АЛҒЫ СӨЗ
Жер бетіндегі халық 8 миллиардқа жақындап, технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып, ықпалдастық артқан осы бір күрделі кезеңде әлемдегі әрбір ұлтқа жұтылып кету қаупі күшейді. Сондықтан, ықпалдастық көлеңкесінде қалып, ұлттық ерекшелігінен айырылып қалмасы үшін, кез келген ұлт өз төлқұжаты – ұлттың тілдерін дамытуға күш салуда.
Мұндай үрдіс Қазақ елін де айналып өткен жоқ. Бізде де ұлттық тілге деген көзқарасты қалыптастырып, оны дамыту жолында ізденістер байқалады. Әсіресе, көзі қарақты, көкірегі ояу, терең ойлы, намысты азаматтарымыздың құлшынысы ерекше.
Ұлты үшін, ұлт тілінің дамуы үшін күресте ауданымыздың талай озық ойлы азаматы Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ тізгінді қолға алған-ды. Сондай ұлтын сүйер азаматтардың бірі Амангелді Траханов ағамыз еді. Оның аудан экономикасының өркендеуіне қосқан үлесі бір төбе болса, руханият саласына, әсіресе, ұлтымыздың тірегі – ұлттық тіліміздің өркендеуіне қосқан үлесі өлшеусіз болатын. Ол қазақ тілінің мерейін өсіруде ҚР Журналистер Одағының мүшесі ретінде де, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Арал аудандық филиалының төрағасы ретінде де тынбай еңбек етсе, өз қаражатымен Арал аудандық ақпаратты-танымдық тәуелсіз басылым «Үмітті Арал» газетін шығарып, аудан халқының ұлттық рухын көтеруде өшпес із қалдырды. Әсіресе, жастар шығармашылығын шыңдаудағы еңбегі – бір төбе.
Мен Амангелді Траханов ағайды бала кезімнен білемін. Өйткені, әкем Нұрбай Жүсіп екеуі газет шығаруда талай таңды көзімен атырғанының куәсі болғанмын. Ол кезде барлық жұмыс қазіргідей компьютермен емес, қолмен атқарылатын. Сондай-ақ, Амангелді ағаның азаматтығының жаңа қырын осыдан тура он бір жыл бұрын, яғни 2011 жылы күзде апам Нұргүл Нұрбайқызы екеуміз Көкшетау қаласында оқып жүргенімізде айқын сезінгенмін. Амангелді аға сол жылы 22 қыркүйекте Көкшетау қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайына делегат болып қатысты. Сонда бізге, достарымызға айрықша құрмет көрсетіп, «Бұлар болашақ қазақ тілінің мерейін өсіретін ұрпақтар!» деп делегаттар алдында жалынды сөз сөйлеп еді.
Құдайға шүкір, Амангелді ағаның аманатына адалдық танытқан біздер қазақ тілінің мәртебесі үшін тынбай еңбек етіп келеміз. Соның айғағы іспетті, сол кездегі құрылтайдан кейінгі Амангелді ағаның «Үмітті Арал» газетінің 17 қараша 2011 жылғы санында жарық көрген «Тіл – ұлттың тірегі» атты мақаласымен оқырмандарды таныстыра отырып, Амангелді аға сынды ұлтын сүйер азаматтардың еңбегін насихаттап жүруді мақұл көрдім. Өйткені, осыдан он бір жылғы шешімін таппаған тіл мәселесі бүгінде сол күйі мызғымастан тұр десе болатындай.
Сонымен…
«ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ»
«Тіл – ұлттың төлқұжаты» деп жатады сөз зергерлері өз еңбектерінде. Тура сөз! Өйткені, әлемде қазаққа бет-пішіні, келбеті ұқсас толып жатқан халық бар. Бірақ, бәрі де өздеріне тән тілдері, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлеріне сай ерекшеленеді. Осы ерекшеліктерді алдымен айқындайтын – тіл. Яғни, тіл – ұлттың төлқұжаты. Тіл арқылы оның қай ұлт екенін ажыратамыз. Демек, тіл болса, ұлт та болады, тіл болмаса, ұлт та болмайды.
Міне, осы қағидатты басшылыққа алған еліміздегі тіл жанашырларының бірі ретінде мен де кезінде мерзімді баспасөз беттерінде «Тіл – ұлттың өзегі», «Тіл мен ұлт егіз – ұлт болмайды тілсіз», «Қасиетіңнен айналайын, ана тілім» сынды тіліміздің келелі мәселелері жайында мақалалар жариялап келдім.
Халықаралық «Қазақ тілі» коғамының Арал аудандық филиалы төрағасы ретінде 2011 жылдың 22 қыркүйегінде Көкшетау қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайына делегат болып қатыстым. Осы құрылтайдан алған әсерім шексіз болды. Құрылтайға қазақтың небір азулы, жайсаң зиялы азаматтары жиылыпты. Бірақ, неге екені белгісіз, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйым болғанымен, билік тарапынан келген мырза жиынға қожалық етіп, өз пікірін білдіріп жатқан шығып сөйлеуші азаматтарды тыйып-жиып отырды. Осы жері сәл ыңғайсыздау әсер етті. «Қазақ тілі» қоғамы – қоғамдық ұйым. Оның өз төрағасы, өз Президенті бар! Сіздің киліккеніңіз калай?!» деп наразылық білдіріп жатқандар да болды.
Дегенмен, құрылтай өз мәнінде өтті деуге болады. Әсіресе, шығып сөйлеушілердің арасында оқ бойы озық тұрғандардың бірі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті Алла Платонова болды. Оның:
– Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың айнымас парызы. Бұлжымас міндеті. Қазақтың суын ішіп, нанын жеп, жерін басып, «азамат» атын алып жүрген әрбір адам қазақ тілін білуге міндетті. Егер осыны мойындағысы келмесе, болашақ ондайларға бұл елден орын жоқ. Олар осы бастан қонысын, Отанын өздеріне жайлы орындардан іздесін! Бұдан артық айтар сөз жоқ! Кең пейілді, ақкөңіл казақ халқының арына тиіп, намысын таптауға ендігі жерде ешкімнің қақысы жок! – деген жалынды сөзін естігенде, зал ду ете қалды.
Менің де жүрегім қатты толқып кетті. Қалай орнымнан ұшып тұрғанымды білмей қалдым. Бір кезде есімді жисам, көзімде жас, алақанымды аямай, қол соғып тұр екенмін. Жалма-жан айналама қарасам, жұрттың барлығы да осындай сезімде, орындарынан тұрып, алақандарын аямай-ақ соғып жатыр екен. Кейбіреулері қатты толқып кетсе керек, бет орамалдарын алып, көздерін сүртіп те жатыр.
Қаршадай қыздың бүкіл жиналған қауымның жүрегінде жатқан тілге деген жанашырлық сезімін қатты толқытып жібергені, әлі де тіліміздің аяқтан тұра алмай жатқандығының белгісі-ау, сірә!
Мұндай халықтың толқынысы жоғары жақтағы әлдебіреулерге жақпады білем, әлгі билік басындағы мырза шығып сөйлеушілерді 1-2 минут сөйлетіп қана, мінбеден түсіріп жіберуге тырысты. Бұл әрекет делегаттардың тағы да наразылығын тудырды. Шығыс Қазақстан өңірінен келген делегаттар: «Қоғамдық жұмысқа неге мемлекеттік қызметкер араласады!» деп орындарынан тұрып, ашық қарсылықтарын білдірді.
Халықпен санаса бермейтін біздің биліктегілерге мұндай қарсылық әсер ете бермесі анық қой! Біразға дейін дуылдасып барып басылған халықтың наразылығы қаперге де алынбады. Жиынды «бірдеңеге ұластырып алмайын» дегендей, тезірек аяқтауға күш салына берді.
Осы жерде маған бір ой келді. «Егер осындай жиын жүз пайыз қазақ тұратын Арал өңірінде болса ше?!». Алла Платонова сынды отты сөзді бір қазақтың баласы айтса ше?! Онда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының жұмысына қараптан-қарап соқтығып жүрген кейбір «шаш ал десе, бас алуға» бейім жандайшап атқамінерлер жиналысты күштеп таратып жіберер ме екен?!
Қалай десек те, қитұрқы кедергілерге қарамастан, кұрылтай жиыны өте пәрменді жалғасын таба берді. Қазақ тілінің хал-жағдайы, оның бүгінде тығырыққа тіреліп тұрған тұстарын шығып сөйлеушілер батыл қозғаудан тайынған жоқ. Бірінен соң бірі шығып сөйлеп жатқандар арасында сөз кезегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбдісаттар Дербісәліге де тиді. Ол «Дін, діл, тіл үйлесімі» тақырыбында сөз алып, осы үйлесім негізінде әртүрлі пікірімен шынайы тілегін білдірді. Ә.Дербісәлі пікірлері әр бағыттағы ойға негіз болды.
«Біз ата-бабамызды керемет құрмет тұтатын халықпыз. Әрине, жаугершілік заманда кей ұлттар ұлтарақтай жер үшін соғысып, жер бетінен мүлде жойылып кетіп жатқанда, осынау жер асты да, жер беті де байлыққа толы сайын даланы мұраға тастап кеткен ата-бабаларымызды әрқашан құрмет тұту – заңдылық! Алапат жерді ғана мұра қылмай, шұрайлы тіл, елді біріктірер салт-дәстүрді де ұрпағына аманат етті. Дініміз де – әлемдегі ең жас, таза дін Ислам. Осы Ислам дінінің аясында ұлт болып ұйысқанымыз да шындық! Солай бола тұра, неліктен бүгінгі күні жастарымыз әртүрлі діни ағымдарға, секталарға үйірсек боп, елімізде келеңсіз жағдайлар жасап жатыр?! Бір кездері орыс миссионерлерінің үгіт-ықпалына ұшырамауына негіз болған, тілімізге, салт-дәстүрімізге тіреу болған дініміз бүгінде неге пәс?!
Сонау Сақ, Ғұн (Күн), Түркі дәуірінен «Тәңіршілдік», яғни бір Құдайға бас иіп, бүкіл Еуропаны Еділ (Атилла) бабамыз құлдық дәуірден құтқарған ұлы бабаларымыздың бүгінгі мұрагер ұрпағы емеспіз бе?! Неліктен Тәуелсіздігіміздің 20 жылында да рухани күш-қуатқа ие бола алмай жатырмыз?!».
Міне, осы ойлар мені де еріксіз мазалады.
Құрылтай арасындағы үзілісте, үлкен ас үстінде өзбек елінен келген делегат ағайындар: «Біз Қазақ еліндегі қандас ағайындарға қатты қайранбыз. Өзбек елінде жай саудагерлерге дейін ерекше ұлтшыл. Өзбек тілінде саудаласпасаңыз, орысшаңызға жауап қатпай қасқайып тұра береді. Бұл ұстаным Өзбек еліндегі барлық ұлт диаспораларына да қатысты. Елде тек бір ғана тіл қатынас құралы – ол өзбек тілі! Ал, Қазақ елінде үш тілділік! Ол неліктен?!» – деп сұрақ қойды.
Біз, Қазақ еліндегі қазақтар, бұл сұраққа не дейік?! Жауап жоқ! Өз тілімізде таяққа сүйеніп тұра алмай жатқанымызда, тағы екі тілді қосақтау – әрине, түсініксіз!
Ойды ой қозғайды ғой! Өзбекстаннан келген қандас делегаттардың ойы менің де ой тұңғиығына шомылуыма мәжбүр етті.
Меніңше, Қазақстандағы барша ұлт өкілі, соның ішінде қазақ ұлты, ең алдымен, қазақ тілін бірауыздан үйреніп алуы керек. Елде олар үйренуге барлық жағдай жасалуы тиіс. Тіпті, жоғары қызметке өрлеу үшін де қазақ тілін меңгеруді мәжбүрлеу де осы жағдайдың аясында болуы шарт! Сонан кейін үш тұғырлы қыласыз ба, бес тұғырлы қыласыз ба, тіпті қалағаныңша үйренесің бе, өз еркің болуы дұрыс деп есептеймін. Бұл қағида – бүкіл адамзатқа ортақ құбылыс екеніне дау жоқ! Сондықтан, алдағы уақытта осы бағытпен жүрген дұрыс-ау!
Әйтсе де, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы V құрылтайының бір кездері орыстандыру саясатының құрбанына айналған қасиетті Көкше өңірінің орталығы Көкшетау қаласында өтуі санадағы сан ойдың қаратүнегіне үміт отының сәулесін жылт еткізгендей! Қалада өзге ұлт өкілдері, әсіресе, орыс ұлтының өкілдері басым болғанымен, олардың арасында қазақ тілін білуге ұмтылысы – көшедегі сұхбаттар нәтижесінде көзге түсіп, көңілге медеу болып тұр. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген ұмтылысы сәнге айналуға қараған екен. Бұл бізді қатты қуантты! Демек, «үмітсіз – шайтан», бізде үміт оты лаулай бастады.
Бұл – күрмеуі қиын Қазақ елінің Тәуелсіздігін нығайтудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы көреген саясатының жемісі дер едік.
Елбасының қазақ тілін дамытуда 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында «2017 жылға дейін Қазақстан халқының 80 пайызы, 2020 жылы 95 пайызы қазақ тілін толық үйреніп болады» деген тарихи тұжырымы аңыздан ақиқатқа айналар шындық болып отыр бүгінде!
Осы орайда, тағы бір ойдың ұшқыны жылт ете қалады. Арал, Сыр аймағы секілді 100 пайыз қазақ тұратын өңірлердегі қазақ жастары орыс тілін меңгеруде өте салқындық байқата бастады. Бұл да өз кезегінде дұрыс үрдіс емес. Өйткені, мектеп бағдарламасында қазақ мектептерінде қазақ тілін меңгеруден гөрі, орыс тілін меңгеруге көп сағат бөлінеді. Тіпті, бір сыныпты екі топқа бөліп те оқытады. Бірақ, орыс тілін меңгеру көңіл көншітпейді. Қаншама қаражат желге ұшып жатыр.
Сонымен қатар, Беларусь, Ресей, Қазақстан бір кедендік одаққа біріккеннен кейін Қазақ елі өз несібесін теріп жеу үшін, есесін кетіріп алмау үшін орыс тілін меңгеру қажеттілігі де туындап отыр. Заман талабы солай болған соң, заман үрдісінен қалмау қажет. Қазақта «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген бар емес пе?!
Аса қабілетті жастар әлем кеңістігіне шығам десе, ағылшын тілін де меңгергені дұрыс. Алайда, бәрі рет-ретімен. Бала жас кезінде ана тілімен сусындауы қажет. 5-сыныптан бастап орыс тілін, ағылшын тілін талапқа сай меңгеруі керек. Ер жетіп, оңы мен солын әбден танығанда, орыс, ағылшын тілдерін өздері-ақ қажеттеріне қарай игере алады. Бұл жерде ұстаздардың біліктілігі, білімі, жастардың тілді меңгерудегі жауапкершілігі басты шешуші орын аларын да естен шығармаған жөн.
Қорыта айтқанда, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Көкшетау қаласында өткен V құрылтайынан алған әсер саясынан туындаған ой-пікірді саралай келе, қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр еместігі, алдағы уақытта өз мәнінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілеріне сенім ұялатып қайтқанымызды ашық айтуға болады.
«Жастар – болашағымыз» десек, қазақ тілі мәртебесі үшін күрес алдағы уақытта тек білім арқылы, жастардың білімді игере отырып, биіктерге көтеріліп, халқына қазақ тілінің нұрын шашу жолымен мәртебесін арттырудан басқа бағыт жоқ екенін аңғаратын уақыт жеткені баршаға аян болып отыр.
Өйткені, тіл – ұлттың тірегі болып келді, алдағы уақытта да ұлт тірегі болып қала бермек.
Аманкелді Траханов,
«Үмітті арал» газеті,
17 қараша 2011 жыл
ТҮЙІНДІ СӨЗ
Иә-ә, бұл мақала осыдан тура он бір жыл бұрын жазылған. Мұнда сол кездегі, яғни Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңындағы еліміздегі тіл мәселесінен хабардар етсе, бүгінде ел Тәуелсіздігінің отыз бір жылдығы қарсаңында кейбір сарапшылар айтып жүргендей, тіл мәселесінде «баяғы жартас – бір жартас» еш өзгеріс жоқ» дегендері елдегі жағдайды дұрыс бағамдай алмағаны деп білемін.
Осыдан он бір жыл бұрынғы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті Алла Платонованың «Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың айнымас парызы, бұлжымас міндеті. Қазақтың суын ішіп, нанын жеп, жерін басып, «азаматы» атын алып жүрген әрбір адам қазақ тілін білуге міндетті. Егер осыны мойындағысы келмесе, болашақ ондайларға бұл елден орын жоқ! Олар осы бастан қонысын, Отанын, өздеріне жайлы орындарын іздесін! Бұдан артық айтар сөз жоқ! Кең пейілді, ақкөңіл қазақ халқының арына тиіп, намысын таптауға ендігі жерде ешкімнің қақысы жоқ!» – деген «жас та болса, бас болып» айтқан аталы сөзі бүгінде шындыққа айнала бастады.
Біртұтас қазақ жерін бөлшектеп жіберіп, «бөліп ал да, билей бер» пиғылдарынан түк шықпаған соң, орыстың шовинист бөлігі қазақ елін жамандап, Ресейге көше бастаса, жергілікті халықтың «Тіл майданы» секілді қоғамдық ұйымдар құрып, қазақ тілінің мәртебесін қорғаған белсенділігі артуда.
Қазақ елін «Отаным» деп санайтын өзге ұлт өкілдері арасынан қазақ тілін үйренем деушілер саны да жылдан-жылға көбеюде.
Мұның бәрі, сайып келгенде, оң өзгерістер. Тек Абай атамыз айтпақшы, «ақырын жүріп, анық басуымыз» ғана қазақ мүддесіне жұмыс істей берері сөзсіз.
Иә, қалай айтсақ та, тіл үшін күрес толастамайды. Өйткені, ұлт болашағы – тіліміздің дамуында!
Әлемдік үрдіс те осыны аңғартып отыр.
Гүлназ НҰРБАЙҚЫЗЫ,
Қамыстыбас ауылдық клуб үйінің әдіскері,
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!