Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баға, қайда барасың?

30.12.2022, 9:00 445

HALYQLINE.KZ

Мәселе

Азық-түлік бағасының күн санап қымбаттауы қарапайым халықты алаңдатқан ең басты мәселенің бірі болып отыр. Елдегі азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асып кетті. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

«Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болуда. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн» деді Президент Үкімет басшысына тапсырма беріп.

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен орынбасарлары бұл мәселеге қатысты Үкімет үйінде бірнеше рет жиын өткізсе де, ештеңе өзгерген жоқ. Инфляция өсуін тоқтатар емес. Үкімет басшысы «Президенттің тапсырмалары мерзімінде орындалмаса немесе орындалу сапасы нашар болса, дереу кадрлық шешімдер қабылданады» деген ескертумен шектелді. Онымен қоймай: «Біз форс-мажор жағдайларға барынша тез әрекет етуіміз қажет. Әр министр өз саласы бойынша тапсырмалардың 100 пайызға орындалуына кепілдік беруі тиіс» деп жауапкершілік жүгін министрлеріне артып қойды. Қош делік.

Баға  неге  күрт  өсті?

Ұлттық банк таратқан ақпарат бойынша, Қазақстанда бір жыл ішінде азық-түлік өнімдері 23,1 пайызға (2022 жылдың қараша айындағы дерек) қымбаттаған. 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 20,8 пайызға өсті. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, биылғы қаңтардан бері қант бағасы 72,9 (!) пайызға қымбаттаған. Түтік кеспенің бағасы 33,5 пайызға, күріш 30,7 пайызға, бидай ұны 26,5 пайызға, қарақұмық 26,2 пайызға, пияз 24,6 пайызға өсіпті. Әлихан Смайылов азық-түлік инфляциясының 20 пайыздан асуының себебін: «Бағаны қалыптастыру тізбегін зерттеу жөніндегі аймақ комиссиялары әлі күнге дейін ойдағыдай нәтижеге жете алмай отыр және көкөніс қоймалары бойынша мәлімет қоры жаңартылмады. Әкімдіктердің жұмысын нашар атқаруының нәтижесі мен Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері арасында үйлестіру жұмыстарының жеткіліксіздігімен» деп түсіндірді. Демек, азық-түлік бағасының шарықтауына нашар жұмыс істеген әкімдер кінәлі. Онда неге ол әкімдерді жазалап, қызметінен алып тастамайды? Өзара жұмысын үйлестіре алмаған екі министрлік басшылығын неге ұстап отыр? Қазақ мұндайда «саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлейді» демей ме?!.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Ахметов биыл азық-түлік бағасының өсуіне негізінен импортқа тәуелді тауарлар әсер еткенін айтты. Әлеуметтік маңызы бар халық тұтынатын 19 тауардың 9-ы импорттан келеді. Біз жоғарыда қатты қымбаттаған тауардың бірі қант екенін айттық. Қазіргі кезде қазақстандықтар тұтынатын қанттың 58 пайызы импортталады. Тіпті, елімізде жұмыс істеп тұрған 4 қант зауыты қызылшаны сырттан әкеледі. «Сол зауыттарға несие беретін жалғыз тауар жеткізуші көтерме нарықтың 90 пайызын өніммен қамтамасыз етеді. Осы ірі монополист басқа делдалдарға және сауда желілеріне қантты жалғыз өзі сатады. Біз жүргізілген тексерудің нәтижесінде бағаны қатты қымбаттатқанын анықтадық. Заңға сәйкес, шара қолданамыз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Рүстем Ахметов.

Құзырлы агенттік өкілі бағаны тұрақтандыруға арналған іс-шаралардың дені әкімшілік және нарықтық емес сипатқа ие екенін айтады. Мысалы, өнімді әкелуге шектеу қою, тауарлық интервенция, желілерді жеңілдікпен несиелеу – тек белгілі бір маусымда жасалатын іс-қимылдар. «Мұндай әрекет АӨК саласына тұрақтылық орнатуға ықпал етпейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер астықтың бітік шығатынына және қажетті түсім алатынына сенімді емес. Сол себептен фермерлер шектеу, тыйым жоқ басқа салаларға ауысады. Осылайша, жекелеген тауарларға тапшылық туындайды. Амалдың жоқтығынан біз бағаны арзандатуға емес, өнім көлемін арттыруға басымдық береміз» дейді ол.

Бағаны  өсірмеу  үшін  не  істейміз?

Үкіметтің отырысында Президент баға белгілеуді тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды. «Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе көктемде шарықтап шыға келеді. Мұның шешімі біреу ғана – қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанмен, соның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның ішінде 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен, бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс» деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Енді Президент тапсырған басты бағыттар бойынша нақты жұмыстарға келейік. Бұл жұмысты атқаратын Сауда және интеграция министрлігі нақты істелетін істен гөрі «толықтырамыз», «қорғаймыз», «жағдай жасаймыз», «реттейміз» деген сөздермен шектеліп отыр. Үкімет үйіндегі жиында баяндама жасаған Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Арман Шаққалиев «Бағаны тұрақтандыру үшін «айналым схемасы» механизмінің форматын өзгертіп, нарықты отандық тауарлармен толықтырамыз. Маусымаралық кезеңде нарықтық бағалардың маусымдық ауытқуын реттейміз. Мысалы, өз көкөністерімізбен сәуір айына дейін нарықты қамтамасыз етеміз, әрі қарай шетелден ерте пісетін көкөністерді жеткіземіз» деп түсіндіргендей болды. Алайда, тұрақтандыру қорларының форматын өзгертуден, я болмаса, форвардтық тәсілмен тауар сатып алудан азық-түлік бағасы арзандамайтыны анық. «Біз қазіргі заманауи сауда форматтарының үлесін 2027 жылға қарай 70 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз» дейді құзырлы министрліктің өкілі. Мәселені бүгін шешкеннің орнына, алдағы 5 жылға жоспарлаумен «құтылып», қағаз жүзінде тапсырманы орындаудан ешқандай нәтиже шықпайтыны бесенеден белгілі. «Жоспарлаймыз», «заңға өзгерту енгіземіз» деп жүргенде баға деген мойнына құрық салдырмас асаудың ұстатпайтынын, қымбатшылықтан қарапайым халықтың қинала беретінін неге ойламаймыз?!.

«Әйелдерге  гүл  емес,  бір  түп  аскөк  сыйлаймыз!»

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов азық-түлік бағасының өсуіне себеп болып отырғаны Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен, мәмілеге лайықтылған саясатының жоқтығы деп санайды. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген мақал бар. Үкімет бағаның өсуіне кінәлі деп Сауда комитетінің төрағасын, жекелеген өңір әкімдерінің орынбасарларын жазалады. Өкінішке қарай, бұдан ешбір тауардың құны арзандаған жоқ. Керісінше, бұрын қымбаттамаған аскөктің бағасы аспандап кетті. Көп ұзамай әйелдерге гүл шоқтарын емес, бір түп аскөк сыйлаймыз. Бұл – өмір шындығы» деді ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Ол Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16 пайызға дейін көтергенін ағымдағы инфляцияны төмендетуге ешқандай ықпал етпейтінін мәлім етті. «Айналым схемасына» 86,1 млрд теңге жұмсалды. Оған қосымша тағы 14,1 млрд теңге бөлу жоспарланған. Президенттің өзі осы «айналым схемасының» тиімділігіне күмәні барын айтты. Бірақ ол жұмыс істеп тұр. Жаңа шешім де, нақты нәтиже де жоқ. Президенттің тапсырмасы орындалмады. Үкімет пен Ұлттық банк бағаны ұстап тұруға бірлесіп әрекет жасай алмады. Бірақ бағаға қатысты ғажайып болмайтыны анық. Қазақстандағы инфляция үлкен көлемдегі импортпен тікелей байланысты. Мәселен, елімізге өте зор көлемде азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, жиһаз және өзге де халық тұтынатын тауарлар жеткізілуде. Бір ғана азық-түлік тауарларының импорты 4 млрд АҚШ долларына жетті!» деді ол. Оның пайымдауынша, тығырықтан шығатын жолдың бірі – ішкі өндірісті дамытуға әділ, адал қаражат бөлу. Әзірше бұл сала банктер мен ірі депозит ұстаушылардың пайдасына жұмыс істеп тұр. Аманжан Жамалов импорттық жеткізудің бағдарын өзгертіп, Қазақстанның географиялық артықшылықтарын пайдалана отырып, Орталық Азия елдерінен тауар импорттау қажеттігін алға тартты.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: