Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Игерілмеген қаржы – 1 млрд 376 млн теңге

20.11.2023, 14:55 342

HALYQLINE.KZ

Қала әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиында әріптестері бұған дейін Тасбөгет кентінің әкімі болған Семсер Сыздықовты жаңа қызметке құрметпен шығарып салды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Семсер Зұлыпқарұлы кент әкімі ретінде кәсіпкерлікті дамытуда және елдің мәдени-рухани әлеуетін арттыруда тыңғылықты жұмыстарды атқарды. Соңғы 5 жылда Тасбөгет кентінде құрылыс, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, әлеуметтік, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға барлық қаржы көздері арқылы 21 млрд теңге тартылды.

«Семсер Зұлыпқарұлына шынайы ризашылығымды білдіре отырып, алдағы уақытта да өңіріміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосады деп сенемін» деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасын табыстап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Ары қарай күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша алдымен қала әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Абатов шаһарға қарасты кент және ауылдық округтердегі осы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарға жүргізілген ақпараттық-талдау көрсеткіштері туралы баяндады.

«Өздеріңізге белгілі, ел Президенті халықты жұмыспен қамту мәселесін тікелей әкімдерге жүктеп, «Әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл ретте, кент және ауылдық округтер бойынша жылдық жоспар 358 жаңа жұмыс орнын ашу болып бекітілсе, бүгінгі таңда орындалуы 649 бірлікті құрады. Кент пен ауылдық округтер тарапынан жақсы көрсеткішке қол жеткізгеннің арқасында, орындалу пайызы жоғары деңгейде болып отыр» – деді, аппарат басшысы Жасұлан Уәлиұлы.

Өзекті мәселенің тағы бірі – кент және ауылдық округтердегі бюджеттің игерілуі. «Ағымдағы жылдың 1 қарашасына қала бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бюджеттің игерілуі 97,7 пайызға орындалған. Игерілмеген қаржы – 1 млрд 376 млн теңге, оның ішінде, 440 млн теңге кент пен ауылдық округтер бойынша орындалмау салдарынан, Қызылорда қаласының облыстағы көрсеткішіне кері әсерін тигізуде» дейді қала әкімінің аппарат басшысы Жасұлан Абатов.

Өз кезегінде шаһар басшысы Асылбек Шаменов кент және ауылдық округтердің 2023 жылғы 10 айындағы атқарған жұмыстарына жүргізілген ақпараттық-талдау нәтижесінде бірқатар кемшілікке жол берілгенін, осыған орай әкімдерге анықталған кемшіліктерді мерзімінде жою бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің 10 айдағы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы бөлім басшысы Абзал Рысбек баяндады.

Биылдан бастап «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызмет көрсету «Kezekte.kz» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Shanyraq» ақпараттық қызметінде жүзеге асырылып келеді. Кезекке қою қызметі қазіргі таңда толықтай автоматтандырылған және «Kezekte.kz» сайтына орналастырылған. Азаматтар кез келген уақытта тұрғын үй алу кезектілігін, кезекте тұрған басқа азаматтардың тізімін көре алады.

2023 жылдың 10 айында 4139 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 2810 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген, 1329-ы өз өтініші бойынша дәлелді бас тартқан.

Сондай-ақ, тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі арқылы автоматтандырылған режимде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізіміне жыл сайынғы түгендеу жұмыстары жүргізілген.

Нәтижесінде 15773 азаматтың құжаттары тексеріліп, 1527-сі кезектен шығарылған. 357 адам басқа қалаға қоныс аударған, 1030 азаматтың меншігінде тұрғынжай тіркелген, 140 тіркелушінің жеңілдігі жойылуына байланысты кезектен алынған.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, түгендеу нәтижесімен тиісті шаралар жүргізілуде» деген бөлім басшысы Абзал Рысбек саладағы басқа да өзекті мәселелер мен атқарылған жұмыстарды тізбелеп шықты.

Мәжіліс соңында қала әкімі Асылбек Шаменов баяндалған жұмыстар негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен қатар, қыс мезгілінде барлық коммуналдық мекемелердің жұмысы жоспарлы және тиянақты жүруін міндеттеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: