Қазақ халқының арасында тұңғыш рет Түркістан шығыс жастарының көшбасшысы әрі сол жастар қозғалысының ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаевтың туғанына биыл 120 жыл толады. Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі жайлы естеліктер, әңгімелер, поэмалар, тарихи еңбектер, көптеген зерттеу жазылғаны белгілі. Солардың қатарында Иса Тоқтыбаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Асқар Тоқмағанбетов және зерттеуші журналист Сейілхан Асқаровтың жасаған еңбегі ерекше.
Еліміз тәуелсіздік алғалы Ғани Мұратбаев қызметін зерттеушілер қатарында Бауыржан Омаров, Нұртөре Жүсіп, Әміржан Қосанов, Абылай Айдосов, Дәуірхан Айдаров, Мәмбет Қойгелді, Тынысбек Қоңыратбаев және тағы басқалардың зерттеу еңбектерін көрсетуге болады. Аталған ғалымдар өз зерттеулерінде Ғани Мұратбаевтың қоғамдық-саяси қызметі туралы жаңа көзқарастар мен тың деректерді көпшілік қауымға танытты. Дегенмен кеңес дәуіріндегі Қазақстан жастар қозғалысын зерттеумен Ғани тұлғасын бүгінгі күн тұрғысында жаңа қырынан ашып көрсету отан тарихының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Ғани Мұратбаев 1902 жылы 2 маусымда бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарасты Қазалы уезі, қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келеді. Ғанидың әкесі Мұратбай ескіше білім алған орташа ауқатты кісі болған. Мұратбай ХІХ ғасырдың аяғында 15 жыл болыс болып Кіші жүз Әлім аталығының Қарасақал руын басқарған. Кеңес өкіметі кезінде, коммунистік идеологияға сәйкес Ғанидың шыққан тегі шаруа деп жазылды. Ғанидың бұл есімді иелену тарихы да қызық. Қазалыда Ғанибай Құсайнов деген ұлты татар ауқатты кісі болыпты. Кейбір зерттеушілер ол ХХ ғасыр басында Қазан қаласында кітап шығарып тұрған баспагер Құсайновтың ағайыны деп атайды. Қазалыдағы бұрын ауыл шаруашылығы техникумы орналасқан ғимарат бір кезде Ғанибайдың меншігіндегі ауланынң ішінде екен. Мұратбай болыс жиі араласып тұратын татар тамырының құрметіне баласының есімін Ғанибай деп атапты. Кейін жай ғана Ғани болып кеткен. Сонымен бірге, бұлай жазылуына тағы бір себеп, Ғани әкесінен төрт жасынан айырылып, ер жеткенде әкеден қалған азды-көпті дүние-мал таусылып, көзге көрінерлік ешнәрсе бола қоймаған. Сондықтан да Ғани тек қана күн көретін дәрежеде өскен. Шешесі Бәтима баланың зеректігін ескеріп, Ғаниды тоғыз жасында көп қиыншылықпен Қазалы қаласындағы орыс-қазақ (орыс-тузем) мектебіне оқуға береді. 1916 жылы анасы Бәтима дүниеден өтеді. Мектепті үздік бітіріп орысша сауаттанған Ғани 1914-1917 жылдары Қазалыдағы орыс бастауыш училищесінде оқиды. Училищеде оқып жүріп, ақпан, қазан төңкерісіне байланысты түрлі саяси жұмыстарға қатысады. 1918 жылы Ташкент қаласына барып, мұнда ол қазақ-қырғыз педучилищесіне оқуға түседі. Бұл оқу орны Түркістан Республикасы Ағарту Халкомы алқасының 1918 жылдың 12 қарашасындағы мәжілісінде Ташкент қаласында Қазақ педагогикалық курстарын ашу жөнінде қаулысы бойынша ашылады. Оның меңгерушісі болған Иса Тоқтыбаев 1918 жылы 22 қарашада Халық Ағарту комиссариатына арнайы хат жазып, «Өлкелік қазақ курстарына мұғалімдікке Перовскіден Қоңырқожа Қожықов, Хиуадан Әбділазиз Байсейтов, Шымкенттен Сегізбай Айзуновтерді шақыртады. Сонымен қатар Қазақ педагогикалық училищесінде Халел Досмұхемедұлы Ташкентте Тұрар Рысқұловтың шақыруымен дәрігер болып істейді. Қазақтарға арналған педагогикалық курста Ғани Мұратбаев С.Өтегенов, Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Ф.Лапина, Е.Табынбаев және де жоғарыда аталған қазақтың белгілі зиялыларынан білім алады. Ташкент қаласына жиналған қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары Ғанидың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Сол кездерде Ғаниды үлкен де, кіші де аға тұтты. Ол кім-кімнің де тілегін тани білетін. Және қолдан келген жастар алдымен Ғаниды табатын. Ғани 1919-1920 жылдары Түркістан республикасының өзбек, қырғыз, қазақ, тәжік, орыс, т.б. ұлттардың Ташкент қаласының көшелері мен вокзал бекеттерінде, базар бастарынан күндіз-түні іздеп жүріп 3000 баласын жинастырып, интернаттарға орналастырды. Оларды сауат ашу кәсіптік білім беретін мектептерге, орта, жоғары оқу орындарына қабылдатты. Олардың өмірден өз орнын табуына жол ашты. Солардың қатарында қырғыз халық ақыны А.Тоқамбаев, профессор Б.Кенжебаев, жазушы Ө.Тұрманжанов, т.б. болды. Ғани туралы архив құжаттарында ғалым Б.Кенжебаев, А.Анисимова, ақындар А.Тоқамбаев, А.Тоқамағамбетов өз естеліктерін атап өтеді. Солардың ішінде А.Анисимова 1920 жылы Ташкент базарында Б.Кенжебаев басқарған алты баланы базардағы сатушылардан жымқырған нандары мен жемістерін өзара бөлісіп жатқанда, Ғанидың қалай ұстап алғанын, балалар үйіне қалай орналастырғанын әсерлі суреттейді. Ал қырғыздың халық ақыны А.Тоқамбаев «Ғани бүкіл ел сүйетін жетімдердің қамқоршысы» деген болатын.
Ғани Мұратбаев туралы кеңес заманында жарық көрген материалдарда оның өмірі мен қызметіне байланысты Б.Омарұлының зерттеуінде жан-жақты қамтып айтылған. Мысалы, оның кедейлер табынан емес, ауқатты әулеттен шыққандығы жөнінде тиянақты дерек берілген. Осының өзі-ақ Ғани жөнінде әлі де беймәлім жайттардың болу мүмкін екендігін көрсетеді.
Қоғамдық ортада халықтың түсінігінде Ғани бейнесі «комсомол жетекшісі», «күншығыс жастарының көсемі», «шынайы интернационалист» сипатта орнығып келген. Әрине, мұны жоққа шығара алмаймыз. Ғани ұлтшыл еді, қазақшыл еді деп біржақтылыққа ұрынсақ, қателесеміз. Сондықтан екі мүшелге жетпейтін, қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүріп, саяси бұғанасы толық бекіп үлгермеген қыршын қайраткердің тұлғасына баға беруге тырысқанымыз абзал.
Мысалы, «Ғанидың Алаш бағытындағы қайраткерлермен қарым-қатынасы қандай болды?» деген сауалға Ә.Қоңыратбаевтың естелігіне жүгіне отырып Б.Омарұлы «әдебиетші ғалым Ғанидың Сұлтанбек Қожановпен бір аулада тұрғанын» баяндайды. Газеттің «Жас Алаш» аталуына Сұлтанбектің ықпалы болуы мүмкін деген болжамды айтады. Осылай айтатын дерегіміз жоқ, бірақ қазақтың қайраткері С.Қожановпен Ғанидың тығыз байланыста болғанына сеніміміз кәміл. 1925 жылы Мәскеуде күншығыс халықтары баспасынан «Біздің Ғани» атты жинақтың жарық көргені белгілі. Қаралы жиында сөз сөйлеген баспаның жетекшісі Нәзір Төреқұловтың Алаш көсемі Ә.Бөкейханмен жақындықта болғанын айтқан.
1925 жылы сәуірдің 15-інде дүниеден қайтты. Сол күні Қазақстанның жаңа астанасы Ақмешіт қаласында қазақ өлкелік кеңестерінің 5-ші съезі ашылып, сол жиында қаланың атын «Қызылорда» деп өзгертіп, «Қазақ» атауын ресми түрде бекіту туралы тарихи ұғым жасалды. Міне, осы сәйкестікке Сұлтанбек «біз тақыршыл емеспіз-ау, бірақ осы екі оқиғаның бір күнде болып, қуанышқа күйініш оралып, ала-бажақ бола қалғаны шынымен тағдыр сұмның мазағындай болып көрінді» – деп жазады. Және «шынында Қызылордадағы ұлы думанның иесі Ғани жолдас емес пе еді?» – деп оның рухын көтермелеп, құрмет танытады. Жығылған үстіне жұдырық болып Ғанидың өмірі біз үшін орны толмас шығын деп жоқтайды. Тағы да Сұлтанбек еске алып, «1923-24 жылдары Түркістанда ұлт арасы арпалысы күшейіп кетіп, шекара таласы қозып тұрғанда қазақ еңбекшілерінің ақысы кете бере ме, ұлт саясаты, қазақ жастары пайдасына ол неге жүрмей қалады?» деп Ғани сөйлеген болатын» дейді, ол «Ғанидың сенетіні пролетариат жұртшылық еді, замандастарының суреттеуінше талдырмаш денелі, аққұба өңді, үстіне тік жағалы костюм, галифе шалбар, әдемі етік, былғары шапкі киіп жүретін» деп жазады.
Көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаевтың естелігінде Ғанидың Сұлтанбекпен емін-еркін байланыста болғанын және керек жерінде сөзін өткізе білгенін растайтын эпизодтар бар. Ташкентте білім іздеп келіп, аштықтың зардабын тартқан жастарға қорек тауып бере алмай қиналған Ғани ақырында Сұлтанбектің алдына барып «әскер паегіне қол салсаңыз да бізге нан тауып беріңіз» деп өтініш айтады. «Көп ұзамай жағдайымыз түзелді» дейді Әуелбек. Осылайша Сұлтанбек Ғаниға қысылтаяң сәттерде әрдайым қол ұшын созған.
С.Қожанұлы негізін қалап жауапты шығарушы ретінде қол қойып отырған «Ақ жол» газетінің тігінділерін парақтасақ, «Жас Алаш» газеті туралы, мысалы «Ақ жолдың» 1921 жылы 6 наурызындағы санында «Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтында жалпы жиналыс өтіп, жастар газетінің атын «Жас Алаш» қойды. Газетті басқарып тұратын 3 кісілік жазушылар ұйымы тағайындалды. Бұл 3 кісі жазда еліне қайтпастан Ташкентте қалып газет жұмысын атқарған Ғани, Әлжан, Бұқарбай, бұлардан басқа 2 адамды жазушы қылып тағайындады» деп жазылған.
Ғанидың елге сіңірген еңбегі Кеңес үкіметінің қолдауында емес, қоғам төңкерісі кезінде талантты қазақ жастарының Ташкентте білім алуына, өмірге араласуына, саяси қайраткер дәрежесіне жетуге жасаған жәрдемінде Ұлы Абай айтқандай, «Жасқа жас, ақылға кәрі еді» деген Ғани тұңғыш рет «Жас Алаш» газетін шығаруда, қоғамдық ағартушылық қызметінде алдына жан салған жоқ. Ол ел аузында жүрген қазақ халқының аңыздары мен ертегілерін, өлеңдері мен әндерін жазғызған. 1921 жылы Орынбор қаласында этногроф, музыка зерттеушісі А.В.Затаевичпен танысады. Ол Ғанидың айтуымен «Дударай», «Қатын жырау», «Қара торғай», «Сәулем-ай», «Әу-қарғам» әндерін нотаға түсірткен. А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабында әндерді ауызша орындағандар тізімінде Ғанидың да есімі аталады.
Ғани Шығыс жастарының жетекшісі ретінде бағдар берді. Олар ісімен де, қызметімен де, дарынымен де, тілімен де үлгі-өнеге көрсетті. Құйрықты жұлдыз секілді небәрі 23 жыл ғұмырында орасан із қалдырған тағылымы бүгінгі ұрпаққа әлі үлгі бола беретіні даусыз.
Ақын Ілияс Жансүгіров Ғани туралы 1925 жылы жазған жырында:
Өлместей ісін қалдырған,
Өлімге қалай қиясың!
Егерде өлді десеңдер,
Тарихқа қиянат қыласың! – деп жұрт жүрегін дәл басып айтқан.
Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!