Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Топансу жүзін жуған ҰЛЫ ДАЛА Қисындар мен ғылым сөзінің тоғысындағы ойлар

30.12.2021, 12:00 356

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ

Ежелгі Элладаның «ойкосы» – бүгінгі «экологияның» түп-төркіні – қазақша «үй» ұғымын білдіреді. Экология – біздің өмір сүретін орта-үйіміз.

Ежелгі Римнің әскерлер «легионы» – қазақтың «лек» сөзі түбірлес.

Испан жұрты «қаймақ» сөзін қаймақтай  сақтап  қалған.

Еуропа  діңгегі  Альпы – Алып  тау  болар?..

Француздың Шарден, Шерман, Ширак  тектері  қазақта  да  сол  аттар.

Кәріс жұрты қарт адамды «қария» атайды.

Никарагуада  қатты  ағысты  өзен  «адуана» – «адуын»  су…

Біздің «тамаша», «дүния» сөздеріміз Үндістанда  да  сол  мағыналарында.

Үндіеуропа семьясы, роман тобының француз, итальян, испан, португал, румын тілдерінен айқын үндестіктер табу бүгін аса қиын шаруа емес. Ал Ауғанстан, Шығыс Иран, Систан, Белужистанның Ұлы Даладан тартылған тамыры тағы да Ата тілдің өлмеген қасиеттерімен байланысып жатыр. (Қ.Қари. «Сақ тілінен сан сөз».  «ҚӘ» 17.11.2006 ж.)

Шығыс беттегі қытай-тибет, жапон тілдеріндегі туыстық сыры – бір әлем. Қытаймен екі арадағы көп сөз ұқсастықтары ірге жақындығымен түсіндірілер (тілдер диффузиясы шекара білмейтін жаратылыстың еркін желі сияқты ғой). Дегенмен, соның бірсыпырасы даладан «барған» сөздер. Демек, соларды ала кеткен жұрттың бірден-бір жанды белгісі олар. (Қытай тарихшылары өз халқының Хуанхэ-Янцзы алабына Батыстан келгенін мойындайды). Жапон жұрты тамақ жейтін қос таяқшасын «хасига» атайды. Біз тамақ ішетін құрал да – «қасық» аталады. Осы жұрттың «курасау – қарасу, сура­сау – сарысу, сегун – …ін» ұғымдары да осы түп-тамырдан. Оңтүстік-Шығыс Азияның түбектері, теңіздері, аралдарына кең тараған бұл тамырластықтың талай мысалдары зерделі ізденіске біраз нәтижелер берері сөзсіз. Бұл ағайындар тіліндегі біз еуроүрдіспен «нг» түрінде қабылдап келген «ң» үні біраз ойға бастайды. (Донг – Доң, Янг – Яң, Меконг – Мекоң, бумеранг – бумераң,  т.с.с.)

Бір  ой-тұғырды нақтылап алсақ: жоғарыдағы үндес сөздер мен ұғымдар сонау алыс жұрттардан бізге келіп кірген екен деуде қисын жоқ; олар – біз бүгін қарашаңырағын ұстап қалған, аса ежелгі синкретикалық бір тілдің шашырандылары, ежелде тарап кеткен Ата тіл байлығымыздың жаңғырықтары. Тіпті, біраз сөздері бізге со жақтан келген деп жүрген «ирандық лексика» қорының да бастауы иранеуропа өркениетін ашқан арий заманынан  деген  жөн.

Әрине, тілдер табиғатын тереңірек салыстыра зерделеу үшін атаулы тілдің ортасында жүру, кем дегенде, соның маманы болу мақұл. Бір тіл 5000 жыл шама­сында адам танығысыз түрде өзгереді екен. (С.Оспанов. «Заратуштра…») Әлемде  осы күні 31 тіл семьясы, 69 тіл тобы бар. ТМД аумағының өзінде 6 тіл семьясы, 19 тіл тобы бар. Қалың қауым ішінде қойсан, папуас, айн сияқты сан-тарау бұтақтар өрбіткен бізге мәлімсіздеу сөз саптау қаншама. Жіті назар осылардан көп қазына ашар еді. (Мақсатты тұғырда зерделенетін бағыттар). Тіл іліміндегі белгілі-белгісіз жайттарды осылай зерделеу – адамзат тарихы түп ақиқатының бір жүлгесімен тереңдеу мақсаты. Бұл талаптың сонау түбінде – Ататіл факторының өрісі – Атажұрт, Ата дін ақиқаттары бой көтеріп  тұрары  анық.

Тарихтың бір мәлім сәтінде «Түркі» атанған біздің түбірлі тегіміздің тым арғы кезеңдерінен бар және жалғасып келе жатқан  тіл  бұл.

Асылы, ислам дәуірінде ортамызға келген саяси-қоғамдық әлеуетті араб, иран терминдері, сосын, кейінгі тарихтардың әлімжеттік заманауи «измдері» болмаса, Жібек жолының дәуірлі кезінде де қазақ тіліне шет сөздер көптеп енген деу негізсіз. Қазақ тілі, негізі, өз діліне, дәстүріне берік, адал тіл. Ал ежелгі тарих­тарда өркениеттер, дәстүрлер және тілдердің тарау векторы, негізінен, Ұлы Даладан тепсініп әр бағытқа өрістеп жатуын­да заңдылық бар. Бұның қозғаушы күштері, жоғарыда біршама тоқталғанымыздай  тарихи  «тетіктерде».

Әлем тілдерінен біздің зердеміз аясына түскен, аз, өте аз мөлшерлі туыстық нышандары, онан туындаған ой жоғарыдағыдай. Біздің талап: сезген-білгенді алға тарту, ертең өзіндік жеміс берер ізденістердің соны бағыттарын бүгіннен ашуға  талпыныс  істеу.

Тілдер, өркениеттер туыстығын сезіну әлемде барақатты, мәмілелі өмірге бастар жол сияқты. Осы күні дүниеде дәйек-негі­зі аз ба, көп пе – мәлімсіз, Атажұрт, Ата халық, Ата дін мәртебесіне таласқан том-том кітаптар жарық көріп жатыр. Бұл жайт, кейде, ақиқат сүрдегін қисынмен іздеушілерді ыңғайсыздықта, тіпті, дәрменсіздікте қалдыратын, дағдартатын біржақты көзқарастарға бейім келеді. Кейбірінің дабыралы сән қуу, еркіндіктің балалық  шалығы  сияқты  табиғаты  бар…

Жекелеген халықтардың алуан наным-сенімдерінен жоғарырақ, сол сенімдердің бастауында тұрған бір Ата дін болуы мүмкіндігін де пайымдау керек сияқ­ты… Классикалық дін – бір Жаратушыға иман келтіру шартына негізделген. 7 мың жылдық тарихы бар делінетін Тәңірі діні, міне, осы шартқа жауап берген ғана емес, соның бастау-көзін бастап берген феноменге ұқсайды. Ежелгі өмір аймағы, тіл, дін – бір-бірімен тамырлас кешенді құбылыс­тар. Арийлер заманынан да бұрынырақ Тәңірі сенімі кейінгі тарих­тарда  будда,  кришна, иудей, хрис­тиан,  ислам діндері боп өркенді-өрелі бұтақтарға тармақталды. Біздің тұжырымдаушы, қорытындылаушы дініміз постулатын еске ала отырып, Тәңірі дінін біздің көзіміз жеткен Тарих көкжиегіндегі ең ежелгі дін – діндердің атасы деп айтуға себеп үлкен. Бір Жаратушыға, Оның періштелеріне, Пайғамбарларына, Қиямет Күніне иман келтірген барлық канондық діндерді тұжырымдаушы абзал дініміз мұны жоққа шығармас. Осы қисын біртекті адамзат бастауы туралы тұжырымды да шындық тұғырына ор­нық­тыруды ғылымнан да, саналы ойдан да  талап  етіп  тұрғаны  анық.

Бала кезімізде ертегі нәмінде айтатын көнелер сөзінде «қиямет-қайым болғанда, он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызы­на сыйғызармын» деген Жаратушы кереметін еститінбіз. Кезінде бұл жай ертегі ғана еді… Енді бүгінгі ғылым «мына  ғарыш  түпсіз  вакуумдағы  бір нүкте жарылысынан пайда болып, сұрапыл жылдамдықта, секундтың миллиард­тан бір бөлігінде осыншама кеңістікке тарап үлгерді» деген сенсациялық қорытындыға келді. Ендеше, сол ғарыштың кері қозғалыста, бір тарының қауызына қайта барып сыйып кетпесіне кім кепіл?.. Ең байып­ты  пайымдар  ертегіге  балап жүрген  көп жайт осы күні ақиқат тұғырлы болды.

Ұлы Дала, Тұран – Қарашаңырақ қасиетін ұстап қалған киелі мекен. Ата шаңыраққа саналы ұлдар тәу етер еді, оны кие тұтатын. Ата тіл қасиеті де сол іспетті. Ата дін қасиеті де сондай. Анығы, азаттық ауанында, өзімізді де, төрімізді де аса зор санамай, тек шындыққа жүгіне, ақиқатқа қол тапсырсақ, мына кең дала жұртының әлем қауымдастығы алдындағы мәртебесі өз тұғырына қонар еді. Бүкіл ғалам «Атажұрт» деп, бұл далаға тәу ете жосы­лып келеді деп отырған біз жоқ. Біздің мұрат – Дала қасиетінің жаңа қырлары ашылар  сәттерді  жақындата  түсу.

Бүгінгі қазақ тілі мұрагері болып  табы­латын көне түркі тілі – әлемдегі ең ежелгі тілдердің бірі ғана емес, сол тілдердің түп-тегі – Ата тіл (Единый Праязык язык) мәртебесін заңды түрде иемденуге  лайық  құбылыс.

Ұлы Дала өз Ақиқатын айтатын уақыт келді.

(Мұнан ары кітаптың 2-бөлімі жалғасады. «Өлген теңіздің өшпес суреттері» атты  бөлімде Арал  теңізі  туралы естеліктер  топтастырылған. Біз  осы  тұстан  үзіп, кітаптың  соңғы  сөзін  беріп  отырмыз).

СӨЗ  ТҮЙІНІ

Дала сөйлейді. Ақиқатқа маңдай тірейтін  сілкіністі  уәждермен  сөйлейді.

Ақиқат тұғырлы, бірақ біз үшін әлі де көмескі Тарихтың шақыру үні әлемет. Атой қисынды. Ақиқат сөзі айтылуы керек. Ол үн Жер-жаһанда әділет үстемдігі орнауына да бір сеп. Басқа нұсқа ендігі ой мен рух сұрақтарын қанағаттандыра алмайды.

Еуразия төсіндегі адам Қарашаңырағынан әлемге өмір өркені мен адамзат парасаты тараған. Сонау қауымдар – өз алдарына тоқсан тарау жұрт болып, соңына мәнді-мағыналы із қалдыра тарады. Және кейін өз отандары болған әлемнің әр аймақтарын гүлдентті. Тұран тереңінде бүгінгі ғылым түрені жете қоймаған ежел тарих қазынасы қалды. Ол қазынадан «пирамида», «зиккурат, «стоунхендждерді» тағдырдың қатал желдері сыпыра суырып әкеткен болар. Бәлкім, олар тарих­тың қараңғы қалтарысына, жер қатпарына шөгіп кеткен. Бірақ ол тамырлар бар  және  әлі  тірі…

Шаңырақ аманатталған бір отиесі жұрт тіл, діл, дәстүр адалбақанын ұстап, осы маңдарда қалды. Және Азия, Еуропа, Африка,  Америка кеңістігіне маңдай түзеген ұлы көштер артында мыңжылдықтар үзе алмаған бір берік, тірі тін қалды. Ол, қасиетіңнен айналайын, өлмес Тіл. Мына кең дала, өз төрімізде елес-бәйтерек боп еңсе көтеріп тұрған Ата тілдің нобайы ол. Ата тіл Атажұртта ғана өсетін, тамырын сонан аудармайтын, өз топырағына адал керемет. Ағайын тарауларына ілесе, біраз уақыт өлмей өмір сүріп, бүгінгі қазақ тілінде сыны кетпей сақталған туыстықтың алтын тіні – біздің тіл. Осыны айта алсақ, Тұрандағы «Қарашаңырақ» мәртебесі асқақтайды; заманалар шаршатқанымен, түп-ділін жоғалтпаған текті халқымыздың ежелгі болмысы ашылып, биіктейді; әрлілігі мен әлділігі жөнінен өзінің немене-туажаттарынан да жас, бақуатты көрінетін қазақ тілі асыл жәдігер  деп  мойындалады.  Атажұрт  егесі – мәртебе. Қарашаңырақ мұрагер­лігі – мақтаныш.

Бұл сүрдек соңында, осынау, заманның ділгір сұрақтарына жауаптар жолы ашылар іспетті. Ықылымға шөгіп кеткен көне уақытта даладан тарап, кейін әлем өркениеттерінің сан алуан үлгілерін гүлденткен жұрттардың мұндағы Ата жәдігерлері сөйлей бастар еді. «Көп түрік енші алысып  тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген Мағжанның ойынан ары тепсініп, арғы заманаларға, мыңжылдықтарға ат қою қажеттігі сұранып тұр. Ұлы Дала, ежелгі Тұранның бар қасиетін төсіне қондырған бүгінгі Дала мен Тұран атты байтақтың төрін қазақ елі ен жайлап жатыр. Кешегі көшпенділер мұрагері, атажұрт киесі, туған жер топырағына  тым  адал  халық.

Ең   киелі  мұра  қасиеті  де  әр  ұрпақ­тың ізденіс-еңбегін алмастыра алмайды. Бәрі де еңбекпен көркейеді, жемісі толымды болады. Тарих, археология, этно­графия – әр сала адамдарына, әсіресе, жастарға өзіндік бірегей ойлар ұсыну мақсаты да осыннан. Талмас ізденіс керек. Солай екен деп, азат тарихымыз ауанында сан түрлі монополиялар «центризмдеріне» өз «қазақцентризмімізді» аламанда­тып қосу да сән емес. Тек, айтпасқа болмайтын, біз айтуға тиісті шындықтар тілегі жаңа, еркін тарихта бізден не талап етіп тұр – сол мәнді, сол қозғау­шы күш. Тарихтың тар, терең саласының маманы емес, беймаза ойда қоғам үдерістерімен, кейде, үзеңгілес, кейде, ілгерірек жүретін, негізінде қисын мен философияға, енді бірде,  ой-қиял шарық­тауларына қол арт­қан жазушы-қаламгер пайымдары бұл. Көңілдегі көп ойды  тезис  түрінде  қалыптау.

Бұл іспетті  талпыныстар  бізден  бұрын  да  болған, кейін  де  бола  бермек.

Мен дерек-дәйектерді індете қазбалап, кесімді уәж негіздейтін ғылым адамы емеспін. Ой ағымы жүрісіне, қиял-жорамалдың ой-желкенге соққан желіне көп ден қоятын шығармашымын. Бірақ қай уәждің де қисын-реті болмаса – ол мән берілер сөз бола алмайды. Осы күнгі біраз жетістік, жаңалықтарда қаламгерлердің біраз беймаза ойлары мұрындық болғаны рас қой. (Кешегі фантаст-жазушылардың бүгін жүзеге асып жатқан қиял-жобаларын  айтып  отырғаным  жоқ).

Бұл орайда адамзат ойы жинақтаған еңбектер мен мәліметтер теңізінен біздің алғанымыз тамшылар ғана. Соларды өз тұғыр-тұжырымдарымызда ұқсата пайдаланған болдық. Мақсат – ізденсем, тапсам деген, әсіресе, жас көңілдер ой-талпыныстарын қозғау, қиялдар желкеніне жел беру. Тартылмаған соқпақтарға қанат­ты көңілдерді қызықтырып шақыру. Қалам­гер ретінде ой қаузаған біздікі сол тілек. «Таза» ғылым адамы емес, қисын мен философия­ға арқа сүйеген жазушы ойла­ры. Қателесулер мүмкіндіктері жоққа шы­ғарылмайды… Кітаптың ой-жүйелілік, композициялық тұтастығында жекелеген мақалалар табиғаты  да  байқалып  тұруы  мүмкін…

Және.

Еуразияның Ұлы Қақпалар өлкесі біздің жерімізде жатыр – ұлы континенттің аса маңызды тіршілік есіктері біз арқылы ашылып тұрған іспетті. Бұл – Жаратушы бізге берген бір үлкен нығмет.

Бұл өлкені – «Ұлы Қақпалар өлкесі (елі)» деп атауды сұраймын.

Жер  ғаламшарының  Көгілдір  Алқасы – Жерорта, Қара, Каспий, Арал теңіздері, Балқаш көлі – миллиондардың тіршілік кепілі, өмір өрісі боп, ғажайып жарасымда  созылып  жатыр.

Бұл ғажайып су моншағын – Жердің «Көгілдір  Алқасы» деп атауды сұраймын.

Арал сол Алқаның ең бір ерек үзігі еді. Климаты қатыгез тартқан сынды өлкеде, Жаратушы-Табиғат берген тіршіліктің ең шетін жағдайында, пышақ жүзіндей мүмкіндікте теңгермелене өмір сүріп жатқан Жер перзенті еді ол. Адамдар ойсыздығынан ғажайып Алқаның сол сынды үзігі «үзіліп түсті». Дүниенің келісті гармониясы  бұзылды.

Әлемде проблема шаш-етектен. Бірақ Арал қасіретіне ақталым жоқ!

Ғасырлар аңыздары мен қиял-ғажайып ертегілеріне алтын арқау болған таңғажайып Тұран осы күні азып-тозу жағдайына жетті. «Жақсыны өз сынына алған Хикметтің салмағы шығар?» деген  жұбатынды пәлсапаға ден қойғың-ақ келе­ді. Бірақ… Мәселенің мән-жайы, аумай-төкпей, адамдардың пенделік іс-әрекеттеріне келіп тіреле береді. Ежел бере­кесі жұтап  бара жатқан осынау сынды өлкеге  сусамыр, жат  табиғат  дақылдардың шама­дан тыс салған зілі – Тұрандағы пенделердің  тойымсыз  көңілдер  таңба­сындай. Шашыранды шалшық сулар қызыл шөлге жаңа теңіз орната алмай­ды.  Жердің  сорлануы  мен  азып-тозуы қағынған жаман жарақаттай, ең алыс түкпірдегі шұраттарға қарай дендеп бара жатыр. Ертеңгі күні маңдайға  ұрар  бұл  тенденцияны  әлі  терең  ұғыну  жоқ. Жойда­сыз амал-әрекет – тұмса табиғатқа түгел өгей. Алапат шөлдің салқын-сабат тынысы, отты аптап, үскірік аяздар, аңызақ қара дауылдардан тек Тұранды ғана емес, Еуразияның үлкен ауқымын қорғаштаған ықтау-қалқасы Арал  жоқ  енді…

Аралдай суды еш амал-әрекет алмас­тыра  алмайды.

Дана Табиғат мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған, Шығыс шайырлары махаб­батпен жыр арнаған Тұрандағы шөлдер дәстүрі де – құм мен шөл философиясы өліп бара жатыр. Бұл да Арал теңізінің өлімі сияқты, біз терең қасіретін әлі ұғына алмай жүрген Оңтүстіктегі бір жаман  құбылыс…

Ұрпақтар парықсыздығы ма, әлде, олардың пенде нәміндегі әлсіздігі ме, әйтеуір, бұл жағдай кең-байтақ Орталық Азия бейнесін, бұл өлкедегі біздің адами әлпетімізді аса ұсқынсыз көрініске келтірді. Бізді ойласа, әлем тәні түршігердей болды. Осыны біз ұғынамыз ба? Осыған бізде намыс бар ма?.. Бүгінгі ұрпақ, қандай адами асыл жүлгені жоғалтып жатыр, сол кеселді сырқатта қандай қымбатынан жұтап, айырылып бара жатыр? Сезіну бар, парықтау  жоқ…

Бізден басқа жұрттар да нан жейді, ауласының төрі, есігі алдын көгертіп қойған­ды қалайды… Бірақ олар әсіре тойым­сыздық нәпсісінен бұрын, әсте-әс­те әрекетте тірлік құруға тырысады. Ділгір тіршілік қажеттігі үшін туған төл табиғатын осыншама қор етіп, аздырып-тоздыру мысалы өркениетті дүниеде сирек… Парасатты ұрпақ бүгін ошаққа жағатын отыны үшін өзі өскен төл бесігіне балта көтермесе керек еді; ертеңгі ұрпағының өмір  өрісін  аздырып-тоз­дырмас  еді…

Өлмес «Авеста» сөзімен айтсақ:

Ворукаша теңізінен

Су көтерілгенде…

«Қалайша біздің жеріміз жойылып,

Құрғақшылыққа айналуы тиіс?»

Деп айтып, әркім өз отбасы үшін,

Өз қауымы үшін,

Өз аймағы үшін,

Өз елі үшін,

Су табуы керек!

Өзінің туған жері үшін,

Өзінің туған үйі үшін…

«Менің жерім гүлденсін және

Берекелі болсын!» деп айтып,

Олардың ішінен жеңгендері,

Әрқайсысы өзінің отбасына,

Өз қауымына, өз аймағына,

Өз еліне су әкеледі.

(«Авеста», зерттеуші ғалым Т.Еңсегеновтың аудармасы).

Біздің кей істеріміздегі адам таңғаларлық тайыз пайым сыртында, мына Жер бетінде ұлы апаттардың хикметтік от тұтатқышы бүгін де сонша алыс тұрған жоқ. Ғаламшарымызға әр сәт төніп келіп, өтіп кетіп жатқан жеті қат көктің тастары, ұйқысынан ояну алдындағы супервулкан Йллистоун, соңғы кезеңде белең алып бара жатқан құрғақшылық, алапат өрттер, топансу-тасқындар, жер бетіндегі мұздықтардың азып-тозуы, өзен-көлдер сарқыла бастауы, ашаршылық, індет… Айқын белгілер көп-ақ. Яғни, объективті себептер «дайын» тұр. Адам уайым айтады, бірақ бәрібір, іс-әрекеттерінде осы апаттар ушығуын ұшындыра түсетін парықсыздық ісі басымдау. Ізгілік амалдар қорғаншақ… Сонау ұлы апаттардың хикметтік себептері «…Құдайды ұмыту… Құдайға қарсы келу…» астарында, осындай, нақты пенделер ойсыздығы, онсегіз мың ғаламдағы жалғыз мекен Жерді азды­рып-тоздыру, тойымсыз-ашкөздік, тек өзіме ғана болса деген әсіре эго-прагматизм, моральдік  азғындаулар құбылыс­тары  жатыр…

Біз түпсіз, суық, қатал ғарыштағы жалғыз жылы, жарық бесігіміз, өрісіміз, отанымыз – қайырлы Жерді өз қуатты қолдарымызбен қинап өлтіріп жатырмыз.

Адам жады ғасырлар ескертуін тез ұмытқыш.

Ал бізге үміт көзін салған Ақиқат жана­ры  әмәнда  ұйқысыз.

(Соңы. Басы өткен сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: