Әйел құқығы – соңғы уақыттары маңыздылығын жоймай тұрған, әсіресе елімізде көп көтеріліп жүрген өзекті тақырып. Соңғы жаңалықтар бұл мәселенің ауқымын одан әрі кеңейтті. Нақтырақ айтқанда, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нукенованы өлтіруі қоғамның дүрлігуіне, әйелдер қауымының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы петиция жариялап, араша сұрауына түрткі болды. Бишімбаевтың бұл ісі соңғы бір айдың көлеміндегі жалғыз оқиға емес. Бұдан бөлек Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы 27 жастағы азаматшаны зорлады деген күдікке ілінген. Сонымен қатар, осыдан бес күн бұрын Жамбыл облысында 12 жастағы оқушының 55 жастағы ер адамнан жүкті болып, артынша аборт жасағаны анықталған.
Соңғы оқиғалар легін осы шамадағы ақпараттар жаулады. Бұл – құлаққа шалынғаны. Көбі назар аудармайтын аудандық, ауылдық елді мекендерде тұрмыстық зорлық-зомбылық тіпті қалыпқа айналған. Ол жақтарда кімнің не істеп, не қойып жатқаны ешкімге белгісіз. Ара-тұра әңгімелерінен әйелді ұрып сабасына түсіру секілді дүниелерді естіп, олар үшін бұл нәрсенің қалыпты жағдай екенін байқайсың. Азаматтық қоғамның бір бөлігі – әйелдің бақытты әрі ешқандай үрейсіз өмір сүруі. Осы тұста қазақ қыздарының ахуалы төмендеу болып тұр. Бұл мәселе жөнінде бейбіт 21-ғасырда өмір сүріп жатқан біз түгілі сонау Алаш қозғалысын бастаған зиялы қауым өкілдері айтып кеткен. 1917 жылы Орынборда өткен Алаш Орданың съезінде әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы шешім қабылдап, әйел мен еркектің құқығының тең болуын, әйелдердің өз серіктерін таңдауға ерікті екендігін, жесір әйелдерді күйеуінің туысқандарына еріксіз қосатын әмеңгерлік секілді салт-дәстүрлерге қарсы екендігін заңға енгізген. Осыдан-ақ Алаш қайраткерлері демократиялық батыс принципіне баса назар аударғанын көре аламыз. Батыс демекші, жастар мәселесіне келгенде біз басымызды ала қашатын Батыс Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-та әйел құқығына ерекше назар аударылған. Бұл елдерде феминистік марштар мен митингтер жиі өтіп тұрады. Сәйкесінше, билік те әйелдердің мұң-мұқтажын тыңдап, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен гендерлік теңсіздік, әйелдерге қарсы дискринимацияға қарсы қатаң шаралар қарастырған. Мәселен, 2011 жылы Еуропа кеңесінің министрлер комитетінің шешімімен әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Стамбул конвенциясы» құрылған болатын. Конвенция құрамына 37 мемлекет кіреді. Мақсаты – жаппай зорлық-зомбылық фактілерін тоқтатып, әйелдердің еркін өмір сүруіне мұрындық болу. Германияның Франкфурт қаласында «FHK» қайырымдылық қорының бастамасымен зардап шегушілерге арналған 260 баспана мен 230 арнайы консультациялық орталық ашылған. Бұл орталықта 2013 пен 2018 жыл арасында неміс тілінде және одан бөлек 17 тілде консультация жұмыстары жүргізілген. Ал Италияда жақында ғана тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында заң шұғыл түрде қабылданды. Заңның іске қосылуына себеп болған жағдай – 18 қарашада Альпі тауындағы көлден 22 жастағы Джулия Чеккетидің мәйіті табылған. 11 қараша күні Джулияны бұрынғы жігіті Филиппо Туреттоның тепкінің астына алып жатқанын байқаған бір кісі дереу полицияға хабарласқан. Келесі күні зардап шегушінің ата-анасы құзырлы органдарға оның із-түссіз жоғалғанын айтқан. Дегенмен, оның мәйіті арада бір апта өткеннен кейін пакетке оралған күйі табылған. Медициналық тексеріске сәйкес Джулияның бұрынғы жігіті оған 26 жеріне пышақ сұққан. Джулияның әпкесі оқиғаны «Феминицид» деп атап, халықты наразылыққа шақырған. Наразылық шаралары Италияның бірнеше қаласында, сондай-ақ Мексика, Испания, Франция мемлекеттерінде өтті. Осылайша, Италия парламенті 24 қарашада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заң жобасын әзірледі.
Еліміздегі зорлық-зомбылықтың биылғы статистикасына көз жүгіртсек. ҚР Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, аталған фактор бойынша күніне 300-ге жуық шағым түседі. Соңғы 4 жылдың көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 900-ге жуық адамның өліміне себепкер болған. Құқық қорғау органдарының есебінше күнде зардап шегушілердің 70-90 пайызы полицияға шағымданбайды екен. Бұл фактіні ескере отырып, потенциалды жәбірленушілердің санының көп екенін аңғарамыз. 2023 жылдың шілде айынан бастап 27 мың агрессор қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Еліміздегі әйелдер қауымының осы тұстағы басты қателігі – болып жатқан жайттарды жауапты мамандарға жеткізбей, «ұят» санап жасырын ұстауы. Жоғарыда айтып өткендей, зорлық-зомбылық құрбандарының 70-90 пайызы үнсіздікті жөн көреді. Зорлық-зомбылықтың физикалық зардабынан тыс психологиялық зардабының да бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Осы тұста психология ғылымдарының магистрі, практик-психолог Жайнагүл Мәденова:
– Бұл – бір адамның екінші адамды үнемі басып тастауға тырысуы. Құрбанға өзінің қалағанын жасатып, оның өзіне берер бағасын төмендетуі. Отбасылық жанжалда белгілі бір себеп болады, ал зорлық-зомбылықтың неден басталатынын түсіну қиын. Құрбан өзінің не үшін таяқ жейтінін білмейді, бірақ өзін кінәлі сезінеді, – дейді.
Ал жолдасының басыңқылығына көніп, көкейдегі өксікті іште сақтайтын әйелдер жөнінде:
– Біріншіден, жақындары мен қоғамның абьюзерден өзін толық қорғайтынына сенбейді. Екіншіден, сын мен виктимблеймингтен қорқады. Расымен де, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа келгенде заң әлсіз. Енді-енді ғана реттеліп келеді. Ал қоғамға келетін болсақ, «түймедейді түйедей еттің», «ішсе де, шексе де, бір ер адамның етегінен ұста», «қандай болса да, ол балаңның әкесі, бәріне көнуің керек» деген стереотиптер бар. Бұдан өзге «Тұрмысқа шығарда қатыгез екенін білмедің бе?», «Барлығына өзің кінәлісің, ашуландыратын бірнәрсе жасағансың ғой» деген виктимблейминг бар – яғни кінәнің барлығын зиян шеккен адамға аудару. Абьюзердің қолында билік пен ақша болса, әйел адам жақындарының әлсіз екенін жақсы түсінеді. Туыстарына зиян тигізіп алмау үшін үндемей жүре беруі мүмкін, – дейді Ж.Мәденова.
Халқымыз әйел баласын қашанда құрметтеп, үлгі тұтқан. Әсіресе жазушыларымыз өздерінің еңбектерінде әйел құқығы жайында мәселе қозғап, сол сәттегі озбырлықты әйел образы арқылы суреттей білген. Оған Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», сонымен қатар Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» секілді шығармалары айқын дәлел. Қазақ әйелдерін қазіргідей нәзік жандыға теңеп, физикалық күшінің әуселесін, ораторлық қабілетін жоққа шығара алмаймыз. Сонау Сақ заманынан бері Томирис секілді қыздарымыз күллі әлемді аузына қаратып, одан бергі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды аналарымыз батылдығымен көзге түскен.
Күшінің көптігін пайдаланып, әйел адамға сес көрсеткен ер кісі «ер» деген атқа лайық емес. Азаматтық қоғам, бейбіт заман келген тұста мен ермін, мен әйелмін деп бөлініп, хаос орнатудың реті де емес. Күн сайын анасын ұрған әкесін көрген баладан келешек маргинал, дегредацияға ұшыраған азаматтың шығуы бек мүмкін. Әйел құқығы аяққа тапталған Пәкістан, Сирия, Ауғанстан, Түркіменстан мемлекеттерінде қандай жағдай болып жатқанын көзіміз көріп отыр. Сондықтан, қызымыздың, қарындас, әпкеміздің тыныш өмірін қаласақ, ең алдымен өзімізді тежей білуіміз қажет.
Айтілес АБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!