Ги де Мопассан
Менің Вирелонада болмағаныма он бес жылдан асыпты. Осы жерде тұратын Серваль досыма күз уақытында аң аулап қайту үшін соққанмын. Ол осы жерде пруссактар қиратып кеткен үйдің орнына жаңасын салмақшы еді.
Мен осы жерді ес-түссіз ұнаттым. Жер бетінде көзді де, кеудеңді де қуантатын жерлер болады. Мұндай орынды жан-тәніңмен де жақсы көргің келеді. Жерге байланып қалған мына біз білетін ормандарымыз, жылға, таулар мен қыраттарымыз бар. Біз оларды қуанышты сәттеріміздегідей сүйсініп еске аламыз. Тіпті, мынадай да жағдай болады. Шағын орман немесе гүлге оранған бақты көрсең, соның өзі есіңде ұзақ сақталып қалады. Бұл өзі көшеде құлпыра киініп, кездесіп қалған әйел сияқты. Оны жаныңмен де, тәніңмен де қалайсың. Ал ол саған қарамай өтіп кеткен бақыттың өзі сияқты.
Маған Вирелонаның барлық жері ұнайтын. Жазықтағы тоғайлар адам бойындағы тамырлар секілді. Оларды басып өтетін жылғалар – бәрі әдемі. Бұларда шаян, жыланбалық, ақ шабақтар сайран салып жүреді. Жер бетіндегі жұмақ!
Бұлардың кейбір тұсында суға шомылуға болады. Ал жағасындағы қалың шөптің арасынан күліктерді (құс) кездестіріп қаласыз. Мен таутекеше жеңіл қозғалып келе жаттым. Алдымда екі итім озып кеткен еді. Серваль жүз метрдей жерде жоңышқа өскен жерді қарап жүр. Содрей орманының шекарасы саналатын тізіліп өскен бұталарды айналған кезде қираған лашық үйді көрдім. Есіме осы лашық үй түсті. Оны соңғы рет 1869 жылы көрген едім. Тап-таза аула, жүзімдік жайқалып тұрды. Айналасында тауықтар жайылып жүрген болатын. Сол үйдің қирағанын көруден асқан қасірет жоқ шығар.
Сонымен қатар, тағы бір жайт есіме түсті. Осындай мазасыз күндердің бірінде үй иесі – кемпір бір стакан шарап берген. Серваль жолай маған үй иелерінің басындағы жайды айтып берді. Браконьер әкесі жергілікті тәртіп қорғаушыларының қолынан өледі. Сылыңғыр келген бір баласы болатын. Мен оны да көргенмін. Ол да осы аңдардың қас жауы еді. Бұларды соваждар деп атады (соваж – жабайы деген сөз. – Б.М.). Бірақ бұл фамилия ма, лақап аты ма, анығын білмедім. Сервальды шақырып алдым. Ол өзінің қаздаңдаған жүрісімен жаныма таяп келді.
– Бұл үйдің иелеріне не болды? – деп сұрадым мен.
Оның айтқан әңгімесі мынау еді.
***
Соғыс басталған кезде кіші Соваждың жасы отыз үште еді. Ол соғысқа еріктілер қатарында кетті. Үйде анасы жалғыз қалды. Жұрт кемпірді онша аяй қойған жоқ. Өйткені оның жағдайы онша жаман емес-тін. Сонымен, кемпір деревнядан жырақта, орман шетіндегі осы үйде жалғыз қалған еді. Бірақ кемпірдің өзі де онша саса қойған жоқ. Бұл бойы ұзын, сүйегі ірі, күйеуі сияқты қайратты кемпір еді. Онша күле бермейтін, орынсыз қалжыңды да жақтырмайтын.
Негізі, шаруа әйелдер көп күле бермейді. Мұндай нәрсе еркектерге-ақ бұйыра қойсын. Ал әйелдердің жаны өздерінің өмірі сияқты мұңды да тұйық болады. Сондықтан да олардың жүзі қатал, түнеріңкі боп келеді. Бұлардың жүздері күлкіні ұмытқан.
Кейуана Соваждың өмірі өзінің ретімен өтіп жатты, шағын кішкентай үйін қар басып тастады. Ет пен нан сатып алу үшін деревняға аптасына бір рет барып тұрды. Сосын кідірмей қайтатын. Маңайда жортқан қасқырлар туралы да әңгімелер шығып қалатын. Сондықтан иығына ұлының мылтығын іле салатын. Бұл мылтықтың құндағы желіне бастаған, аздап тот басқан. Осы мылтықпен шыққан кезде қызық көрініс болатын еді. Сәл еңкіш тартқан, басындағы қара орамалдың қасынан мылтықтың ұңғысы көрініп, самайына ақ түскен, асықпай адымдап келе жатқан кемпірді көз алдыңызға елестетіңіз. Міне, енді пруссактар келген күн де жетті. Оларды деревня ішіне, әркімнің шамасына, жағдайына қарай бөліп орналастырды. Кемпірдің тұрмысы жақсы болғандықтан бұл үйге төрт неміс жайғасты.
Бұлар көздері көкшіл, денелері аппақ, жол азабына қарамастан ірі, сымбатты жігіттер болатын. Жеңімпаз бола тұра, дандайсымай тыныш жүретін жандар еді. Кемпірдің үйіне тұрақтағаннан кейін олар осы кемпірдің көңілін табуға тырысатын. Таңертең ертемен тұрып құдық жанына барып үстеріне су құятын. Бұл кезде Соваж кемпір тамақ дайындап жатады. Бұдан кейін олар үстел үстін жиыстырып, бөлме ішін сыпырып немесе картоп аршып, отын жарып тастайды. Қысқасы, бұлар кемпірдің төрт ұлы сияқты еді.
Бірақ бәрібір кемпір өзінің туған ұлын есінен шығармады. Оның дөңестеу келген мұрыны, қара мұрты, ұзын келген бойы көз алдынан кетпейтін. Осылармен бірге болған кезде үнемі сұрайтын:
– Жиырма үшінші француз жаяу әскерін білесіңдер ме? Менің онда ұлым бар.
– Білмейміз, білмейміз, – деп жауап береді олар. Олардың да үйлерінде аналары қалған. Сондықтан да ана жүрегін түсінетін. Тіпті, кемпірдің өзі де өзінің бұл төрт дұшпанына онша бөтен қараған жоқ. Ал патриоттық сезім деген жоғарғы топқа тән нәрсе. Ал шаруа топқа ол жат. Жоқ-жұқа адамдарға жат болатыны, олар кедей. Ал олардың бұларды тобырымен жоятыны, олар көп. Ал соғыстан зардап шегетіндердің көбісі әлсіз болады. Сондықтан да бұл әлсіз топқа, олардың саяси есебі, тағы басқа мәселелері түсініксіз. Тек бір нәрсе анық; жеңілгендерге де, жеңімпаздарға да пайдасы жоқ.
Соваждың үйінде тұратын немістерді деревняда «жолы болған адамдар» дейтін. Бірде таңертеңгілік үйде жалғыз еді. Алыста жазық даламен келе жатқан бір адамды көрді. Бұл адам мұның үйін бетке алып келе жатты. Жақындап келген кезде оны таныды. Бұл адам осы деревняның пошташысы болатын. Ол хатты үнсіз ғана кемпірге ұсынды. Кемпір іс тіккенде киетін көзілдірігін алып киді де, оқи бастады:
«Соваж ханым! Осы хат арқылы сізге қайғылы хабарды жеткіземін. Кеше сіздің ұлыңыз Викторға ядро оғы түсіп, мерт болды. Біз үнемі бірге жүретінбіз, оқ түскен кезде қасында болдым. Ол маған сізді хабардар етуді өтінген болатын. Соғыс біткесін сізге тапсыру үшін қалтасындағы сағатты алып қойдым. Оны сізге әкеп тапсырам. Сізге деген құрметпен Сезар Риво, 23-ші жаяу әскер полкінің екінші разрядтағы жауынгері».
Хат жолда үш апта жүріпті. Кемпір жылаған жоқ. Тек қозғалмастан «Міне, енді Виктор да жоқ» деп ойлады. Сосын бірте-бірте көзі жасаурай бастады. Одан соң жүрегін бірдеңе тырнап өтті. Миына бірінен-бірі өткен сұмдық ойлар келіп жатты. Енді ол ешуақытта ұлының бетінен сүйе алмайды. Ешқашан оны көрмейді. Тәртіп сақшылары әкесін, пруссактар баласын өлтірді. Ядро оғы денесін екіге бөліпті. Кенет ананың көз алдына баласының басы жоқ, көзі ашық, ренжіген кездегідей мұртын тістелейтін түрі елестеп кетті. Оның денесін қайда жіберді екен? Маңдайына қадалған оғымен бірге күйеуінің де мүрдесін беріп еді ғой, мұны да бермес пе екен?
Осы кезде сырттан дабыр естілді. Бұл деревнядан оралған пруссактар болатын. Хатты асығыс қалтасына салды да, алдарынан шықты. Түрінде еш өзгеріс жоқ. Көзін әлдеқашан құрғатып сүрткен. Немістердің қолында семіз үй қояны, өздері мәз-мәйрам, әрине, бұл ұрлап алынған қоян еді. Кемпірге керемет тамақ болатынын ыммен мегзеп қояды.
Кемпір тамақ дайындауға кірісіп кетті. Бірақ мәселе қоянға тірелген кезде оны бауыздауға дәті бармады. Әйтпесе, мұндай тірлікті талай істеп еді ғой! Бір солдат жұдырығымен бір-ақ ұрып өлтіре салды. Кемпір қоянның терісін сыпырып жатқан кезде қолындағы жылы қан бірте-бірте суып, ұйып жатты. Бойын діріл биледі. Көз алдынан қансырап денесі екіге бөлінген баласының елесі кетпеді.
Ол осы пруссактармен бірге дастарқанға отырды. Бірақ аузына бір түйір ет салған жоқ. Немістер кемпірге назар аудармады. Сәлден соң тамақты түгел жеп қойды. Кемпір оларға көзінің астымен үнсіз қарап отырды. Миында бір жоспар туындап келе жатты. Бірақ бет-әлпетінен ешнәрсе білінбеді. Сондықтан олар ештеңе байқамады.
Ол күтпеген жерден былай деді:
– Біздің бірге тұрғанымызға бір ай болды. Ал мен сендердің есімдеріңді әлі білмеймін. Олар кемпірдің не айтқысы келгенін бірден түсінді. Бәрі өздерін таныстырып шықты. Бірақ кемпірге бұл аз еді. Ол қағазға аттарына адрестерін қосып жазғызды. Содан кейін көзілдірігін киіп, жазуды мұқият оқыды. Қағазды бүктеп қалтасына салды. Бұл қалтада баласының өлгені туралы да хабар болатын. Немістер тамақтанып болғаннан кейін былай деді:
– Барып, сендердің қамдарыңды жасайын.
Сөйтті де шатырдың төбесіне сабан таси бастады. Олар бұған таңғалған еді, кемпір:
– Бұл жылы болу үшін, – деді.
Енді солдаттар да сабан таси бастады. Сәлден соң сабаннан жасалған шағын бөлме пайда болды. Сабанның көп тасылғаны сонша, ол шатырдың төбесіне тиіп тұрды. Бұл жерде ұйықтасаң шынымен керемет болар еді. Түскі ас кезінде кемпірдің тағы тамақ жемей отырғанын біреуі байқап қалды. Кемпір өзіне шаншу қадалғанын, мазасы жоқ екенін айтты. Одан кейін ол от жақты. Ал төрт неміс сүйеулі тұрған сатымен төбеге шығып, ұйықтауға кетті.
Төбеге шығатын тесік жабылысымен, кемпір сатыны алып тастады. Содан кейін сыртқы есікті сықырлатпай ашты да, сабанды осы жерге таси бастады. Дыбыс шықпас үшін қардың үстімен жалаңаяқ жүрді. Оқта-текте ұйықтап жатқан төрт солдаттың қорылына құлақ түріп қояды.
Дайындық әбден бітті-ау деген кезде бір құшақ сабанды ошаққа әкеп тастады. Бұл сабан әбден жанған кезде жан-жағындағы сабандардың үстіне шашып тастады. Содан соң сыртқа шығып қарап тұрды. Лашықтың іші жап-жарық болып кетті. Әп-сәтте лаулаған жалынға айналды.
Осы кезде жоғарыдан, шатыр ішінен жантүршігерлік айғай естілді. Бұл дауысқа басқа дауыстар қосылып азан-қазан болды. Бұл ажал алдындағы жанталас секілді еді. Осы кезде үйдің төбесі гүрс етіп ортасына түсті. Жалын шатырға қарай өрмеледі. Одан әрі шатырдың төбесіне ұмтылды. Ал лашық түгелдей от құшағында жатты. Ішіндегі лаулап жатқан өрт гуілдеп жануда. Қабырғалар сатырлап, өрлік ағаштар құлап түсіп жатыр. Енді шатырдың ең жоғарғы бөлігі құлап түсті. Жалынмен бірге түтін аралас ұшқын бұрқ етті. Жалынның сәулесі түскен жазық дала күміс секілді ақтаңдақ түспен, қызыл жалынмен араласып жарқырап тұрды.
Алыстан қоңырау дауысы естілді. Кейуана өзінің ойраны шыққан үйіне үнсіз, мелшиіп қарап тұрды. Қолында ұлының мылтығы бар еді. Оны оттың құшағынан жүгіріп шыққан неміс болса, атып тастау үшін алған.
Бәрі ойындағыдай болғасын мылтықты отқа татай салды. Ол гүрс ете қалды. Жан-жақтан адамдар жүгіріп келе жатты, бұлар тұрғындар мен пруссактар еді. Кемпір бұлар жүгіріп келген кезде сабырлы, өзіне риза кейіппен ағаштың түбіртегінің үстінде отыр еді.
Неміс офицері кемпірден:
– Сіздің үйдің тұрғындары қайда? – деп сұрады таза француз тілінде.
Кемпір қолдарын қып-қызыл болған шоқтың үйіндісіне қарай созды да, нық дауыспен жауап берді:
– Анда, үйіндінің астында!
Жұрт үймелеп, жиналып қалған еді.
Пруссак тағы сұрады:
– Үй қалай жанды?
– Өзім от қойдым, – деді кемпір.
Жұрт бұған сенген жоқ. Күйініштен есі ауысып кеткен болар деп шешті. Енді кемпір қалай болғанын басынан бастап айта бастады. Хат келгенін, одан бұлардың өрт ішінде қалай жанталасып, қалай шыңғырғанын айтып берді. Өзінің қандай сезімде болғанын да ұмытқан жоқ. Осыдан кейін қалтасынан екі қағаз алды. Сосын көзілдірігін алып киіп, сөнуге айналған оттың жарығына тосып үңілді де:
– Мынау Виктордың өлімі туралы, – деді.
Енді екінші қағазды көрсетіп, иегімен шоқтың үйіндісін нұсқап:
– Мынау аналардың аттары, үйлеріне хабар беру үшін, – деді.
Өзін иығынан ұстап тұрған офицерге қағазды ұсынды да:
– Қалай болғанын түгел жазыңыз. Мұны істеген мен, Виктуар Симон, лақап аты Соваж деп ескертуді ұмытпаңыз, – деді.
Офицер неміс тілінде бірдеңе деп бұйрық берді. Кемпірді ұстап, қабырғаға тақап тұрғызып қойды. Ал үйдің қабырғасы әлі толық жанып болмаған еді. Содан кейін он екі солдат жиырма қадамдай жерге барып тұра қалды.
Кемпір қозғалған жоқ, тек күтіп қана тұрды.
Мылтықтың дауысы бұйрықпен бірдей гүрс етті. Тек бір ғана мылтықтың дауысы сәл кешігіп шықты.
Кемпір құламады. Тізесі бүгіліңкіреп барып отырып қалды.
Офицер оған жақындап келгенде кемпірдің сау-тамтығы қалмаған еді. Қолындағы хат қанға боялып қалыпты.
Серваль досым әрі қарай:
– Міне, осылардың есесіне немістер менің де иелігімдегі үйімді қиратып тастады.
Мен осы жерде жанып кеткен төрт жігіттің аналарын, осы жерде атылған мынау ананың қатігез ерлігі туралы ойладым.
Сосын жерден әлі күйесі кете қоймаған тасты қолыма алдым.
Аударған Бақтияр МЫРЗАШ,
Сырдария ауданы
30 қараша, 2018 жыл.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!