Тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі елдегі әлеуметтік жағдайдың құлдырауы қақтығыстарға әкеп соқтырды. Ит-құсқа жем болған баяғы «бір қазан сүттің» кебін киген елдегі жағдайдың шындығы бұқараның шымбайына батты. Бірақ, билік елге мойын бұра қойған жоқ-тын. «Қаһарлы қаңтар» «еститін мемлекетке» көп нәрсені ұғындырды ма, қимылдай бастады. Президентіміздің де «Платон – менің досым, бірақ шындық одан да қымбат» деген сөз мен үшін мақсатты қағидат» деп айтқаны да ел құлағына енді тиді. (Бұрын неге айтпай жүрген?) Қазақстандағы «мен» деген ірі кәсіпкерлермен кездесуде біраз шындықтың шеті шығыпты. Онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев байлыққа белшесінен батқан санаулы дөкейлердің құлқындарына қақпан қою қажеттігін де ерекше ескертті.
– 2020 жылғы ұлттық табыс құрылымында бизнестің табысы ең жоғары үлесті алған – 61,5%. Салықтардың үлесі – небәрі 7,3%, ал қазақстандықтардың жалақысының үлесі үштен бірге де жетпейді – 31 пайыздан аз. Бұл өте аз. Мысалы, Ресейдің экономикалық құрылымы бізге ұқсас болғанымен, еңбекке ақының ұлттық табыстағы үлесі 46,7% болып отыр. Яғни біздікінен 1,5 есе көп. Ұлттық табысты әділ бөлудің айқын теңгерімсіздігі мен көрінеу проблемасы бар. Халықаралық сарапшылар, атап айтқанда, KPMG Қазақстан әл-ауқатының жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етіп отырғанын мәлімдеді. Ал халықтың жартысының ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылдық табысы 1300 доллардан әрең асады деген сөз. Мұндай ақшаға, әрине, өмір сүру мүмкін емес, – деді президент Қ.Тоқаев.
«50 мың теңгеге күнін әрең көріп отырған жұртының жайы отыз жылдан бері билікті неге толғандырмаған?» деген қитұрқы ой келеді. Мектеп оқушыларына мұғалімдердің «бірдеңені түсіну үшін сендерге міндетті түрде ұрысу керек пе?» деген жаттанды сөзі бар еді. Қазіргі биліктің келбеті де осы тектес болып тұр. Көптің көсегесі көгеруі үшін міндетті түрде бір көтеріліс керек еткендей кейіп секілді болып қалды. Маңыздысы бұл емес, маңыздысы – Қазақстанның қазіргі тығырықтан шығуға деген шұғыл талпынысы. Қазанның құлағын ұстап тұрған кейбір байлар елдің қазынасының орнымен жұмсалуына барынша кедергі келтіріп тұрғандығын мемлекет басшысы өз аузымен айтты. Енді олардың құлқындарына құрық салса құба-құп.
Енді жаңа Қазақстанның құрылуы жолында қарқынды жұмыстар жолға қойылмақ. Кәсіпкерлемен кездесуде Президент олардан қолындағысын тартып алуды мақсат етпейтіндігін ашық айтты.
– Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жекеменшікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын, – деді ол.
Халықты қысып тұрған қымбатшылықтың айналасындағы жанайқайды осыған дейін жеткізіп тұрдық. Оның да шешімін табуға мемлекет мықтап кіріскен сыңайлы. Инфляция деңгейін төмендету, азық-түлік бағасын ұстап отыру сынды іс-шаралар сатылап қолға алынып жатқанға ұқсайды. Президенттің кәсіпкерлермен кездесуінде Үкіметбасы Әлихан Смайлов мәселенің жан-жақты қарастырылып жатқанын айтып қалды.
– Бірінші кезекте, бұл – ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, азық-түлікпен ішкі нарықты толықтыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мезгіларалық кезеңде инфляция қысымы мен сыртқы факторлардың әсерін төмендету үшін тиісті логистика жүйесін құру өте маңызды. Ірі кәсіпкерлерді осы жұмысқа қатысуға шақырамыз. Үкімет ірі бизнес өкілдерімен өзара бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайын екенін айтқым келеді, – деді ҚР Премьер-министрі.
Қайсыбір жолы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағаларынан өскенін байқағандар бірнеше жерге хабарласып, шағым айта алатындықтары туралы айтқан болатын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндерді әкімдіктер әр өңір үшін жеке белгілейтін болып шешіпті және бір өңірдегі баға екінші бір өңірге әсер етпейді. Баға шекті сомадан асып кетсе, жергілікті әкімдіктерге, Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті және комитеттің аумақтық департаментіне, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және оның аумақтық департаментіне хабарласуға болады.
Жұрт құлағына жағымды жаңалықтың бірі – осы. Тиянақты орындалса, «құда да, құдағи да тыныш» болар еді. Экономикалық тұрақтылық болмаса, енді елдің де ентігін басу қиынға соғуы әбден мүмкін. Әлеуетті арттыратын екі саланың бірі кәсіпкерлік болса, әрбір кәсіп иесі мемлекеттен алатын әрбір тиынның есебін беруге тиісті. Бұны мемлекет басшысының өзі айтты. Әсіресе «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларын ерекше назарда ұстау маңызды екендігін де тілге тиек етті.
– Тасаланау, ашықтық емес жүйе, бағаны өсіріп белгілеу. Мұндай фактілерді дереу тыю керек. Әрі қарай баратын да жер қалған жоқ. Шұғыл шешу керек. Бір ай уақыт берем. Соңғы рет! Шешімі табылмаса, біз де қатаң шешім қабылдаймыз. «Платон – менің досым, бірақ шындық одан да қымбат» деген сөз мен үшін мақсатты қағидат екеніне бәрінің көзі жеткен шығар деп үміттенемін. Бұл бүкіл мәселелерге қатысты. Мен үшін мемлекеттің мүддесі кез келген адаммен жеке әрі тату қарым-қатынастан жоғары. Мемлекетке қажет болса, өте қиын шешімдер қабылдауға дайынмын. Ондай шешімдерді қабылдадым да. Болашақта да ондай шешімдерді ешбір күмәнсіз қабылдайтын боламын, – деді Қ.Тоқаев.
«Қор не бітіріп отыр?» деген сауал көпшілікті толғандыратыны рас. Былайша айтқанда ол саяси маңызы бар адамдар тағайындалатын алып құрылым болып алды. Сатып алудың тиімсіз жүйесі, еңбек жанжалдары, қыруар шығын, аяқсыз қалатын ауқымды жобалар, күтіп-ұстауға деп шамадан тыс шығын жұмсау. Осынша мәселенің бәрі қоғамның наразылығын туғызады. Бұл тұрғыда президент қор қызметін қарық қыла алмаса таратып жіберетіндігін де қадап айтты.
Кәсіпкер «ағалармен» кездесу қорытындысы президенттің отандық кәсіпкерлер кеңесін құру тапсырмасымен қорытындыланды. Мемлекет басшысы бизнес құру мен іске асыруға байланысты идеялар кабинетте емес көпшілік бас қосқан ортада жүзеге асырылып, мақұлданған дұрыс екендігін жеткізді. Экономикалық дамудың дара жолының бірі бизнес деп есептейтін биліктің бұл жолғы жүрісі дұрыс даңғылға салынса, біз айтқан тығырықтан оңай шығуға болады. Тек патшаның пәрмені айналасындағыларды айналып өтпесе болды. Оң шешімдер орын алсын, лайым.
КЕРІМАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!