Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім саласы: ӘДІЛДІК пен ӘДЕПТІЛІК КЕРЕК

01.02.2024, 11:20 484

Аймақта білім саласындағы мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Ең күрделі һәм көңіл бөлу қажет сала осы болса да оған шындап кіріспеген едік. Өйткені мәселе болады, оны ары кетсе 1-1,5 ай ғана назарда ұстап, сонан кейін «жайына қалдырамыз». Сөйтіп күрмеуі қиын мәселелер сол тастай түйінімен тұрған еді. Жақында облыстық білім басқармасына басшы болып тағайындалған Асқарбек Есжанов бұл түйткілдің түйінін тарқатуға, мәселені шешуге барын салатынын айтқан. Жалпы, білім саласы былықтан арылмағалы қашан?! Оған тоқтау қоймаса, күрделі дүние шиеленісе береді. Осы мәселелер ескеріліп, апта басында Нартай Бекежанов атындағы драма театрында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  және  салаға қатысты барша басшының  қатысуымен «Білімді ұрпақ. Адал адам. Өркениетті қоғам» атты білім  саласының  кеңейтілген мәжілісі  өтті.

 Жиында саладағы салмақты мәселелер қаралып, қоғамның жанын қайыстыратын, өткір дүниелер ашық айтылды. Оның ішінде ҰБТ тапсырып жүрген оқушылардың білім деңгейінің төмендігі, кадр тарту кезінде әлі де көлеңкелі қылмыстың болатындығы, оқушы мен мұғалім, директор арасындағы әдептің сақталмай, соңы зорлық-зомбылық, күш көрсетуге алып кеп жатқандығы, мектептегі ерте жүктілік салдары, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың артуы және басқа да «іріңдеген» істерге тоқталып, оның шешімі қандай болатынына назар аударды. Толығырақ тарқатайық.

Аймақ басшысы білімді дамыту, ұстаз­дарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау, бала өмірі мен қауіпсіздігі қашанда маңызды екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші Ұлттық құрылтайда «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің де ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаз­дардың  міндеті»  деген  болатын.

Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсініп, сол себеп­ті, ұстазды ерекше қадірлеген. Бүгінгі күні педагог – ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Ұстаздарымыз осы талап үдесінен шығуы тиіс, – деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Саланың биылғы бюджеті 291 млрд теңгені құрап, екі жылда 67%-ға артқан. Бюджет 2021 жылы – 174 млрд теңге,     2022 жылы – 206 млрд теңге, 2023 жылы 278 млрд теңге немесе облыс бюджетінің 44,8  пайызын  құрағанын  мәлімдеді.

– Жыл көлемінде білім саласына бөліне­тін қаржы көлемі едәуір ұлғаяды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бас­тамасымен «Педагог  мәртебесі туралы» арнайы Заң  қабылданды. Соңғы  төрт  жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. 2020 жылы сала қызметкерлерінің табысы орта есеппен 215 мың теңге, 2024 жылы 430 мың теңге болды. 2023 жылғы қыркүйек айынан балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 па­йызға көбейді. Бұл – ұстаздарға деген айрықша құрмет, білім саласына жасаған ерекше қамқорлық, – деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Аймақтағы білім беру саласының жай-күйі тура­лы облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндап, салаға серпін қажет екенін тілге тиек етті. Әрі алдыға қойылып отырған жүйелі жоспарымен бөлісіп, өткен жылдың қорытындысы  сараланды.

– Қазіргі қоғамдағы мектептің алдында балалар білім алып, оқуын тамамдаған соң аттестат бере­тін мекеме ғана емес, ересек өмірге қадам басатын түлектері үшін бірдей мүмкіндік жасап, бәсекелес­тік жағдайында өз артықшылықтары болатындай дағдыларды барынша меңгерту талабы тұр. Жалпы оқушылар контингентінің қалыптасуы бойынша жыл сайын өсім байқалуда. 2022 жылмен салыстырғанда оқушы саны артты. Тиісінше мемлекеттік мектептер желісі, жекеменшік мектептер көбейді. Өткен жылдың қорытындысымен, жалпы орта білім беретін мектептердің рейтингісі жасалды. Рейтингте білім сапасы, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы, оқушылардың олимпиада, ғылыми жоба, спорттық сайыстардағы нәтижелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыс­тардың  тіркелуі, педагогтардың кәсіби байқаулар мен сайыстардағы жетістіктері сарапталған, – деді ол өз  баяндамасында.

Асқарбек Темірбекұлы мемлекет тарапынан барлық білім беру ұйымдарына теңдей мүмкіндіктің жасалып жатқандығы жайында айтып, нәтиже көрсетпеген мектеп басшыларының тиімділігіне бағалау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Соны­мен қатар, лицей, гимназиялардың жұмысына жан-жақты талдау жасалып, нәтижесі төмен мектептердің статусына қатысты нақты шешімдер қабыл­данатынын  мәлімдеді.

– Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігі – білім беру сапасы көрсеткішінің негізі. Алдағы уақытта бала тәрбиесімен айналысатын педагогтардың сапалық құрамына ерекше назар аударамыз. Облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Бұл өз кезегінде ұстаздарымыздың белгілі бір деңгейге жетіп, соны қанағат тұтып, ары қарай ізденбей, жеткен жетістігіне тоқмейілсіп, одан әрі кәсіби даму­ды мақсат етіп қоймауының салдары, – деді білім  басқармасының  басшысы.

Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша өткен жылы мектепті 8051 түлек аяқтап, оның 7219-ы немесе 89,6 пайызы тестілеуге қатысты. Қорытындысымен білім беру гранты конкурсына қатысқан 6418 талапкердің 77,5 пайызы немесе 4973 түлек грант иегері атанды. Биылғы жылы қаңтар айында басталған ҰБТ-ға 7340 түлек қатысуда. Ғылым және жоғары білім министрлігімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, аймақта 5 тестілеу пункті ұйымдастырылған. Соның ішінде, Арал қаласынан жаңа тест тапсыру орталығы ашылған. Аймақтың бас ұстазы қазіргі ахуалды толықтай дерлік баяндап, қажеттіліктерді  қосымша  тағы  айтатынын  жасырмады.

– Аймақтағы орта білім беру ұйымдары оқушылар­дың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында, халықаралық зерттеулердің тест тапсыр­малары қамтылған цифрлық платформалармен дайындық жұмыстарын күшейту қажет. Қазіргі уақытта, білім беруді цифрлық трансформациялау жүруде. Бұл тек компьютерлік сыныптарды құру және интернетке қосылу ғана емес, осы арқылы оқу мақсаттары мен білім беру нәтижелерін арттыру, мұғалімдерге оқытудың жаңа әдістерін меңгертуге бағытталуы керек. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Бұл бағытта табысқа жету үшін жоспарлық қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделу керектігін жете түсінуіміз қажет. Алдағы уақытта білім беру ұйымдары психологтарына әдістемелік көмек көрсету мақсатындағы облыстық психологиялық орталығын ашу аталған олқылықтарды оңалтуға әсер етеді деп үміттенемін. Бүгінгі келелі жиынды пайдалана отырып, облыстық білім басқармасының алдағы уақытта Мемлекет бас­шысы­ның, Үкіметтің және аймақ басшысының білім саласының алдында қойылған мақсаттары мен міндеттерін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жүзеге асыратындығын білдіргім келеді, – деді  Асқарбек  Темірбекұлы.

Облыстық білім басқармасы басшысының баян­дамасынан кейін облыс әкімі күйіп тұрған кейбір дүние назардан тыс қалмай, шешімін табу керек­тігін тапсырды. Әсіресе, ҰБТ тапсыруға сапалы дайындықтың ерекше маңызын, бұл бағытта жүйелі жұмыс қажет екенін баса айтты.

– Білім  сапасының  басты  көрсеткіштерінің  бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Соңғы жылдары білім сапасын арттыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. ҰБТ-ның орташа көрсеткішінің және қатысушылар санының жыл сайынғы өсімі байқалуда. Дегенмен, 2023 жылғы тестілеу қорытындысына қарасақ, оған қатысуы мен орташа балл көрсеткіші төмен  мектептер  бар.

Мысалы, Қызылорда қаласындағы №267 мектепте 8 бітіруші түлектің 8-і де, яғни 100%-ы тестілеу­ге қатысқан, орта балл – 61,6. Арал ауданындағы №60 мектепте бітіруші саны – 7, тестке қатысқаны – 4 немесе 57,1%, орташа балл – 64,2. Жаңақорған ауданындағы №224 мектепте бітіруші – 13, ҰБТ-ға қатысқаны – 10 немесе 77%, орташа балл – 63,8. Қазалы ауданындағы №134 мектепте бітіруші саны – 4, барлығы қатысқан, орташа балл – 60. Аталған мектептердің көрсеткішіне қатысты жан-жақты талдау жасап, мектеп басшыларының жауап­кершілігін арттыруды тапсырамын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі оқушылардың грантқа түсуі ата-ана­лар үшін айтарлықтай жеңілдік екенін ескеріп, бұл жолда ата-аналарды да, пән мұғалімдерін де ес жия  іске  кірісуге  үндеді.

– Мектеп бітіруші түлектердің әрі  қарай өмірде өз  жолын  тауып, жоғары оқу орындары мен кол­ледждерге оқуға түсіп, маман болып шығуы аса маңызды. Орта есеппен бір грантты 800 мың теңге деп алсақ, 2023 жылы 4 973 бала мемлекеттік грант иелен­ген,  яғни,  осы  балалардың   отбасына  3 млрд 978 млн  400 мың теңге инвестиция келген. Бұл дегені­міз – тұрғындар үшін айтарлықтай  жеңілдік, – деді  аймақ  басшысы.

Қазірде педагогтардың оқушыларға көрсетіп жатқан бейәдеп қылықтары саланың салмағын түсіріп, салдарынан ата-аналар баласын мектепке жіберуге қорқатын кезге жеттік. Оны тізбектесек, таусылып бітпейтін статистика мен сандар, жағымсыз әрекеттер жетерлік. Бұл жағдай облыс әкімінің назарында. Алқа отырысында осы мәселелер қаралып, оған шұғыл арада шешім қабылдау керектігі тапсырылды.

– Аймақта  328  мектепте 24531 педагог  бар. Бүгін­гі күні педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптас­тыру үдерісіндегі  ең  маңызды буын. Ұстаздарымыз осы талап үдесінен шығуы тиіс. Дегенмен, соңғы уақытта педагогтар арасында жағымсыз әрекеттерге бару фактілері тіркелуде. Атап айтсақ, Жалағаш, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласында, бұдан бөлек әкімшілікке ата-аналардан түсетін арыз-шағымдар да педагогтар мен мектеп директорларына қатысты үлкен мәселелер барын көрсетеді. Асқарбек Темірбекұлы, педагогикалық әдеп нормаларын сақтау мен мәртебесін көтеру бағытында басқармамен тиісті шараларды қабылдау керек. Шұғыл түрде, кезек күттірмей! Осыған байланысты нақты ұсынысыңыз бар ма? – деді  Н.Нәлібаев.

Әрине, білім саласындағы, оның ішінде мектептегі бейәдеп қылық көрсететін ұстаздар мен оқушылар әрекетін ақтауға жатпайды. Бірақ, бұл жайттар ендігі уақытта болмауы үшін жұмыс істелетінін жеткіз­ді  облыстың  бас  ұстазы.

– Әріптестеріміздің бейәдеп қылықтары үшін ұятты­мыз. Педагогтардың моральдік-әдептік нормаларын қатаң қадағалау мақсатында білім беру ұйым­дарындағы «Әдеп кеңесінің» іс-шаралар жоспарын  қайта  бекітіп  жатырмыз, – деді  А.Есжанов.

Мектеп қабырғасында жүріп, ұстазынан, мектеп директорынан, үлкен сыныптағы балалардан қысым, жәбір көрген жасөспірімдерге психологиялық қолдау  орталығы  ашылатыны  айтылды.

– Өкінішке қарай, кейбір мектепте жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік, зорлық көрсетуі, суицидке баруы тіркелуде. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізіп, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Олардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтыратын кез келген жағдайға тосқауыл қоюымыз қажет. Өткен жылы қыркүйек айында «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылды. Биыл облыс орталығынан Психологиялық қолдау орталығы өз жұмысын бастайды. Жаңа орталықтар жұмысы балалардың ой-танымын арттыруға, спорттық қабілетін шыңдауға, жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіздіктің алдын алуға  бағытталуы  тиіс, – деді  облыс  әкімі.

Айтпақшы, мектептегі мәселе мұнымен бітпейді. Қолы бос оқушы бос кезінде әлімжеттік жасауға бейім болады. Әрине, көрген-білген ортасына байланысты. Соңында қылмысқа барып, істі болып жатады. Аймақта ондай да жасөспірімдер жоқ емес. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық құрып, және тұрғын жайдан тыс жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттамалар толтырылыпты. Және 7 ата-ана сот құзы­рымен құқығынан айырылса, тағы да 7-еуінің құқығы шектелді. Девиантты мінез-құлықты 5 жас­өспірім  мектеп-интернатына, ауыр қылмыс жаса­ған 3 кәмелетке толмаған Абай облысындағы ерекше режимдегі жабық интернатқа орналас­тырылды.  Жасөспірімдердің  жаға  ұстатар жағдайын тізсек, мұны­мен бітпейді. Ол да бақылауға алуды қажет ететін күрделі мәселе болып отыр. Бұл туралы облыс­тық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-мойоры Махсудхан Аблазимов  мәлімдеді.

– Облыс көлемінде қабылданған шараларға қарамас­тан, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар  саны  артты. Өткен  жылы  аймақта  68  қылмыс жасөспірімдермен жасалды, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24-і – орта мектеп оқушысы, 52-сі – колледж студен­ті, 8-і – жұмыссыз, – деп атап өтті департамент  бастығы.

Олардың алдын алу бағытында тұрақты түрде «Бала-Заң-Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Мектеп» жедел профилактикалық шаралары және «Мен және менің поли­цейім», «Абайлаңыз, балалар!» акциялары өткізілген. Соны­мен қатар күнделікті «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері жүргізіліп жатыр. Профилактикалық шараларды күшейту нәтижесінде 6521 құқықбұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 306 жасөспірім бейімдеу орталығына орналас­тырылса, 345 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтыры­лыпты.

– Кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-­сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 кәсіпкер, оларға  темекі  бұйымдарын  сатқан 9 дүкен ие­сіне әкімшілік хаттамалар рәсімделді. 186 жас­өспірім және 121 міндеттерін орындамаған ата-ана полиция­ның  есебіне  алынды, – деді полиция  генерал-­майоры.

Махсудхан Нұғманұлы жасөспірімдерге арнал­ған үйірмелер, олардың қауіпсіз ортада уақытын пайдалы өткізуіне және дамуына мүмкіндік жасау­ға, одан  бөлек  құқықтық  мәдениетті, қоғам алдындағы жауапкершілікті  сезінуді дамытуға бағытталған арнайы білім беру және кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға, олардың ата-аналарына психологиялық көмектесуді қамтитын оңалту бағдарламаларын әзірлеуге ұсыныс енгізіп және алдағы уақытта да мүдделі құзырлы органдар бұл бағытта бірлесіп, жүйелі  жұмыс  істейтінін  хабарлады.

– Педагогтарды қызметке тағайындаудың арнайы қағидасы бекітілгенмен Қызылорда қаласында 26 мектеп директоры 50-ден астам педагогты конкурссыз жұмысқа қабылдаған. Осы мектептерге жеке-жеке талдау жасау керек. Заң көтеретін болса, іс те қозғаймыз. Ешкім ренжімейді оған. Өйткені, айтылған. Бұл мұның артында басқаша жағдай тұрғанын білдіреді. Неге тәртіпке сәйкес конкурспен жұмысқа алмайды онда? №173 мектепте 2021 жылы жұмысқа қабылданған қызметкерлердің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылған, 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалғаны және соның сот үкімімен 2022 жылы жойылғандығы белгілі болды. Жалған дипломмен жұмыс істеген педагогтарға айтар сөзім жоқ. Өзі жалған диплом сатып алады, балаларымызға сабақ береді. Оны біліп тұрып, мектеп басшысы соған жол береді. Артында үлкен күмән  тұр, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аталған деректер бойынша терең зерттеу жүргізіліп, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады. Жағдайдың алдын алу бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Облыстық полиция департаментінің бастығы алдағы уақытта өз жауапкершілігіне алып, бақылайтын  болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, құқықбұзушылыққа баратын балалар сабақтан кейін бірыңғай бос болып, ештеңемен айналыспайтынынан болып отыр. Оларға мектепте түрлі үйірмелер, клубтар ашып, соған қатысуын қамтамасыз ету керек. Бос уақыты болмай, барын сол өнер-білімге арнаған баланың біреуге қол жұмсамақ түгілі қоқан-лоққы, күштеп ақша бопсалау деректері тіркелмейтінін айтты аймақ  басшысы. Сол үшін мәдени жұмыс­тарды  бастау   керектігі   тапсырылды.

Баланың тәрбиесіне тек мектеп ғана  емес, ата-ана  да жауап береді. Сол үшін мектепке қатыс­ты ұйымдар­дың  өкілдері  түгел  қатысты.

– Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуын, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын  келеңсіздіктерді  түбірімен жоюымыз қажет. Сондықтан осы жиынға облыстық полиция департаменті арнайы шақырылды. Мемлекет басшысы: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы  керек»  деді.

Бүгінгі мәжіліске әр ауданнан ардагерлер, қоғамдық кеңес, әйелдер кеңесі төрағалары мен өкілдері арнайы шақырылды. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Оқушылар мен жастарымызға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді болуы тиіс. Бұрынғыдан бізге жеткен «жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деген сөз бар. Бұзақылықтың себебінің  бірі – бос уақыттың көп болуында. Ювеналды  полиция  бөлімшесі  жұмысының  тиімділігіне  жан-жақты  талдау  жасалу  керек, – деді  облыс  әкімі.

Күні кеше республикалық телеарналардан Сырда­рия  ауданының 11-сынып оқушысы Асылжан  Абдуллаевтың  жасанды  интеллектті  алғаш  болып қазақша сөйлеткені туралы ақпарат жария­ланды. Бұл жайында  облыс әкімі де ауыл балалары мен  мектеп оқушыларын осындай жетістіктерге талпынуға  бақытталған  жұмыстарды істеуге шақыр­ды.

– Ауыл баласының ұшы-қиыры жоқ интернет кеңістігіне жаңашылдық әкелгені көпті таң қал­дыр­ды. Мектепті биыл тамамдайтын жас технократқа қазірдің өзінде еліміздегі 3 жоғары оқу орны – Астана ІТ университеті, СеулТех университетінің Қызыл­орда қаласындағы филиалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылор­да университеті грант ұсынуда. Бүгінгідей мүмкіндіктер дәуірінде біздің жеткіншектеріміздің жарқырай көрінетініне, биіктерге ұмтылатынына ұстаздар да, ата-аналар да, бәріміз сенім артамыз, қолдау көрсетеміз. Барлық бала Асылжандай жас өнертапқышқа, Қызылорда қаласында құдыққа түскен екі жастағы сәбиді құтқарып қалған Арман Аманжоловтай  патриот ұлдарымызға қарап, бой түзеуі  керек, – деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Мұғалімдер өзінің жеке құндылықтарын сақтай білуі тиіс. Бұл жайында облыстық мәслихаттың төрағасы  Наурызбай  Байқадамов  айтты.

– Мұғалімдер үнемі бекітілген этикалық ережемен өзінің жеке құндылықтарын салыстырып отыруы тиіс. Басшының талабын менің соңыма түсіп алды деп түсінетіндер жетерлік. Әрине, басшының субъективті ойын да жоққа шығара алмаймын. Шын мәнінде мұғалім боламын дейтін адам шамданбай, қателікті түзеуге, шыңдалуға күш салғаны дұрыс. Білім саласын зерделеу жөнінде әлемде алдыңғы орын алатын Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша мектеп басшысы нашар мұғалімді жұмыстан шығарып, жақсыларын қолдаса, ел экономикасына едәуір пайда келтіретіні дәлелденген. Мынадай зерттеу болған: жоғары санаттағы 20 пайыз үздік мұғалім қатарына кіретін ұстаз сабақ берген бала мен соңғы қатардағы 20 пайызға кіретін 8 жастағы баланың білім деңгейі­нің 3 жылдан кейін айырмасы 53 пайызды құраған. Ал Америкада алғашқы 10 үздікке кіретін мұғалімнің оқушылары, соңғы 10-дыққа кіретін мұғалімнің оқушыларынан үш жылдан кейін 2 жылға озып кеткен. Бұл мұғалімнің құдіреті мен қасіретін білдіреді. Жаңағы ПИЗА, ҰБТ қорытындыларына қарап, басшыға да, мұғалімге де баға беруге болады. Әлеуметтік желіде аттестация, т.б. бақылауларға байланысты қарсылық шуларды көріп-біліп жүрміз. Ондайда, өз отбасына үлгі бола алмай жүрген «белсенділер» айғай­ға айтақ қосып жатады. Неге өзіңе сенімді болсаң, аттестациядан қорқасың? Бүгінгі жиынның бірінші түйіні, ұстазы  мықтының ұстанымы мықты. Рес­пуб­ликалық  директорлар кадрлық резе­рвіне үш жүзден астам кандидаттан 11-і ғана өтті дегенді естідім. Рас болса, айтуға да, естуге де ұят екен. Мұғалімдермен сөйлескенде, сабаққа қатыспайтын, қатысса да кәсіби талдай  алмайтын  мектеп басшылары тура­лы да айтылады. Ол – формалды басшы. Өйткені тек заңмен немесе айғаймен педагогикалық ұжымда  шынайы  бедел  жинай  алмайтынымыз анық.

Мен  көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, жаңағы  айтылғандардың  ішінен өзін көрген әріп­тестер  болса, ойланар деп  сенемін. Білім саласын­да жақсы басшы болам десең, танысыңа емес, білігіңе сен. Болмаса, жұмыстан кетуден ұялма. Бұл – екінші  түйін.

Ата-аналарға  айтарымыз. Бәрі де өткінші.  Адамның табиғи міндеті – Құдай берсе, артында сана­лы  ұрпақ  қалдыру. Уақытында  берілмеген  тәрбие түбінде балаңызды бақ емес, сорыңызға айнал­дыруы әбден мүмкін. Ең ауыр жаза – тәрбиесіз ұрпағың үшін ешкімнің алдында ақтала алмайтындығыңда.  Сонымен  өмір сүретін боласыз. Үшінші түйін: тәрбиелі балаң – бағың, тәрбиесіз балаң – сорың, – деді Наурызбай Сейтқалиұлы.

Келелі жиында талданған тақырыптар мен өзекті мәселелер алдағы уақытта шешіліп, өз нәтижесін береріне сенейік. Өйткені, облыстық бюджеттің жартысына  жуығы  осы  білім саласына арналып жатыр. Түрлі мектеп салынып, оқушылардың ең жайлы ортада ізденісін арттыруына зор мүмкіндік қарастырылып келеді. Аймақта білім саласындағы ауыз толтырып айтатын жетістіктер аз болмады. Деген­мен, мәжілістің мақсаты бұл емес, мәселелердің түйінін тарқату болды. Сондықтан, алдыға көптеген міндет қойылып, межеге  жетуге  күш  салына­тыны  айтылды.

ТҮЙІН. Қазақ не десе де, тауып айтқан ғой. «Дәрігердің қателігі – жердің астында болса, ұстаздың қателігі – жердің бетінде» деген тәмсіл бар. Жердің бетіндегі қателік жердің астындағы қателіктерді арттырады. Бәрі қателеседі. Оны жөндейтіндер аз. Ұстаз өз есімінің ұлылығы мен құрметін шәкірттерінің тәрбиесімен  ғана  сақтап  қала алады. Соны  ұғынған  педагог – ең  мықтысы.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: