От пен түтін, адам мен қылмыс – жатырлас.
Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ
Қоғамда елдің қазынасына қол сұғушылар көп екені ара-тұра айтылып жатады. Тіпті, қылмыстық іс сотқа жеткізілгені жайында да жауапты мамандар мәлім етеді. Алайда алып-қашпа пікірмен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатамыз. Егер жақынымыз болмаса, соттың үкімі ешкімді алаңдатпайды. Содан соттың жұмысы әділетсіз деген ел арасында қаңқу сөз жүретіні жасырын емес. Демек, көп қылмыстық істің шешімі бәріне беймәлім деп тұжырымға келуге болады. Ендеше, елдің есін екеу, түсін төртеу қылғандарды біз қозғайық. Кезінде «айтуға болмайтын» деген қылмыстардың бетпердесін шешуге толық құқымыз бар. Өйткені соттың үкімі шықты.
Ең алдымен, өткен аптада Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбековтен сұраған қылмыстық іс жайында сөзімізді бастайық. Аталмыш департаменттің «Айдын есімді лауазымды тұлғасы заңсыз ойын бизнесіне 1 миллион теңге көлемінде «қамқорлық» жасаған» деген әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 10 наурыздағы шешімімен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің лауазымды тұлғасы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен қаралған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса) мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан мәңгілікке айырыла отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығына айырылу жазасына кесілді деп сот шешімін қабылдады. Оң қолымен адал табысын тауып, сол қолымен пайда іздеп жүргенде бәлеге ұрынды деген – осы.
Субсидияны сүлікше сорғандар жайында біздің редакция айтудан кенде емес. Ұяты облыс әкімдеріне тисе де, субсидия қаражатын талан-таражға салу біздің өңірде де тоқтамай тұр. Мәселен, облыстық ауылшаруашылық басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істің жай-жапсарын айтайық. Олар өз қызметтерін пайдалана отырып, бірнеше шаруа қожалығымен келісімге келіп, облысқа бөлінген қаражаттың бір ұшынан қысып отырған. Жалпы, облыс аумағында 2019-2020 жылдарға арналған бірқатар жоба бойынша инвестициялық субсидия қаражатын үлестіру барысында ешқандай жұмыс атқарылмай, тіпті жабдықтар мүлдем қойылмаса да, жұмыстардың толық орындалғаны туралы жалған құжаттар әзірлеп, «Qoldau.kz» ақпараттар жүйесіне енгізіп, сыбайласқан шаруа қожалықтарына субсидия беру туралы өтінімге қол қойған. Кәсіпкерлер келісімшарт сомасының 10 пайызын алу үшін жалған құжаттар әзірлеп, мемлекет қаржысының жымқырылуына қатысқан. Бұл қылмыстық әрекеттер 24,4 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Қазіргі таңда, осы іске қатысушылар тарапынан жымқырылған қаражат толығымен өндірілді. Ал, сот үкімі қандай шешім қабылдады? Сот шешімімен облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Айқын мен бас маманы Бексұлтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, мемлекеттік ұйымдарда материалдық немесе қаржы аударымына негіз болатын құжаттарға қол қою құқығы жүктелетін лауазымдарда қызмет атқару құқығынан 3 жылға айырыла отырып, 2 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасын алды. Алайда екі лауазымды тұлға да «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 2-бабы 1-бөлігі 1) тармақшасына сәйкес, негізгі жазадан босатылды.
Елімізде бөлінген қаражаттың сұрауы қатаңдатылмай тұрған соң, мемлекеттің қаражатын жымқыратындар аз емес. Тағы да бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша қылмыстық істің беті ашылды. Жаңақорған аудандық ауруханасының Самал мен Шырынкүл есімді қызметкерлері өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, 2015-2019 жылдар аралығында өзара келісімге келу арқылы іссапар шығындарын рәсімдеп, өз есеп шотына іссапар шығындары ретінде түсетін ақшаны аударуға және қолма-қол шешіп беруге келісім беретін аурухана қызметкерін тауып, банкомат картасына аударып, шешіп алу арқылы ірі мөлшерде мемлекет қаржысын иемденіп алуды жүзеге асырған. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу нәтижесінде «Жаңақорған ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына 14 миллион 99 мың 594 теңге залал келтіргені анықталыпты. Жаңақорған аудандық соты, жоғарыда аталған қылмыскерлерді ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танып, есепшілік және материалдық жауапкершілігі жүктелетін қызметтер атқару құқығынан 2 жыл мерзімге және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шешті. Үшінші тұлға Болат есімді азамат қылмысқа қатысқаны үшін 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын алды.
Сонымен қатар, Қызылордалық кәсіпкер мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдап жатқанда құрыққа ілінді. Бізге жеткен ақпарат бойынша, Сағат есімді жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алу порталына мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізуші кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркеліп, 2020-2021 жылдары мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысыпты. Баға ұсынымдары әдісімен ең төменгі баға ұсыну арқылы жеңімпаз ретінде танылып, Қызылорда облысы аумағында барлығы 41 мемлекеттік мекемелермен жасалған мемлекеттік сатып алу келісімшарты негізінде 2 жылда барлығы 779 тонна, құны 165 миллион 865 мың теңгенің дизель отының тасымалдап, жеткізіп берген-ді. Соның ішінде, 402 тонна, құны 93 миллион 788 мың теңгенің дизель орындарын шығу тегін растайтын құжаттарсыз өткізіпті. Солай айласын асырып, кәсіпкер бұл ісі заңсыз болса да, жеңіл ақша табудың жолын тоқтатпапты. Шамасы қармаққа ілінбеймін деп ойлаған шығар, сірә? Алайда құлақтанып үлгерген жауапты мамандар 2021 жылдың қараша айында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында 4000 литр дизель отынын ауылдық мәдениет үйінің бу қазандығына жеткізіп беру кезінде қолға түсірген. Сотталушының қылмыстық әрекеті жәбірленуші және куәлер жауаптарымен, оқиға орнын қарап-тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелермен, сот-сараптама институты сарапшысының қорытындылармен толық дәлелденді. Нәтижесінде қылмыстық әрекеттердің жазасын сот белгіледі. Жеке кәсіпкерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (мұнай және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдағаны, иемденгені, өткізгені, сақтағаны) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін 2 жыл 8 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
Жақында ғана әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудырған ақпарат шықты. Елдің қаражатын оңды-солды шашып жүрген жемқорлар елімізде толысып жатқаны жасырын емес. Дегенмен, бұл жағдай елді елең еткізді. Себебі аймағымыздағы 6 әлеуметтік мамандар мүмкіндігі шектеулі жандардың ақыл-есінің кемістігін пайдаланып, оларға тиесілі жәрдемақыны өз пайдаларына жаратып келген екен. Қысқасы, «ақша «тәттілігін» қоймаған соң, мен де ұрлығымды қоя алмаймын» дейтін көрінеді бүгінгінің Алдар көсерлері. Прокурорлардың айтуынша, жауапты басқарманың қызметкерлері 5 мүгедекке тиесілі қаражатты бір жыл бойы өз шоттарына аударыпты. Жымқырылған ақшаның көлемі – 4 миллион теңге. Бұл қаржыны олар карта ойнауға және онлайн құмар ойындарға жұмсаған. Онсызда ерекше жандарға мемлекеттің беретін мүмкіндігі шектеулі еді. Ал тиесілі беріліп жатқан жалғыз жәрдемақысы мұқтаждың алақанына түспегені өкінішті. Қазір бұл қылмысқа байланысты басқарманың 6 қызметкеріне тергеу жүргізіліп жатыр. Бұны жауапты маман мәлімдеді.
– Мүгедектердің жеке деректерін қолдану жолымен онлайн шот ашып, қаржыны банк шоттарына аударып алған. ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігімен (алаяқтық) тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды, – дейді облыстық прокуратураның өкілі Әділжан Сыздықов.
Бұл қылмыстың да беті ашылатын күн туар. Бірақ бізде өзіңе тапсырылған тақ пен мемлекеттік қызметті жеке басына жаратқандар әзір азаймасы сөзсіз. Өйткені бұлтартпас айғақ болған күннің өзінде көбі істеген қылмысынан сытылып кетеді. Жоғарыда айтқандарымыздың «крышасы» жарық берген бе, әлде ескі Қазақстанның жүйесі жаңарайын деген бе? Әйтеуір заңнан аттап кете алмапты. Халыққа бөлінген қаражаттың желкесі қиылып жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Бәрі өзінің тұрмысын түзеуге күш салып әлек. Дей тұрғанымен, қылмыстың аты – қылмыс, жазаның аты – жаза.
Дисклеймер: Кейіпкерлердің есімі өзгертілген
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!