Қызмет те қамыс секілді. Қатты ұстамасаң, қолыңды кеседі. Болдым деп босаңсуға болмайды. Қызметің төрде болса, жауапкершілік жүгі одан да зор. Әңгіме он жылдан аса уақыттан бері Парламент Мәжілісінің төрағалығын тізгіндеп келген еліміздегі ең ықпалды саясаткерлердің бірі Нұрлан Нығматуллин турасында болмақ. Биліктен «НӘН» кадрларының бірсыпырасы кетіп үлгерді. «Кетті» деуге әлі ертелеу, дегенмен тынық суды лайламауға өздері де саналы түрде шешім қабылдап жатқан сыңайлы. Бұ жолы да Нұрлан Нығматуллин қызметінен өз еркімен қол үзбекке шешім қабылдапты.
Осыдан соң Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллинді қызметінен өз еркімен босату туралы мәселені қарады. Онда ҚР Конституциясының 58-бабының 2-тармағына сәйкес, Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі төрағасының қызметінен өз еркімен босату туралы қаулының жобасын дауысқа қойып, ол бірауыздан қабылданды. Экс-төраға қызметтен кету уәжін былай деп түсіндіріпті.
– Биыл Мәжіліс спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төраға болдым. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда, ең алдымен, Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет басшысы, партиямыздың Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, әрқашанда қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді ол.
Талай қызметтік сатылардан өткен Нұрлан Нығматуллиннің енді қай орынтаққа орналасары әлі белгісіз. Дегенмен, «қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін күрт көбейіп кеткен ауыс-түйістің артынан жақсылық күтеміз. Нұрлан Нығматуллин соңғы он жыл ішінде мәжіліс төрағалығына үш рет сайланды. Ең алғаш рет 2012 жылы қаңтарда сайланып, 2014 жылдың сәуірінде президент әкімшілігі жетекшісі қызметіне ауысқанға дейін отырды. Сол жылы күзде мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Кейін 2016 жылғы 22 маусымда және 2021 жылғы 15 қаңтарда мәжіліс төрағасы болып екі рет сайланды. 2019 жылдан бастап «Nur Otan» партиясының мәжілістегі фракциясын басқарды. Былтыр төрағалыққа сайланғанда Н.Нығматуллин алдымен Елбасының, содан соң Президент Қ.Тоқаевтың өзіне жүктеген міндеттерін бұлжытпай орындап, халыққа қалтқысыз қызмет етемін деп сөз берген-тін. Алайда, аяқ асты шешімінің өзгеріп шыға келгені расында халықтың таңданысын тудырып отыр.
Ал оның орнына қонжиған Қошанов бұған дейін мәжілістің үш шақырылымына (2011, 2016 және 2020 жыл) «Nur Otan» партиясынан депутат болып сайланған. 2017-2019 жылдары аралығында Қарағанды облысының әкімі болды. Мамандығы бойынша инженер-механик. Алпысты алқымдаған саяси тұлға қызмет жолын 1986 жылы «Жезқазғантүстімет» байыту фабрикасында слесарь болып бастаған. Ерлан Қошановтың саяси карьерасы 1999 жылы Үкіметтің Парламенттегі өкілі қызметінен басталды. 2001 жылы премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, ал 2003 жылы көлік және коммуникация вице-министрі болып тағайындалды. 2006 жылы көлік және коммуникациялар министрлігінің (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) Азаматтық авиация комитетін басқарды. 2007 жылы премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары лауазымына қайта тағайындалды, 2012 жылы оны басқарды. 2017 жылғы наурызда Қошанов Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. 2019 жылдың 18 қыркүйегінен бастап ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған.
Айта кетейік, Нұрлан Нығматуллиннің егізі Ерлан Нығматуллин де бір кездері Парламент Сенатының депутаты болған. Ал ағасы Арғын Нығматуллин – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты. «Еліміздегі ірі кәсіпкер ағалардың Нығматуллинмен туыстық қатысы бар екен» деген де бейресми дереккөздері шығып жатыр. Нұрлан Нығматуллиннің Парламенттегі қызметіне қатысты шу шығып жатқан жоқ. Дегенмен, мәжілістерде министрлерден мін тауып, тікен тілімен түйреп отыратындығы ғана есте қалыпты.
Ал ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы болып Мұрат Нұртілеу тағайындалды. Кезінде сыртқы істер министрлігінде, парламентте, президент әкімшілігінде қызмет етіп, елші де, мемлекет басшысының көмекшісі де болған ол жылдың басында ғана «қаңтар қасіреті» тұсында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.
Айтпақшы, апта басында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қызметінен босатылып, оның орнына Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев отырған болатын.
ТҮЙІН. Қазақ «өткел үстінде ат ауыстырмайды» деуші еді. Жоспарда жоқ ауыс-түйістің көбейіп кеткеніне көңіл қайран. Әйтсе де, Тоқаев «тәттілеп» отыр. Жаппай емес, біртіндеп ауыстырып жатыр. Мүмкін біз күткен «Жаңа Қазақстаның» жоспары ауыстырудан басталғалы тұрған шығар?! Бірақ, «НӘН» кадрларының неге жылыстап жатқандары әзірге құпия күйде.
Әйгерім ТАУАРТЕГІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!