HALYQLINE.KZ Сәуірдің үшінші аптасында Қазақстан мен Өзбекстан Сенатының делегациялары Арал өңірінде бас қосып, ортақ мәселелерді қарады. Оның ішінде Көкарал бөгетінің жағдайы, су деңгейіне қатысты өзекті сұрақтар көтерілген-ді.
Сенат отырысы барысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев бөгетке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Сенат спикері осыдан 5 жыл бұрын бөгеттің бір бөлігін су шайып кеткенін, соның салдарынан бүлінген учаскенің көлемі бүгінде 200 метрге жеткенін тілге тиек етіп, бұл Кіші Арал мен өңір үшін үлкен қауіп екенін жеткізді.
«Осыдан екі апта бұрын Арал қаласында өзбекстандық әріптестерімізбен кездесіп, Аралды қалпына келтіру мәселесін жан-жақты талқыладық. Сол кезде депутаттар Көкарал бөгетіне арнайы барып, оның жағдайын өз көздерімен көрді. Жалпы, Көкарал – стратегиялық маңызы бар нысан. Бірақ оны жөндеу жұмыстарына қатысты немқұрайлылық біздің алаңдатып отыр. Егер аяқ астынан төтенше жағдай болса, Кіші Аралда жиналған су құмға кетеді. Оның әлеуметтік-экономикалық, экологиялық салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бөгетті күрделі жөндеу жұмыстарын дереу бастаған жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгінде Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан бөгетті жөндеуге қатысты құжаттарды әзірленді. Қалпына келтіру жұмыстарына 5 млрд теңгеге жуық қаражат, ал жөндеу жұмыстарын биыл бастау үшін 500 млн теңге қажет.
Мәулен Әшімбаев Қаржы министрлігіне және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне осы мәселеге назар аударып, биыл тиісті қаражатты бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін тапсырды. Ал, қажетті қаржының негізгі бөлігін 2023 жылғы бюджетке енгізу ұсынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!