Сала құлаш әңгімесі мен дақпыртты дау-дамайы көп сала болатын болса, соның біреуі – білім саласы. Өйткені қазір мұғалімдік қызметте көнеден келе жатқан және осы мамандыққа көз қырын салушылар өте көп. Себебін сіз бен біз жақсы біліп отырмыз. Бәрінен бұрын 25 мамырдың «қайтып келгені» жақсы болды. Осы бір датаны әрі-бері ауыстырғаннан тапқан пайдасы тағы жоқ. Оқу жылын 36 аптаға дейін созғанын жоғарыдағылар «асығыс шешім болыпты, халқым кешіріңдер» деп жылы жауып қоя салды. Енді биыл да білім саласы біраз өзгеріске толы. Мұғалімдердің мәртебесі де биіктегеннің үстіне биіктейтін сияқты. Материалдық жағдайы болса да жасалуда. Қыркүйектен бастап айлық жалақылары тағы 30 пайызға үстемеленеді.
Осыдан кейін мұғалім болғысы келетіндер артатыны белгілі. Биыл мемлекеттік грантқа үміткерлердің 25 пайызы педагогикалық мамандықты таңдаған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың өзі айтты.
– Тек биылдың өзінде ғана мемлекеттік грантқа үміткерледің әрбір төртіншісі, сонымен қатар 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері мұғалім болғысы келді. Естеріңізде болса, осыдан не бәрі 5 жыл бұрын педагогикалық мамандықтарға талапкерлер 50 балмен түссе, бүгінде шекті балл – 111, – деді Тамара Дүйсенова.
Бір қызығы, білім беру жүйесінде белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған қаражат көлемі тек соңғы 5 жылда ғана екі есеге немесе 2-ден 4,5 трлн теңгеге дейін артқан. Бұл тұрғыда Сыр өңірінің де сыбағасы кем болып тұрған жоқ. Соңғы бір жыл ішінде білім саласына бағытталған қаржы көлемі 260 млрд теңгеге жеткен. Бұл – өткен жылдан 20%-ға артық көрсеткіш.
Қызылорда облысында жаңа оқу жылын 319 мектеп, 386 балабақша мен 16 мемлекеттік колледжбен қатар жекеменшіктегі 453 балабақша, 24 жалпы орта білім беретін мектеп және 12 колледж бастағалы тұр. Тамыз кеңесінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі.
Мұғалім мамандығына тапсырған түлектердің қатары көбейіп, жастардың фокусы мектепке ауысқан соң, мектепке дейінгі ұйымдар, балабақша мамандарының сұранысы қанағаттандырылмай қалып жатқанға ұқсайды. Өйткені ҚР Оқу-ағарту министрлігі ендігі назарды осында аударып отыр. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер есебінен республиканың барлық өңірлеріне қаржы бөлінді. Жалпы, 2025 жылға дейін 222 мыңнан астам жаңа орын ашу ескерілген. Биыл 2-6 жастағы балалардың 90,2 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 30,1 мың орындық 330 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылған. Қызылорда облысында 3-6 жастағы балалар 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Ал 2-6 жастағылар үлесі 88,9 пайызға жеткен. Тұрақты қолдау көрсетілгендіктен балабақшалар заманауи бағыттағы ІТ жобаларды сәтті енгізіп, аймақтың үздік тәжірибесін өзге облыстарға таратуда. Қызылорда облысында өткен тамыз кеңесінде аймақ басшысы Н.Нәлібаев тәрбиешілердің білім деңгейін көтеруде біршама жұмыс істеліп жатқанын айтты.
– Бұл ретте тәрбиешілердің білім деңгейін көтеруге ерекше жағдай жасадық. Жыл көлемінде барлық жеке балабақша тәрбиешілері тегін курстардан өтуде. Біз үшін тәрбиешілердің мемлекеттік немесе жеке балабақшада жұмыс істегені маңызды емес. Олардың біліктілігін арттыруда тең көзқарас ұстанамыз, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Мына жаңалық педагог қауымын бір серпілтіп тастағандай. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу де алынып тасталды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пән бойынша ғана тестілеуден өтеді. Педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын растау да жойылды. Тек ұлттық платформа арқылы бақыланатын болады. Бұл ретте «педагог-шеберлердің» үздік тәжірибелері тек бір облыс аясында ғана емес, еліміздің кемінде 5 өңірде таратылуы тиіс. Кәсіби қызметке алғаш рет кірісетін немесе жұмыс өтілінен үзіліс алған педагогика мамандығының түлектері педагогтің кәсіби құзыреттілігін диагностикалау бойынша тестілеуден өтеді.
Елімізде жалпы кітапханашылар да педагог мәртебесіне теңестіріледі. Өйткені бұл мамандыққа да келушілердің саны азайып кеткен. Депутаттар қайсыбір жолы осы тұрғыда сөз қозғаған.
– Елімізде алдағы уақытта кітапханашы мамандығына тапшылық туындайтынын ескере отырып, біз грантты 30%-ға арттыруды сұрадық. Бұл мәселе биылғы оқу жылында шешілді. Талдау нәтижесі көрсеткедей, алдағы 3 жылда 6200 кітапханашы тапшы болмақ. Келесі мәселе – кітапханашы-педагог немесе педагог-кітапханашы деген мамандық ашу. Бұған қатысты министрліктен қарастырып жатырмыз деген жауап келді, – деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Кітапханашы мамандығына биыл бакалавриатқа 100 грант, ал магистратураға 20 және докторантураға 3 грант бөлінген.
Министрлік мұғалім мәртебесін барынша көтеріп, жұмыстарын жеңілдетіп жатыр. Бірақ, сала қызметкерлерінің сапасына да тексеріс жұмыстарын жүргізу маңызды. Екінің бірі мұғалімдікті меңгере алмайды, бірақ білім саласында белден басып жүреді. Оқу-ағарту ісінің мамандары осыны да ескерсе керек-ті.
Ә.БОЗАНОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!