Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аман бол, Анатолий!

14.03.2024, 10:00 313

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қоғалыкөл қаһармандары» деген кітап жазған едім. Сол кітапты жазу барысында архив ақтардық, көнекөз қариялардан естелік жинадық. Бір сөзбен айтқанда, соғыс кейіп­керлерінің қилы тағдырын оқырманға жеткізудің әртүрлі жолын таңдауға тура келеді. Қолға түскен мәліметтер өзі-ақ бізді әр тарау жолға салып отырды. Бір майдангердің соғыстағы ерлік істерін баян­дасақ, енді бірі арқылы соғыстан кейінгі күйзелген елдің хал-ахуалын бейнелеуге тырыстық. Біз майдангерлердің бәрін батыр етіп көрсетуге ниет еткеніміз жоқ. Адамгершілік пен кеңестік кезең­дегі қалыптасқан жауапкершілікті өзіне серік еткен жандардың қоғам үшін, ұрпақ үшін еткен қара­пайым еңбегін көрсеттік. Бұл жолы әңгімемізге арқау болған кейіп­керіміздің тағдыр жолы өзгелерден өзгешелеу болғалы тұр. Иә, адамдардың бір-біріне ұқсамай­тыны  сияқты  тағдыры  да  әр  алуан  екен.

Менің қолыма Платон атымен жарияланған «Хандық» аталатын 12 беттік орысша қолжазба түсті. Туысқандарының келісімімен сол қолжазбаны қысқартып, оқырманға  жеткізуге тырысып көрейік.

Әңгіменің әлқиссасы 1918 жылы Қоғалыкөлде дүниеге келіп, Сырдария аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған Әментай Нұралиев те – миллиондаған совет әскері сияқты жеңіс тойын неміс жерінде тойлау бақытына ие болған жанның бірі.

Немістің бәрі совет әскерлерін ұната қоймады деп айтуға болмас. 1933 жылы Германияның ел билігін қолына алған Гитлер бастаған ұлтшылдар саясатын қолдамайтындар да бар еді. Кеңес әскерле­рін фашизмнен азат етушілер деп қабылдағандар да аз болған жоқ. Сондай жанның бірі әңгі­ме авторы Платонның нағашы атасы еді. Ол тіпті отызыншы жылдары СССР-да болып, астыртын ұйымға берілген, қызыл туын желбіретіп Совет әскерлерін зор қуанышпен қарсы алады. Кеңес әскері басшылығы өздерін жақсы қарсы алған бұндай жандарға барын­ша қолдау көрсетті. Әйелі мен тоғыз баласы, немере­лері бар бұл отбасына әскери қордан азық-түлік бөлуге  шешім  де  шығарып  береді.

Соғыстан кейінгі елдің жағдайы түзелгенше Германия­да қалған комендатура офицері, аға лейте­нант Әментай Нұрәлиев осы үйде тұратын болып келісіледі. Жеңістен кейінгі жан жадыратар жайма-­шуақ көктем. Барша жеңімпаз әскерлер сияқты Әментайдың да көңіл күйі тоқ, уайымы жоқ, жақсы күндер өтіп жатты. Еуропаның көкке оранған көктем күндері тіпті ерекше. Соғыстың аласапыран күндері арта қалып, тыныштық орнап, көктем өз көркімен адамзатты қуанышқа бөлеген тамаша күндерде адам да табиғатпен бірге түлеп жасарып, жайнаған шақ еді. Табиғат заңымен үй иесі, әлгі қарттың қызы Хертаға деген нәзік сезімі бүр жарғанын байқамай қалды. Ұзын бойлы, тартылған сымдай шыңдалған сымбатты офицер неміс қызының да жүрегіне шоқ тастап жібергендей еді. Екі жастың сезімін жасырып тұра алмайтын жағдай комендатура басшылығына да  жетеді. Комендант  орыс  майоры:

– Әментай, соғыста жараландың, өзіңнің офицерлік арыңа дақ түсірмей, жеңістің жақындауына үлес қосқан адал азаматсың. Сенің неміс қызымен арақатынасың жайлы жоғарғы жаққа жайсыз хабар жетіпті. Ал неміс халқымен бұндай арақатынас жасаудың соңы немен аяқталатынын түсінетін боларсың. Заң қатал. Менің ақылымды тыңда, демалыс алып, еліңе қайт. Ол жақтан өз еліңнің қызын әкеліп, осында үйленесің. Содан кейін сені әскерден  босатып,  еліңе  қайтармын, – деп  бір-ақ  кесті.

Мына қиындықтан құтылар басқа жол да жоқ. Майордың ағалық ақылын Херта мен оның ата-ана­сына жеткізді. Төрт жылғы соғыстан жеңіс күніне аман-есен жетіп, енді махаббаттың құрбаны болуын, әрине, Херта да қаламайды. Сүйген жанның өміріне балта шаба алмаған Херта мен оның ата-ана­сы осы шешімге келісуден басқа амалы қалмады.

Қысқа  мерзімді демалыс алып елге келіп, бұрыннан сыралғы Әнипаға сөз салды. Төрт жыл екі көзі төрт болып зарыға күткен жеңіс солдатына Әнипа қуана келісім берген еді. Соғыстың қатал заңына бағынған Әментай мен Әнипаның үйлену тойы  неміс  елінде  өтті.

Әментай мен Әнипанын некесі қиылып, үйлену тойы өткен соң, аға лейтенант Әментайды басқа бір қалаға  әскери  гарнизонға әскери борышын жалғас­тыруға жіберді. Өмір өз ағынымен баяу жылжып өтіп  жатты.

Таң атпайын десе де, күн шықпай қоймайды. Хертаның  айы, күні жетіп, шекесі торсықтай ұл дүние есігін ашты. Отыз шақырым жердегі Херта мен баланың хал-жағдайын білу үшін күн аралатпай Әментай келіп тұрды. Жас нәрестені еміреніп бауырына басты. «Аманбол» деп атын қойды. Жат елде Аманбол деген есімінің өзі көзге шыққан сүйелдей екенін біліп, нәрестенің құжатын аларда ол ойынан айнып, Анатолий деп атын өзгертті. Соғыс біткен соң жылға толмай Совет әскерлері еліне кайта бастады. Әментай жүрегінің жапырақтай бөлшегін жат  елде  қалдырып,  елге  оралды.

Херта 1953 жылы Берлинге қоныс аударып, тұрмыс құрды. Баласының жақсы тәрбие алғанын жан-тәнімен қалаған ана екінің бірінің қолы жете бермейтін кадет корпусының курсанты болуға дайын­дай бастады. 1958 жылы мың талапкерден үздік шыққан 52 өрен курсант атанды. Ата-әжесінің тәрбиесіндегі бала он алты жасқа толғанда өзінің тегі туралы отбасындағы күбір-сыбыр әңгімеден кұлағдар бола бастады. Ес біліп, етек-жеңін жинай бастаған бозбала өзінің түр түсінің де ақсүйек неміс халқына ұқсай бермеуі де көңілін күпті ете бастады. Нұралиев деген текті жадына мықтап сақтауға тырыс­ты. Қанша жыл өтсе де, өзінің әкесі, оның елі туралы білуге деген құштарлық бір мысқал да кеміген емес. 1970 жылы Германиядағы Совет елінің елшілігіне барып, әкесі туралы сұрау салуға әрекет етіп көрді. Қатаң тәртіп бұл ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. 1986 жылы Кеңес Одағындағы қайта құру, жариялылыққа негізделген демократиялық үрдістер екі елдің арасында қатаң тәртіптің сеңін ыдырата бастағандай еді. Қатаң тәртіптің көбе­сі сөгіле бастағанда, іздестіру шараларын қайта бастады.

Москвадағы неміс елшілігіне сұрау салған хатқа жауап 1997 жылы ғана қолға тиді. Өзі көрмеген әкені көрсем деген арман, жаңалыққа толы жақсы хабар күткен, үзілмеген үмітті жылдар зарықтырып барып бір жапырақ хат болып қолға тиді-ау әйтеуір. Қалың конвертті ашқанда әскери архивтен жіберілген әкесі жайлы кұжаттармен қоса әкесінің шашы тықыр, жалаңбас түскен суреті жіберіліпті. Суретті көрген анасы ұзақ үнсіздіктен кейін айтқаны «қалың қайрат­ты қара шашы қайда кеткен?» деген жалғыз ауыз сөзі ғана болды. Осы бір ауыз сөзде біраз сыр барын баласы сонда ғана ұққандай болды. Сурет арқылы  әкесімен «табысқан» Анатолий Қызыл­орда каласы Алтынсарин көшесіндегі мекенжайға  хат жаза  бастады.

Қызылордадан алғашқы хатты Мира бауыры жазып­ты. Ол әкесі Әментай мен Әнипадан тоғыз қыз бар екенін айтыпты. 1992 жылы әкесі, ал анасы Әнипа одан бұрын о дүниелік болыпты. Арада екі апта өтер-өтпесте бауыры Рима телефон шалып, Германияға конаққа келе жатқанынан хабардар етеді.

Елуден асып, жігіт ағасы болған шақта бауыр­ларымен қауышқан жат елдегі жігіттің әңгімесін осы жерден үзе тұрайын. Қазақстанға, одан Қызылордаға келген, Қоғалыкөлдегі ағайынмен қауышқан қуаныш­ты сәттер, қазақ қызымен отау тіккен бақытты шақтар жайлы бір киноға жүк боларлық әңгіменің жалғасын уақыты келгенде Анатолий Әментайұлының  өз  естелігінен  оқып  білерсіздер.

Қолға қалам алып жазу әдетке айналғалы ел аралап, сөз білетін жандармен жанасқым келіп тұрады. Сөз білетіндер де азайған мына заманда ел асып, ізді індетпеген жанға іздегені табыла бермейді. Сондай жоқ іздеп, ел кезіп жүрген бір сапарымда Айдарлы ауылына жолым түсті. Осы сапарда Айдарлы ауылында тұратын қазыналы қарт Қалдыбек Айтбайұлы «Айдарлы» атты кітабын қолтаңба тілегін жазып сыйға беріп еді. Айдарлы ауылының тарихы жазылған бұл кітапта біздің кейіпкеріміз Әментай Нұралиев  жайлы  жазылған  екен.

«1950 жылы «Айдарлы», «Ақарық», «Кұмшығанақ», «Қызылту» колхоздары бірігіп, Амангелді атындағы  колхоз  болып  қайта  құрылды.  Орталығы – Айдарлы елді мекені. Төрағалыққа осыған дейін әскери қызметте жүрген капитан Әментай Нұрәлиев сайланды. Колхоздың алыс бөлімшелерінде жүріп орыс тілінде әйеліне хат жолдайтын көрінеді. Хат тасушы адам жолай бұл үйіне не айтпақшы екен деп қараса, түсініксіз тілде жазылған. Орыс тілінен бейхабар хат әкелуші оны елге: «Біздің басқарма неміс тілінде жақсы біледі екен, әйеліне хатты сол тілде жазады» деп таратса керек. Жұрттың барлығы оған ерекше адам ретінде карайтын. Шынында да олар ауыл адамдары сияқты күн көзіне тотықпаған, бет әлпеті жылтыраған аппақ, келбетті жан болатын. Колхоз бұрынғыдай шағын бір ауыл емес, ана басынан мына шетіне шыққанша атпен жүрген адам араға бір түнеп зорға жететін көлемі үлкен ауыл еді» деген жолдарды оқып, кейіпкеріммен қайта  қауышқандай  болдым.

Жұмабай  БАЙЗАҚҰЛЫ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: