Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүние – кезек немесе әкімдердің қазақ тілін қалқан ету амалы

25.07.2023, 10:03 288

HALYQLINE.KZ

Журналист Халима Тәжіқұл әріптесі Асхат Ниязовтың видеосына орай пікір білдіріп, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың әрекетін сынады.

Өткенде Даниал Ахметов, енді Ералы Тоғжанов сұхбат алғысы келген Асхат Ниязовқа сұрағыңды қазақша қой деп талап қойды. Бір қарағанда, дұрыс-ақ талап сияқты көрінеді. Алайда бұл ескірген, кешіккен, бастысы манипуляция реңкі басым талап. Неге?

Даниал Ахметов 2003-2007 жылдар арасында премьер-министр болды. Қорғаныс саласын да басқарды. Көөөп жыл әкім орынтағында отырды. Қоғам қазақша сөйлеуі үшін не істеді? Өзі жиналыстарды қаншалықты қазақ тілінде өткізді?

Әлі есімде 2003 әлде 2004 жылы кезекті бір баспасөз конференциясында үкімет қашан қазақша сөйлейді деп сұрағанымызда, Ахметов мырза қазақ тілін балабақшадан бастауымыз керек деп, басын ала қашқан. Сол жылы бақшаға барғандардың алды университет бітіріп қойды. Қазақшаға көштік пе? Жоқ. Аралас мектептердің дәлізінде әлі күнге орыс тілінің үні өктем!

Қорғаныс саласы таза қазақша сөйлей ме? Оны қойшы, Шығыс Қазақстан облысы ше?

Ал енді Тоғжанов мырзаға келейік, билік дәлізіндегі қол жеткізген биік лауазымы – 2020-2022 жылдар арасында премьер-министрдің орынбасары болуы және әлеуметтік блокқа жетекшілік етуі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тетігі қолында тұрды. Қазақстан қазақша сөйлеп кетті ме? Жоқ! Алысқа бармай, уатсабыңыздағы ата-аналар мен көршілер чатына көз салыңызшы. 70-80% орысша жазады. Оны жазып отырғанның бәрі қазақтар. Әлгі 2003 жылы бақшаға барғандар да бар арасында.

Сосын Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болғаны бар. Редакция бұл ұйымның жиындарын жазуға жұмсағанда, орысша баяндамадан бас айналып қайтатынбыз. Ассалау мен сау болыңыздары ғана мемтілде айтылатын жиындарда төңкеріс жасаса, кім қолын қағыпты? Ассамблея мүшелері – түрлі этностар өкілдері де қазақша сөйлеп кеткен жоқ, декорация рөлінде жүрген санаулысы мен қалаулысынан басқа.

Ендеше бұл екі тұлғаның Ресейден көшіп келген оралманнан (қандас сөзін қабылдау қиын) қазақша неге сөйлемейсің дегені қай сасқаны? Кезінде Монғолия мен Қытайдың қазақтары қоныс аударғанда, миграция саласында қазақша білетін маман неге жоқ деген сұрағын елеусіз қалдырған үкімет өкілдері енді басқаша сөйлей бастағаны екітүрлі бір қызық болып тұрғаны.

Пы.Сы. Екі мыңыншы жылдар басында үкімет мүшелерінен қазақша сөйлеңіз, қазақша спикер беріңіз бізге деген талап қоятын журналист қауымы. Ал енді әкімдердің журналиске қазақша сұрақ қою туралы талабын естігенде жай ғана күлкің келеді екен) қазақша сөйлемейтін қоғамда қазақша сұрақ талап еткен сыңай танытып, журналисті тұқыртам деу – тізесі шыққан тәсіл. Себебі әкімдер талай рет қазақша сұрағымызға «өзгелерге түсінікті тілде» жауап беруге сұмдық құштар болатын. Содан бері басына кірпіш құламаса, өзгере қалды деуге сену қиын.

Бүгінгі мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне қатысы бар тұлғалардың әлгіндей талап қоюы моралға да томпақ келеді-ау.

Халима Тәжіқұл

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: