Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Топансу жүзін жуған ҰЛЫ ДАЛА Қисындар мен ғылым сөзінің тоғысындағы ойлар

23.12.2021, 11:00 349

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ

«Шығыс Арал қойнауында жатқан құпиялар ашылса, әлем тарихы түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін…»

                    Л.М.Левина, археолог, Шығыс Арал маңын зерттеген ғалым

ҒАЛАМ  САРЫНЫНАН  ЕСКЕН   ТУЫСТЫҚ  ҮНДЕР*

Бір атадан тараған адамзат бастауы туралы дін тұжырымы (тео­логиялық догмат) кесімді. Бұл – жер бетіндегі қараорман халықтың туыстығын, нәсілдік біртектілігін, түптеп келгенде, гуманизм мұратын алға шығаратын ізгі идея. Ал ғылыми тұжырымдар әлі бір жүйеге келе алма­ған шашыранды пікірлер түрінде жүр. Олардың біразы Ч.Дарвиннің эволюциялық даму ілімінің физиологиялық, нәсілдік, моральдік негіз­сіздігіне көз жеткізген сыңайлы. Сонан ба, Адам тарихының бас­тауын ғарыш келімсектерінен, тіпті, қиялдағы бір әлемдерден іздеп кетті. (Соңғысы  материалистік  қисынға табан тірегенімен, хикмети тұжырымға келіңкірейді). Осы күні ми зеңдірер сан жорамал көп. Ендеше, діни ілім айтатын – дүние, Адам жаралуы­ның әпсаналық астарында табан тірер бірден-бір ақиқат жатқан жоқ па? Сондайлық ақиқат өзегіне жету бізге сонша алыс сияқты. Ал хикмет сөзі қысқа тұжырған Топансу мен адамзаттың «екінші» өмір бастауын мойындау жолына кірпияз ғылым, дегенмен, біртіндеп жақындап келді. Бүгін өмір сүріп жатқан біздерге сол, «екінші» өмір бастауы мәндірек, арғысына, әзірге, салауат дей  тұрайық.

Ғылым Жердегі адам өмірінің жаңа кезеңіне 15-12 мың жыл (мезолит-неолит) жобасын межелейді. Бұл жайт соңғы мұз басу дәуірімен байланыстырылады. Сірә, сол соңғы «мұз дәуірі» Жер бетіне Топансумен бірге түскен суықтық түрінде орнаса керек. «Все было стерто с лица Земли…» деп түйеді  орыс ғұламалары сол мұз дәуірі туралы. Бірақ мұны топансуға қатыссыз түрде айтады. Солай, Жер бетіндегі тіршілік пен өркениеттерден тұлдыр қалдырмаған бір үскірік, әлде, суықтық апаты жүріп өткен сияқты. Тоңда қалған кей артефактылар (мамонт қалдықтары, басқа да тіршілік белгілері) сол суда тұншығып, мұзда қатып, бізге сақталып жеткен жәдігерлер. Демек, сонау алыс, 15-20, 30-50 мың жылдар сыр­тынан табылып жатқан кей адамзат жәдігерлері – қиял жетпес ілгергі кереметтер куәлері  деу  орынды…

Дегенмен, сол мұз бен салқындық алабы көп аумақты қамтығанымен, кей жора­мал айтатындай, бүкіл Жер шарын түгел шармап  алмаған  сияқты.

Су мен мұздан аман қалып, мезолит дәуірі соңының жабайысы түрінде Жер бетінде «екінші» рет өмір бастаған адамдар кімдер еді? Олар қай жерден шығып, қай мекенде  жаңадан өмір бастады? Бұл жайтты  хикмети  сөз Нұх пайғамбар, оның құт­қарушы кемесі, құтқарылған өмір, Жөді, Арарат, Қазықұрт тауларына байла­ныстыра түйіндейді… Ал эволюция жолын ұстанған ғылым қисындарына, соңғы кезде, күйре­ген континенттер, солардан жер-жерге көшкен протохалықтар туралы қызық жора­малдар көбейіңкіреп қосыла бастады. Және бұлар біршама негізді дәйек­термен демелген жорамалдар түрінде ұсынылып жүр. Күмәнді жақтары да жетерлік. Мысалы, Тынық  мұхитта – Му  континенті,  Үнді мұхитында – Лемурия, Атлант мұхитында – Атлантида, Солтүстік мұхитта – Гиперборея күйреп, су астына кетеді. Шамамен, бәрі бір мезгілде… Осы апаттар «парады» көңілге күмән ұялатады. Мұхит басы бір-бір континенттен жұта берген. Бұл қисынға бақса, Жер домалағы өз орбитасынан шығып, ғарышқа қаңғып не шашылып кетуі керек еді… Соған қара­ғанда, аңыздарды дәйектеушілердің кей тарихи жайттарды өсіре баяндауы көбірек болған сияқты. Мысалы, Гипербореяны «жұтты» делінетін Мұзды мұхитта Еуразияның шельфтік аралдар тізбегі болмаса, су астынан еш континент нобайы байқалмайды. Кемі 4-6 мың метр ұшанда жатқан Тынық, Үнді, Атлант мұхиттарының сейсмобел­деулерін (плиталар түйісі) айтпасақ, континенттер нобайы оларда да жоқ. Ал әлгі оқиғалар 12-15 мың жыл шамасы ғана бұрын болған – 4 миллиард жылдық Жер тарихындағы «секундтардай» ғана мерзім… Тағы бір қисынсыздық: тарихтан мәлім ежелгі халықтардың бірі саналатын арийлер Оңтүстік-Шығыс Азияның нуы-суы, тау-тасын мыңдаған шақырым көктеп өтіп, Үндістанның батысына жетіп бір-ақ дем басқан болады… Көп жағдайда аңыздар­ға сүйенген үлкен ғұламалар (мейлі, ол тарих атасы Геродот, жұмбақ ілім абыздарынан сыр тартқан Платон болсын) жорамалдары шындық жайттарға қарағанда, субъективті, «қоспалы» сөзі басым­дау, демек, шындықтан қиыстау жора­мал боп шығуы мүмкін. (Әрқайсысының өз қисынынан туған субъективті сөз, беделді біліктер центризмдерінің қисын­дары ежелден болған-ау). Қалай дегенде де, сонау ықылымда, кейінгі әркім әрқилы жорама­лдарда баян еткен, анығы бұлдыр ұлы  апаттар   болғаны  анық.

Адамзат қарамы тоқсан тарау, сан-сала. Біреудің біреуде өтісіп кеткен мыңжылдық қақысы жоқ десек те, көне тарих тәбәріктері ендігі ашық көзге мәнді ишаралар ұсынады, көңілдерді ұйықтатпайды, маза бермейді. Оларда біз үшін атой мен шақыру бар. Оған көз жұму, көрмегенсу енді мүмкін емес. Солардың бірі – адамзаттың тіл өрісі, рухани, материалдық дәстүрлер тамырлас­тығы. Тіл – әлемге тарау үдерісінде ірге бөлектеп, мыңжылдықтар деформациясына көп ұшыраса да, өзінің түп негізінен белгі­лер сақтай алатын, жады өлмес, негі­зін алдырмас қасиетті құбылыс. Сонысы­мен ол аса құнды заманалар куәгері, тарихи  дерек-дәйек  бола  алады.

Жаңа адам баласы өмірді қай жерде бастады? Не кәсіп істеді? Қай тілде сөйледі? Құпиясы тылсымдағы нәсілдер жұмбағынан да тереңірек, бүгінде мың-сан бұтақта өрбіген этнофизиологиялық, этно­өркениеттік, этномәдени, этноүрдіс тамыр­ластықтары – тар сала мамандарының тереңнен іздер жүлгелері дейік. Ал топы­рақ бетіне шығып жатқан асылдың сынығы, алтынның шашырандысындай, бізді тәнті ете көзге ұратын тіл туыстығы атойын байқамау мүмкін емес. Тіл. Көп жәдігерден дараланып, өлмес туыстықты, тірі түп-текті, түбірлі бастауды табанды түрде ишаралап тұрған – тіл. Лингвистикалық зерделеу, әрине, бұл да тар сала мамандарының «бақшасы», бірақ осы қызықты кеніш ынталы көңілге көп нәрсе айтып тұр. Тірі тін, жанды тамыр ол. Тілдің ұғымдық бірліктері – сөз, лексика. Ә дегенде, әлімсақтан бері «Адам» сөзін сол адам затына байланыста өзгеріссіз ұстап келген, діліне берік бір тіл көзге ұрады. Түркі тілі, оның шаңырақ иесі қазақ тілі – бүгінгі көзі тірі адамзаттың тек-қасиетін бойында бар Ата тілдің отын сөндірмеген, ықылым заманалардан алтын арқауын алып өткен сол түбірлі тілдің заңды мұрагері, көзі, тіпті, өзі десе  болар  еді.

Ежелгі адамның жазба қолтаңбалары әлемде шашылған тас парақтар – пиктограммалар түрінде танылып отыр. Ал ғылыми тұжырымда, жүйелі айқындық алған жазбалар осыдан 5400 жыл бұрынғы көнешумер жазуы. Оның да нақтыланғаны 4500 жыл бұрынғы «Гильгамеш». (Ниневия тақтайшалары). Екінші орында көне Мысыр жазулары – 5200 жыл. Көне Қытай  жазуларына – 4000  жыл  және олар осы күн айналымына, өмір ағымында өлмей жетті. Финикия таңбаларына – 3900 жыл. Ал зороаст­ризм ілімі туралы мәліметтер әрқалай: оның ресми дінге айналған 2700 жылдық тарихы бар десек (Иран патшасы Кави Виштаспа тұсы), енді бір жорамалда осыдан 4000 жылдан арыға сілтейтін элементтер  бар. Сонда Зердеш-дана жазбасы Шумер, Мысырдан кейін, 3-орынға орнығады. Десек те, осыдан 4800 жыл (бір деректе 3900 жыл) ілгеріде өркендеген Арқайым, Сынтасты жұрттары (осы күні анықталған «Қалалар Еліндегі» елеулі мекен­дер), онан да әрірек 7000 жылдан астам Тәңірілік өркени­ет, жылқы түлігінің осы далада адамға үйірсектеуі, дөңгелек, ер-тоқым ойлап табу, озық-технологиялық өмір белгілері – мына даладан өрбіген тым көне тарихқа көрнекі сілтеме жасап жатқан факторлар.

Әрине, ғылымның жүгінері – артефакт. Мына салқам даладан сонау палеотарихқа аса орнықты дәйек табылуы әлі де уақыт еншісін­де сияқты. Ендеше, біздің діліміз­дегі, көз-құлағымыздағы дала тілі, дала жазуы (дала өркениеті сияқты) терең қазып, аса мұқият анықтауды қажет етіп жатқан қатпарлы феномен. Батыс центризмінің сойылын соғушы, әлемдік ауқымдағы үлкен ғұлама Г.Киссинжер  «Тұран – өркениеттердің  түпотаны» деп бекер мойындап отырған  жоқ.

Бізге мәлім ең ежел ел – шумерия. Оның алдында олар кімдер еді? Қайда өмір сүрді? Қайдан келді? Бұл сұрақтар үні талай зерделерде жүр. Және бұған орнықты жауап­тар  ілкі тарихтарға кілт ашып бермек.

Сонау Месопотамияның Тигр-Евфрат табиғаты, пайым көзіне салсақ, Тұрандағы Әму-Сыр сипатына келеді, Қосөзен өркениеті Сыр-Әму дәстүріне туыс не жалғас болар деуге бұл тек бір ғана негіз емес. Ежелгі шумер тіліндегі түркілік тек бүгінде біршама дәлелденген шындық. Мәлім өркениеттер бастауында тұрған шумер тілімен біздің тіл үндестігі (туыстығы) біз үшін  енді де-факто жайт.  Кейін  аккад,  бабыл, арамей дәуірлері боп өрлеген ежелгі Қосөзеннің бас өркениеті сонан да арғы тіршіліктердің тамырларын сусындатқан. Ал  әйгілі  Ніл   өркениеті  ше?  Ол  тармақты – Шумерден ары, Қызыл теңіз, Палес­тина, Синай асып тараған бір бұтақ деу қисынды сияқты. Онан теріскейге қарай – Финикия, Еуропаның ежелгі өркениеттерінің бас­таулары Миной, Микен шаң бере бастайды. Ғалым А.Нарымбаеваның «Аркаим – очаг мировой цивилизации, созданный прототюрками» кітабында (2007 ж, Алматы) бұл бағыттар ауқымды және дәйекті түрде қамтылған. Бәрінің тірі тамыры – ежел тілдің туыстық үндері.

Ал енді, басқа да алыс жұрттар, жағрапиялар, тарихтардағы үндес, мазмұндас сөздер дүниесі ше? Олар синкретикалық бастау, «жатырлас» туыстық белгісі емей, не болуы мүмкін? Олар бар! Кездейсоқтық емес, заңдылық жалғасты бәрі. Сонау тіл туыстығы негізінде ататек ғұмыр-бастаудың жанды тамыры соғып тұр. Жер ғаламшарына тараған, түп-тегі бір өрісті өмір бастауына деген көзқарас-қисын осылардан  туындайды.

Ең ежелгі халықтардан бір мәлімі – арийлер. Көп стереотип қатарында мына­дай да сірі көзқарастар бар: Арийлер батыс­тан шығысқа (Үнді, Иранға) қарай көшкен. Енді бір жорамалда олар Шығыс Азиядан Үндістан түбегінің солтүстік-батысына жетіп, дем басқан. Екі жорамалдың да қисын­ды  ой сұрақтарына жауап бере алмайтын тұстары баршылық. Батыс пайы­мы солай арий жұртын Ұлы Дала, Орталық Азия­ға аса көп қатыссыз түрде айтады. Орағыта беретін бір «тарих» пен «жағрафия»… Біз мән бере бастаған Үнді, Иран, еуропалық кей жұрттардың, Қап тауы халық­тарының біраз тіл-дәстүр ұқсас­тықтары және жақында мәлім болған солтүс­тік-батыс Қазақстан шетіндегі Арқайым бұл стандарттардың іргесін шайқай бастаған фактілер… Ол халық Ұлы Даланы өткелектей көшпей, осы жерде өсіп-өніп, Батыс-Шығысқа тараған автохтонды жұрт болса ше? Бұл сұрақ қалыптасқан стандарттарға тым тосын. Әрине, стандартты ғылым Тибет, Үнді, Ирандағы немесе Батыстағы айқынырақ арий жәдігерлері мен артефактыларына мық сеніммен табан тірейді. Ал, арий өркениеті ежелгі отанынан гөрі, осы, соңғы жаңа отандарда елеулі өркендеуге жеткен (себебі, сол уақыттарда, көшші халықтар тұрақтап, жаңа өмір бастаған жерлерде пассионарлық қуаты еселеніп көрінген). Немесе ежелгі отанындағы олардың терең мұрасы әлі ашылмай жатқан болса ше? Кеше ғана дүниеге мәлім болған сенсациялық  Арқайым  осыған  меңземей  ме?

Бұл ретте де адастырмас-алдамас куә – тіл  көмекке  келе  алады…

Тұран төрінде, Ворукаша (Арал) жағасында өмірге келгені шындыққа шыққан дала пайғамбары Зердеш арий шежіресін толымды, толғамды түрде баян еткен. Зердеш туындысы үнділік атақты «Рамаяна», «Ригведа», «Махабхаратаның» атасы ретінде мойындалған. Бұлардан туатын ой қандай?..

«Авеста». Әлемнің біраз озық жұрттары өзіне  тарта  меншіктеп келген ұлы туынды. Осыны  түркі тілдеріне қатысты зерттеу кемшіндігі  көп   айтыла  бастады.  Және  бұл бағытта  табанды  зерттеу  жұмыс­тары  жүргі­зілу  талабы  бар. (Т.Еңсегенов, ««Авес­та» – түркілерге ортақ мұра». С.Оспа­нов, «…Заратуштра қалай деді?»). Мәселені осылай қою біраз шындықтың темір пердесін серпіп тастайтындай бастама. Бізге мәлім болған «Авеста» үзіктерінен «гат (хат), дэв (дәу, дию), ажидахака (аждаһа), дужахва (дозақ), мазда (лаула, жан)» сөздері аудармасыз-ақ түсінікті сөйлеп тұрған жоқ па? Аталған авторлар бұлардан ары, «Авеста, фраваш, братрештұр…» сөздерінің  түркілік табиғатын ашып айтып, онан да ары тереңдеулерге барады. Осы шаруаға бізден бір қоспа: Арал маңында (көршілес Қарақалпақта да, әсіресе, бала­лар жаргонында) «әри, әрию» деген сөз  бар. «Бас көтеру, қатаю, әрекетке  да­йын  болу» дегенді білдіреді. «Арий» сөзі де «мықты, күшті, өркеуде» мәнді сөз. (Қытай «шаньюі»  мен  қазақ «шәниюін» еске алайық…). Алғаусыз үндестік және мағыналық ұқсастық көзге ұрып тұр. Ал енді Арал жағасына әлгі сөз қиян Оңтүстік Азиядан, әлде, Алманиядан келді деуге негіз бар ма? Жоқ. Анығында, асылдың сынығындай, кереметпен сақталып қалған осы архижәдігер сөздер көне тарих тамырлы және мына дала үшін автохтон табиғатты. Жоғарыдағы Даланы «орағыта қашқан» стандартты тарих «ілімдерінің» шын  табиғаты  осындай  фактілер­мен  ашыла бастайды. Мұнан шығар тұжырым: «Авеста» атты әлемдік жауһар, кей ғылыми пікір айтып жүргендей, «түркіге ортақ» дүние емес – түркі (прототүркі) текті туынды! Бұл ретте, сол замандары іргесі жақын иранда түркі сөзі мол болып (ффузия құбылысы), шығармадағы түркілік реңк сонан деу қисынға келмейді. Және десеңіз, «Авестаның» отын қайта жаққан Әбілқасым Фирдоуси өлмес «Шахнаманы» тұрандық ақын Дакикидің 1000 өлеңінен дамытқанын еске алайық…

«Авеста» сөзі өзіне иман келтірген, тари­хи дерегі мәлімсіздеу Шығыс Иран билеушісі Кави Виштаспаның ынтасымен тұтас бір империяның дініне айналды. Ол және көп өңдеу, сол ортаға бейімдеу, редакциялау үдерістерінен өтті. Бәлкім, Виштаспа және үмбеттер ынтасы тұсында дала пайғамбары бұл өмірде жоқ. Әлде, Тұрандағы ағайындарының ұзақ азапты қуғынынан кейін, діндерде болатын жаңа ағымшылар әрекетіндей өзіндік бейім­деулер мен өңдеулерге ол қарсы болмаған. Әйтеуір, «Авеста» көп тезден өткен, иленген, деформацияланған. Ең соңында Александр Македонскийдің өртеу отына тап болған. Сонан қалған «Зенд Авеста» тәпсірін «Авестаның» алқындысы  деп қарауым­ыздың  мәні  сонда.

Кезінде «Ананербе» деген атпен ежел тарих бастауын іздеуге аттанған бір топ, сол өз талабында қатты адасты. Арийдің түп­отаны мен қасиет-қауметтерін олар қиян Тибеттен  емес, мына  кең  даладан іздеуі керек еді. Бірақ сол кез КСРО-ның темір шымылдығы ішінде бастырлыққан бұл дала ондай  ғұламалар үшін аяқ жетпес алыс, қол жетпес  аңсар  болғаны  анық.

Ал өркениеті 4000 мың жыл ілгері тарих­тан шаң беріп жатқан қытай, б.д.д. 4-5 ғасырда ғұндар тасқынынан Ұлы Қытай қорғанымен бөлектенгені болмаса, жағрафия, бәлкім, генеалогия, мәдениет-дәстүр тұрғысынан мына далаға тым жақын, қоңсы жұрт. Ең мәндісі, оның да ежелгі жазбаларында Хуанхэ-Янцзы алабына «батыстан келген» арғы аталары туралы дерек бар. Орнық­ты негізде ашып, жария көрсететін бір мәселе осы.

Батыс бетке көз салсақ, 4.7-3.6 мың жылдық Миной, Микен мәдениетінен бастау алатын «жастау» Еуропа өркениеті және онан ары (біз үшін Батыс та, Шығыс та) «тым жас» Америка өркениетінің тари­хы осы дәстүрлердің бергі тармақтары деген  жөн.

Кейінгі тиграхауда, хаомаварга, парадарайя сақтарынан бұрын, кейін «ғұн, түркі» атанған біздің ежелгі аталарымыз­дан тіпті көп бұрын өмір сүрген Ұлы Дала­дағы (Атажұрттағы) халықтың негізі мен болмысын қапысыз пайымдау қиын. Мына, замана­лар желі ерсілі-қарсылы соққан ашық далада мәнді зат-айғақтар өшіп кеткен немесе әлі қол жете қоймаған тереңдерде жатыр. Кешегі 74 жылдық құрсаулы тарих ынталы, шынайы айғақтаулар тұрғысында даланы мешеу жағдайда қалдыра берген… Әйтсе де, тұмшалы да тылсым уақыт тұңғиығына сәуле түсіретін тірі құбы­лыстар  бар.

Туыстық белгісін сақтаған тілдер – тіл әлеміндегі өзіндік бір әлем десе болады. Француз Р.Шатобрианның «Атала» романын­да Солтүстік Америка үндістері Хауа Ананы – «Атаен(е)сік» атайды. Түркіше (қазақша) сайрап тұрған осы сөз (сөзқұрам) Атамыздың қасында әйелдік міндетін атқарған Хауа Ана рөлін қапысыз меңзеп  тұр емес пе?  Ежел  өрке­ниет  Фини­кияда әкені – «баба», шешені – «…» атаған. «Амазон» – «…азат (азат әйел заты)». (Ой толым­дылығы үшін пікірімізге абайлап алған бұндай қажеттіліктерді анайылық, вульгаризм демейік). Еуропа «жүрегінде» орын тепкен ең ежелгі халық кельттер (б.д.д 1 мың­жылдық)  қасқыр бейне­лі соғыс кернейлерін – «карник»,  жаманшылықты «вай» («ойбай» – жамандық одағайы) деп білдірген. Түркі, қазақ тілінің «төбе,  тепе­сі» – «тепетль» (Океания),  «тепе»  (Орта­лық  Америка)  боп  тара­ған. Осы ізбен, Африкадағы Килиманжар – мына даладағы Мұңалжар, Индонезиядағы Кракатау – Қаратаумен, Бразилиядағы «Мараканда» – Марақан (Самарқанның көне атауы) үндесіп жатыр десек қайтеді? «Жол» асуы – Үнді-Непал Гималайынан аса сұлап жатқан өткел. Біз осы кезге шейін ағылшын текті қабылдап келген «Канада» үндістердің «қоныс, қонар жер» сөзі екен. Америкада «бұғы» – «қари-бұғы (кар бұғы)» аталады. Бұларға қазақы түсінік қажет пе? Америка үндістері (жалпы, оларды «үндіс» атау қиянат, «протосақтар» немесе кәдімгі «сақтар» десе, сол жобаға келеді), Орталық, Оңтүстік Америка қолданысындағы бізбен туыс табиғатты сөздер көп және оларды жүйелеп  жинау  қажеттігі  бар…

Мына әлемнің тіл әлемі. Сол қалыңнан асылдың сынығындай мәнді де құнды сарын­дар жетіп, санаға ұрады. Сол қазынадан  зерде аямыз қамтыған кей мысалдарды алдыға  тартайық:

Іргесі тым алыс, әлеми мәртебесі аса биік  ағылшын тілінен: «Уайт» (/транскрипция/ – кең, ауқымды /«ақ» мәнінен бөлек/) – «байтақ» (қаз. – кең, ауқымды); «талк» (транскрипция) – сөз, сөйлеу, «толковать (орыс. түсіндіру) – «талқы» (қаз. – талқылау, сөйлеу); «амур, амурные дела» – «…ұр» (махаббатпен айналысу); «севейдж» (жабайы, табиғи) – «жабайы»; «бейби» (сәби) – «бөпе»; «голд», «золото» (орыс.) – «алтын»; «солт», «соль» (орыс) – «сілті» (тұз негізі); «эрос, эрот…» – «әурет (абұйыр, ұятты жер)»; «ватер», «вода» (орыс) – «су» (мұнда «батыру, батыратын» деген функ­циональді-мағыналық үндестік) мысалдарындағы  жақындық  көзге  ұрып-ақ  тұр.

Тағы бір алыс тармақ – герман-кельт-роман тобы тілінің түп-туыс­тығы да дәлелденуде. Үлкен еңбек (жалпы, жоғарыдағы көп ойларға үндес және жолдас іспетті), салмақты зерттеу жазушы, ғалым Қойшығара Салғараұлының  «Жер-жаһанда арғыатаңның ізі бар» кітабы (Астана. 2015 ж.). Бұл еңбекте толымды дерек, дә­йек, мысал мол. Ал тамыры ежелде жатқан алман  тіліндегі  бүгінгі кей сөз ұқсастығына келсек: (жоғарыдағы еңбектер қамтуынан тыс) «лекер» – «лекер»; «герр», «герман» – «ер», «ерадам»; «хальт» – «қалт (тұру)»; «унтер» – «өндір (жас, кіші)»; «лаух» – «лауқы, лақуа (күлкі болу)» сөздері немесе «Курт», «Конрад», «Берген» есімдері көзге жылыұшырап тұр емес пе? Осы мысал өздерін арий жұртының тіке ізбасары санайтын алман жұртының ежел түп-тегіне тағы бір із сілтейді. Алман тіліндегі екпіндік интонациялар этимологиясы, француз тіліндегі «ө, ү, ң, ғ» үнділіктері көп сыр айтып бере алар еді. Француз «рас па?» деп сұраса, біз де «рас па?» деп сұраймыз…

Бір шегініс: жастау кездің бір анекдоты: Соғыста «плен» болған қазақ бір немісті ауылдағы туысына ұқсатып, «ассалаумағалейкүм» дейді ғой. Сонда анау, тілінің астындағы насыбайды іліп тастап, «әлейкүміссалам» деген екен… Осы анке­дот… Жеңілтабиға қалжың сөзде терең түйсік үні жатқан жоқ па? Неге неміс? Неге сондай колоритті қазақы сәт?.. Сол дос, «Кельн – латынның «колоннасы» емес, «келіндер» қаласы, өйткені, келіндер колон­надай тізіліп тұрып ізет жасайды, Саксония – сақтар меке­ні, кельт – келгендер, герман – жерман, ер адам, герр – ер, хальт – қалт тұр, Курт – құрт, вандал – қолына найза, тақымына ат тисе жел бітетін біздің ағайын екен», деп созатын. Қайдам? Кешегі ұлы соғыста әкелеріміз оқ боратып барып рейхстагқа Жеңіс туын тіккенде, сол барокко күмбезі мыңжылдықтардың ғарыштық пәлсапасын жинақтаған киіз үйдің шаңырағынан ары дамып, сондай шешім тапқан емес пе деген ой келе қойды деймісің…

*«Ғалам сарынынан ескен туыстық үндер», «Ана тілі» газеті. 2018 жыл.

(Басы өткен сандарда.  Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: