Жаныгүл ЕРЕКЕШОВА,
«Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ директорының орынбасары:
– Жаныгүл Мұхитқызы, әңгімеміздің әлқиссасында орталықтың құрылу тарихына шегініс жасап, бүгінгі бағыт-бағдарына тоқталсақ…
– Еліміз тәуелсіздік алғалы мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізу мәселесі мінберден түспей келе жатқаны рас. Өйткені, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 6-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды» делінген. Осы бағыттағы жұмыстарды ел көлемінде жүйелі атқару үшін жұмыла әрекет ету мақсаты қойылып, Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Нәтижесінде республика бойынша «Тілдерді оқыту орталықтары» ашыла бастады. Қызылорда облысында 2008 жылдың 14 сәуірінде «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» құрылып, өз жұмысын бастады. 2016 жылдың 30 маусымында облыс әкімінің №509 қаулысымен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ болып қайта құрылды. Бүгінгі таңда орталықтың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Биыл мемлекеттік тіл саясатын бекітілген функциялық бағыттар бойынша жүргізіп, оқытудың әдіснамасын жетілдіру, оқыту үдерісі мен қолданыс мәртебесін арттыру бағытында үздіксіз жалғастырып келе жатқан орталықтың құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осы уақыт бедерінде орталық тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, облыстағы тіл саясатын үйлестіру жөніндегі жұмыстар мен мемлекеттік органдарда, кәсіпорындарда және ұйымдарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалуын зерделеуден, тіл саясатының мәселелерінен туындайтын міндеттерді іске асырып келеді. Өңірде тіл саясатын үйлестіру, мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарына қатысу, мемлекеттік тілдің қолданылу барысы жөніндегі қоғамдық пікірді зерттеу, оқу-әдістемелік құралдар дайындау және «Қазтест» жүйесін енгізу бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен атқаруда.
Тілге тиек етерлігі, орталық қызметкерлерінің үздіксіз әрі үнемі әдістемелік және ғылыми тұрғыдағы ізденісінің нәтижесінде әр жылдары жоғары жетістікке жетіп жүргені көпке аян. Тек өткен жылдың еншісіндегі бағындырған белестің өзі республика көлеміндегі абыройымызды асырып, мерейімізді өсірді десек, асыра айтқандық емес. Ересек азаматтар арасында тегін тіл оқыту курстарын, оқытушылар үшін заманауи талапқа негізделген түрлі форматтағы оқу-әдістемелік семинар-тренингтер ұйымдастыру бойынша 2022 жылы республика бойынша үздіктер қатарына енуіміздің бірден-бір себебі болды.
Сондай-ақ, 2022 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2022» республикалық байқауында орталықтың кіші ғылыми қызметкері Алтынай Орынбаева, 2023 жылы дәл осы ұлт ұстазы, реформатор А.Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2023» республикалық байқауынан орталықтың Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова бас жүлдемен оралып, облыс абыройының асқақтауына үлес қосты. Екі жыл қатарынан бас жүлде иемденуі – ұжым қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесіндегі жетістік. Осы бағыттағы ізденіс әлі де толастаған емес және бұл қарқынмен тоқтамауға жігер беретін бағыт-бағдар, тың жоба-жоспарымыз да жеткілікті.
– Орталықтың құрылғанына 15 жыл болды деп айтып өттіңіз. Осы уақыт аралығында тіл курстарына қатысушылар қандай әдістеме немесе жинақтар бойынша оқытылып жүр?
– Әрине, «жаһандану дәуірі», «жасампаздыққа жол ашу» деген сөздерді соңғы уақыттары жиі қолданып жүргеніміз рас. Бұл қадамдарға жету үшін әр мақсат-міндеттің астары адамзаттың көзіне нұр, көңіліне сенім ұялататын білім, ғылыммен ұштасатыны белгілі. Бүгінде әр адам өз-өзін дамытып, білімге ден қою мақсатында ең алдымен тіл үйренуге ұмтылатынын көріп жүрміз.
Оған дәлел ретінде орталыққа еріктілердің, кәсіпкерлердің, этнос өкілдерінің, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен оқуға түсуші талапкерлер, ғылым жолына бет бұруға ниет еткен жастардың жиі хабарласатынын айта аламын. Бұл хабарласушылардың өтініштері назардан тыс қалмайды, міндетті түрде топ жасақталып, өтініштері негізінде мемлекеттік, орыс және ағылшын тілі курстарын оқып, сертификат алады. Өткен 2022 жылдың нәтижесі бойынша 2200-ден астам мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкері, этнос өкілдері мен ерікті тыңдаушылар мемлекеттік тілді орталық әзірлеген оқу-әдістемелік кешендеріндегі түрлі дағдылар арқылы меңгерді. 2023 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша барлығы 421 тыңдаушы орталықтың әзірлеген оқу-әдістемелік кешендеріндегі түрлі дағдылар арқылы тіл үйренудің тегін курстарынан өтті.
Ал тыңдаушыларға ақпараттық-технологиялық үдерістерге ілесіп курс өткізу үшін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдеріне сүйене отырып әзірленген оқу-әдістемелік кешендер мен жинақтар қолданылуда. Бұл кешендер мен жинақтар оқыту әдістемесінде толықтай пайдаланылып келеді.
Атап айтар болсақ, осыдан тура он жыл бұрын, яғни 2013 жылы мемлекеттік тіл үйренушілердің В2 – ортадан жоғары және С1 – жоғары деңгей тыңдаушыларына арналған «Асыл сөз» оқу-әдістемелік кешені әзірленіп, жарияланды. Оған В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Н.Құрман, облыс әкімінің кеңесшісі А.Сағымбай және орталық қызметкерлері Н.Мусаева, Л.Есбосынова, Ә.Бахытова оқу-әдістемелік және ғылыми тұрғыдан ізденіп, авторлық етті. Одан кейін 2015 жылы жаңа тақырыптағы сөздерді, грамматикалық материалдарды, тұрақты сөз тіркестерін ойын арқылы тіл үйренушілердің әртүрлі жағдаятта сөз саптау мәдениеті мен өзара қарым-қатынаста белсенділік таныту әлеуетін бағалауға мүмкіндік беретін «Қазақ тілін оқытуда қолданылатын ойындар» әдістемелік кешені жарыққа шықты. Қазіргі кезде әртүрлі ақыл-ой стилі туралы теория көпке танымал және оған сәйкес ғылым стратегиялары бар. Бұлар әр үйренушінің жеке артықшылықтарын меңгеріп, оны сабақ барысында қолдану арқылы тілдік тұлға болмысын қалыптастыруға болады. Сондай-ақ, 2018 жылы мемлекеттік тілді оқыту курстарында «Оқыту сағаты» бөлігін ұйымдастыруға, қазақ классиктерінің шығармаларын тіл үйренушілер арасында насихаттауға бағытталған қазақ романдарының, әңгімелерінің үзінділері мен оларды меңгеруге арналған «Қызықты әңгімелер әлемі» тілдік тапсырмаларды орындау жинағы әзірленді. Бұл жинақты жарыққа шығару барысында республикалық және жергілікті жоғары оқу орындарының педагогика саласындағы кандидат, профессор, доцент, докторлармен тығыз байланыс орнатылды. Оның ішінде облыс орталығында орналасқан білімнің қарашаңырағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Абасилов және орталық қызметкерлері уақытпен санаспай, тілді оқытудың жаңа әдістері мен инновациялық тәсілдерді қолдану шеңберінде ізденіс жұмыстарын жүргізді.
Осы ретте өткен жылы ғана орталық қызметкерлерінің құрастыруымен қазақ тілін қарапайым деңгейден бастап, жоғары деңгейге дейін оңай әрі жылдам үйренуге ықпал етуге арналған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағын жарыққа шығарды.
– Жаңа айтылған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағы туралы кеңінен тарқатып айтсаңыз. Жинақ қандай аудиторияға бағытталған, тіл үйренушілер үшін пайдасы қандай?
– Өнімді шығарудағы басты мақсатымыз – кезінде «құлақ жеп», атаның ақылын тыңдап, халықтық тыңдалыммен өскен құймақұлақ бабаларымыздың бай мұраларын бүгінгі сандық технология мүмкіндігіне бейімдеп, мемлекеттік тіл үйрету үдерісінде қолданып, бүгінгі ұрпақтың қалып бара жатқан есте сақтау қабілетін арттыру. Жинаққа бабалардан қалған өсиет сөздер, батырлар жыры, терме, айтыс, ән-өлеңдерден үзінді келтірілген. Бұл бір жағынан, тыңдаушылардың сауаттылығы мен есте сақтау қабілетін арттыруға септігін тигізеді.
Қазіргі цифрлық технологиялар қарқынды дамыған заманда адамдарға кез келген тілді үйренуге деген ниетпен қызығушылық болса, еш қиындық тудырмайды. Өйткені бүгінгі заман адамы өзіне қажетті барлық білімді ұялы телефон арқылы интернеттен тыңдау арқылы үйреніп алуда. «Тыңдай білу – ұлылық», «Сөз анасы – құлақ», «Ақылды болғың келсе, ән тыңда!» дейтін ата-бабаларымыз сонау жазу-сызу болмаған заманда өзінің даналық өсиеттерін, асыл сөздерін батырлар жыры, терме, айтыс, ән-өлеңдер арқылы ұрпағының құлағына құйып, жатқа айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгендігінің арқасында тіліміз бүгінгі күнге қаймағы бұзылмай сақталып жеткенін білеміз. Яғни, тыңдалым дағдысы ата-бабамыздың ежелден-ақ зейінін қалыптастырып, жадын дамытатын тәрбие құралы болған.
Жинақ қазақ тілін тыңдалым дағдысы арқылы үйренгісі келетін көпшілікке арналған. Орталық қызметкерлерінің еңбегінің ақталғаны, орталық мәртебесі дейміз бе, аталмыш жинақ Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтына халыққа қолжетімді бағытта орналастырылған. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлік курстарында кеңінен оқу-әдістемелік кешен ретінде қолданылып келеді.
– Мәтіндер жинағын жасауға қанша уақыт кетті?
– Жалпы, шығармашылық тұрғыда ізденіп жарыққа шығатын құнды дүниелер уақытпен санаспайтыны белгілі. Өйткені мақсаты белгілі, жоспары анық жұмыстың ізденісі солқылдақ әрекет пен салғырт көзқарастан ада болуы шарт. Осы ретте «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағын құрастыруда, оның ішіне енгізілетін шығармалардың үзінділерін таңдауда орталық қызметкерлерінің еңбегі өте зор деп айта аламын. Әрине, ең алдымен бірнеше идея талқыға салынып, өңірдің ерекшелігіне сай жақсы дүние жасап шығу жолында ізденістер аз болған жоқ.
Жинақты баспаға даярлауға дейінгі редакцияны Н.Мусаева және Л.Ортаева басқарды. Сонымен қатар, орталық бағдарламашысы Ж.Шахизада, мемлекеттік тіл оқытушылары Б.Төребай, А.Таубай, А.Орынбаева, орталық кітапханашысы Ш.Қайбрахман, орталық директорының орынбасары Ж.Ерекешова мәтіндер жинағының авторлары болып табылады. Сондай-ақ, авторлық құрамда гуманитарлық және филология ғылымдарының магистрлері де ғылыми тұрғыда ізденді. Әріптесіміз Лаззат Абайқызының бастамасымен осындай шешімге тоқталып, ізденуші топ белгіленген бағыттар бойынша жұмысын бастап, нәтижесін шығарды. Жарты жылға жуық ізденістің нәтижесінде «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» құралы дап-дайын нұсқада жарыққа шықты.
– «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ақпараттар бар деген едіңіз. Сол ақпараттарға тоқталып өтсеңіз.
– Кітапта қазақтың танымы мен тұрмыс-тіршілігіне айналған «Бата», «Әдет-ғұрыптар», «Өсиет, терме, ән-жыр», «Айтыс», «Шешендік сөз» үлгілері топтастырылды. Сандық технологияның жетістігі ретінде саналатын QR қосымшасын пайдалану арқылы аудиомәтін тыңдап, сол бойынша берілген бірнеше тапсырманы орындайды. Тапсырмалар мен мәтіндердің көлемі, мазмұны «жеңілден – күрделіге» принципімен негізделіп жасалды. Әрине, әр аудионы деңгейге сай өңдеп ұсындық. Қазақ билері мен шешендерінің өсиет, нақыл сөздері барынша меңгертуге жеңіл болатындай етіп құрастырылған. Сонымен қатар, жергілікті айтыс ақындары мен термешілері Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұр, Ақмарал Ноғайбаевалардың шығармалары қамтылған. Әдістемелік құралдың екінші бөліміне «Қазтест» жүйесі негізінде жасалған тест тапсырмалары орналастырылды.
– Орталықтың алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісе отырсаңыз…
– Әрине, дәл қазіргі сәтте жұмыс істеп тұрған орталық болғандықтан, алға қойған мақсаттары, жүйеленген жоспарлық бағыты болуы – заңдылық. Бұл ретте орталықтағы екі бөлім де өз құзыреті шегінде жұмыс істеп келеді. Яғни, оқу-әдістемелік бөлім тоқсандық, жартыжылдық, жылдық оқыту жоспарына сәйкес жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі, одан бөлек, «Сөйлеу мәдениеті» бойынша курстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сондай-ақ, орталық жанынан құрылған Ғылыми-әдістемелік кеңестің іс-жоспарына сәйкес бекітілген «Сыр бойының жер-су атаулары» және «Тыңдаушылардың сөйлеу мәдениетін дамытуда қолданылатын оқылым және жазылым тапсырмалары» тақырыбында әдістемелік көмекші құрал әзірлеу жоспарда тұр. Мақсаты – шағын мәтіндер арқылы тұрғылықты жерде орналасқан тарихи-мәдени орындар, аңызбен ұштасатын топонимдерді таныстыру, ал екінші әдістемелік құрал бойынша тыңдаушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар мен кванттелген мәтіндер салынады. Орталық мамандары осылайша, мемлекеттік тіл саясатының жүргізілуімен қатар, курс тыңдаушыларына арналған тыңдау, айту, сөйлеу, жазу сауаттылықтарын дамыту жұмыстарын тереңдетіп оқыту бағытындағы жұмыстарды жандандыруға өз үлестерін қосып келеді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!