Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жерде жетім жыласа…

03.05.2023, 12:30 299

«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» депті бабаларымыз. Ата салтынан алыстап, жаһанданған қазақ жетімін жылатып, жесірін қаңғытып жіберді. Бүгінгі күннің ащы шындығы – осы. Ұлы даланың дәстүрінен алыстап, жаһанданған жұрттардың көшіне ілесіп, ұлттық құндылықтарымыздан айырыла бастадық. Көкек әке мен ананың (тіпті ана деуге аузың бармайды) бауыр еті баласын бозторғайдай шырылдатып, қоқыс жәшігіне тастап кететініне де етіміз «өліп» кетті. Некесіз туған баланың саны көбейіп, тексіздіктің торына шырмалдық. Қайда бара жатырмыз?

Жетімдерімізді жылату емей немене, еліміздегі 23 410 тұл жетім және тастанды (әке-шешесінің қамқорлығынан айырылғандар) жәудіркөздеріміз әркімнің босағасында жәутеңдеп жүр. Соның ішінде, 17 023-і – қазақстандық отбасылардың қамқорлығында, 4035-і – балалар үйінде, 1751-і патронаттық тәрбиеде болса, 195-ін отбасылар асырап алған. «Соңғы 5 жылда  18 428 баланы еліміздегі отбасылар асырап алды. 2016 жылы Қазақстанда 140 жетімдер үйі болса, 2021 жылы олардың саны 89-ға дейін азайды» дейді ресми статистиканың дерегі.

«2023 жылы Қазақстандағы барлық жетімдер үйін жабамыз!» деп жаһанға жар салдық, сол шынында да орындалатын шешім бе? Жетімдер үйі деген шын мейірімге зәру суық үйді немен алмастырамыз? Қатал тағдырдың тауқыметінен әке мен ананың жүрек жылуына зар болған бәйкүнә балалардың кінәсі неде? Көкіректе жауабы жоқ, сауал көп. Дені сау жетімді жылатқанымыз аздай, жаны мен тәні бірдей жарымжан сәбилерді азаптап-қорладық. 2020 жылы Amanat (ол кезде Nur Otan) партиясының жанынан құрылған жетім балалардың құқығын қорғайтын арнаулы кеңестің мүшелері Рудныйдағы балалар үйіндегі былық-шылықты әшкереледі. Айуандық пен қатыгездіктің құрбаны болған жәудіркөздердің жанарындағы жасты күллі әлем көрді. Ешкім асырай алмайтын тастандылардың мәселесі тағы бар. Осы түйткілдердің түп-тамырына тереңірек үңілмек ниетпен «Қазақстанда жетімдер үйі жойыла ма?» деген тақырыпқа жан-жақты әлеуметтік зерттеу  жүргізіп  көрдік.  Нәтижесі – назарыңызда.

ЕЛОРДАДА  БАЛА  АСЫРАП  АЛҒЫСЫ  КЕЛЕТІНДЕР  КӨБЕЮДЕ

Ресми дерек бойынша, Астана қаласында 838 тұл жетім және тас­танды балалар бар. Соның 184-і арнаулы интернаттарда тұрады, 654-ін отбасылар асырап алған. Жетімдер үйіндегі балаларды отбасыларға беру тәжірибесі елордада жақсы жүзеге асырылуда. Екі жылда 47 бала жаңа отбасын тауып, өз өмірін өзгертті. Бұл жерде бала асырап алатын отбасылар мектебі деген жобаның жетістіктері көп. Ол жерде мамандар үш ай бойы бала асырап алу бағытында білім алады, кеңес тыңдайды. Соңғы екі жылда астаналық осындай үш мектепті 260 отбасы бітірген. Бас қалада жетімдерді бауырына басқысы келетін жандардың көбейгені – зор қуаныш. Қазіргі кезде аталған мектептерге кезекте 200-ден астам отбасы тұр. Сондай-ақ, елордада жетімдерді демалыс және каникул күндері отбасына қонақ етіп алатын тәжірибе де жақсы қолға алынған. 2019 жылдан бері астаналық қайы­рымды жандар 66 баланы асырап алса, 82 бала өзінің туған ата-анасына  оралған.

Жетімдерді мемлекет тарапынан қамқорлыққа алу жөнінен  Астана қаласы  көш   бастап  тұр. 838  баланың  54-іне  Отбасы  банкінен  депозит ашылған, балалар жәрдем­ақшасы сол депозиттерге аударылады. 48 баланың білім алу депозиттері бар. Жетімдер үйінде тәрбиеленетін 2700-ден аса бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алушылар кезегіне қойылған. Жетімдер үйі түлектерінің 2019 жылы – 127-сі, 2020 жылы – 121-і, 2021 жылы 14-і баспана алған. Елорда әкімдігі бала­лар үйінен  шыққан жеткіншектердің  мамандық алып, жұмысқа орналасуына да  айрықша  көңіл бөледі. Соңғы үш жылда жетімдер үйі түлектерінің жұмысқа орналасуы 100  пайызды  құраған.

Қалалық мәслихат депутаты Ләззат Разбекова балалар үйінен шыққан бозбала мен бойжеткендердің тағдыры қоғамдағы әр адамды ойландыруы қажеттігін айтады.

«Астаналық білім беру басқармасының  бақы­лауында 18 жасқа дейін­гі 800-ден аса жетім мен тас­танды бала бар. Әрине, олардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті өмірі арнаулы мамандардың  қолында, оған  алаңдау­ға негіз жоқ. Алайда, 18-29 жас аралығындағы жетімдер­дің  тағдырын неге ойламаймыз? Олардың саны қанша екенін ешкім білмейді. Балалар үйі­нен  шыққан  жандар  қайда кетіп жатыр? Шетелде интернаттан ке­йін­гі өмірін бақылау деген түсінік бар. Сол жетімдердің жай-күйін, бүгіні мен болашағын мемлекет қада­ғаласа жөн болар еді. Меніңше, жетімдердің бірыңғай мәліметтер базасын құру керек. Жастар саясаты басқармасы  осы  іспен  айналысса  құба-құп» дейді  Л.Разбекова.

ЖЕТІМДЕР  ҮЙІ  ЖАБЫЛА  МА?

Бір жыл бұрын ақжағалы шенеу­ніктер Қазақстандағы жетімдер мен тастандылар саны 32 пайызға, ал бала­лар үйінің саны 30 пайызға азай­ды  деген деректерді  жария етті. Одан бұрын, Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Бердібек Сапар­баевтың: «2023 жылы елімізде балалар үйі деген болмайды. Олардың бәрін отбасылық орталықтарға айналдырамыз» деген сөзі жалпақ жұртқа тарады. Алайда мезгіл мәселе­сін сала мамандары, тәуелсіз сарапшылар  әртүрлі  түсіндіреді.

САРАПШЫЛАР  НЕ  ДЕЙДІ?

Гүлмира ИЛЕУОВА, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орта­лығы» қоғамдық қорының  президенті:

«Біздің Үкіметтің мұндай қадамын қоштамаймын. Өйткені, біріншіден, құзырлы министрліктер бала асырап алатын отбасыларды таңдауға ерекше мұқияттылықпен қарамайды. Жетімдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілері – соның айғағы. Мұндай оқиғалар ашық айтылып, қоғамның талқысына шығарылып отырылуы керек. Мысалы, батыс елдерінде жетімдерге қатысты заңнама да, ювеналдық органдардың жұмысы да өте қатал. Оларда құқық қолдану тәжірибесі кеңеюде. Бірақ біз  үшін бұл  үлгі  қыларлық  тәжірибе  емес».

Бибісара БЕЙСЕНБАЕВА, Астана қаласындағы «Адал Ниет Астана» әлеуметтік үйінің дирек­торы:

«Барлық жетімдер үйін жауып тас­тауға  болмайды!  Меніңше,  бұған бірнеше  себеп  бар.  Қазақстанда  ювеналдық қызмет жұмыс істемейді. Нақты  мысал айтайын. Шыр етіп дүние­ге келген әр баланы отбасы, өсетін  орта  тәрбиелейді. Қарша­дайынан  қарақшылықты  көрсе,  қылмыскер  болады. Ілім-білімді көрсе, шын  ғалым   болады. Бұл  жерде  бір назар аударатын жайт бар. Жетім баланы  сәбилер  үйі, жеткіншектер үйі немесе балалар үйіне бөлу үшін  біраз уақыт «приемник-распределительде» ұстайды. Ол жер­дегі әлімжеттік, қатыгездік кәдімгі түрмеден  асып түседі. Оған түскен баланың жүрегі қатаяды. Басқаша айтсақ, «бөлтірікке»  айналады. Ал 6 айдан  ке­йін  оны  баратын  жерге  жібергенде, ювеналдық   қызмет  іске  қосылмайды.  Мұндай  «тозақтан» түзе­ліп  шығатын  балалар  некен-саяқ.   Бірде  15 жастағы жетім баламен сөйлес­тім. 5 жасында 6 ай «приемникте»  көрге­нін, сол  кезеңде бүкіл әлемге  лағынет айтқанын өз құлағыммен естідім. Кейінірек, дәстүрдің көмегімен, музы­каның құдіретіне ғашық болғанынан ғана дұрыс жолды таңдаған. Себебі, жетімдер үйіндегі оқытушылары көмектескен. Екіншіден, меніңше жетімдер  үйін әлеуметтік көмек бере­тін үйлерге айналдыру керек. Оларды уақытша тұратын я болмаса ем-дом қабылдайтын, білім беретін деп бөлуге болады. Ең өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік қызметші  деген маман  жоқ. Себебі, жетім баланы дәрігер емдейді, педагог оқытады, психолог кеңес береді, ал әлеуметтік қызметкер осының бәрін қосып, адам болуына жол  көрсетеді, мейі­рімін  төге­ді. Қазір  50-60 мың  теңге  жал­ақы  алатын  біздегі бұл маманның қадірі жоқ, сұраныс жоқ. Ал АҚШ-та бұл мамандық  үздік  төрттікке кіреді, ол жақта ай сайын 15-20 мың АҚШ  доллары көлемінде еңбекақы алады. Әрине, Қазақстан мен АҚШ-тағы тұтыну кәрзеңкесі әртүрлі, десек те елімізде әлеуметтік қызметкерге кем дегенде 350 мың теңге жалақы төлеу қажет. Міне, сол кезде іс оңға басады. Қазақстандағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің стандарттары ескірген. Жаңадан дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте тек қаржы, норма деген нәрсе қамтылған. Бірақ қарапайым адамның құқы, өмірі туралы бір ауыз сөз жоқ! Сонда жетімдер үйін жапсақ, барлық  мәселеге  шешіле  қала  ма?».

Аружан САИН, Қазақстандағы балала­рдың  құқығы   жөніндегі  уәкіл:

«2006 жылдан бері еліміздегі жетімдер үйін жабу мәселесімен айна­лысып келемін. Бұл істі балалардың құқығын қорғау арқылы аяқ­тауымыз қажет. Қазір балалар үйіндегі әр балаға ай сайын 200 мың теңге бөлінеді. Бала көбейсе, қаржы да көп жұмсалады. Бірақ біз осы монолиттік жүйені бұза алмай отырмыз. Осы жүйені бұзғысы келмейтін жандар жетімдерді ұстап отыр. Қазіргі жетім балалар – сол жүйе кепілге алған қорғансыздар. Тастандылар мен жетімдердің сол үйлерден шыққаннан кейінгі өмірі бұлыңғыр. Ал отбасын тапқан баланың ертеңге үміті бар. Біз фостерлік отбасылар (патронаттық тәрбие, кәсіби отбасы) туралы заң жобасын дайындап, Мәжіліске апарамыз. Балалар үйі деген мемлекетке масыл мекемені жауып, осымен ауыс­тырамыз. Патронаттық отбасылар тұл жетімдерді, отбасынан ажыра­ғандарды қабылдайды. Осылайша, өркение­тті елдердің үздік тәжірибе­сін қолданып, бұл мәселені түпкілікті  шешеміз».

ТОБЫҚТАЙ   ТҮЙІН:

Жетімдер үйі деген жан жүрегіңді аяздай қарып жіберетін суық сөздің болмағанын қалаймыз. Тұлдыр жетімнің жанына жазылмас жара салатын жердің керегі жоқ! Бірақ… қоқыста қалған әр баланы өз құрсағынан шыққандай етіп асырап алатындар бар ма? Қу құлқынның жетегіне еріп, баланың жәрдемақысын қалтаға салып, ауыр жұмысқа жегіп, азаптағанын қайда қоямыз? Сүйеусіз қалған жетімге жарық көзбен қарай аламыз ба? Бұл – басқа әңгіме.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: