Қоғамда сөзге батыр, іске пақырлардың қатары көбейген. Олар – қазіргінің тілімен айтқанда «диван батырлар». Телефонның арғы жағында ғана өздері – көсем, сөздері – көсеу. «Блогер» деген теңеуді таңып алып, талай жерде атын оздыратындар көп тұста сөзге қалып жүр. Сөзге қалатын реті бар. БАҚ туралы заңда блогерлерге арналған бөлек бап та жоқ. Блогерлердің бұлтыңдайтыны сол. Оларда шектелген шекара жоқ, заңдық норма аясында жасамайды. «Блогерге» нақты анықтама беру де қиын. Ол шеңберге сыймайды. Көптің түсінігіндегі блогер – ол әлеуметтік желідегі белсенді, өз ойын, пікірін цензурасыз жеткізетін, шекарасыз, шектеусіз тұлға. Енді «бәленің бәрі блогерден шығады» деп жоғарыдағылар қорқасоқтап отыр. Депутат Анас Баққожаев осылай деп қоғамдық санаға сілкініс жасады.
Депутаттың ұсынысы орынды. Бәрінің орынды болғаны жақсы. Оның айтуынша, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады. Олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Оңды-солды тіл безейтіндерге тосқауыл болу керек. Бұдан бөлек, ол Үкімет басшысы мен Бас прокурорға мынадай да ұсыныстар айтты.
– Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар.
Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі, шын мәнінде, блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек.
Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айырылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге?
Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім.
Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?! Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс, – деді ол.
Жазылған сөздің жаңғырығы желіде де біраз шу болды. Көпшілігі депутаттың ұсынысын қолдады. Арамызда «блогермін» деп көптің сөзін сөйлеген болып, соңында қара басының қамын күйттеп кететіндер бар, ол көрмейік десек те, көзге ұрып тұр. Анық ақпарат алмай жатып, арандататындар да желідегі белсенді блогерлерден шығады. Шулы мәселеден соң депутат Анас Баққожаев «Facebook» әлеуметтік желісінде тағы бір ойын жариялады.
– Интернеттегі достарым «арнайы заң қабылданса не болады?» деп сұрап жатыр. Пайымымды берейін. Блогер мәртебесі заңды түрде анықталмайынша жалған ақпарат ағындары медиа кеңістікке енуін тоқтатпайды. Қаржылық пирамидалар мен басқа да «алаяқ» схемаларды жарнамалап, онда өз аудиториясын тартып жүрген блогерлер бар. Алаяқтық әшкереленген кезде, олар жарнамаларды өшіріп, өз қызметінен бас тарта бастайды. Олардың жауапкершілігін орнатсақ, болашақта осындай фактілердің жолын кесуге болады. Көп материалдарда «инсайдеріміздің мәлімдеуінше…» деген сөздерді байқаған шығарсыздар… Біліп қойыңыз, дәл қазір жасырын ақпарат көздері ешқандай жауапкершілікке тартылмайды! Блогерлердің заңды мәртебесі енсе, бұл жағдай мүлдем өзгереді. Блогерлер өз мәлімдемелері үшін БАҚ сияқты жауап берсе, дереккөзді таңдауда өте сақ әрі мұқият болады. Және соңғы бір айтатыным – блогерлерге заңды мәртебе берсек, қоғамның ақпарат көздеріне деген сенімі артады. Сонымен қатар, жауапкершілікті нақты белгілеу блогерлерді журналистік стандарттар мен этикалық қағидаларды сақтауға ынталандыруы мүмкін. Ал бұл контент сапасын арттырып, азаматтарға неғұрлым сенімді және объективті ақпарат көздерін ұсынуға жол ашады, – деді ол.
ТҮЙІН. Құр мақтан, дарақылық, бос сөз, өсек-аяң белең алған заман блогерлер қауымына майдай жаққан алып алаң болып тұр. Халық та жеңіл-желпі сөзге сенгіш, жалған ақпаратқа алданғыш болып бара жатыр. Заң аясында шектелмеген дүние жақсылыққа апармайды. Соңы осылай майдаланады. Сондықтан айтылған орынды дүниенің аяқсыз қалмай, әділ шешімін тапқаны жақсы болар еді.
КЕРІМҚЫЗ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!