Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шатымыз қашан айырылады?

30.04.2020, 11:33 559

– Бір адамда екі тіл бар делік. Иә, кәдуілгі адамның ауыз қуысында өз тіршілігін жасап жатқа­н тілді айтамын. Біреуімен тек жақсы нәрсе айтар едік. Ол ақылды, жақсы адамның кейпіне енуіміз­ге себепкер болады. Екіншісін жаманатты етіп қоямыз. Кім жаман, осы тілім жаман! Қой десем де, қоймайды, айтқан тілді алмайды! «Бір мүшенің аласы да, құласы да болады екен-ау» дерміз сонда мақалдың мәнін өзгертіп.

– Екеуі бірігер ме еді?

– Жо-жоқ, әрқайсысы өзінің сойылын соғады, бас пайдасына жұмыс істейді. Қырқыспайды,­ таласпайды деуге келмейтіндей. Соғыстың көкесін ауызға тәтті тағам салғанда көресің! Рас, қанша жыл болды екеуін бірдей көрдім. «Ана үшін ол балам – жақсы, бұл балам – жаман» деген түсінік жоқ ғой. Сол секілді, екеуін де бауырыма теңдей басып-ақ келемін. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейтін бе еді?! Құрысын, шындықты айтамын! Бір тілімді кесуім керек­! Екі тілмен өмір сүруден қажыдым. Жетер осыған дейін шыдағаным. Өзіме жанашырын ғана алып қаламын. Басқаша мүмкін емес!

– Ай, қайдам-ау…

ОРЫС  ТІЛІНДЕ  СӨЙЛЕУШІЛЕР 

САНЫ   КӨБЕЙМЕЙТІНІ  АНЫҚ

– Әлемдегі орыс тілінде сөйлейтіндердің саны 1991 жылы 312 миллион болса, 2004 жылы 278 миллионға кеміген. Ал, 2010 жылы 260 мил­лио­н болса, 2025 жылы 215 миллион ғана қалатын көрінеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын азаймаса, көбеймейтіні  анық.

Егер мемлекет тез арада қазақ тілін, шын мәнінде, мемлекеттік деңгейге көтермесе, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданбаса,­ қазақ тілін қолдау, қорғау мәселесін халықтың өзі шешеді. Сол уақытта билік «жер митингісімен» жылап көрісетін болады. Бұл ешкімге керек­ емес, қоғамды ғана емес, ұлттарды да бөлшектеуге әкеліп соқтыратын қауіпті жағдай­  тудыруы  ғажап  емес.

Саясаттанушы  Дос  Көшімнің  «Qazaqstan  dauiri»

газетіне берген сұхбатынан үзінді.

Міне, мысал! Бірақ, мұндайдың мыңы жазылды­. Мен өзгеріс көргем жоқ. Заңды біл­мейтінбіз, бірақ заңдық тұрғысынан дұрысы жеңіп кететінін білеміз. Осы қиындықпен өмір сүргенімізге де көп жыл болды. Қазақ зиялы­лары көрші елдің мемлекеттік тілі – орыс тілін Қазақстан Конституциясынан алып тастауды талап етіп, петиция жариялағанын естіген боларсыз. Қоғамда қандай іске болса да, қарсылық бар.  Елдегі екінші топ та қарап қалмай, керісінше орыс тілін қорғап, петиция дайындады. Олардың мақсаты – Қазақстанда орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл  мәртебесін  беру.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың атына жолданған бұл үндеу «avaaz.org» дейтін сайтта жарияланған. Мәтіні мынау:

«2020 жылға қарай этникалық қазақтардың Қазақстан халқының үштен екі бөлігін құрайтындығына қарамастан және ел өмірінің барлық саласында қазақ тіліне сұраныстың артуына қарамастан, орыс тілі көпұлтты Қазақстан халқының қарым-қатынас құралы болып қала береді. Біздің ел азаматтарының 90%-дан астамы (яғни басым көпшілігі) бір-бірімен орыс тілінде сөйлесе алады. Ал шын мәнінде жартысынан азы қазақша сөйлейді. Құжаттамалық басқару, техникалық құжаттама, өмірдің барлық салаларындағы заңна­малық актілер орыс немесе екі тілде қатар жүргізіліп, мәтіндердің басым көпшілігі орыс тілінен қазақ тіліне аударылған. Яғни, іс жүзінде орыс тілі – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік  тіл.

…Жоғарыда айтылғандарға байланысты, соныме­н қатар, бірнеше ресми тілдер қабылданған әлемнің көптеген дамыған елдерінің (Бельгия, Ұлыбритания, Канада, Финляндия, Швейцария, Швеция, Үндістан, Қытай және басқалары) тәжірибесіне назар аудара отырып, біз ресми түрде орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәр­тебесі­н беру жөнінде ұсыныс жасаймыз».

Бұл – қарсы тараптың уәжі. Қарсы деуіміздің себебі, жоғарыда айтқандай, қазақ зиялылары бұған дейін Конституциядан орыс тілінің мәртебесін  алып  тастауды  ұсынған  еді.

«Президент әкімшілігінен бастап, Үкімет, Парламент төрағалары, министрлер, әкімдер, барлық басшылар, мемлекеттік қызметкерлер тек мемлекеттік тілде сөйлеу үшін бізге ешқандай тіл үшін жұмсалып жатқан­  миллиард­тардың  керегі  жоқ! Тек ғана Конституцияның 7-бабы  2-тармағын  алып  тастау  керек!

Біріншіден, қыруар қаржы жұмсалса да, маңдымай жатқан (себебі қажеттілік жоқ) мемлекеттік тіл дамиды. Екіншіден, мемлекеттік тілді білетін қаншама қазақстандыққа жұмыс табылады. Ал, қазақ тілінде сөйлемеу деген сөз – қазақ  тіліне, сол арқылы өз елінде қазаққа жұмыс бермеу деген сөз!», – делінген  үндеуде.

Тіл жанашырларының айтуынша, бірінші­ден, Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған. Яғни, Қазақ Советтік Социалис­тік Республикасы еді. Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы»  Заңы  делінген.

Екіншіден, осы заңдағы «Қазақ тілі – мемле­кеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып  табылады»  деген бапты қабылдау кезін­де­ халықтың пайыздық салмағы қатарлас еді. Яғни, қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын. Сондықтан, ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Ал, қазір Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асқанда, қазақтардың саны кемінде 70 пайыздан асып кеткендіктен, бұл орыс тілі туралы талап демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып­ отыр.

Сонымен қатар, олар қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жа­зат­ынын, ертең елімізде қазақтар 75-80 пайыз­ды құрағанда ісқағаздары Ресей тілінде қалып жатса, ұлттық наразылық туатынын айтады.

Ал, саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, бірінші – тіл туралы заңның аты «Мемлекеттік тіл туралы» деп өзгеру керек. Екіншіден, ол заңда­ орыс тіліне ешқандай мәртебе берілмеу керек. Себебі,  елімізде  мемлекеттік тілден басқа­ тілдердің құқықтары бірдей. Демек, орыс тілі – Қазақстандағы көптеген диаспоралардың біреуінің  тілі дегенді алға тартады.

Осы күні Украина, Молдова, Латвия сияқты­ елдер орыс тілінен түбегейлі бас тартты. Тіпті, шекаралас мемлекеттер де солтүстіктегі көрші­міздің тілін керек етпеудің алғышарттарын бас­тағалы қашан! Қазақстанда қазақ тіліне деген қоғамдық сұраныс артса да, билік өкілдері өз сұранысын  ғана  қанағаттандыруда. Қазақ тіліне  қырын  қарау  қашанға  дейін жалғасады? Қажеттілікк­е қарай жұмыс істеуге басшылықтың миы жетпей тұр дегің келмейді. Десе де, бәрі де  мүмкін.

Негізі, екі кеменің бағыты – екі түрлі. Біз екеуімен де бір мақсатта, бір бағытта кетіп барамыз. Оң аяғымыз – біреуінде, сол аяғымыз – екіншісінде. Аязға да, дауылға да, жауынға да қарамай, қалт-құлт етіп, тік тұрып әлі келеміз, әзер келеміз. Бізге аман қалудың жолында біреуін құрбан етуге тура келеді. Болмаса, бос тұрғанша «шатымыз қашан айырылады?» деген сауалға жауап іздейік…

Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: