Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаз шәкіртімен мақтанады

14.04.2023, 16:00 1028

HALYQLINE.KZ

Мен 44 жылдық ұстаздық еңбек жолымда жүздеген шәкіртімді мектеп табалдырығынан үлкен өмір жолына шығарып салдым, барлығы да өмірде өз орнын тапты, арасында АҚШ пен Түркия еліне тұрақтап қалғаны да бар. Кей шәкірттерімнің үйленбей жүргенін кездестірсем: «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деп ақылымды айтамын, тұрмысқа шықпай қалған шәкіртімді көрсем «бір үйді ұршықша иіріп кететін еді ғой» деп іштей қынжыламын. Дегенмен мақтан тұтатын шәкірттерім көптігіне қуанамын, бүгінгі тақырып солардың екеуі туралы болмақ.

2002-2003 оқу жылында мен 6 «б» сынып жетекшісі едім, сол кезде маған практикант екі студентке жетекшілік ету жүктелді. Олар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих фаультетінің студентері Әділхан мен Жасұлан еді. Екеуінің де үйлері біздің үйден қашық емес, әкелерін де жақсы танимын. Әділхан біздің мектепте оқығандықтан сабақ бердім, ал Жасұлан көрші мектептен бітірген болатын. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» дегендей, екеуінің практикасының уақыты мектептегі тарих бірлестігнің апталығы өтетін уақытымен сәйкес келді. Үшеуміз сыныбымда өткізетін тәрбие сағаттың сценарийін жазуға отырдық. 

Сонымен қасыма екеуін алып, сыныбымда «Би дегенді біле ме екен, бүгінгі ұрпақ?» атты тәрбие сағатымызды өткіздік, оны көрген ата-аналар риза болып тарасты, сол кезде ескерткіш болсын деп фотоға түстік. (бұған да 20 жыл болыпты ғой).

Тағы бір айтатын қызықты жағдай, екі практикантымның жастары 20-да, екеуі де ұзын бойлы сымбатты көрікті жігіттер болғасын, жоғары сыныптың қыздары өздерінен 3-4 жас-ақ үлкен  екі парктикантқа ғашық болып, үшеуміз сынып бөлмесінде не мектеп кітапханасында сабаққа дайындалып отырғанда жылтың-жылтың етіп, бірінен соң бірі келе беретін болды, екеуі бір-біріне қарап күліп қояды. Бір айға созылған практика да аяқталып, қос «Ромео» оқуларына кетті, мектептегі «Джульетталар» күрсініп қала берді.

Қазіргі уақытта Әділхан Жолекешов Қазалы ауданының оқу бөлімінің басшысы, Жасұлан Шынтасов Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінде басқарма басшысы болып қызмет етеді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

ардагер-ұстаз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: