Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дертке дауа, жанға шипа

06.06.2022, 10:45 624

HALYQLINE.KZ Жаңа жағдайдағы Қазақстан құрудың басты шарты – ұлт саулығы. Дені сау ұлт – болашақтың негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауларында ұлт денсаулығын сақтауды басым бағыттардың бірі ретінде қарастырып келеді. Сау ұлт қалыптастырудыңмақсаты бірінші жеке адамның өзінің жауаптылығы болса, екіншіден медицина мамандарының міндетіне жатса керек.

Ел президентінің бастамасымен еліміздің медицина саласы дамып, қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейге жетті. Осыған сай, медицина қызметкерлерінің мәртебесі өсіп, жалақысы да артты. Бұл туралы ел президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында «Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады» деп айтылған. Яғни, дәрігерлердің еңбекақысы 561 мың теңгеге көтерілмек. Бұл – дәрігерлердің еңбегін бағалау ғана емес, олардың ерен еңбегі үшін қолдау көрсету.

Әлемді жаулаған індетпен біршама уақыт күресіп шыққанымыз белгілі.

«Дәрігерлерім,

Қолыңда тұрса келеді бәрін емдегің!

Жаныңды салып жатсаң да, жігерің сарқып,

Бұл ауру алып ұрды ма әлі келгенін?!» деп, ақын Н.Тұрғанбекұлының өлеңінде айтылғандай, пандемия бізді көп нәрседен дағдарысқа ұшыратты. Көптеген адам жақынынан айырылды. Бұл індет қарапайым халықтан гөрі дәрігерлерге салмақ түсірді. Олар індет майданында шаршау дегеннің не екенін білмей, халықтың өмірі мен денсаулығы үшін күресті. Пандемия біздің қоғамда дәрігерлердің маңызын арттырып, беделін көтерді. Медицина қызметкерлеріне деген халықтың қатып қалған стереотиптері өзгеріп, көзқарасы дұрысталды. Уақытпен санаспай, адамдардың өмірін сақтап қалу жолында жанын салып жұмыс істеген абзал жандардың еңбегі біз үшін әр уақытта үлкен мәнге, жоғары мәртебеге ие.

Маусымның 3-жексенбісі – мәртебесі биік, мерейі үстем маман иелері медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Елімізде ақ халатты абзал жандардың мерекесі жыл сайын республика көлемінде атап өтіледі.

Дәрігерлер – өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалайтын, дертіне дауа тауып, ауруынан құлан-таза айығуына бар күш-жігерін жұмсайтын білікті мамандар. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты, мейірім мен ізгілікті, білім мен біліктілікті серік еткен дәрігерлердің қызметіне дүние есігін жаңа ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін жүгінеді.

Кәсіби мереке қарсаңында өз ісін жетік меңгерген мамандар мен халық алғысына бөленген жандар марапатқа ие болады. Осыдан 2 жыл бұрын медицина қызметкерлері күнінде облыстық денсаулық сақтау басшысының марапатын иеленген Нұргүл Бақбергеновамен тілдескен едік.

«Дәрігер болу менің бала күнгі арманым еді. Ақылым толыса бастаған сәттен бастап мақсатқа айналдырып, оқып-іздендім. 2009-2016 жыл аралығында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде жоғары білім алдым. Еңбек жолымды Жалағаш ауданы, Еңбек ауылдық емханасында бастадым. Ауыл денсаулығын сақтау, науқастарды емдеп жазу жолында аянбай еңбек еттім десем, артық айтқаным болмас. Кез келген дәрігер тұрғындардың денсаулығына қызмет етеді. Сол уақыттан бері білімім тәжірибемен толысып, халық саулығын сақтау үшін қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда Қызылорда облысындаАлексей Сұлтан Ахмет емханасында аймақтық дәрігер қызметін атқарамын. Бір күнде бірнеше адамды қабылдап, ауруына диагноз қойып, ем-шаралар береміз. Менің мақсатым – «Гиппократ» антына адал болу және қала тұрғындарының денсаулығына қызмет көрсету».

Иә, денсаулық сақшыларының бәріне ортақ міндет – ұлт саулығын сақтау. Барлық медицина қызметкерлеріадам денсаулығын бірінші орынға қойып, халық үшін тер төгіп келеді. Сол үшін де дәрігерлер қоғамға ең қажетті, сұранысқа ие маман иелері.

Дертке дауа, жанға шипа таба білетін денсаулық сақшыларының төл мерекесі ұлт үшін де, ұрпақ үшін де аса маңызды. Мерекеге орай, жоғары кәсібилік көрсетіп, өз ісіне адалдық танытқан барлық медицина қызметкерлеріне үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

Медициналық сала қызметкерлерінің қажырлы жұмысы мен ерен еңбегінің арқасында денсаулық сақтау саласын дамытуда биік белестерді бағындырып, жаңа шыңдарға жете алатынымызға сенімдіміз.

Данагүл ДҮЙСЕНБАЙ

Қоркыт ата атындағы Қызылорда Университетінің

2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: