Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шипагер шөп

18.08.2022, 10:00 850

Көктем мезгілін «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағымен» байланыс­тырамыз. Олай деуімізде де үлкен мән жатыр. Себебі адамның иммундық жүйесі әлсіреп, ауру жұқтыру және оны тарату барысы жоғары деңгейде болады. Ол үшін түрлі дәрумендер қабылдап, пайдалы тағаммен қоректеніп жатамыз. Мұндай уақытта дертке шалдыққан адамның ауруы ұзаққа созылып, біраз арпалысуы мүмкін. Дәл осы кезең күз мезгілінде де қайталанады. Дегенмен, оны көп адамдар сезе бермейді, себебі жазғы жеміс-жидектер мен көкөніс­тер ағзаға қажетті дәрумендер легін толтырып қояды. Алайда, тұмау немесе жөтел ауруларының тез таралып, шалдығушылар қатары арта­тын уақыт – осы. Оны емдеу үшін дәрі-дәрмек іздеп шығындан­бауыңызға да болады. Өйткені мұндай жағдайда пісіп, қураған адыраспанды өртеп, түтінімен үйді бір рет аластап шықсаңыз, осы  да  жеткілікті.

Сонымен  бірге,  адыраспан  – адам  бойындағы өкпе ауруы мен буын ауруының таптырмас шипагері. Оның ішінде туберкулез, демікпе, ентікпе, тағы басқа ауруларға осыны пайдаланған. Буын ауырғанда ерекше қасиетке ие шөпті қайнатып, оның тұнбасын ауырған жерге орап, таңып қоятын болған әрі булау арқылы ісікті қайтарып, ревматизмнің салдарынан болған сүйек ауруларының дауасы адыраспан еді. Және де суық тию, тұмау, жөтел секілді жиі шалдығатын аурудың алдын алу үшін денеге тұнбасын жағып, жылы киіндіріп, аурудың алғашқы шарасына пайдаланған. Тіпті тұнбасын ішу арқылы да дертке дауа тапқан. Ол іштегі зиянды заттар мен несепті айдауға да атсалысады. Безгегі ұстаған адамдарға да көмектеседі, бағзы дәуірде бедеуліктің де емі адыраспан болған деседі.

– Өсімдіктер көне заманнан адам баласына қызмет етіп келеді. Оны әртүрлі мақсатта, ең алдымен бояу жасауға, тері илеуге, сабын қайнатуға және емдеуге пайдаланады. Мәселен, адыраспанның өзіндік иісі бар және мал жеуге жарай бермегенімен кәсіптік маңызы бар. Адыраспаннан көптеген жұқпалы аурулардың кейбіріне қарсы препараттар алынса, ревматизм, тері және қышыма ауруларын емдеуге халық ертеден пайдаланып келеді, – дейді этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай.

Егер сіз тұратын жерде адыраспан өсетін болса, таза, дәреті бар ер адамға «Ассалау­мағалайкүм, адыраспан! Ем болсын деп жіберді Омар Оспан!», – деп шөпті түбінен жұлғызып, белін жіппен буып, үйде сақтау дәстүрге айналған. Әрине, қарапайым көрінгенімен, үй ішіне бәлекет әкелетін жын-шайтандарды қуады деген ырым бар қазақта. Әр ырымның астарында бір шындықтың тұратыны ақиқат.

Егер үй жануарлары немесе  қорадағы ірілі-уақты мал ауырса, адыраспанның тұнбасы мен жұлынған дайын күйіндегі түрін ем ретінде пайдалансаңыз, дәрінің орнына таптырмас ем-шара ретінде іске асады. Ауырған буынына, немесе сынған, ісінген тұсына таңу, тұнбасын ішкізу арқылы ауруын жазуға болады. Бұл медицинадан бөлек ветеринарияда да дәлелденген. Адыраспанның сабағы мен гүлінде у болады. Биіктігі 30 см-ден 80 см-ге дейін жететін шөпті ежелгі кезде моңғолдар өз жауының ұлтарағына жағу арқылы оларды қырып жойғаны деректерден мәлім. У демекші, оның иісін көп тұтыну арқылы адам естен айырылуы мүмкін. Бөлме ішін адыраспанның түтінімен түтетіп, фармакологиялық қасиетін пайдаланыңыз. Яғни адам ағзасына қауіпті бактерияларды киелі шөптің түтіні жояды деген мәлімет бар.

Адыраспан көбіне құрғақ, шөлді жерлерде өсетін болғандықтан, Қызылорда – мұндай өсімдіктер үшін жайлы әрі қолайлы орын. Кез келген ауруға қарсы өнімнің пайдасымен қатар зиянды  тұсы бар, сол үшін  біз  айтқан кеңестерді пайдаланатын болсаңыз, шектен тыс қолданбағаныңыз дұрыс. Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

Ердәулет  СӘРСЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: