Білім саласының қарқыны ел мүддесі мен болашағына тікелей әсер ететінін білеміз. Сондықтан, білім жүйесіне енгізілген оң өзгерістер мен қолдаудың маңыздылығы жоғары болуы керек. Осы тұста, биылғы жыл елімізде білім саласындағы жаңа өзгертулерден басталып, қатаң күшейтулермен қалыптасуда.
Басты жаңалық – ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпараты бойынша, орта білім беру ұйымдарына арналған мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, бекітілді. Ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды. Мектепішілік есепке үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын, мектеп Жарғысын және ішкі тәртіп ережелерін бұзатын оқушылар алынады. Комитет төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке толмағандарды уақытылы анықтауға көмектеседі.
– Бүгінгі таңда барлық мектептер мектепішілік есеп жүргізуді бастады. Мектепішілік есепке алудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру мақсатында біз тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірледік. Енді мектепішілік есепте тұрған әрбір балаға қосымша сабақтар ұйымдастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді қамтитын жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Оқушыларды есепке алу туралы шешімді білім беру ұйымының алдын алу кеңесі қабылдайды, – дейді Юлия Овечкина.
Айта кетсек, бұл мектепішілік білім беру ұйымдарында ғана жүзеге асатын жаңа тәсіл балаға жеке әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, елімізде мектеп күзетіне қатаң бақылау қойылып, білім ордасына кіретін бөгде адамдарға толықтай тексеріс жүргізілсін деп ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев тікелей тапсырма берген болатын.
– Балалардың қауіпсіздігі – барлығымыздың басты міндетіміз. Сондықтан, әріптестер, сіздерге мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шұғыл әрі тиімді жұмыстарды орындауды тапсырамын. Бүгін Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті арттыру мақсатында 20 ақпан мен 17 наурыз аралағында еліміздегі барлық мектептің қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етуге мұқият мониторинг жүргізіледі. Осы тұста өзара әрекеттесудің тиімді тетіктері әзірленсін. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы осы жылдың 20 наурызына дейін баяндалсын. Жергілікті атқарушы органдарға, білім беру ұйымдарында турникеттермен, дабыл түймесімен, лицензияланған күзетпен, бейнекамералармен толық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдансын. Білім беру объектілерінің кіру тобына бақылау күшейтілсін, – деді министр.
Иә, еске салатын болсақ, Петропавл қаласында 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, 3 оқушыны жарақаттаған болатын. Осы ахуал түгел елді дүрліктіріп, жоғары басшылыққа оң өзгерістер мен қатаң тәртіпке шақыратын шұғыл шешім шығаруға тура келді. Нәтижесінде осындай жаңа өзгертулер жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрі оқушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтарының циклін әзірлеуді де тапсырды. Бұған дейін бұл мәселенің көп айтылғаны да рас. Дегенмен, қайғылы оқиғаның себеп болуының әсерінен енді бұл түйткіл реттелді.
Білім саласына тағы да жаңа өзгеріс енгізілді. Қазақстанда педагогтердің мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанда атап өтіледі. Бұл туралы ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдап, енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді. Сондай-ақ, биыл өңірімізде бастауыш сынып оқушыларының барлығына тегін түскі ас берілуде. Осыған дейін бір мезгіл тегін ыстық тамақ тек әлеуметтік жағдайына қарай берілген болса, енді мемлекеттік мектептердің 1-4-сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мүмкіндік облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70 863 бастауыш сынып оқушысына беріліп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11-сыныптағы 17 382 оқушы да тегін тамақтанады.
Биыл білім саласында бірқатар жаңару болатын болғандықтан, жаңа жүйеге үйренісіп, басқа да өзгерістерге дайын болғанымыз абзал. Өйткені Оқу-ағарту министрлігі оқу жүйесіне тағы да қатаң тыйымдар орнату керек деп қабылдауда. Яғни, сабақ уақытында оқушы мен мұғалімге ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында көрсетілген. Бұйрықта «Мұғалімнің шешімі бойынша сабақта оларды қолдану қажеттілігін есепке алмағанда, білім алушылар мен мұғалімдер сабақтарда мобильді байланыс құралдарын пайдаланбайды» делінген. Сонымен қатар, бұйрықта оқушыларға ата-ана мен ұстаздың қай кезде жауапты болатыны әрі тәртіп бұзған жағдайда қандай шара көзделетіні жазылған. Алайда бұйрық әлі қабылданып, заң жүзінде енгізілген жоқ. Сондай-ақ, 2024 жылы да жоспарлы түрде білім саласының болашағы жаңадан қаланып, түбегейлі өзгеретін болады. Дәлірек айтатын болсақ, Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесімен еліміздегі мектеп пәндері 100 пайыз электронды форматқа ауыстырылады. Министрдің айтуынша, электронды оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылады. Және бұл тұрғыда педагогтер үшін электронды оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды. Осылайша, отандық білім саласындағы жаңа өзгерістер білім жүйесін 21 ғасыр талабына сай етіп, оңтайлы жолға қойып келеді. Ал білім сапасының жоғары деңгейге көтерілуі мен цифрлық және электрондық жүйенің қалыптасуы бұл өзгертулердің оң ықпалынан десек те болады.
О.ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!