Түрік қиссасынан…
Бірлігі жарасқан бір ауыл болыпты. Ол ауылдың тұрғындарының бір-біріне сенетіні сонша, бірінің затын бірі алмайды екен. Тіпті, үйінен шығып бара жатқанда құлып салмайтын да көрінеді. Өзара тату-тәтті көршілердің арасына 70 жыл бойы сызат түспеген. «Әй» десіп көрмеген көршілер соңғы кезде өзара сенімдерінің сетінегенін байқады. Оған себеп – үйіндегі заттың біртіндеп жоғала бастауы. Десе де, «пендешілікпен алған шығар, алдағы уақытта алатын болса, ескертеді» деген оймен айқара ашық көңілі үйді «қорғансыз» қалдыруына сеп болғандай. Сонымен не керек, біраз уақыт өткен соң, бір-біріне деген ашуы оянып, тіпті кейде ашықтан-ашық дауласатынды шығарды. Көршілердің бірлікке бекемдігі бітіп, ендігі жұмысы «ұры көршісін» қылмыс кезінде ұстап алып, масқарасын шығаруды көздеп жүрді. Бірақ оқиға бәрі ойлағандай емес еді. Өйткені, ауыл адамдары бірінің затын бірі ешқашан алмаған. Оларды тонап, үптеп жүрген көрші ауылдың қос қарақшысы еді.
Сол ауылдың шетінде әулеті кеңге жайылған, дәулеті асқан бір қарияның үйі болған-ды. Күндердің бір күні сол үйде тек қария мен немересі ғана қалыпты. Қызығы – есігінің сыртына «Мен үйде жоқпын, ешкім ішке кірмесін» деп жазу қалдырып, өзі үйдің ішінде тасаланып отырған екен. Қасына немересін отырғызып алған атасы үйге біреудің ұрлана кіргенін сезеді. Егер, ауылындағылар болса, жаңағы жазуды көргенде үйге кірмейтінін ойлаған ақсақал келгендердің ұры екенін тез ұқты. Солай ым-жымсыз әңгімесін бастады.
– Біздің ауылдың адамдары сондай тату-тәтті, бір-бірімен ешқашан ұрысып көрмеген жандар. Оның себебі – мұндағылардың тақуалығы сонша, үйін ашық қалдырып жүре беретіндігінде. Сенімі мен иманының мықтылығы оларды осы дәрежеге дейін жеткізді. Бірақ қазір белгісіз біреу ауыл адамдарының арасында алауыздық отын тұтатып, қадірін қашырып бітті. Соңғы уақытта көршілердің татулығын біреу бұзып жүр. Егер ол адам осында келсе, менің барлық мүлкімді алып, түксіз қалдырса да ренжімеймін. Себебі, мұндағы дүние-мүлік оларға түгелдей жетеді. Тек, ауылдағыларға тыныштық берсе екен. Ұрлығын тоқтатып, баяғы қалпымызға қайта көшсек, мен соларға риза болар едім. Дәл қазір мені сол ұры еститін болса, бір ғана ауыз сөз айтқым келеді. Сен дүйім жұрттың обалына қалдың. Енді сенің жиған мал-мүлкің пайда бермейді. Тыныштығымызды бұзба, дұрысы – адал еңбегіңмен іс қылып, мал тап, – деп, үнсіз ғана жымиды.
Оны естіп тұрған есіктің артын сығалаған қос ұры тұла бойы дірілдеп, жасаған ісіне өкініп, бұдан былай ешкімнің мал-мүлкіне қол салмауды ұйғарды. Әрі жөнге келіп, ауыл адамдарынан кешірім сұраған деседі. Содан бері ол ауылдың тұрғындары қайтадан татуласып, енді не болса да, дау шығармаймыз деп тоқталды.
Адамзатқа ой салатын бұл оқиға түрік қисса-дастандарының алғашқысы болып айтылады екен. Өйткені, қоғамға бірінші керегі – адамгершілік, адалдық. Осыны бойына сіңірген ұлт көштің алдында, абыройдың биігінде болары хақ.
Түрік тілінен түпнұсқадан тәржімалаған
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!