам қоршаған ортаны құрметтеуден бұрын, біріншіден, әуелі өзін құрметтеп үйренуі керек. Себебі, ол өзін қоғамның толыққанды мүшесі, оның бір «пайдалы элементі» (Абайда «қаланған бір кірпіш») сезінгенде, ол өзінің денсаулығы да, алған білімі де, саламатты өмір салты да, мәдениеті мен адамгершілігі де тек өзіне ғана емес, өзгелерге де «қажеттігін» ұғады. Сол түсінік адамға өзін бағалауды, өз ортасындағы талаптарға сай өзін тәрбиелеуді үйретеді. Сондықтан болар, қазақ халқында «Өзін сыйламаған, өзгені де сыйламайды» деген сөз айтылады. (Бұл жерде «Өзіңді жаудай көр, жау жанынан түңілсін» деген мақал бар екенін ескертеміз. Алайда бұл мақалдың шығуы елдің соғыс жағдайына тап келуімен байланысты. Ол сол кезде айтылады. Ал, ел үнемі соғыс жағдайында бола бермейді. Сондықтан, бұл мақал ситуативті құбылысты (соғысты, кикілжіңді, ұрысты) бейнелейді).
Одан әрі, екіншіден, адам өзін қоршаған ортаны құрметтеуді өзінің бұлжымас өмір сүру қағидасына айналдыруы керек. Себебі, адам бар уақытта тек қауымдасып өмір сүру арқылы ғана өзінің табиғи-физиологиялық және рухани-мәдени потенциалын іске асыра алады. Қауымдасудың өзі де неше түрлі формадан, сипаттан тұрады. Ал, олардың арасында тек сол қоғамға тән болатын моральдік-этикалық және құқықтық нормалар қалыптасады. Мысалы, адам өз табиғатына сай ұрпақ жалғастыру үшін жұптасады, яғни, отбасылық ортаны қалыптастырады. «Отбасылық орта» да – қоғамдасудың ең бастапқы деңгейін білдіруші құбылыс. Дегенмен, осы деңгейден-ақ белгілі дәрежедегі моральдік және құқықтық қатынастар іске қосылады. Ол – жігіт пен қыз, ерлі-зайыпты арасындағы сүйіспеншілік, сыйласу, ынтызарлық және т.т. моральдік қатынастар. Сонымен бірге, ерлі-зайыптылар арасында белгілі бір құқықтық жауапкершілік пайда болады. Ол олардың әрқайсысының «жаңа «қауымдастықтағы» атқаратын қызметі мен жауапкершілігін реттейді. Мысалы, отбасылық қатынаста әйел функциясы мен ер адам функциясы ғасырлар бойы қоғамда қалыптасқан салт-дәстүрлер негізінде «отбасыға тән құқықтық нормалар» түріне айналады.
Үшіншіден, құқықтық сана өз ұлты мен өз тарихын, өз Отанын құрметтеуден көрінеді. Себебі, адами тұрғыда «жеке-дара адамның» (Робинзон Крузо) ешбір құқықтық сипаты болуы мүмкін емес. Құқықтық қатынас қоғамдық деңгейде ғана мүмкін. Өйткені, жеке адам тек осы ортада ғана «адам болып» қалыптасады да, ортаның қабылдаған барлық моральдік және құқықтық нормаларын өзінің бойына сіңіреді. Бұл нормалар ол үшін «мемлекеттік заңдар» мен «моральдік-этикалық қағидалар» түрінде беріледі. Осылайша, оның санасына табиғи түрде енген бұл нормалар адамның еркін өмір сүруінің жарқын көрінісіне айналады. Адамдар өмірде «анау жақсы, мынау жаман» деп баға бергенде осы қағидалар мен заңдарға сүйенеді. Ал, осы қағидалар мен заңдық нормалардың ықпал етуші географиялық және мәдени ареалы Отан деп аталады. Сондықтан қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп өсиет айтып кетті.
Төртіншіден, әлем әртүрлі елден, мемлекеттен, мәдениеттен, тілден, діннен құралады. Бұл құндылықтардың барлығы әр жерде әрқалай болғанына қарамастан, олардың субъектісі, яғни «құндылық иелері» бір ғана атқа ие, ол – Адам. Олай болса, осы түрлі-түсті әлемді біріктіруші моральдік-этикалық нормалар мен құқықтық нормалар ретінде «Халықаралық заңдар» жиынтығы қабылданады. Әрине, ол нормалар мен заңдардың әрекет ету нысаны жеке адам емес, қоғамдар мен мемлекеттер болып табылады. Ендеше, әлемдегі барлық «мемлекетаралық қатынастар» негізінде бәрібір де осы сипаттағы адамгершілік көріністер жатады деуге болады. Яғни, адамдар арасындағы құқықтық микронормалар адамзаттық деңгейде меганормаларға айналады. Осы ереже – адам мен адамзат алдындағы бұлжымайтын ереже.
Қазақ халқының ұлттық дәстүрі «адамзаттық құқықтық нормаларға» табиғи тұрғыда сай келеді. Ал, ұлттық тәрбие жүйесі оны «адам бол» дегеннен бастап «елге қызмет қыл» деген нақтыланған жүйеге айналдырады. Алайда, біздің тарихта бұлжымас бұл принциптерден ауытқыған кездер де кездеседі. Ол кездері қоғам рухани күйзелістерге тап болып, іргесі ыдырай бастаған. Мысалы, соңғы отыз жылда біз өз тарихымызда қазақ болмысына жат (сондықтан кездейсоқтық десе болады) алапат авторитаризм «соққысына» тап болдық. Ол ұлттық санаға, болмысқа, мәдениетке, салт-дәстүрге, жалпы ұлттығымызға зор нұсқан келтірді. Құқықтық нормалар өрескел бұзылып, демократия жоққа шығарылды. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста моральдік-этикалық-құқықтық нормалардың орнына аярлық пен алдау, зорлық пен зомбылық, күш көрсету, бәрін саудаға салу сияқты жағымсыз қатынастар орнықты. Нәтижесінде қоғам дамуының ең шешуші тетігі – «заң алдында бәрі тең болуы тиіс» деген принцип жойылды. Заң тек «күштілерге» ғана қызмет етті. Ал, «күштілер» «күшті болуы үшін» заңды бұза-жара әрекет етті. Сөйтіп, қоғамда элитарлық қызмет атқарушы үлкен топтың табиғаты қорқаулық пен қараулыққа бейімделді, одан әрі аса алмады. «Сырты бүтін, іші түтін» деген кез келді. Ол қоғамға эпидемия боп тарады. Енді, міне, есін жия бастаған «Әділетті қоғам» алдында осы қисық бұтақты түзеудің ауыр міндеттері тұр.
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!