Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыссыздықтың емес, зор үміттің зардабы тимесін

03.05.2023, 9:40 318

Шәкәрім Құдайбердіұлы «…Ел ісіне аралас, мал тап, еңбек ет. Асыңды адалынан іш…» дейді. Мұны әлеуметтік мәселенің шеті деп те, даналық сөзі деп те қабылдауымызға болады. Қайтсек те, бұл сол заманның өзіндік проблемасынан сыр шертіп тұрғандай. Бұған дейінгі қос ғасырда да жұмыссыздық мәселесі өзекті болатын. Қазір де солай. Бірақ, бүгінгі буынға жасалған жағдайды баяғымен салыстыра алмайсың. «Жұмыспен қамту орталығының» табанын жұмыссыздар тоз­дырса да, NEET санатындағылар азаяр емес. Бірақ, цифр күн өткен сайын өзгеріс үстінде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы ретінде 2021 жылдан бері «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы ұлттық жобаға 52 911 әртүрлі санаттағы облыс тұрғыны қатысуға мүмкіндік алса, оның 15 621-і бос жұмыс орындарына орналасқан. Субсидияланған жұмыс орындарына 14 874 адам жолданып, өз кәсібін ашуға 400 айлык есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік кайтарымсыз грантты 3422 адам алды, бұған қоса қалған 18994-і әpтүрлі сипаттағы  біліктілігін   арттыру   курс  өткен.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының айтуынша, биылғы жылдың 3 айында 19952 адам қатысып, оның 2081-і бос жұмысқа, 10506-сы субсидияланған жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған екен. Ал 350-і мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанып, қалған 7015-і оқу курстарын оқыды. Бұған қоса, аймағымыздың 7 тұрғыны жеңілдетілген 2,5 пайызбен кәсібін ашуға 5 млн теңгеге дейін несие алды. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама шеңберінде 257 жасқа 1,3 млрд теңгеге несиелендіру  жұмыстары  жүргізіледі.

«Бастау – Бизнес» жобасы арқылы кез келген әлеуметтік топтағы азамат кәсіпкерлік саласындағы білімін арттыруға бағытталған «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы арқылы емін-еркін онлайн форматта оқи алады. Биыл 3 ай ішінде 3349  адам курсты аяқтап, 817-сі грант немесе несие алып кәсібін бастап кеткен. Осылай өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандардың саны артуда. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жұмысын­ың  жемісі  деп  айтуға  толық  негіз  бар.

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диа­лог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауында: «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды  рөл  атқарады.

Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайта­ды. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді» деген болатын.

Президенттің бұл сөзінен елімізде жұмыссыз­дықты жою үшін, масылдық көзқарастан арылу үшін барынша жұмыс істеліп жатқанын байқаймыз. Бірақ, қазақтың арасында да қам-қарекеті жоқ ағайынның болуы бек мүмкін. «Алма піс, аузыма түстің» дәуірі аяқталды. Байлық та, тамыр-таныс та, көлеңкелі қиял да бәрі-бәрі бір күні жоғалары  анық. Сол кезде жұмыс  істеп, күнкөрісін реттегендер үшін ештеңе қиынға соқпайды. Адал жолмен жүріп, адал табысымен отбасын асырағандардың берекесі тасымаса, кемімейді. Мұны барлық даналық кітаптарынан оқи  аламыз.  Жә,  тақырыпқа  оралайық.

– Осы жылдың 1 сәуіріндегі ақпаратқа сүйенсек, жұмыспен  қамту  орталықтарына  жұмыссыздыққа 22 335 адам тіркелді. Оның 2081-і бос жұмысқа, 10 506-сы субсидияланған жұмысқа орна­ласуға мүмкіндік алып, 350-і мемлекеттік қайтары­мсыз грант иегері атанды. Қалған 7015-і оқу  курстарын  оқыды.

Бұған қоса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  шеңберінде 43 898 жұмыс орнына құру көзделген. Оның ішінде 30 650-і – жаңа жұмыс орны. Бүгін­гі күнге жоспарланған жаңа жұмыс орнының 13 498-іне жұмыссыздар жұмыспен жұмылдырылды. Жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4  пайызға  дейін  төмендеді, – деді басқарма басшысы  Ғ.Жаңабаев.

Негізінен жастарды жұмыспен камту мәселесі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамы­ту»  ұлттық  жобасы шеңберінде шешіліп, жүзеге асып келеді. Осы жылдың І тоқсан қоры­тындысымен 6 мыңға жуық жас жұмыспен қам­тылды, яғни бос жұмыс орындарына 696 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, субсидияланатын жұмыс  орындарына  2512-сі  жолданды және 2249-ы  әртүрлі  сипаттағы  оқу  курстарын  оқыды.

Бұған қоса, жоғарыда айтып өткендей жастарды несиелендіру жұмыстары бастау алды. Және басқа да  қолданыстағы  ұлттық  жобалар шеңберін­де жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында  2023  жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жалпы  құны  70  млн  теңгені  құрайтын  14 жобаға 5 млн  теңгеге  дейінгі жаңа бизнес  идеяларды  жүзеге  асыруға  грант  берілсе, осымен  бірге 1,2 млрд  теңге  жастардың 31 жобасын субсидиялауға  бағытталған.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялык орталығы, «Аграрлык несие корпорациясы» секілді каржы институттарымен жалпы құны 596,8 млн теңгені құрайтын 111 адамның жобасы қаржы­ландырылды.

Әзірге атқарылып жатқан жұмыстар легі – осы. Жастардың жұмыссыздық деңгейі дәл осындай қадамдардан кейін аласаруы да мүмкін. Өйткені, тынымсыз тірлік табысқа жетелейтіні рас қой. Бұл сөздің қос тарапқа да «айтары» бар. Әрине, түсініп, ізденгенге олжа болатын ақпараттар айтылды. Ғаламдық проблеманың шешімі жай ғана ақша болса, онда ол мүлде мәселе емес. Жай шығын. Белгілі кинода айтылған осы сөздердің артында «шындық» «айғайлап» тұр емес пе?! Шынайы жана­шыр болсақ, кез келген мәселенің шешімін табуға болады. Мүмкін тапқан да шығармыз, бірақ оған шектен тыс шашылып кетпесек болды. Бұл айтқанымызбен жұмыссыздықты мәселе деп қазбалағаннан гөрі, қаржы алып, грант ұтқандар не нәрсемен айналысып жатыр деп ойлану керек секілді. Әйтеуір кейін жұмыссыздарға жасаған жағдай үмітті сөндірмесе болды. Жарайды, қалғанын  жүре  көрерміз.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: